Газетамыздың 2-нші феуралда шыққан бірінші нөмерінде Түркие менен Балқан үкіметтері арасында болып жатқан соғыстың жайынан мағлұмат беріп едік. Соғыстың басталғанынан бері қарай қандай уақиғалар болғанын сөйлеп едік. Түркиада жас түрік партиасы қарт түрік партиасын іс басынан қуып, үкімет ісін өз қолдарына алғандығын айтып едік. Жас түрік партиасы істі өз қолына алу менен соғыстың түрі екінші қалыпқа түскендігін көрсетіп едік. Енді сонан бері бір жеті ішінде қандай өзгеріс болғандығын айталық. Қазір соғыс төрт орында болып тұр: бірі Едірне шаһары (Адрианопол) жанында бітім болмай соғыстың жаңадан басталуы Едірне шаһарын алу үшін еді. Сондықтан соғыстың қатты жері Едірнеде болуға тиіс. Едірнені қамаған дұшпан (балғар) әскері алпыс мың шамасында. Қамауда жатқан түрік әскері отыз мыңнан артық емес дейді. Балғарлар соңғы соғысты бастағанда Түркианың хәлін нашарға санап, Едірне ішіндегі әскерді жүдегенге шамалап, Едірнені тез ғана ала қойыуға ойы бар еді. Балғарлар бар күштерін салып ұмтылса да Едірне болмай тұр. Едірнені қамаған балғар әскерінің қырылуы шамадан тыс дейді. Бұл күнге дейін тыйу дұшман жағынан болып, түріктер жалғыз-ақ қарсы тұрушы еді. Енді түріктер өздері шаһардан шығып балғарға тие бастады. Мәселен, 29-ншы ғинуарда түрік әскері шаһардан шығып, балғарлардың көп әскерін қырыпты. Едірне шаһары төрт жақтан дұшпан әскеріменен қамаулы болып, Түркиа хүкіметі әскер үшін азық, соғыс құралы, қару жарақ кіргізе алмай тұр. Сөйтсе де Түркиадағы азық һәм құрал және екі айға жетерлік бар деді.
Соғыстың екінші орны Стамбұлдан түстік жерде Шаталжа һәм Калибули маңайында. Түрік әскері Шаталжада жүз алпыс мың, Калибулиде елу мың бар. Дұшпан әскері де сол шамада дейді.
Бұл соғыс басталғаннан бері Шаталжада түріктер жеңілген жоқ және бір адым кейінде шегінген жоқ. Әр күн балғарларды қамалдарынан қуып шығып азда болса ілгері аттап бара жатыр. Шаталжада зор соғыс болған жоқ. Бірін-бірі аңдысып тұр. Түріктер Калибули жағынан ілгері жүре беріп, балғар әскерінің артын орап алуға ойы бар дейді. Бұл пландары іске асса Едірнені құтқаруға да мүмкіндік болады. Сондықтан Калибули төңірегінде соғыс болып тұр. 3-нші һәм 4-нші феуралдағы қатты соғыста бір мың екі жүз балғар солдатын түріктер тұтқынға алыпты.
Соғыстың үшінші орны «Ашқудра» шаһары жанында. Бұл шаһарды Қаратау хүкіметі аламын деп мейлінше тырысып жатыр. Қаратау хүкіметі Ашқудраға қарсы шауып-шауып барлық әскерін қырдырып болды. Сондықтан Ашқудра жанындағы соғыс тоқтап тұр. Екі-үш күн ішінде кішкентай ғана Қаратау әскерінен алты мың адамы қырылып, тиыш болды. Мұнда түріктің он екі мың әскеріне қарсы дұшпанның алпыс мың әскері бар.
Соғыстың төртінші орны «Ианиа» шаһары жанында. Бұл шаһарды Иуінан (Грек) әскері қамап, аламыз деп жатыр. Иуінанлардың да хәлі Қаратаулардікінен оңды емес. Қаратау менен Иуінан әскеріне берілмей жатқан түрік қазилары Жауид патша қомандасында, азғантай ғана дейді.
Түркие хүкіметінің басына жас түріктер келген соң бағы оң қарап тұр. Соғыс сапындағы әскер бек ықыласпен соғысып, балғарларды жеңіп дұшпанға қайрат көрсетіп тұр. Бастапқы соғыстағыдай тура қашпай, тұтқынға түспей, бар құтынша қарсыласып, дұшпанды жеңбей қоймайды.
