ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

«Қазақша сөз жазушылар дықатна» сөз жазушыға (*)

Бұл күндегі адамдардың сөйлейтін тілдерінің тобы мұнарланған сағымдай алықа барып жоғалады. Қанша қадалып қарасақ та көзіміз оған жетпейді. Қай тілдің де болса қайдан шығып қалай ғұмыр шеккенін һешкім анық білмейді. Тілдің ғұмыр ұзақ. Оның жасы жылдап емес, жүз жылдап емес, мың жылдап саналады. Сондай өзін ғұмырының ішінде түрлі нәрселер себеп болып өзгерілеген тіл жоқ: иә азып өзгерілген иә асып өзгерілген. Ел бұтақтап өскен сайын, тілде бұтақтаған. Біздің түрік тілі әуелде бір тіл болып, сонан соң ел бұтақтап өскенде, тілде бұтақтаған. Түбірі бір болса да түсі басқаланып түрік тілінің арасына тарау-тарау жік түскен. Сондықтан бұл күнде неше бұтақ түрік тілінен ел болса, сонша тарау тілінде басқалық бар. Тілдің басқалануына себеп болған – әр түрлі бөтен жұрттар мен сыбайлас болып араласқандық. Түріктердің балалары өсіп, алды-алдына тарап әр түрлі халықпен сыбайлас болған, жат дыбыстар кірісіп, тіл арасының бірте-бірте жігі ұлғайған. Мақсұт сол жікті бітеп жоғалту болса, оған түзуді қисық деп, дұрысты қата деп қыңыр жолмен келмей, тура жолмен келу керек. Шүнкі дұрыс пен қатаны, қисық пен түзуді, айыруға жаратқан көкіректе көз бар. Қата қайда, дұрыс қайда – қаралық. Дұрыс емлеменен қата емленені айыруға менің ойымша бұлай қарау керек шығар деймін: тіл табиғатына қарай емлені ыңғайлау ма? Жоқ емле түріне қарай тілді ыңғайлау ма? Мен ойлаймын, емле жазу үшін шығарған нәрсе, жазу тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек. Тілдің табиғатына қарамай зорлап емлеге таңып байласақ, қытай қатындарының айағы болып шығады. Түрік тілінің бәріне ғұмұми емле болу керек десек, түріктің қай баласында азбаған тұнық тіл, түзу емле болса, соны аларға керек. Асыл тас, түзу емле қазақта боларға тиісті. Неге десек: ата кәсібін тастамай істеп келе жатқан қазақ. Басқа жұртқа араласпай өз алдына оңаша оқшау жүрген қазақ. Жат жазудың ыңғайына қарап, басқалардай тіл бұзуға, арасына жазу жайылмаған түрік баласы қазақ. Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе оны жаншып жеміріп өз тілінің қалыбына түсіріп алған қазақ. Жат жұрттың шалғы тимесе, жазу шалғы тимесе, кәсібі ғұрпы өзгерілмесе, жалғыз тілі өзгеріледі деп айтуға жол жоқ болса, емлесінде қисық деп айтуға жоқ жоқ: қазақта тілінің табиғатына хлаф келетін емле жоқ. Еділден бастап Ертіске шейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тілде бір, емледе бір. Қойшы, тойашы, биеші емлесі деген қазақта жоқ нәрсе. Тоқсандағы шалының, тоғыздағы баласының – бәрінің емлесі біреу ақ; ол емлесі дұрыс па, қисық па қаралық.

