Қазаққа тəуел оңаша, яки басқалармен бірге ортақ мəселелердің кеңеске бұрын түскендері де бар, бүгін түсіпжатқандары
да бар һəм түсейін деп тұрғандары да бар. Қазаққа қарасаң, сол
мəселелер қазаққа тəуел я ортақ мəселелер сияқты емес, яки
қазақ туралы болғанмен, не болып, немен біткені талғаусыз.
Яғни, жақсы болса, жақсы болды деп қуанбайтын, жаман болса, жаман болды деп күйзелмейтін бейне бір болмашы ғана
мəселелер сияқты.
Сендердің кеңесейін деп отырғандарың мен туралы іс пе?
Менің ісім болса, менің жайымды өзімнен артық ешқайсың
білмейсің! Маған керегі мынау деп, жаны бар, есі дұрыс адам
айтпас па? Ондай тірлік біздің қазақта күні бүгінге дейін
көрінбей тұр.
Бұрын қазаққа тəуел я ортақ мəселелер қозғалған кезде,
қазақ үні шықпағанда ойлаушы едік: қазақта газета жоқ, не
істеліп, не болып жатқанын қайдан білсін? Біліп тұрса, қазақ
та басқалармен қатар жандығын, жұрттығын білдірер еді ғой
деуші едік. Мəселен, 1910-шы жылы бастауыш мектептер туралы Думада кеңес болғанда: Мектептерде оқу орыс тілімен
оқылсын, жасынан балалар орыс тіліне үйреніп, Россияға
қараған басқа тілді жұрттар өз тілдерін ұмытып, орыс тіліне
ауып, орыспен бірігіп, сіңісуіне жақсы деген. Сонда, жоқ, олай
емес, əр халық бастауыш мектепте өзінің ана тілімен оқыту
тиіс деп, орыстан тілі басқа жұрттар, оның ішінде біздің ноғай
бауырларымыз тұс-тұсынан телеграмды жаудырып жатқанда,
қазақ дыбысы естілмеген
Қазақтар неге аузына су алғандай үндемей отыр дегендерге:
Қазақта газета жоқ, Думада не мəселе қаралып жатқанын қазақ
білмей жатыр деуші едік. Олай деп қазақты əншейін ақтау үшін
ғана емес, өзіміз солай ғой деп ойлағандықтан айтушы едік, əттең, газетаның жоқтығы! Төбе басына қойған қарауылшыдай
көзіне ілінгенін, құлағына естілгенін мезгілінде білдіріп
тұратын хабаршы газета болса, осы кемшіліктер қазақта болмас еді-ау деп, тісті қайрап, бармақты шайнаумен болып едік.
Онан кейін: бүйтіп отырып қазақ жұрт қатарына еріп іс
ете алмас, əр орында көзі жоқ соқыр, құлағы жоқ керең, тілі
жоқ мақау болар да отырар. Бұған көз, құлақ, тілі болғандай
нəрсе қажет деп, газета шығардық. Газета шыққаннан берлі қазаққа не керегін, ол керегіне қолы жету үшін не керегін
əркім білгенінше, қолынан келгенінше жазып жүр, құлағына
салып жатыр. Қазақ туралы мұндай мəселелер қозғалып жатыр һəм қозғалмақшы, оны да мезгілімен газета жазбай тұрған
жоқ. Мүфти мəселесі қозғалады деп жазылды, билік өзгеріледі
деп жазылды, екі орыс, бір қазақ мəселесі жазылды, бауыздамай мал сою мəселесі жазылды. Қазақ көре, біле отырып,
басқалармен қатар іс ете алмайтынын енді көрсетті. Жоғарғы
айтылған төрт мəселенің екеуі, мəселен, билік пен екі орыс, бір
қазақ – қазаққа ғана тəуел мəселелер, онан басқа екеу, мəселен,
мүфтилік пен мал бауыздамау – Ресейдегі барша мұсылмандарға ортақ мəселелер. Қазақтың басқалармен қатар жұрттық
қыла алмайтындығы оңаша өзіндік мəселелерден сезілмесе де,
ортақ мəселелерден анық көрініп тұр. Мүфтилік пен мал бауыздамау турасында басқалар не істеп жатыр? Қазақ не істеп
жатыр? Қазақтың түріне қарағанда, айтылған төрт мəселе, «не
болса, ол болсын, бізге бəрібір» деген сияқты. Қазақ жайын
білмейтіндер қазақ солай деп отыр екен деп һəм ұғады. Қазақ
шала мұсылман, оларға малды бауыздау, бауыздамау бір есеп,
сондықтан олардың басқалардай күйзеле қоймайтыны дейді.
