ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Губернатор өзгерілуі

Семей губернаторы Тройнитскій Тулаға губернатор болып, оның Туер уитсе-губернаторы Шернетсов деген келмекші. Тройнитскій қазақтың қазақ екендігін ұмыттырмай, есіне түсіріп отыратын губернатор еді. С.синод пен жер жұмысының бас мекемесі қазақ пен орысты ауыл үй қондырып, жақындастырып, дінін, атын жоғалтып, орыс қылып, сен – қазақ, біз – орыс, оны ұмытпа, – деп, қазақтардың есіне салып отыратын еді. Семей қазақтарының көбіне Тройнитскійдің қазақ баласына суық жүзбен қарағаны тынышсыз көрінсе де, бірсыпыраларына жағымсыз да болмап еді: адал кәсіппен тамағын асырай алмай жүрген бейшаралардың көбіне тамақ асырарлық кәсіп табылып еді. Адал жолмен адамдыққа жете алмай жүргендерге жол табылып еді. Жалған жала, жасырын шағым деген жауыннан соңғы кенедей қаулап, өріп еді. Сондықтан, ойлаймын, Тройнитскій кеткеніне сүйінетін де, күйінетін де қазақтар боларға керек деп. Бұл Семей облысының ғана қазақтары туралы айтылған сөз.

Қазақ жұртын түгел алып сөйлегенде, қазақ облыстарына қойылатын губернаторлар туралы екі түрлі пікір бар. Бірі-бүгінгіні ойлағандығы айтылатын пікір, екінші – ертеңгіні ойлағанда айтылатын пікір. Соңғы пікір бойынша, қазақ облыстарында – Семейде болған Тройнитскій, Торғайда болған Астырақовскій сыйақты губернаторлар бір жағынан қазаққа жайсыз болғанымен, екінші жағынан жағымды болмақшы: ондай губернаторлар, әуелі, қазақтың қазақ екендігін ұмыттырмай, есіне салып отырмақшы, екінші, қазақты қысып, тықсырып, тынышсыз болса, қалықтың ұйқысы сергек болмақшы. Қойға қасқыр шаппаса, қойшы да, қожа да қораға келер қорынышты ұмытады дейді. Қазақ жерін мұжыққа бере бастаған соң ғана қазақ қайда отырғанын біле бастаған. Қазақтың ұйқысы бөлініп, сана түсіп, алдым қалай болар деп, алысқа көз сала бастағаны жерін ала бастағаннан берлі. Сондайдан тәжірибе айтып, бірсыпыра адамдар ойлайды: қалықты қанша қысқанмен, қысылғаннан жаны шықпайды, қысқан сайын шынығып, қалық ширай береді. Ұйықтағандардың ұйқысы ашылып, ой түсуіне ондай губернаторлар себепкер болады. Сондықтан Тройнитскій мен Астырақовскій сықылды губернаторлар қазақ облыстарында болып кеткені де пайдалы деп. Бірсыпыралары ол жағының пайдасынан безіп, ондай губернаторларды көрсетпесін деп, қолын жайып, Құдайдан тілек тілейді.

Тройнитскій кеткеніне кім сүйініп, кім күйініп жатқанынан хабарым жоқ. Өз басым Тройнитскійге алғыстан басқа еш нәрсе айтпаймын. Өйткені жалған жала, жасырын шағымға инабат етіп, бұлдаушы болмаса, менің үстімнен жасырын шағым болмас еді. Жасырын шағым болмаса, мен Қарқаралыдан Орынборға қуылмасам, Қарқаралыда тұрып осы істеп отырған ісімді істей алмас едім. Елу-алпыс балаға ғана арнап берген сабақтан алты міллійон қазақты алаламай істеп отырған ісімді артығырақ көремін.

А. Б. «Қазақ» газеті, №50.14 феурал 1914.