ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

«Аңдаспаған мәселе» турасында

Ноғай бауырлармыздың газеталарының арасында қазақ жайына көбірек көңіл һәм орын бөлетін «Уақыт» газетасы.

Қазақ туралы естілген хабарлар, істелген істердің көбі «Уақыт» газетасына басылып һәм олардың ішіндегі маңыздылары турасында газета пікірін де айтып тұрады. Сондықтан «Қазақ» газетасы қазақ мәселесі турасында «Уақыт» газетасымен бір жөннен сөз шығаруға, арадағы аңдаспаған мәселелерді ашып, саралап, анықтауды өзінің міндетінің бірі деп біледі.Қазіргі қазақ мәселелерінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл – қазақтың тірі иа өлі болу мәселесі. Бұл турасында түсініп жетпей қаталасып, қазақты теріс жолға салғанымыз 5 мілійион адамның обалын мойнымызға жүктегеніміз. Сондықтан бұл турада қазаққа ақыл айтқанымыз, қазақты һәм басқалар да қата ұқпастай етіп, анықтап ашып сөйлегеніміз абзал. Ф.К. әпенденің жазған сөзінде аңдаспай жүрген нәрселердің көбі анықталды, ашылды. Әлде болса бүркеуірек, көмескі тұрған сауал бар. Соны ашсақ, арадағы аңдаспаған мәселе аңдалып жетер еді. «Уақыт» қала бол дегенде, қай түрлі қала болу жайын ашып айтпайды. Ол ашылмаған соң, қазақтар қала болуды 15 десетинадан жер алып, егін нормасымен қала болу деп ұғады. Егерде «Уақыт» 15 десетинадан жер сұрап алып, егін нормасымен қала болуды айтса, онда азырақ сөйлесуге қажет болады. Олай болмай, жердің түріне қарай мал бағарлық жерде бағатын, егінге жақсы жерде егін егетін қала болуды айтса, онда олай қала болуды біз ұнатамыз һәм «Айқап» жорналының 1911-нші жылғы 4-нші нөмірінен бастап айтып һәм «Қазақ» газетасы жүзінде тұтынып келе жатқан жолымыз. Біз қазаққа қала болма демейміз. Жақсы жеріңе жыйылып, қалаңды сал, мешітіңді орнат, мектеп, медресеңді аш, рұқсатсыз неге қала болдың деп ешкім айтпайды дейміз. 15 десетинамен қала боламын десеңдер, күн көре алмайсыңдар дейміз.

Қазақтар һәм біздер қата аңдамас үшін «Уақыт» газетасынан өтінеміз: қазаққа қала бол дегенде, қай түрлі қала болуды айтады, мүмкін болса ашып айтса екен.

А. Б. «Қазақ» газеті, №48.31 иәнуар 1914.