Ең әуелі – біздің қисық көрінетін емлеміз «лр» орнына «дар, «тар», «лар» (жіңішке сөздерде «дер, «тер», «лер») деп жазғамыз. «Үш түрін жазғанша «лар» деп – бірақ түрін жазса болмай ма?» деген. Бұл дұрыс болар еді, егерде сөздің бәрінің айағы дауысты дыбыспен иә жарты дауысты дыбыспен біте берсе. Сөздің айағы дауыссыз дыбыспен де бітетін жері болады һәм сондай жерде қазақта «лар» орнына «дар» (иә «тар» жазылады. Дауыссыз дыбыстан соң «лар» жазсақ болмайма деген сөз: мысалы, «қараймын», «сөйлеймін» деп жазған соң – «бармаймын», «бермеймін» деп жазсақ болмай ма деген сықылды, иә болмаса «малдай», «малда» деп жазған соң «малындай», «малында» деп жазбай – «малыдай», «малыда» деп жазсақ болмай ма? деген сықылды. Сондай-ақ «балалар», «аналар», «аталар» деген сөздер «лар» мен жазылады деп «малдар», «нанлар», «атлар» деп жазу керек деген сөз «бараймын», «береймін», «малыдай», «малыде» деп жазу керек дегенмен бірдей. Сөздің ұшығы бірінде дауысты дыбысқа тіркеледі, бірінде дауыссыз дыбысқа тіркеледі. Дауысты, дауыссыз дыбыстың ауанына қарай – сөздің ұшығы да өзгеріледі. Қазақ бұл екеуін де айырады. Тіл табиғатына қарағанда қазақтың солай істеуі дұрыс. «Мал», «малдай» дегенде «н» жоқ; «малы», «малындай» дегенде «н» неге қосылды? Әрине, «малы» деген сөздің айағы дауысты дыбыс болғандықтан қосылып тұр. «Малы» дегеннен ұшықтарды «мал» деген шыққан ұшықтармен бірдей істеу керек деек, тіл табиғатына дұрыс келеме? Сондай ақ «бала», «ана», «ата» һәм «мал», «нан», «ат» деген сөздердің бәрінде де «лар» бірдей болу керек деген дұрыс емес. Қазақта жазу-сызу болмаған соң, жалғыз-ақ табиғаттың зақонына ерген; сондықтан тіл азбаған. Өзгелер табиғатты зорлап, емлеге таңып, тілін аздырған. Мысал: «малдар» деп айтып айтып көріңіз, «маллар» деп айтып көріңіз. «Малдар» дегенде тілде көріс жоқ, жеп жеңіл ағып өте шығады. «Маллар» дегенде: – тертеге оралған шыбыртқыдай тілімізді қайтып алуымыз қиын. Бұл орынсыз жерде тұрған «л» ның айтуға кемшілігі. Істеуге кемшілігі тағы бар. «Малдар» дегенде тіліміз таңдайға тірелей, тиіп кәне өтеді; «маллар» дегенде тіліміз таңдайға тіреліп, аузымыздың қуысын бітеп тастайды. Қамаудағы дыбыс пен ашықтағы дыбыс екеуі бірдей болмайды. Ашықтағы дыбыс ашық, көркем шығады. Қамаудағы дыбыс ажарсыз шығады.

Дұрыстыққа салып, тура көзбен қарағанда: тіл турасында күйінерлік іс қазақта емес, басқа түрік балларында. Ашық дыбыстарды көмескі дыбыстарға, көркем дыбыстарды ажарсыз дыбыстарға алмастырып, тілдің сиқын бұзып, сәнін кетірген басқа түріктер. Дауысты дыбыстардың – ашық иә көмескі болмағы – ауыздың аз иә көп ашылуынан болады. Ауыз көп ашылғанда шыққан дыбыс ашық болады. Ауыз тарылғанда шыққан дыбыс топқдақ болады. Ауыз еркін ашылғанда шыққан дыбыс « ا» (а), ол барша дыбыстан ашық; сонан соң ауыздың тарылуына қарай екінші дәрежедегі дыбыстар шығады: жәй тарылса « ي» (э), дөңгеленіп тарылса « و» (у) онан ары тарылғанда – үшінші дәрежедегі дыбыстар шығады: жәй тарылса « ي» (э) дөңгеленіп тарылса « و» (у) дыбыстың ашықтағы қай дәрежеде болса, көркемдігі де сол дәрежеде болады. Сондықтан -1нші дәрежедегі иә -2нші дәрежедегі дыбыстарды – үшінші дәрежедегі дыбыстарға алмастырсақ, сөздің де көркі сол дәреже төмен түседі. Сөздің көркі төмендесе, тілдің де көркі төмендейді. Жоғарғы дәрежедегі дыбысты төмен дәрежедегі дыбыстарға алмастырып тілді аздырған кемшілік, татар тілінде көп. Мысал: « ا» (а) дыбысын « ي» (э) дыбысын « ي» (и) ге алмастырған; « و» (о) дыбысын « و» (у) ға алмастырған орындар көп. « ا» ны « ي» ге алмастырған жерлері: « الماي » (алмай) деген сөзді – « المي » (алмій) деп; « ي» (э) дыбысын « ي» (и) ге алмастырған жерлері: « كيت » ні (кет) – « كيت » (кит), « ايت » (эт) « ايت » (ит) деп, « و» (о) ны (у) ға алмастырған орындары: « قول » (қол) ны « قول » (қул), « اوت » (от) « اوت » (ут) деп.

