Газетамыздың 3-ші нөмерінде Еуропада қандай патшалықтар бар, олардың мықтылары қайсысы һәм мықтыларының аралары қандай екендігін және де Еуропа патшаларының арасында бөтен дінді, бөтен текті Түркиа патшалығының жайы қандай екендігін айтып едік. Енді Азиада қандай патшалар бар һәм олардың хәлдері қандай, қысқалап айтып өтелік. Мұның бізге керегі не деп айтатындар да болар. Оларға айтатынымыз мынау: қазірде біз газетаға көбінесе сыртқы хабарларды жазып жатырмыз. Олай етіп тұрғанымыз – қазіргі уақиғаның зоры сыртта болып жатқандықтан. Бүгін Еуропада болып жатқан уақиға ертең Азиада болуға ықтимал. Жер жүзінде тіршілік етіп тұрған адамдар, болып жатқан уақиға, істеліп жатқан жұмыс, жұмсалып жатқан қулық, сұмдық бәрінен де хабардар болмақ керек.
Неге десең, дүниедегі адамдардың пайда, зарары матасулы. Біз Русиада тұрған соң, біздің пайда, зарарымыз Русиа істерімен матасулы. Русианың пайда зарары басқа патшалардың істерімен матасулы. Русианың ішінде сыртында болған істердің бар шарапаты иа кесапаты бізге де тимей тұрмайды. Сондықтан сыртқы патшалармен Русианың арасы қандай екенін қазақтарға біліп тұру керек.
Азиада өз билігі өзінде болып тұрған патшалықтар аз. Мысалы, Жапониа, Қытай, Ауған, Сиам, Персиа (Қызыл бас). Басқаларын Еуропа патшалары иа әбден билеп алған, иа ыңғайлап алған. Мәселен, Белужестан, Бирма, Хинди патшалықтарын Англиа алған. Бұқара, Хиуаларды Русиа меншіктеп тұр. Өзге Азиа жұрттарын меншіктеген Еуропа патшалары толып жатыр.
Өз алдына патша болып тұрған Азиадағы жұрттардың мықтылары Жапониа һәм Қытай. Олардан соңғы халқы аз болса да күші барырағы Ауған. Персиа- ның хәлі нашарланып тұр. Мұның оңтүстік жағын Англиа, Солтүстік жағын Русиа меншіктеуге тұр. Ауған аз халық, аз да болса әскері ретті, істері тәртіпті болып бет алған халық, оны ала қойамын деп шеңгелін жайып тұрған Еуропа патшасы жоқ. Қытай бір ұйықтап жатқан алып еді, Еуропа халқы оны да түрткі- леп ойатты. Ойанғанының белгісі мәнжүр тәсілінен басқа текті патшаны түсіріп, өз нәсілімізден қойамыз деп, жасақ жиып, жарақ асынып патшасымен екі жылдай соғысып, ақырында мәнжүр нәсілді патшасын тақтан түсіріп, өздерінің қалаған адамын қойды. Ондай қалап қойған адамды «президент» дейді. Патша емес, президент билейтін патшалықты «республика» дейді. Қытай 1912 жылдан бері республика қалпына түсті.
