Байтұрсын (қол шапалақтау). Менің баяндамам біздің, қазақ ғылыми және әдеби қызметкерлерінің, халық әдебиеті үшін терминологияны қалай түзіп жатқанымыз туралы және, екіншіден, терминдерді жасағанда қандай принципті ұстанатымыз туралы болады.
1. Термин жасау жөніндегі негізгі ойларым тезистерде айтылған, онымен Сиез делегаттары таныс болар. Менің бұл баяндамам оларға, негізінде, жаңа ештеңе де қоспайды. Қосып, толықтырудан гөрі негізгі ойларымды түсіндіруші, нақтылаушы сипатта болады. Тезисте мазмұндалғандардың айқындығы сондай, түсінбестік туғыза қояр ма екен. Тек мазмұн ықшамдығы айтқан ойларымды дұрыс түсінуге аздап көлеңке түсіруі мүмкін; сондықтан мен баяндамамда тезисте айтқан ойларыма сүйене отырып қажетінше нақтылау шегінен шықпай сөз өрбітпекпін.
2. Біздің заманымызда тірліктің ең жақсы тірегі мәдени тірек екеніне, сондықтан қазіргі озық мемлекеттерде мәдени тірекке сүйеніп өмір сүретініне, менің ойымша, еш дау жоқ. Шындығында, мәдениет әлсіз жерде жерге егін аз шығатынын, машиналар жұмысты нашар істейтінін, өнеркәсібі мен саудасы аз дамитынын, аурумен, өлім-жітіммен күресу табыссыз болатынын, табиғат аз бағынатыны я тіптен бағынбайтынын, табиғаттың дүлей күштері адамдар үшін апат пен қайыршылық әкелетінін кім теріске шығара алады!? Біздің заманымызда мәдениет – өмірдің аса қатты қажеті. Мәдениетке сүйенбеген өмір түрлі кездейсоқтыққа ұрына беруге мәжбүр. Мысалды алыстан іздемей-ақ табасыз. Жадымызда 21-22-жылдардың аштығы әлі жаңғырып тұр. Оған дейін қаншама рет аштыққа ұшырадық. Ресей өмірінде ондай аштық жиі болады. Сансыз да шексіз табиғи байлық тұрғанда мұндай құбылыстың болуын немен түсіндіреміз? Әрине, жұрттың мәдениетінің аздығымен. Екі жыл сайын қатарынан қайталанып тұратын құрғақшылық диқандарды жабайы халға қайта әкеп соғады, жайсыз қыстың бір өзі-ақ мал шаруашылығын осындай халға түсіреді. Бұл – елімізде мәдениеттің табиғатты бағындыра алмаған қауқарсыздығын айқын көрсетеді. Егіншілік пен малшылықтың мәдени түрі жоғары болса, бұл айтылған жайлар болмас еді.
3. Қазіргі мәдениет әлдебір ұлттың я нәсілдің жасаған нәрсесі емес, бүкіл адамзаттың бірлесе жұмсаған күші мен дағдыларының нәтижесі. Әр ұлттың мәдениетінде, өзінің жасағанынан басқа, сырттан кірген нәрселер де болады, ал олардың мәдениетінің араласуына достық пен жақтырмаушылық жағынан әр түрлі болып келетін қарым-қатынастары ықпал етеді. Мәдениетте ауыс-түйіс бір ұлтты екінші бірі бағындырған кезде әрі халықтар бір-бірімен бейбіт қарым-қатыс жасаған кезде болады. Мұндайда дін, салт, қоғамдық ұйымдардың ұқсас түрлері, әдет-дағды, инстинкт, психологияның т.с.с. жақындығы сырттан ену процесін және мәдениеттердің араласуын жеңілдетеді.
Мәдениет тірі табиғаттағы жаратылыс дамуының жалғасы ретінде өзінің дамуы үшін жайлы жағдайдың болуын талап етеді. Дәл осындай жағдай Ресейде тұратын түркі халықтарында болған жоқ. Түркілер әлденені алып қабылдайтын жалғыз ғана халықтың бұлармен тұрмыс түрінде ешқандай ұқсастығы жоқ, оның үстіне үстемдік етуші, бұратаналарға қатысты орыстандыру, православтандыру, құлдыққа салу саясатын ұстанатын үкімет басшылары бар халық болып шықты. Осының салдарынан үкіметке мүлдем сенбеушілік және орысқа қатысты атаулыны, сонымен қатар орыс мәдениетін жақтырмаушылық шықты. Екінші жағынан алғанда, діни төзімсіздік рухын бойына жинап үлгерген кейбір түркі халықтары мұсылмандыққа жатпайтынның бәрін де жатсынатын, мұсылмандық атаулыға құлша еліктейтін болды. Бұл да олардың өздерінің мәдениетін, айталық, әдебиетін дамытуға кері әсерін тигізді.