Түркианың қазынасында ақшасы таусылып қалғандығын жазып едік. Соғыс басталғанда ақша табылмай қала ма деген қауып зор еді. Бірақ, жас түріктердің біркесінде ақшаға қысылу болмаса керек. Соғыс басталғаннан бері іштен һәм сыртқы мұсылмандардан берілген жәрдем мол-мол болса керек. Жалғыз Мысыр мұсылмандары бір жұма күнінде жүз алпыс мың теңге жәрдем жинап жіберіпті. Жас Түрік хүкіметі өз ішінен он милион сом қарыз алмақ болыпты.
«Қазақ» газеті, №2. 10 феурал 1913.
Газетамыздың 10-ншы феуралда шыққан 2-нші номерінде Түркие – Балқан соғысының төрт орында болып тұрғандығын жазып едік. Сонан бері бір жеті ішінде соғыс майданында айтарлық жаңырыққан хабар жоқ. Газеталардың айтуы: Түркианың Калибули һәм Такфур тауы жағынан шыққан әскері менен Шаталжадағы әскердің сол қанаты табысып, бірігіпті. Оң қанаттыңда жуырда бірігуге ыңғайы бар дейді. Әскердің бәрі бірігіп алып Едірне жолындағы «Лоле Борғас» дейтін жерде қатты соғыс болуы күтіледі деседі. Түріктер «Иә, Құдай!» деп сол соғысқа қарап тұр дейді. Сол соғыста дұшпанын жеңе алса, Едірнені құтқарып, бітім түрік пайдасына болмақшы. Балғарлардың Едірнеге топ атуы тоқталған жоқ. Бірақ, шаһарға зиан жоқ дейді.
«Қазақ» газеті, №3. 17 феурал 1913.
Түріктер менен балғарлар арасындағы соғыс майданында бір кез қалыңдығы қар жауғандықтан он шақты күн ішінде айтарлық зор уақиғалар болған жоқ. Балғарлардың халі төмендеп, сербтерден күш-көмек күтіп тұрғандығы белгілі. Түріктер түнеугі қалпыменен тоқтаусыз ілгері қарай жүргенде балғарларды жеңіп, Едірнені құтқарамыз ба деген үміті бар еді. Соғыс майданында жауған қалың қар түріктер үшін пайдалы болған жоқ. Өйткені, қар еріп сайсайдың бәріне де су толып, тасқын себебінен әскердің жүруіне бөгет болып тұр. Балғарлар осындайдан пайдаланып, Сербиадан солдат, мылтық зеңбірек келтіріп, күшін жиып жатыр. Сербиадан жуырда және 56 зеңбірек жіберіліпті. Газеталардың жазуына қарағанда, қазір Едірне күйлі, ішінде 40 000 түрік әскері бар, азығы мол деп айтады. Анда-санда қамалдан шығып балғар әскеріменен соғысып, көбін қырып, бірсыпырасын тұтқынға алғыштап тұр. Ашқудра (Скутари) жанында Қаратау әскері қырылып болған соң қалған әскеріне жәрдем үшін Сербиа хүкіметі 35000 әскерменен 40 зеңбірек жіберіп еді. Сербиа әскерініңде өндірген еш нәрсесі көрінбейді. Жақын арада болған бір соғыста Сербиадан 1200 әскердің қырылғандығы расталды. Сербиа менен Қаратау қосылып Ашқудра шаһарын алмай қоймақ емес. Өйткені, Сербиа хүкіметі әскер һәм соғыс құралын тасып жатыр. Салуниктен Ашқу-драға және 27000 әскер жіберіліпті. Соңғы телеграммаларда Ианиа шаһарын қамаған иунан әскері түріктерді жеңіп, шаһарды алды деген сөз бар. Ианиадағы 32000 түрік әскері тұтқынға түсіп- ті. Түріктердің 132 топтарын иунан әскері олжа қылып- ты. Соғыс басталғаннан бері иунанға тұтқын болған түрік әскерінің саны 80000 бар дейді.
«Қазақ» газеті, №4. 1 март 1913.