ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Құрметті пайдаланушылар!


Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі, қоғам қайраткері, ағартушы, публицист, ғалым Ахмет Байтұрсынұлына арнаған – «baitursynuly.kz» сайтына қош келдіңіздер! Бұл сайттың мақсаты – жалпы қауымның Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы мен қайраткерлігіне байланысты жинақталған құнды мұралары мен деректерін бір қорда жинақтап, дәріптеу.

Ахмет Байтұрсынұлының барлық мұрасы мен оның шығармашылығы туралы басылымдарды, құнды құжаттарды еліміздегі және шетелдердегі кітапханалар мен архивтерден, интернет ресурстардан және жеке авторлардың қорынан алып жинастырып, көпшіліктің ақпаратқа қолжетімділіктерін арттыруға атсалыстық.

«baitursynuly.kz» сайтына оның ұлтжанды, терең парасатты ұстаз ретінде тануға негіз болған оқу құралдары мен ғылыми мақалалары, әдіскер ретінде тануға мүмкіндік берген нұсқаулықтары, қайраткер ретінде тануға мүмкіндік берген публицистикалық мақалалары мен ашық хаттары, аудармашы ретінде тануға негіз болған орыс, шығыс классиктерінен аударған туындылары, көсем ретінде тануға серпін берген қанатты сөздері енгізілді.

«baitursynuly.kz» сайтының жобасы мұнымен аяқталды деуге болмайды. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші ұлт ұстазының мұраларына аса құрметпен қарап, тағзым ету әрбір Алаш баласының борышы мен парызы деп білеміз. Ғалымның мұралары, ол туралы зерттеулер әлі де жалғасын таба бермек. Осы реттен келгенде қолда бар деректерді барынша қордалап, жүйелеп беруге тырыстық. Егерде ғалымның өмірбаянына болмаса шығармашылығына қатысты қандай да бір құнды мәліметтер ескерусіз қалып қойған болса, сол бойынша пікіріңізді айтып, ұсыныстарыңызды білдірсеңіздер, ризашылықпен қабылдап, іске асырудың бар мүмкіндігін қарастыруға дайынбыз. Өз пікірлеріңізді info@baitursynuly.kz поштасына жолдауларыңызды сұраймыз. Сіздің пікіріңіз бен ұсынысыңыз біз үшін өте маңызды.