ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Орынбор, 9-ншы март

Бүгін жыл басы Наурыз. Міні, «Барыс» кетіп «Қойан» келіп тұр. «Қойан» халыққа жайсыз жылдың бірі. Осымен төрт қойанды көрейін деп тұрмын. Бұл төртеуі де халыққа жайлы болған жоқ. «Қойан» жылы не малға, не жанға ауырмалдық түсірмей өткен емес. 1880-нші жылғы «қойан» жұт болып, қазақ малы қатты қырылды. Қар кеткенде жер жүзі өлексеге толып кетіп, ана жер, мына жерде көздерін қарға жұлып үңірейткен өлекселерді көріп, бала кезімде шошынғаным бар. Ол «қойанда» қатты ашаршылық болды. Пәлен жерде аққұлақтың басын үгіп, көже қылып ішіпті деп, үлкендердің аңыз ғып айтып отырғандары есімде бар. Қазақтан басқа жерге ол «қойан» қандай болғанын білмеймін.

1892-нші жылғы «қойанда» қазақтар жұтады. Бүтін Росиада да ашаршылық болып көнек аурудан, обадан адамдар көп қырылды. Бұ «қойан» Орынборда оқып жүрген кезімде болды. Тамағымыз аш деп инспекторға арыз еткенімізде сендердің бұл ішіп отырған тамақтарыңды таба алмай отырғандар көп. Басқа жерде аштықтан мынаны нан ғып жеп отыр деп, ала бұтаның үккен басын әкеліп көрсеткені есімде бар.

1904-нші жылғы «қойанда» қазақ жұтаған жоқ. Бірақ ауырмалдығы адамға түскен сиақты: Русиа мен Жапониа арасында соғыс басталып, адам қырғыншылығы болды. Қазақ жұтамағанмен соғыс болған соң қалыптан тысқары күстенше шығындары құр болған жоқ.

Мынау «қойан» дүниеде болмаған зор қырғын соғыстың үстіне келіп тұр. Адамға түскен ауырмалдық үстіне мал ауырмалдығын қоспай өтсе, қазақтың бағы. Бұрынғы жұт қойандардай болып, малға да салмағын салса, қазақ жүгі көбейіп, көтеруге әлі келмес. Түндік ақша екі есе көбейіп тұр; соғыс салығы түсейін деп тұр; нәрсе қара қымбаттап тұр; малдың еті мен сүтінен басқаның бәрін сатып алатын қазаққа бұда жеңіл тимес. Құдай жұтқа ұшыратпасын. Жұтаса қазақ бұрынғыдай тез оңала қоймас. Өткен жаздың шаруаға жайлы болғандығынан жұртта пішен мол, шаруаның іші жәрбелі. Жаз өте жайсыз болмаса, «қойанның» қаупі мал жағынан онша зор бола қоймас еді деп, алдағы жаздан үміткерміз.

Наурызбен құттықтап, жаңа жыл жайлы болуын тілейміз.

«Қазақ» газеті, №110. 9 март 1915.