ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Ауру жайынан

Басқармаға келген кейбір қаттарда: пәлен адам, пәлен жылдан бері ауру, жақындағы докторлар жаза алмады, алыстағы докторлардың жақсысын қайдан табуға болады дейді. Ауру адамның түрлі жерінен жабысады. Олай болған соң, олардың емі де түрлі болмақшы. Неше түрлі аурудың түрінің бәрін тегіс жақсы білетін докторлар сирек болады. Көбі азының емін ғана жақсы біліп, көбінікін нашар біледі.

Шет жерлерде, кішкене қалаларда аурудың әр түрін жақсы білетін докторлар болмайды. Ондай жерлерге орын таба алмаған, оңбаған, қай-қайдағы жаман барады. Үлкен шаһарларда жақсы докторлармен қатар, дәрігерлік ете алмайтын нашарлары тайып шетке шығып кетеді. Сол себепті жақсы доктор іздейтіндер зор шаһарлардан іздеу керек. Ондай шаһарларда докторлар біреу-екеу емес, әлденешеу болады. Іздеп келген аурудың еміне бірі болмаса, бірі жетік болып шығады. Ауқаты кемдер екі бастан алыстан доктор іздей алмайды, ауқаттылар жанынан малын айамайтын болса, істейтін іс мынау: әуелі, зор шаһардың біріне барып, науқас адамын көрсету, не ауру екені анықталып болу; оны білмей тұрып, пәлен докторға емдет деп айтуға болмайды. Ауруды анық таныған соң ғана ол ауруға пәлен доктор жақсы деп көрсетіп, жөн сілтеуге болады. Ол, доктор, бәлки, сол шаһардың өзінен табылар, онан табылмаса, басқа жерден табылады. Бірақ не ауру екенін анық білмей тұрып, пәлен докторға емдет деп һешкім айта алмайды. Ауру жабысқанына көп жыл болып ескірсе, оны емдеуге де көп уақыт керек. Көп емдетуге қазақтың көбі төзбейді. Тәуір бола бастаса, жазылғандай көріп, емдетуден қаша бастайды. Емдеу тоқтаған соң, жеңіліп, әлсіреп келе жатқан ауру қайтадан күшейе бастайды. Қазақтың көбі неше жылдан бері орнығып, бойға сіңген ауруға бірер сауыт дәрі алып тұтынып, сонымен ауру жазыла қоймады дейді. Олай дейтіндері аурудың мәнісін білмегендіктен. Қазақ дәрігерлері ауруды бірден жойамыз деп күшті дәрі береді. Онысы ауру мен дене арасында не қикмет бар екенін білмейтіні.

Ауру – денеге зарарлы нәрселерден болатын бүліншік. Ол зарарлы нәрселерді микіроб дейді. Микіроб денеге орнап, көбейе бастаса, тәнге зарар келтіре бастайды. Тәннің қалыпты істеп тұрған істерін бұзып, бүлдіріп, денеге зарарлы улар жайа бастайды. Қысқасы, зарарлы, микіробтар дененің дұшпаны, жауы. Микіробтар көп, олар дем алатын ауамызда да, ішетін суымызда да, жейтін тамағымызда да болады. Өздері көбейгіш, өсімтал келеді. Жайлы орын тапса, тез өсіп өнеді, олардан құтылу қиын, күтініп, қарсы қару жұмсап, жеңдірмес ғана шарасы бар. Жау тиерін білгенде қандай күтінеді, бұнан да сондай күтіну керек. Жаудан күтінгенде жолына кедергі болғандай қорғандар тұрғызады, қарсы қару қылғандай мықты әскерлер қойады. Ауруға да соны істеу керек.

Құдірет денеге зарарлы нәрселерді жаратқанда, олардан қорғайтын, денеге достығы бар, пайдалы нәрселерді де жаратқан. Тәнімізді зарарлы нәрселерден қорғау үшін теріден қорған жасап қойған, ол бүтін тұрғанда микіробтар онан өтіп зарар келтіре алмайды. Зарарлы микіробтарға қарсы пайдалы микіробтар жаратқан, олардың жайатын уына қарсы басытқыларын жаратқан. Құдіреттің ісінің бәрі оңды, бәрі жөнді. Жөнді істі жөнсізге айналдыратын кінә өзімізден. Зарарлы микіробтарға тәнімізге кіруге жол ашып беретін өзіміз. Денемізді нашар ұстап, ауруға алдыратын өзіміз. Тән қаруын мықтасаң, сырттан кірген ауру микіробтары оңайлықпен орнығып, тыныш өсіп, өне салмайды. Тән мен микіроб арасындағы соғыс – күнде болатын соғыс. Тән жеңіп отырса, бізге сезілмей кете береді, микіроб жеңіп, тәнді ауру басқан кезде ғана білеміз. Сонда ғана денеміз сау еместігін біліп, дертке ем іздей бастаймыз. Емнің асыл түбі – ауруды аздырып, тәнді күшейту, иағни ауру мен дененің алысқан жерінде дене жағына болысу; ауруды әлсіретіп, жеңіп беру. Ол мақсат науқас адамды бағумен һәм дәрі берумен табылады. Дәрінің көбі улы нәрселерден жасалады, улы заттар мерзімді өлшеуімен жұмсалса, тәнге пайдасы тиеді, өлшеуінен асса, зарарлы. Қазақ дәрігерлері аурудың тұқымын бірден құртамыз деп, дәріні науқастарға күшті қылып береді. Оның пайдасы мен зарары бірдей: күшті дәрі микіробты әлсіретуге жақсы болғанмен, тәнге жайсыз болады. Дәрі жайсыз болса, тән азады. Тәннің жүдегені емдеудің ..............(оқылмады – Құрастырушы.) мағынасына хылаф келеді.

