ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Ауқатты алаш азаматтарына

Газетіміздің жетісіне екі шығып, қайтадан тағы бір шығуға түскені һәм неден олай болғаны оқушыларға мағлұм. Екі шығудан бірге түскеніне көңіл қоңылтақсып, ілгері басқан айақ кейін кеткен сиақты болып тұрғаны даусыз. «Шарасыздан шалға тиіп барамын» деген секілді амалсыздан істеліп отырған іс. Он облыс қазақ ұлты үшін шыққан бір жорнал, бір газет еді; жорнал алдырушы аздығынан тоқтады, енді жалғыз газет қалды. Жұрт болып, бір газетаны жүргізе алмасақ, онымыз тіпті масқаралық, өзге жұрттан ұйат болатыны шексіз. Халық қанша қараңғы болғанмен ондай күйге түсірмес деген үмітімізді үзбейміз. Айтайын деп отырғанымыз газета тіптен тоқтап қалады деген хауіп емес, әлі де болса, екі шығару жағының қамы.

Біз екі шығардық, байқадық, көрдік: нақ осылайша, шығарып тұрған ретпен газетаны екі шығаруға болмайтындығын білдік. Екі шығаруды ойлағандағы көңілге қуат көргеніміз алушылар азаймас деген үміт еді. Ойлағандай болмады, алушылар азайды. Азайуының негізгі себебі мынау: қазақта газета алушылар үш түрлі; олардың біреулері газета оқуға ынтық, газета оқу керек нәрсенің бірі деп тұтынады. Бұлар жұрт хәліне көз салып, жұрт ісіне ой бөліп, газета сол жұрттың көзі, құлағы, тілі екендігіне иман келтірген оқушылар. Бұлар ешкімге айттырмай-ақ намазын қаза қылмайтын ғибадатшылдар сиақты, газетаға мезгілімен жазылып, үзбей алып, оқып тұратындар.

Екінші, түрлі алушылар газета оқуға ынтасыз да емес, онша әлгілер сиақты ынтық та емес. Бұлардың ішінде газета жұртқа көз-құлақ болады деп білетіндері де бар, оны білмей газета құр хабар үшін керек деп түсінетіндері де бар. Бұлар газетаға беріу жазыл десе, іркілмейді, өз беттерінен құнттап мезгілімен жазылып тұрмайды. Сондықтан бұларға жыл сайын газетаға жазылуын есіне салып тұрушылар болуы қажет.

Үшінші, түрлі алушыларды оқушылар деп айтуға аузымыз барыңқырамайды. Бұлар газетаны керек деп алушылар емес, малының шөбіне ортақ болмас деп алатындар. Бұлар көбінесе ауқатты, тамағы тоқ, жұртқа келер жақсылық-жамандықпен жұмысы жоқ. Ойы отбасынан аспайтын, қорасындағы шөбінен басқа нәрсеге келер пайда, хәрар бар деп ұқпайтын тоқтығына мәз «торсық емген топыршылдар». Бұлар газетаны өз беттерінен алып оқымақ түгіл, біреулер ал дегенде қиналып, зордан алады.

Газета алғашқы шыққан жылы алушылар 3 мыңнан астам болды, келесі жылы 3 мыңға тайау болды, биыл мың алты жүзге түсіп қалды. Бұлай болуының негізгі себебі әлгі айтылған оқушылардың түрлі-түрлі болғандығы. Алдыңғы түрлі оқушылар газетаны өз беттерінен алдырғанда, екінші һәм үшінші түрлі оқушылар оны істей қоймайды; бұлардың біреулерінің газета алдыруына мезгілінде есіне салып тұру керек, біреулеріне газета алдыруға көп күш керек. Газета жетісіне бір шығып тұрған кезде, біріміз жұмыс басында қалып, біріміз сондай жұмысқа жүруге мұршамыз келді; газета екі шыққан кезде, жүруге мұршамыз келмеді, алушылар азайды. Тағы бір шығаруға түсіп, жүруге мұршамыз болып еді, алушылар тағы көбейе бастады.

Мұнан байқалады мынау: газета бір шығып тұрса, алушылар азайатын емес, екі шықса, алушылар азайады, йағни біз газетаны әрі шығару жұмысында, әрі алушылар жиыу жұмысында болсақ, алушылар азайатын емес. Мұны істеуге газета бір шығып тұрса ғана мұршамыз келеді. Бұлай болған соң, иә газета осы бір шығып тұрғанына қанағат етіп, екі шығарудан безу керек, иә екі шықса да алушылар азаймайтын амалын табу керек, әйтпесе алушылар аз көбіне қарамай, газета екі шығарлық шарасын қарастыру керек.

