ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Школдарда ана тілмен оқу

Патша хазіретінің 1906-ншы жылғы 14-нші йаныуарда еткен бұйрығында: мұнан бұлай бастапқы оқу балалардың ана тілінде болсын деген. Осы бұйрық бойынша жасалып, Оқу министрі бекіткен сол жылғы 31 марттың прауиласы шықты. Бұл прауила бойынша балалар бастапқы екі жылдай ана тілінде оқымақ; өз хәрпі жоқ жұрттар үшін оқу кітаптары ана тілінде болғанмен орыс хәрпімен басылмақ; өз хәрпі бар жұрттар үшін оқу кітаптары ана тілінде өз хәрпімен де, орыс хәрпімен де йағни екі хәріпбенен де басылмақ.

Сонан соң бұл прауаны жұрттың көзді қарақты адамдары қолайсыз тапқан. Бұл прауада істеліп отырған тәсіл бар: қараңғы жұртқа прауаның қараңғы жерлерін, қайдан білсін деп халыққа зианды жағына жұмсаушылар болуы ықтимал деген. Мысалы, ноғайға, қазаққа иә башқұртқа арап хәрпі сендердің өздеріңдікі емес, араптікі. Сендердің оқу кітаптарыңның сөздері өздеріңше болғанмен хәрпі орысша боларға керек деп әурелеушілер болар. Сүйтіп, балалар ана тілімен оқыса да, арап хәрпімен оқытпаған соң, мұсылманша хат білмей, өзінше жазғанда да орыс хәрпін қолданып, арап хәрпін тұтынудан қалар. Ата-бабамыздан бері тұтынып келе жатқан, дін мен бірге байласулы арап хәрпінің жоғалуына риза емеспіз деген.

Бұлайша сөз шыға бастаған соң, Оқу мининстерстуасы тарапынан шайып-жуған сөз болды. Ондағы айтқаны мынау: өз хәрпі дегенде сол жұрттың тұтынып келе жатқан хәрпін айтып едік; орысша хәріппен оқу кітаптары басылсын дегеніміз орысша тіл үйретуді жеңілтуге ғана еді. Енді хата аңғарылмас үшін ашып айтылады: ана тілін оқитындар кітаптар әр халықтың өз тілінде һәм тұтынған хәрпімен басылсын, орысша үйрететін кітаптар иә орыс хәрпімен иә екі хәріппен бірдей басылсын дейді.

Онымен қоймай 1907-нші жылы Оқу мининстерстуасының мекемесінде осы 31-нші март прауасын түзету туралы кеңес болды. Кеңеске мұсылмандардан адамдар шақырылды. Біздің қазақтан Ғабдалғали Балғымбаев пен Отыншы Әлжанов бар еді. Бұл кеңесте 31-нші марттың прауасы сынға түсіп, ұнамаған жері өзгеріліп, жетіспеген жері толығып 1907-нші жылғы 1-нші нойабр прауасы болып шықты. Ондағы айтылғаны мынау:

Бастапқы оқу баланың ана тілінде оқытылсын; ана тілге баланың үйінде өзді-өзі сөйлескенде тұтынатын тілі саналсын; оқитын школ бір класты да, екі класты да болсын; бір класты школдың бірінші һәм екінші жылдық бөлімдері жер ретіне қарай өз алдына бөлек ашылса да болады (ауылный школ сиақты). Бір класты школдарда үйретілетін нәрселер: дін, ана тіл, орыс тіл, есеп; екі класты школдарда бұл айтылған нәрселерден басқа оқытылатын: орыс тарихы, жағарапиа, жаратылыс ғылымы, сызу һәм өлшеу ғылымының басы.