Бұлайша тілді бұзуға себеп болған нәрсе жазу. Арап әлифбасындағы хәріплар түрік тіліндегі көп дыбыстарға тура келмеген. Ол дыбыстарды жазуға басқа дыбыстардың хәріфләрі жұмсалған. Мысал: түрік тілінде « و» (о) дыбысы бар, арап алфбасында оған хәріп жоқ: түрік тілінде « ي» (э) дыбысы бар, оған тура келетін арапта хәріп жоқ. Сондықтан (о) дыбысын (у) мен жазған, (э) дыбысын « ي» (и) мен жазған. Бұл дыбыс айтылуынша оқылмай, жазылуынша оқылған. « ا» (а) дыбысы « ي» (и) дыбысына алмасуына себеп нәрсе: түрік сөздерінде арап емлесімен жазамыз деген. Мысал: қарамай – қарамы (қарамы)

Растыққа жүгінсек түріктің тұнық тілі, түзу емлесі қазақта. Дұрыс емес деген: «дың», «ды» ларды һәм дұрыс деген «ның», «ны» ларды алып қаралық. Мен айтамын «ның», «ны» дұрыс емес, «дың», «ды» дұрыс деп. Неге десек: тіл табиғатына қарағанда «н» келерге керек дауысты дыбыстардан соң, қазақта солай «ның», «ны» дауысты дыбыстардан соң келеді. Айағы дауысты дыбыспен бітетін һәм ағы дауыссыз иә жарты дауысты дыбыспен бітетін сөздерді алып қарасақ солай екендігі көрініп тұр. Мысал: Мал – жарты мал дан – жарты дан Мал дың – жарты ның мал дай – жарты дай Мал ды – жарты ны мал да – жарты да

Дауысты дыбыстардан дауыссыз дыбыстар көп. Қағида азына қарап емес, көбіне қарап жасаларға керек. Қазақша дауыссыз дыбыстан соң бәрінде де «д» кіріп тұр; дауысты дыбыстан соң екі ақ жерде «н» кіріп тұр. Үш орында «д» кіріп тұр. Қағиданы аздан шығармай, көптен шығаратын болсақ: дауысты дыбыстан дауыссыз дыбыстар көп; «н» келетін орындан «д» келетін орын көп. Қалайша қазақ тіліндегі «дың», «ды» дұрыс емес, «ның», «ны» дұрыс деп айтармыз.

Онан ары: «нан» дұрыс емес, «ндан» дұрыс деген – әуде даулы сөз табиғатқа салғанда екеуі де дұрыс, жолға салғанда екеуі де дұрыс емес. Мысал:

Жол бойынша боларға керек табиғат қалауынша

Атасы ға – атасы на

Аты ға – аты на

Қолы ға – қолы на

Сондай ақ қазақтың «нан» айтып айтуы табиғат қалауынша – жол бойынша

Атасы – атасы ндан

Аты – аты ндан

Қолы – қолы ндан

Қазақтың табиғаты тартуынша:

Атасы – атасы нан

Аты – аты нан

Қолы – қолы нан


деп айтылады.

Табиғатқа қарамай жолға түсіру керек болса: «атасы на» демей, «атасы ға» деп жазу керек; «атасы нан» демей «атасы ндан» деп жазу керек – «атасы ға» деп жазған татарларды көрмеген соң біз де «атасы нан» деп жазып жүрміз.