Екі шығып тұрып, бірге түскеннен оқушылар да, біз де қоңылтақсып, ілгері басқан айағымыз кейін кеткендей болып тұрғаны жоғарыда айтылды. Бұл газетаның бір шыққанына қанағат етпейтіндігіміздің белгісі. Бір шығаруды азсынған соң, қайткенде екі шығаруға болатын шарасын қарастырмай, қарап тұрып болмайды. Алушылар көбейуіне сеніп, екі шығаруға болмайтындығын көзбен көріп, қолмен ұстағандай болдық. Екі шықса, алушылар азаймас деп дәмелі болудан қалдық. Бұлай болған соң енді қарастыруға қалғаны: қайткенде газетаны алушылардың аз-көбіне қарамай екі шығаруға болатын жағы. Мұның шарасы жалғыз-ақ баспахана ашу. Баспахана тәуір болса, Орынборгда заказ табылатын. Земства ашылғаннан, Орскі темір жолы басталғаннан берлі Орынбордағы баспаханаларға заказ көбейіп тұр. Баспахана жұмыс табылса, табысы қай кәсіптен де болса, кем болмайтындығы даусыз. Баспахана ашсақ, заказ алсақ, қазақша басылмаған сөздер көп, соларды жиып бастырсақ, сатсақ мұның бәрі жұмыс. Баспаханаға жұмыс табылса, табысымен бөлсін, жұмысымен бөлсін, бір газетаны сүйеу түгіл сүйреуге шамасынан келеді. Оны істеуіне баспахананың тәуір болуы шарт. Тәуір баспахана он мыңнан кем түспейді. Газетаның екі шығуын тілесек, енді біздің істейтін ісіміз бір тәуір баспахана ашу.

«Азамат серіктігін» ашқандағы ойымыз осы он мың сом құралғандай, серіктер табылар деген есеп еді. Он облыс қазақтан жүз сом жарнаға күші жетерлік жүз азамат табылар деп едік. Бүкіл қазақ жұртынан жүз сом жарна шығаруға жарайтын жүз азамат шықпады. Он облыста болыстыққа мыңдап шашатын жүз емес, жүз мың кісі бар екені шексіз болса да, ұлт жұмысына дегенде жүз сомға тәуекел ететін жүз азамат табылмағаны өзек өртенерлік күйініш хал. «Азамат серіктігін» ашқалы екі жыл болды, тапқанымыз 31-ақ азамат.

Бұл 31 кісінің 3 мың 1 жүз сом жарнасы екі жылдан берлі тек жатыр. Үйткені баспахана ашуға жетпейді, газета жұмысымен бірге басқа жұмысты жүргізуге қисыны келмейді. Газетаны екі шығарудың ендігі шарасы баспахана ашуда болған соң, сол баспахананы ашудың енді жағындамыз. Бұл үшін қолымыздағы қазірінде бар сома мынау: 3 мың бір жүз сом Азамат серіктігінің ақшасы; бір мың сомды, он жарнаға ие болып, Сағындық мырза Досжанов бермекші болып отыр. Орынборда тұрған қазақтар өз арамыздан жиыслатып 2 мыңға жақын ақша шығармақпыз. Сүйтіп, 6 мың сом қолымызда бар деп есеп етеміз. Енді ең аз болғанда 4 мың сом табу қажет. Бұл соманы шығару, Сағындық мырза сиақты баспахананың жұртқа һәм ашқандарға пайдалы кәсіп екендігін түсінетін 4 мырзаның иәки ер басына жүз сомнан тәуекел ететін 40 азаматтың қолынан келетін іс. Екі жылдан берлі тапқан азаматымыз 31-ақ болған соң, 40 азамат табудан Сағындық сиақты 4 мырза тезірек табылуы ықтималдау көрінеді. «Ұрса қамшы өтпейтін, үй қасынан кетпейтін» шабан қой торылар сиақты емес, «қолға қамшы алдырмайтын, етіне тайақ салдырмайтын» сайақ қой торылар сиақты мырзаларға айтып отырған сөз. Үш жүздің баласынан Сағындықтай тағы бір 4 мырза қалай табылмас екен деп Алаш азаматтарының құлағына салып отырмыз. Жұрт жұмысына көңілді мырзалары таусылып, жұрт азаматтан жұтаған болса, амал не? Далаға айтылған сөз болар, әйтпесе саңылаулы, саналы, ауқаты бар адамдардан ескерерлік төрт мырза табылар деп, үміт етеміз.

«Қазақ» газеті, №151. Сентиабр 1915.