4. Орыс рухани мәдениеті орыс үкіметінің саясатының кесірінен соңғы он жылға дейін Ресейдегі түркі халықтарының рухани өмірінің өркендеуіне ешқандай ықпал жасаған жоқ. Ауыс-түйіс түркілердің өз арасында ғана болды. Дәл осы тұста болмыстың мен айтып өткен ұқсастықтары көмекке келді. Түркі халықтары бірі-бірінен рухани мәдениетті орыстан алғаннан гөрі оңайырақ қабылдап жатты, бірақ олардың бір-бірінен алар ештемесі болмады. Ауысып-түйісуге жарайтыны тек қана дін ілімі мен жазу ғана болды. Мәдениеттің қай саласы болсын рухани өмірмен дәл тіл сияқты тығыз байланысты бола алмаса, дінмен және жазумен бірге діни және дүниеауи мазмұндағы әдебиет те ене бастады, мұнымен бірге елеусіз түрде жат тілден сөздер де енді. Тілдер бірте-бірте шұбарланып, тілдегі табиғи оралымдар мен қалыптар жоғалуға айналды; бір сөзбен айтқанда, төл тілдер барынша ластанып шыға келді. Мұндай сордан діні мен жазба әдебиеті тамырын тереңге жаймаған түркі халықтары ғана құтыла алды. Мәселен, қазақтар мен қырғыздарда діннің рухани құлдық ықпалы болған жоқ, ал діни әдебиет бұлардың арасында көп таралған жоқ. Осының арқасында тіл өзінің табиғи даму жолында болды.
5. Айтылғандардан көрініп тұр: Ресейдегі түркі халықтарының мәдениетінің дамуына олардың діни және дүниеауи өміріндегі кіріптар халы кесірін тигізді. Енді, қандай да бір құлдықтан босаған кезде, түркі халықтары қазіргі мәдени өмірдің барлық жақтарын қабылдауға ұмтылып отыр. Жоғары мәдениеттің рухани және материалдық нәрселерін қабылдағанда олар ұғымдарды да, идеяларды да қабылдауға тиісті болады.
Осы ұғымдар мен идеяларды бейнелеуге ана тілі лексиконы тіптен жетпейді. Бүкіл түркі халқының алдында жоғары мәдениеттен қабылдаған ұғымдар мен идеяларды бейнелеу үшін жат тілден сөзді я солайымен алу, я өз тілінің лексиконын бейімдеу міндеті тұр, яғни тіл терминологиясын жасап шығару міндеті тұр.
Басқа түркілердің терминдер жасаудағы жұмыстары туралы жеткілікті мәліметтерім жоқ болғандықтан, бұл істің қазақтардағы жайын ғана айта аламын; басқа түркілердегі терминология мәселесіне принциптік жағынан қарағанда ғана жол-жөнекей тоқтап өтемін.
Баяндамамның тезистерінде айтылғандай, 1905 жылғы революцияға дейін бізге, қазақтарға, ана тілінде баспа ісін жүргізуге ешқандай рұқсат берілген жоқ. Осы революциядан кейін ғана қазақ тілінде кітапшалар, журналдар, газеттер, оқулықтар шыға бастады. Сонымен қатар қазақ тілінің табиғатын фонетикалық және грамматикалық жағынан зерттеу, фонетика талаптарына сай әліпбиді реформалау, грамматика түзу жұмыстары жүріп жатты. Қазақ тілі аз ғана уақытта, бір сөзбен айтқанда, қолданғанда өзіңді саналы түрде бақылауға мүмкіндік беретін, өңделген, айқын түр қабылдай бастады.
Біз, қазақтар, өзіміздің баспа сөзіміз шыға бастағаннан-ақ басқалардан өзгеше принципті ұстандық. Біз үнемі бұқара халық жағын ескеріп отырдық та аз ғана сауаты бар қазаққа да, солар арқылы сауатсызына да әбден түсінікті етуге талпындық. Қалың жұртқа тасталған әрбір ойды әрбір адам іліп әкете алатындай етуге, бұқара білімге қызығатындай етуге, айналадағы болмысты дұрыс түсінуге, санасын қуаттанатындай етуге тырыстық.
