ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

2-нші феурал

2-нші феуралда «Қазақ» екіден үшке шықты. Жаңа газета жас бала сиақты. Бала бастапқы кезінде анау-мынау иілгіш келеді. Бір-екі жылды артқа салып алған соң, буыны бекіп, бұғанасы қата бастайды. Ата-анасы мінезін біліп, сынын танып, сырын түйе бастайды. Газета туралы да нақ солай. Анау-мынауға иілгіш нәзік күйін өткізіп, газетамыз үшке қарады. Айрықша бір апатқа ұшырамаса, аз-маз нәрсені елемей өтер деген үміт зор. Газета бетін шыбарлатқан құр қағаз емес. Жұртқа қызмет етуші, ұлтының ұлы екендігін саңлаусыздар болмаса, санаулы қазақ таниды. Ол танығандығын осы өткен жыл көрсетті. «Тәңірі асыраған тоқтыны бөрі жемес» деген. Тәңірден соңғы күшті халық қой. Халық қолдаған іс анау-мынаудың қастығымен өшпейтінін көзбен көріп, қолмен ұстағандай болдық. Жұрт жұмысының тегермекші ілгері айналса, оны шыбық салып тоқтатамын дегендер құр арам тер болу қашаннан-ақ бар нәрсе. Арам тер болғандар бола берсін. Ахмет болмаса Міржақып шығарар, ол болмаса, онан басқа шығарар. Бірақ қазақ газетасыз тұрғысы келмейтінін білдік. Соған көз жетіп «күштіге сиынсаң, Құдайға сиын» деген. Әуелі, Құдайға сиынып, екінші, Құдайдан соңғы күшті халыққа сүйеніп «ҚАЗАҚ» алдағы жасына айақ басты. Қайырлы болсын!

«Қазақ» газеті, №102. 5 феурал 1915.