Бұлардан басқа қисық көрінетін: «ма», «ме» орнына «ба», «бе» жазғанымыз; «ш» орнына «с» жазғанымыз. Бұларды қазақ айтады; солай айтылатын болған соң солай һәм дейміз. Османлар «бен» дейді бәз «мен» дейміз; османлар «уар» дейлі, біз «бар» дейміз; османлар «дағ» дейді, біз «тау» дейміз. Осы сөзердің қайсысы дұрыс? Османларға сендердің бен – уар – дағ – дегендерің дұрыс емес – мен – бар – тау – деп жазу керек дегеніміз жөн бе? Сол сықылды – ба – бе – дұрыс емес, – ма – ме – дұрыс деп айтудың жөні жоқ. Солай – ма – ме – иәки – ш – жазса да түсінер; ол бірақ қазақша болмас. Татарлар неге: – атасы ға – атасы дан – атасы дай – деп жазбай: – атасы на – атасы ндан – атасы ндай – деп жазады? – атасы ға – атасы дан– атасы дай – деп жазса түсінбес пе? Әрине түсінеді, бірақ олай жазбайды. Олай жазса татарша болмайды. Қазақта солай: – ның – ны – ндан – лар – лық – лы – орынсыз жерлерде келсе, ол сөз қазақша болмайды; шүнкі тілдің өз табиғаты тартуынша әр қайсысын өз орнына қойған. Тілдің өзінің қойған орнынан басқа орынға қойсақ, онда ол қойғанымыз ол тілше болмайды. Ол тілше болмаған соң, оның түбі ол тілді бұзу – өзгерту болады. Қазақ тілін өзгертіп, татар тіліне қосу болса, онда солай деп ашық айтарға керек. Емлесін қата десек, тастап бізге келер деген ой – хата: ол жақсы мен жаманды, қисық пен түзуді айырарлық қазақта көз жоқ деген болады. Егерде Ғаспринскидің сөзін тірілтеміз десек, ұлұғ іс үшін ұсақ намысты қойып, түріктің тұнық тілін, түзу емлесін алу керек. Сол екеуі де қазақтан табылады. Азбаған асыл тілден еміле шығарып, соған қарап басқа емлелерді түзету керек.

Ақтығында айтатыным: бұл күнде жазылып жатқан кітаптарда, газеталарда, журналдарда қазақ тілінде болсын, татар тілінде болсын анықталған қағидалы емле жоқ. Қағида жоқ болған соң қисық, түзу емле деп айтуға жол жоқ. Тұтынып жүрген емлеміз саф түзеген салдаттардай болғанша мұндай сөзді қозғау түзелуімізге себеп болады. Сондықтан бұл сөзді қозғағаннан Хасен Ғали афендіге алғыс айтамын.

«Қырық мысал», «Маса» турасында айтатыным: олар халық үшін шығарылған нәрсе. Халық айтуынша жазылған. Өз тілімізден шығарып емле түзегенше халықтың айту ауанынан шықпаймыз. Басқалар да даяр емле бар ғой, соны алайық деп қисық емлеменен тілімізді қисайтпаймыз. Тілдің ауанына қарамай хәріптің, емленің ауанына бұрып тілдің көркін бұзған, әдеби тілмен жазамыз деп жат тілменен жазып, өз тілінен айырылған басқа түріктердің ізіне түсіп, тілімізді аздырғанымызды мақұл көрмейміз. «Уақыт» бен «Шура»ны оқығанда қолымызға лұғат кітабын алып отырып оқимыз. Ойлаймын арапша арапша оқымағандардың бәрі де солай оқитын шығар деп. – Уақыт – иә – Шурада – басынан айағына шейін арапша сөз аз ба? Соларды лұғаттан іздеп отырып оқығанда, бастан айақ оқып шығуға қанша уақыт керек. Егерде нағыз түркі тілімен жазылса, арапша оқымаған адамдарға да лұғатсыз оқуға болар еді; оқығанда уақты да көп кетпес еді.

Біздің қазақтың ісі жаңа басталып келеді. Не болары белгісіз. Қазақ иә құрып жоқ болар, иә өз тілімен де өзгелердей тіршілік етер. 20-ншы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін, қолымызға алып бытшытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас.

«Қазақ» газетасының бас мұхрры:

Ахмет Байтұрсынов.

Шура.1913.№4