Осы кезде қазақ баласы, русша болсын, мұсылманша болсын оқып келеді. Балалардың ата-аналары да, елі – жұрты да олардан үміткер. Бірақ кей уақытта бұлардың үміттері босқа шығып, оқығандардан көңілдері қайтатыны да болады. Әсіресе жұрттың көңіліне тоқ санап, қазақ көшін оң бастай ма деп жүрген жұлдыздарымыз – студенттер, шамдарымыз – учител, мұғалімдер, гүлдеріміз – жас талаптар. Осылардың көбі ел ішіне шыққанда ерсі мінез көрсетеді.
Соңғы жылдарда қазақ ішіне малдың, жанның есебін алатын отриәдтар шығып жүргені һәркімге мәлім. Солардың бір бөлімі біздің Орал жағын аралап жүргенде, сонда қызметпен шыққан қазақ жігіттері жайынан көрген-білгенім мынау: үкімет оларды, қазақ болған соң, қазағының халін, жайын, тілін, ғұрпын біледі, бұлардан жұрт жатырқамайды ғой. Сондықтан бұлардың әкелген есебі де дұрысқа жақын болар деп жалование беріп шығарды ғой. Бұлардың көбі үкіметтің мойындарына артқан міндетін орнына келтірудің орнына, қазаққа жұмсақ мінезбен, ақырмай, жекірмей, зәресін алмай, түсіндірудің орнына мынадай ерсіліктер көрсетті: қазақ көрінгенде қабақтарын түйіп, тұнжырап көзінің үйшігімен қарап, жауап берушінің зәресін алып, «Балаң қатыныңнан неше жас үлкен?» деп бейшараларды сықақ қылып әурелеп, біреулерге «Қызыңның беті қандай?» деп сұрағандар болды. Нендей әдепсіздік! Молла болса «мұртыңды неге күзедің?» деп күліп, тағы да неше түрлі қағазға жазуға ұйат сөздер көп естідік. Біреудің байлаулы тұрған атына міне салып шапқылап айағын ақсатып беру оларға онша қиын жұмыс болмады. «Шырағым, әуре қылмай, тезірек босатсаң екен, намаз уақыты өтіп барады» деген кейбір ақсақалдар да сыбағасын алып қайтып жүрді.
Бұларды көріп тұрған жұрттың оқушылардан қайтіп көңілі қайтпасын? Русша оқығандар осындай болатын болса, мұнанда оқымағаным көп артық демей ме қазақ. «Бұлардан орысымыз көп артық» дегендерді естідік. Оқығандар халыққа өрнек болып, халыққа пайдасын тигізсе, мүләйімдікпен білгенін кекіреймей-ақ үйретсе, түсіндірсе, қазақ жек көрмес еді. Мұндай мінезді жігіттер жоқ емес, оларды қазақ оң көзіндей, өз баласындай көреді.
Оқығандардың көбі, өзінің қазағынан жиреніп, оларды жаратпай мазақ қылғанша, өздерінің де сол жаман, надан қазақтың балалары екенін ұмытпай, өзі шыққан жарыққа бейшара қазағын да бастау керек емес пе? Байқаушы.
«Қазақ» газеті, №12. 28 апірел 1913.