Бұл жаңа қалыбы бекіп, әлі шыныққан жоқ. Қай халықта да болса жаңа қалыпқа түсерде бірсыпырасы ескілікті жойып, жаңалықты сүймекші, бірсыпырасы ескілікті сүйіп, жаңалыққа қарсы болмақшы. Осындай ескі қалпын сүйетіндерге манжур нәсілді патшаны түсіргенге намыстанып, манжур халқы қосылып қытай ішіне алалық кіріп, өз аралары жанжалсыз емес. Қытай патшасын тақтан түсіріп республика ретіне түсірген кезде Қытайға қарап тұрған баиәғы Шыңғысханның елі Моғолстан жұрты «өз алдына патша боламыз» деп доңыз жылы 10 декабрьде сөз шығарды. Қытай оның бөлініп шығуына риза болмай, қол астына қайыруға әскер жіберіп еді. Мағолдар соғысып, көп адамы шығындады. Оларды Қытай әлі қол астына қайырған жоқ. Қайыра алмай тұрғаны мағолдарды Русиа сүйейді. Русианың оларды сүйейтін себебі, Моғолстанды өзіне икемдейді. Қытай қол астында тұрғанда онан тартып алу қиын, бөлек шықса Русиаға қоса салу оңай. Моғолстан өз алдына патша болып тұра алмайды иа Қытайға қайта кіреді иа Русиаға қарайды. Өйткені, Қытай мен Русианың ортасында тұрып, біріне бағынбай тұруға көп әскер керек. Көп әскерге көп расход керек, ондай расходына шыдайтын Моғолстанда байлық жоқ. Сондықтан иа Қытай зорлықпен өзіне қайта қаратады, иа Русиа икемдеп еппен қаратып алады. Қазірде Қытай осы жаз әскер жіберіп Моғолды бағындырып қайта қол астына кіргізбекші. Русиа Моғолстан әскерін үйретуге офицерлерін беріп жатыр және де Моғолды Қытай қиратып, жаншып бара жатса Русиа көмек беруденде тайынатын емес. Олай бітсе Русиа мен Қытай арасында жанжал болып қалуы да ықтимал. Қазірінде Қытайға риза болмай «бөлінеміз» деп тұрған үш бұқпағы бар. Біреуі осы Моғолстан, екіншісі Тибет, үшіншісі Манжуриа. Бұлар бөлінсе, меншіктеуге аңдып тұрған үш патша бар. Моғолстан бөлінгенін Русиа аңдиды. Тибет бөлінгенін Англиа аңдиды, Манжурианы Жапониа һәм Русиа екі жағынан аңдып тұр. Қытай жаңа қалыпқа түсіп, ісінің бәрін жаңа тәртіпке салып жатыр. Бұл жаңа қалыбы шынығып жеттіккенше, аңдығандар аларлығын алып қалуға тырысып жатыр.
Азиа патшасының ең мықтысы Жапониа болып тұр. Жапон қандай халық екені Русиамен соғысқанда көрінді. Оны білмейтін қазақ кем шығар. Жапон мұнан қырық жыл бұрын Қытай секілді ұйықтап жатқан жұрт еді. Оны да Еуропа халқы түрткілеп ойатты. 20–30 жылдың ішінде ісінің бәрін Еуропа қалпына түсіріп күшті патшалардың бірі болып, 1894 жылы Қытаймен соғысып оны жеңді. 1904 жылы жер жүзіндегі зор һәм күшті патшаның бірі Русиамен соғысып мұны да жеңіп бас патшалардың бірі болды. Жапониа күшейе бастаған соң Еуропа жұртының көңіліне қорқыныш кіре бастады. Бұл «сары қорқыныш» деп ат қойған күншығыстағы сары терілі жұрттар ойанса Еуропа халі қауіпті болатын жайының мәселесі. Бұл қорқыныштың мағынасы мынау: Жапонианың ойанып, күшейгенін көріп Азиадағы басқа жұрттар ойанады. Азиа ойанса, 50 млн. Жапон жұрты, 400 млн. Қытай жұрты, 300 миллион үнді жұрты ақыл біріктіріп, күшін қосып Еуропаға жабылады дейді. Азиа оған жетсе Еуропа халі мүшкіл: оған төтепкі боларлық Еуропа әскер шығара алмайды дейді. Қазір дүние жүзіне Еуропа араны жүріп тұр. Азиа ойанса Еуропа айақ асты болып, Азиа дүниені билейді деген құп. Азианың ойанғаны Еуропаға жағымсыз, оны ойатпасқа керек. Ойанғанының арасына алалық кіргізіп бытыратып, аздырып, берекесін кетіру керек деген Еуропа білімділерінің пікірлері бар. Осымен сыртқы патшалардың арасындағы әңгімелерін бітіреміз. Бұларды жазған- дағы мақсатымыз асылы хазірде патшалар арасында болып жатқан иа алдымызда болатын уақиғалардың түп тамыры халыққа түсінікті болсын деген.
«Қазақ» газеті, №5. 9 март 1913.