Малды бауыздау, бауыздамау қазаққа бір емес екенін біз
білеміз, басқалардың қазақпен араласып жүргендері ғана
біледі. Қазақтың қарасын көрмегендер қазақ жайын қайдан
білер? Қазақ аң сықылды арам, адалды айырмайтын халық деп
біледі. Жоғарыда айтылған мəселелер қазақтың нақ жанына
бата қоймайтын мəселелер десе де, тіпті керексіз мəселе деп,
білмегендіктен емес. Қазақ керек қылмағандықтан үндемей
отыр ма? Қазақ үндемей отырғаны естімегеннен емес, керексінбегендіктен емес, жандығының жоқтығынан, үрейсіздігінен. Малды бауыздамай сойыңдар, мүфтиліктің қазаққа керегі
жоқ, дінің жоғалу үшін екі орыс, бір қазақ болып отырыңдар.
Тілің жоғалу үшін балаларыңды бастауыш мектептерде орыс
тілімен оқытыңдар деп біз айтсақ, үндемек түгіл, дүнияны
басына көшірер еді. Дінді керек қылмайтын шала мұсылман
деп отырған қазақтар діншіл болып, аузына су алғандай
үндемей отырған молдалар шешен болып, үрейсіздер батыр
болып, қандай бізге əкіреңдер еді! Оны басқалар білмесе де,
біз жақсы білеміз. Билік туралы жазылғанда қазақтың дін ісінен басқа дүнияуй, яғни тіршілік істері, шариғатқа қарамай,
билік қарауында болу керек, өйткені шариғат бір айтылып,
тас сияқты қатып қалған өзгерілмейтін жол, тіршілік күн
сайын өзгеріліп тұрады. Сондықтан тіршілік ісі өзімен қатар
өзгеріліп тұратын жолда боларға тиіс деген сөз айтылып еді.
«Шариғат тас сияқты қатып қалған» деген сөзге шамданып,
орысша оқығандар дін жайын білмейді деп, білмейтінімізді бетімізге басып, талай адамдар ашуланып, басқармаға хат
жазды. Шариғат қатқан тас сияқты дегенге жаны күйзеліп, хат
жазып отырған қазақтар, мұның əкесіндей жоғарыда айтылған
мəселелер болмашы, жанға батпайтын мəселелер деп үндемей
отырар ма? Үндемеу себептері басқа шығар дейміз. Ол себебін
бізден гөрі қазақтың өздері, əсіресе молдалары артық білсе керек. Біз дін жайынан сөйлесек, орысша оқығандар дін жайын
білмейді деп, ауыз аштырмайды, жеріме түстің деп, аяқ бастырмайды. Сондықтан біз дін істері туралы пікір айтуға тартынамыз. Қазақтың дін істері мынадай боларға керек деп, жоба
сайлап, жөн көрсетіп отырған молдаларымыз тағы жоқ. Біз
бірдеме десек, шап етіп бетімізден алатындар көп. Дін істері
туралы айтып, жоба көрсетуге бірі де жоқ. Мүфти жайынан
жазатын қазақтан молда шықпаған соң, ноғай молдасы жазып
отыр, 6-шы майда болатын Петербургтағы мұсылман кеңесіне
барарлық қазақта қандай молда бар деп сұрағанға еш молданы
көрсете алмай отырмыз. Өйткені іске жарарлық қандай молда бар екенін білмейміз. Онда барған молда қазандай қылып
ораған сəлдесін көрсетуге бармайды. Қазақтың дін істері қай
жөнді, қай тəртіпті болу жағынан толық мағлұмат берерге барады. Қараңғы халыққа түндікті бүркеп, қараңғылап қойып, шариғат соғатын молдалар қазақ арасында көп екенін білеміз,
бірақ білімін жарыққа шығарып көрсетпеген соң, Петербург
кеңесіне қайсысы жарайтынын біле алмадық. Білімін жарыққа
шығарып жүрген қазақта бір-екі молда бар екенін де білеміз,
бірақ олардың сөзін басқа молдалар қуаттамай тұрған соң,
кеңестегі сөзін де қуаттамас деп, оларды да көрсете алмадық.
Сөйтіп, əуелі, біз туралы мəселелер қозғалып жатыр екен
деп, көңілі селт еткен қазақтарды көре алмай тұрмыз, екінші,
қазақ рухани істерімынаужөнді, мынау тəртіпті болуға тиіс деп,
жоба жасаған молдаларды көре алмай тұрмыз һəм қазақтың рухани істері туралы Петербург кеңесіне барып, толық мағлұмат
берерлік молдаларды да таба алмадық. Қазақтың өзіне арнап
жеке мүфтилік бере қалса, мүфти, қазы, ахун, имам боларлық
молдалар табылар ма? Əлде, деуге жарамаса да, ауыз жеуге жарайтын дейміз бе? Қазақ молдалары да жарыққа шығып, бетіжүзін көрсетуі тиіс шығар дейміз.
(1914 ж.)