ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Наурыз құтты болсын!

«Наурыз» парсы сөзі. Бұл қазақша айтқанда «жаңа күн» деген сөз. Неліктен бұған жаңа күн деп ат қойған? Һәрбір өткен, кешегі күн, ескі болып, һәрбір үстіміздегі, бүгінгі күн, жаңа болмақшы емес пе? 9-ншы март күнін «жаңа күн» деп атаудың мәнісі не? Оның мәнісі мынау:

9-ншы мартта түн мен күн теңеледі. Сонан кейін күн ұзарып, жылы бола бастайды. Күн жылыға айналғаны жазға айналғаны. Сондықтан 9-ншы март жаз басы болып табылады. Жаз болса, дүние жаңаланады: ағаш, шөп жасарып, жапырақтанып, гүлденіп, жаңа бұтақтар жайады, мал, мақлұқтар балалап, төлденіп, жаңа ұрпақтар жайады. Жылдың төрт тоқсанның ішінде дүниені жасартып, жаңалайтын тоқсаны – жаз.

Сол тоқсанның басы 9-ншы март болғандықтан, бұл күн «Наурыз» йағни «жаңа күн» деп аталады.

Қысқан қыс өтіп, жайлы жаз келгені, адам түгіл қимылдаған, қыбырлаған жанның бәрi мейрам ететiн бiр мезгiл. Мұны жаңа жылдың басы деп, мейрам ету – дүниедегі нағыз бас ұнамды істердің бірі. Наурызды мейрам етушілер Үндістан, Иран, Ауған, Бұхара, Кауказ, Түркістан һәм біздің қазақ жерінде. Ертерек заманда Наурызды қазақтар тегіс мейрам етуші еді. Бас салып, ет асып, бидай көже істеп, атқа мініп ауылдан ауылға жүріп, бірін-бірі құттықтап, көрісіп, асқан еттерін жеп, көжелерін ішіп, Наурыз күнін тәуір шаттықпен өткізуші едi. Бұл заманда Наурызды мейрам етушiлер қазақ арасында сиректеп бара жатқан сиақты көрiнедi. Басқалар тастамай Наурызды мейрам етіп отырғанда, бiздiн қазақтың тастайтын жөні жоқ-ақ.

Жаз – қазаққа бір қуанышты шақ. Қыс қайғысын өткізіп, жазға iлiнiп, көңiлдерi жадырап, малдары балалап, ірі малға төл қосылып, ауқатының артқаны қазақтың көзіне көрінетін мезгіл - жаз. Қыс бойы көрге қамалғандай, бықырсыған, пысынаған, сасық там үйде тұншыққан қазақ киіз үй тігіп, жазыққа шығып, таза ауаны шөлдегендей құмарланып жұтып, жаны кенеліп, «үh!» деп, бойын жазатын мезгілі-жаз. Жер көгеріп, мал тойынып, мал тойынса ақ шығып, ел тойынып, қазаққа тоқшылық кіретін мезгіл жаз. Сулар тасып сарқырап, құстар шулап ың-жың болып, түйе боздап, қой маңырап, сиыр мөңіреп, жылқылар шұрқырап кісінеп, қазақтың көңіліне шаттық келтіретін мезгіл жаз. Сонша сүйінішті, қызықты жақсы мезгілдің басы 9-ншы март болса, бұл күнді мейрам етпегенде, қандай күнді қазақ мейрам етер?

Жаңа киім кисе де, жаңа үйге кірсе де құтты болғай деп кірмей ме? Сол «құтты болғай»-ды жаңа жылға да айтарлық жөні бар емес пе? Жылда 365 күн бар. Ол бірталай уақыт. Бір айлық сапар шықса да, жолы болып, аман барып, аман қайтқай еді деймiз. Бiр жыл адамның өмірі жүзінде - бір жылдық сапар. Бір айлық сапардан бір жылдық сапар кем бе?

Жаңа жыл туған күні бір-бірімізге «құтты болсын» айтуымыз тастарлық ұнамсыз, мағынасыз іс емес. Жаңа күн, жаңа жыл, жаңа қадам құтты болсын!

«Қазақ» газеті, № 53.9 март 1914.