Алғашқы екі жыл оқу ана тілінде болсын; онан соңғы жылдарда оқу орыс тілінде болсын; бірақ ана тілі оқу нәрселерінің бірі болып оқытылсын һәм басқа нәрселерді орыс тілімен үйреткенде түсіндіруге демеу болсын. Орыс тілін үйрету әуелгі жылдың соңғы жартысынан ауыз үйретумен басталады. Орысша хәріп таныту һәм жазу екінші жылдан басталады. Орыс тіліменен оқу үшінші жылдан басталады деген.

Сүйтіп, бұл прауа бойынша: орыс тілі бастапқы жылдың әуелгі жарымында тіпті үйретілмей, оқу, жазу бәрі де баланың ана тілінде болмақ; бастапқы жылдың екінші жартысынан басталып, орыс тілі үйретілмек, онда да оқылатын нәрсенің бірі ғана болып һәм орысша оқу-жазу үйретілмей ауыз үйретілмек. Екінші жылы да орыс тілі оқылатын басқа нәрселердің бірі болып, оқытылмақ; бірақ жалғыз ғана ауызша түрінде емес, хәріп тану, жаздыру түрінде үйретілмек. Үшінші жылы оқыту ана тілдегіден орысшаға аумақ; ана тілі басқа үйретілетін нәрсенің бірі болмақ. Онан арғы жылдардың бәрінде де ана тілі сол күйде қалмақ.

Мұнда ана тілі өтіп кетті деп іш күйгендей еш нәрсе болмаса да, мұны да көпсінгендер болды. Арап хәрпін сауырлап шығарып, орыс хәрпін жүргізуді қалаушылар, школдарда мұсылманша оқу жазу прауила бойынша оқылғанын сүймеді. Сондықтан прауила қағазға жазылған күйінде қағаз бетінде бола береді де, оқу басындағылар өз көздеген жағына қарай оқу ісін жүргізе береді. Қазақ облыстарындағы школалардың бірінде де прауила бойынша оқытылатын оқу жоқ. Бұл сиақты прауила бар екенін қазақтар білген жоқ; білгендері үндеген жоқ.

Білгендердің үндемегенінің екі себебі болды: бұл прауаны білгендер әуелі учителдер; бұлар енді жаңа прауила бойынша оқытамыз ба деп, үстінен қарайтын хәкімдерден сұраса, ол хәкімдер ие демеді. Таза топырақ болмаса, көпшікті қақса да тиім соққан болады деп, жеңілдеткен сиақты. Қазақ тілінің сабағының орнына орысшадан қазақшаға, иә қазақшадан орысшаға переуод істесе, ана тілін үйреткеннің ырымы болады да, хәкімдері айтқан соң учителдер үндемей бұрынғы қалбынша оқыта берді.

Учителдерден басқа бұл прауаларды білетіндер үндемеген себебі, ол кезде қазақта жорнал һәм газета болған жоқ. Қазақтың өзінде газета, жорнал болмаса, прауа барлығын білгендер қайда жазып білдірмек. Сүйтіп, 1907-нші жылғы 1-нші нойабр прауасын қазақтар, тіпті білген жоқ, білгендері әлгі айтылған себептермен үндеген жоқ.

Прауа шыққаннан кейін 5 жыл өтеді. Ол 5 жылдың ішіндегі заманда да, оқу басындағы адамда да өзгерістер болады. Прауа жасалған кезде Оқу министрі Фон Кауфман еді. Онан кейін Шуартс болды; онан соң Кассо болды. ұлтшылдық әуесі көтеріліп, бұратаналарға қырын көзбен қарайтын мінездер күшейе бастады. Сол шақта ана тіліндегі оқу туралы жаңадан прауила жасалып шықты. Бұл жаңа прауила дегеніміз патша хазіретінің 1913-нші жылғы 5 ійүнде бұратана жұрт үшін ашылатын школдар турасында еткен жарлығы бойынша, Оқу министрінің сол ійүннің 14-нде жасап шығарған прауиласы, бұл прауила жайынан келесі нөмірде сөйлемекпіз.

«Қазақ» газеті, №116. 4 апрел 1915.