Берген дәрі тәнге пайдалы болып, микіробтарға жайсыз болса, пайдасы бар. Ғылымды дәрігерлердің емдеуі солай болады. Докторлар дәріні дертті әлсірету үшін беріп, тәнді күшейту үшін аурудың бағуын жақсылайды. Емдеу жұмысында дәріден де гөрі бағуда көп мағына бар. Бағуын келістірмей, дәрінің күшімен ауруды жазуға болмайды, дәрі бермей, бағуын келістірумен жазуға болады. Докторлардың көбі дәрімен емес, бағумен жазады. Бағым жақсы болса, тән күйлі болады, күйлі тән күшті болып, ауруды жеңеді. Бағымның жақсы болуына керек нәрселер: жағымды тамақ, жайлы орын, таза ауа. Бұлардың мәнісін қазақтың оқымаған, дәрігерлік ғылымынан қабары жоқ емшілері қайдан білер? Докторлар, фелідшерлер қазақ ішінде аз, жоқ есебінде. Қаладағы докторларға емдетуге уезд басына бір ғана ауруханадан болады, онда 10 шақты ғана орын болады, ол орын қайсысына жетер? Пәтерде тұрып емдетуге көбінің ауқаты көтере алмайды, көтерсе де, шығынын көпсінеді.

Сондықтан қазақ обылыстарында земство ашылып, денсаулық жұмысы жөнделгенге шейін елдегі емшілерге емдетпей қазақтардың шарасы жоқ. Қазақтардың емшілерге емдетіп жүргені докторлардың, фелідшерлердің қазақ арасында кемдігі, жоқтығы. Тіпті, емдету керек емес десек, ол басқа сөз; емдету керек десек, елдегі емшілерге емдетпеңдер деп қазірінде айта алмаймыз. Емдетіңдер, бірақ талғап емдетіңдер. Оқымағанмен, «Құдай еңсесіне құйған» дегендей жақсы емшілерде бар шығар. Оқыған дәрігердің арасында не ауру екенін айыра алмайтын докторлар толып жатыр. Ауруды танымаған доктор әліпте ол ауруды емдеуді де білмейді. Қазақ арасында жақсы сынықшылар бар, жақсы оташылар бар, олар болғанда, жақсы емшілердің де болуы ықтимал.

«Бәрін айт та, бірін айт, сөздің тұрар жерін айт» деген сөз топшысында айтарлық мынау: Әуелі, аурудан күтіну үшін не керек,сол жағынан қалық қабардар болуға керек. Екінші, ауруды әлі бар адамдар, алыста да болса, докторларға емдету керек, әлі жоқтар ел ішіндегі емшілерге емдетпей шарасы жоқ.

Үшінші, қазақ емшілері күшті дәрімен аурудың тұқымын құртамыз деп ойлайтын пікірлерін тастау керек, оның пайда-зианы бірдей екені жоғарыда айтылды ғой. Және де қазақ емшілері иа пышақ жұмсаудан тиылу керек, иа пышақпен тілген жердің жарасы жазылғанша оны микіробтан қорғау керек. Оны қорғау үшін докторлар күн сайын дәрімен тазартып жуып, орауышын жаңалап отырады. Оны қазақ пышақшылары істей алмайды. Жараға микіроб түссе, пышақтан қағынды дейтін сонда болады, ол бек қауіпті іс.

Төртінші, қазақтың дәрігер ғылымын оқыған адамдарды аурудан күтіну жайынан һәм жеңіл-желпі емдер жайынан жазып, елге ұсақ кітапшалар таратса екен. Көбіне қазақ ішінде жеңіл-желпі аурулар зор ауруға ұласып кетеді.

«Қазақ» газеті, №27. 25 аугүст 1913.