Бас қосу керек деген мәселені жыл басында «Айқап» жорналы қозғап еді. Сол «Айқаптың» 10-ншы нөмірінде Р.Мәрсеков мырза да бас қосу керек дейді. Темір уезінен үш кісі: Жұбакін Тілеубергенов, Омарғали Хангерейұлы, Сәуірбай Тоқбайұлы бас қосу турасындағы пікірлерін жазып «Қазаққа» басуға жіберіпті. Олар да «бас қосу керек» дейді. Біз бұл турадағы басқалардың пікірін басудан бұрын өз пікірімізді айтып өтуді мақұл көрдік.
Бас қосуды біз де керек нәрсе дейміз. Керек болса да «бас қосалық» деп айта алмаймыз. Кейбір істі істеу керек бола тұра, істеуге болмайды. Бас қосу қазір сондай істің бірі. Істейміз деп бастасақ, онан келтірер пайдамыздан зорымыз он есе зор болуы ықтимал. Министрдің кешегі бұйрығы естеріңізде бар ма? Қазаққа қандай ілтипат бөлген? Бас қосу .............(*)
Мұны ескеру керек емес пе? Бас қосудың орнына басымызды сақтарға орын таба алмай жүрмелік. От пен суды қазақ тілсіз жау дейді. Оларға қосарлық үшінші тілсіз жау бар. Оны да ойлау керек.
Біз кірсіз пікір, таза амалмен жұмыс істеу үшін мысалы, мұң-мұқтаждарымызды кеңесіп, дертімізге ем қарап, ісімізге жөн қарап, жоғамызды іздеуге, барымызды сақтауға ақылдасу үшін жиыламыз дейміз. Басқалар оған не мағына беріп, не көзбен қарар? Өзгелер бас қосуымызға сенімсіз көзбен қарайтын болса, оларға көмекші өзімізден табылар. Ағашты кесетін балта, балтаның сабы ағаш. Соның мысалы басқа нәрселерде де бар. Адал кәсіппен күн көре алмайтын, иа арам жемесе басы ауратын иттер қай жерде де болса табылады. Айтпағанды айтты деп, етпегенді етті деп, оттайтын хайуандар әсіресе біздің қазақта көп. Былтыр ноғайларға жұмысымыз түсіп барғанымызда «Орынборда 5-6 қазақ бар. Оның жартысы шағымшы, тыңшы» деп бізді ұйалтқан. Оны .....................(*) ның бірі. Білмей, сезбей, босқа айтар ма? 1907-нші жылғы Надаров шыққан кеңесте де онан соң Қарқаралы істерінде иттік қылған қазақтар болмады ма? Осының бәрін көре, біле тұрып, үкіметтің сенбестік көңілін байқап тұрып, бас қосалық деп едік деп, әуелі сұрап, рұқсат алуымыз қиын. Екінші тыныш отырып, тыңғылықты жұмыс істеп, аман елге қайтуы екі талай. Қайтса да, қарақшылы түйедей болып қайтуында шек жоқ.
Қане! Осыған ерік етіп жиылатын қазақ табыңдаршы. Әкімдер шақырса, таласып барар. Ол шақыруда қорқыныш жоқ, біздер шақырсақ әлде не істейін деп жүр деп, қорқа соғады. Өзі үркіп тұрған жұртты үркітуге ықтималы бар кезде бас қостырамыз деп әлде қалай бола қалса, онан соң ондай жұмыстан бездіріп алып жүрмелік. Нақ осы кез бас қосу қанша керек болғанмен бас қосуға қолайлы кез емес.
Біз шаруа кеңесіне жиылсақ та, құбыжығы бар шығар деп сенімсіз көзбен қарайтын кез. Солай болған соң бас қосуға рұқсат берсе де, кеңесті орыс тілінде құру керек деп шарт қойыуға ықтимал. Русша пікірін түгел айта алатын қазақтар жиылса жақсы. Ондай қазақтар келе алмаса, тілсіз кеңес қалай құралмақшы. Русша білетін қазақтардың әуелде бірі болмаса, көбі қызметте, ат сықылды арқандаулы. Қазығынан босанып келе алар ма?
