ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Шарғи мәселе хақында

Газетамыздың 50-нші нөмірінде ахунд Ғұмар Қарашұғлының «Шарғи мәселе» деп құрбан хақында жазған мақаласы басылып еді. Бұл мақаланың жазылуына себепшi болған нәрсе: күзді күні Қапал уезіндегі бір сиезде қазақтың билері, ақсақалдары шалатын құрбандарының орнына мұқтаж оқушылар пайдасына ақша жиып жібергендігі еді. Онда бір-екі мұғалім құрбандық орнына мұқтаж оқушыларға иә басқа сондай iзгi iстерге шалатын малының пұлын берсе де болады, фатуасын өзіміз береміз деген екен. Бірақ сол жолы фатуасын бірге жазып жіберген жоқ еді. Бұл сөз газетада көрінген соң, бізге кейбіреулерден хат келді, сол екі мұғалім қалайша құрбан шалудың орнына пұлын ғана берсе болады депті, дәлелдерін айтса екен деп. «Қазақ» газетасының басындағы кісілер өздері молла болмағандықтан, шариғат хүкімдерін жақсы білмеген соң, шариғат мәселелерін моллалардың өздеріне қалдырып, басқа көздеген мақсұттарға жетісу жолында болушы еді. Сол ойда тұрсақ та әлгі айтқанымыздай сұрау хаттар һәмән болып тұрды һәм бұл туралы сұраушыларға жауап бергендей Ғұмар ахундтын хаты келді. Сонан кейін біз сұраушыларға жауап болсын, мұның дәлелдерін, фатуасын қанағат етпей шариғатқа халәф дегендер болса, оны да бір мәртебе жазып оқушыларға бiлдiремiз деген оймен Ғұмар Қарашұғлынын мақаласын басып едік. Енді сонан бері һәр жерден Ғұмар ахундқа 5-6 кісіден жауап келді.

Бәрі де оның фатуасына қанағат етпейді, құрбан шалуды басқа жолмен өзгертуге болмайды деп. Соның үшін біз сөзді қысқартамыз. Құрбан шалмай болмайды дейтiн моллалардың пікірі (шариғат нұқаты назарынан) қашаннан белгілі, соның үшін текрар айту да қажет болмас.

Бұл туралы біздің айтатынымыз мынау: шариғат хүкімдерін халықтың түсінуінше өзгертпек түгіл, ескіден келе жатқан ғадет-ғұрыпты кенет өзгерту қиын. Біз Ғұмар Қарашұғлының фатуасын шариғат қарауында дұрыс, теріс екенін білмейміз. Мұндай мәселелерді моллалар өзара сөйлесіп шешпесе, газета бетіне түскен соң созылып кетеді. Бiз һеш қайсысын қуаттай алмаймыз. Нешікте болса бұл мәселе мат- бұғат жүзінде хал қылынса екен деп тілеуші моллалар болса, Қазанда Ғалымжан хазірет шығарып тұрған «Ад-дин уа әл-адаб» деген діни журнал бар, соған жазулары лайық. Болмаса Оренбургтағы Ризаддин хазірет шығарып тұрған «Шора» жорналына жазса да болады. Бұл екі журналдың шығарушылары атақты ғалымдар.

Жоғарыда айтқан себептер бойынша, мұнан бұлай бұл мәселе хақында һешкімнің сөзін баспаймыз.

Басқарма. «Қазақ» газеті, №53.9 март 1914.