Іске қарасақ, оның түрі әсіресе русша білетін қазақтарды керек қылатын көрінеді. Жиылғандар құр сан көбейту емес, жұмыс істей білетін, жол айтып, жөн сілтеуге жарайтын білімді көсемдер болмақ керек. Жалғыз қазақ қалпы емес, басқа жұрттардың да жайы-күйімен таныс, басқа жұрттардың ісінен үлгі табарлық мағлұматы мол кісілер болуы тиісті. Ондай адамдар оқыған адамдардан шықпақшы. Білімнің тарауы, саласы көп. Солардың бір тарауын жақсылап жете білген .....(*) бір-бірден адам боларға керек. Мысалы, йурист, дәрігер, мал дәрігері, инженер, аграном, техниктер, учителдер, мұғалімдер. Бұлардың мұғалімдерден басқалары русша оқығаннан табылмақшы. Бұлар бас қосуға келе алар ма? Олардың келуіне қазіргі күйде ерік пен жомарттық қабат керек.
Ал бұлар келе алмады. Көбі оқымаған жабайы қазақтан жиылады, ішінде бірен-саран оқығандары, білімділері болды. Олардан оқымағандары істеуге керек жұмыс бар екенін, іздеуге тиісті жоқ бар екенін білді де, бет-бетіне елдеріне тарасты. Мұнан еш нәрсе өнер ме? Жұмыс қолға алып істесе бітпекші, жоқ артынан қалмай іздесе табылмақшы. Айтқан-айтқан жерде қалып, үйлеріне барып тыңқиып-тыңқиып жатып алса, жұмыс өзінен-өзі істеле ме? Сиезге жиылған адамдар елге қайтқанда сиезде керек деген жұмысты қолға алып, тастамай істеп, басқаларға басшылық етіп өнеге көрсететін болса екен. Сонда сиезден мағына шығар.
Ол болмаса, құр сиезде жиылып «анау керек, мынау керек, олай ету, былай ету тиісті» дегеннен еш нәрсе өнбейді. Халықтың ісі машинаның тетігі емес, бұрап қалса басқа жөнге түсетін. Жұрт жұмысы құмырсқаның илеуіндегі жұмыс сиақты. Құмырсқаша жабыла, тынбай істесең өнеді. Бірі оны, бірі мұны істеп, илеуде қарап тұрған құмырсқа болмайды. Жұрт жұмысын да солай істесе алға басады. Әр құмырсқа бәріне керек илеудің өсуі үшін күші жетіп көтерген шөпшегін апарып салады. Ұлтын керек қылып халыққа қызмет етеміз деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып толықпақшы. Қазақтың іс қолынан келмейтіндеріне сөз жоқ, іс қолынан келетіндері де қарап жатыр.
Осы күні қазаққа керек нәрсенің көбі һәркімге-ақ мағұлым. Қазаққа не керек екенін білмегеннен істей алмай тұрған (.....) һәм айтылар да. Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай істеуге кірісе екен. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп өзгелер де істер еді. Сөйтіп көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді.
Біреу жұмыс қыламын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ. Онда да отырып жұмыс істеуге болады.
Расын айтқанда біздің қазақ балаларының жұрт жұмысын істеу әдетінде жоқ. Карта ойынына жұмсағанымызды қызықтырақ көреміз. Сондықтан ойыншымыз көп, жұмысшымыз аз.
Сөздің қысқарып тынарында айтатыным: бас қосуға бұл күнде қолайсыз шақ. Оны басқа кезге қарата тұру керек. Қазақтың керегін өзге жолмен сөйлесе тұралық бұрынғыдай емес қазақта қазірінде бір журнал, бір газета бар. Сиғанынша солар арқылы кеңеселік, симағанын хатпен сөйлесуге де болады. Сиезде сөйлесіп, кеңескен мен де түбі барып істеушілерге тіреледі. Ісімізді істеушілер, жоғымызды іздеушілер көбейсе, ойлаған пікір, көздеген мақсұд жан бітіп тірілмекші. Һәркім қолдан келгенін сор сақтап, түбінде үйіп-төгіп бір молықтырамын демей, аз-көбіне қарамай істей беруге әдеттенсе екен. Қазақ керегінің көбі һәркімге-ақ мағлұм ғой. Біз кейін қалған халық. Алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.
Менің сиез турасындағы бұл сөзім көбіне құр тартыншақтық, сары уайым болып көрінер. Солай көрінсе де, уайым сол. Айтқанымды тексеріп, адасқанымды көрсетіп, бас қосу мәселесін қайта қорғап басшылық ететіндер болса, қосшылық етіп, көмегінде болуға мен даиәр.
«Қазақ» газеті, №18. 16 иуін 1913.