Осы мақсатқа жетуге қажет алғашқы шарт деп шығармалардың тілінің бұқара халыққа түсінікті болуын санаймыз. Осыған орай бұрын халық ойында болмаған, ендігі жерде қазақ сөзімен еріксіз жамылтуға тура келетін ұғымдар мен идеяларды ана тілінде білдіруге тура келді.
Өмірдің мәдени жағы өркендеуімен және баспа сөздің өрбуімен байланысты терминдерді біріктіруге керекті айрықша ағза жасауға тура келді; мұнсыз сол бір ұғым әр түрлі құрылымда әр түрлі сөзді жамылып шыға келер еді. Бірегей терминология жасап шығару үшін, тіл шұбарлаудан аулақ болу үшін бізде Академиялық орталықта құрылған арнайы комиссия белгілі бір принциптерді қатаң ұстануға тиіс болды. Бұл принциптер 1924 жылғы маусым айында Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының бірінші сиезінде мақұлданып, қабылданды. Ол принциптер мынадай:
а) Терминдерге басқа тілден гөрі осы ұғымға толықтай сәйкесетін қазақ сөзін алу керек. Бұл тілдің жікке бөлінуінен сақтану үшін жасалады, яғни, жоғарыдағылардың тілі және төмендегілердің тілі, сауаттылардың тілі және сауатсыздардың тілі деген жік шықпау үшін керек. Біздер, қазақтар, үшін бұл – өте маңызды жайт: сауаттылардың үлесі аз, жұртқа арналып ұйымдастырылатын қоғамдық оқулар мен дәрістер әзірше жоқ; тыңдаушылар да, оқушылар да толық мәнінде кездейсоқ адамдар. Баспадан шығатын газет, журнал, кітапшалар сияқтыларды оқу, кім шығарса да, қайдан шығарса да, пайда әкелер еді, тіл қалың көпшілікке түсінікті болуға тиісті. Осылай болғанда ғана үлесі аз сауатты адамдар саны көп сауатсыздарға қызмет ете алар еді.
ә) Қазақ тілінде ондай сөз жоқ болса, қазақ тіліне туыс тілдерден алу керек. Бұл мынадай ниет, себеппен жасалады: 1) туыс тілдердегі сөздердің көбі ортақ пішінде болмайды, бірақ түбірлері ортақ болады; демек, олар түсінуге де оңай әрі естілуі мен айтылуы да туыс емес тіл сөздеріндей бөтен емес; 2) түркі халықтары бір-бірімен үнемі қатысып тұрды, қатысып тұрады да, сондықтан сөздерінің түбірі ортақ болмаса да, басқа түркі тілінің өкілдеріне таныс болуы әбден мүмкін.
б) Ортақ қолданыстағы әлемдік терминдер қабылдана алады, бірақ қазақ тілінің табиғатына тән етіп өзгертіліп енгізіледі. Мұндай терминдерді ауыстыратын қазақ сөзі бар болса, қоғамға таңдау хақысын беру үшін екеуі де орналастырылуға тиіс. Ортақ қолданыстағы терминдер деп біз араб терминдерін емес, жалпыға тараған еуропалық терминдерді ұғамыз. Бұларды араб терминдерінен гөрі басым етіп отырған себебіміз – біз араб мәдениетіне емес, еуропалық мәдениетке тартылып отырмыз. Еуропа мәдениетінің жетістіктері еуропалық тілдің өзімен толық түрде бейнелене алады. Алайда кірме терминдер қазақ айтылымына бағынуға тиіс, яғни оларға біздің тілдің дағдылы артикуляциясынан келіп шығатын дыбыстық заңдары қолданылуы керек. Шет ел сөздерін өзіміздікі ету үшін бұл қажет.
в) Қазақ тілінің табиғатына үйлеспейтін басқа тіл сөздері қазақ айтылымына сәйкес нақты өзгерістерге түсірілуге тиіс. Бұл мынаны білдіреді: біріншіден, басқа тіл сөздерінің қазақ тіліне бөтен дыбыстары тиісінше қажетті дыбыстармен алмастырылады; екіншіден, басқа тіл жұрнақтары қазақ тілі жұрнақтарымен алмастырылады; үшіншіден, қосар дыбыстар кәдуілгі жай түрде қабылданады; төртіншіден, қазақ тіліне бөтен жұрнақтар тіл талабына сәйкес айтылым ыңғайына қарай өзгертіледі, мысалы: Оренбург – Орынбор, Самара – Самар, пуховой – бөкебай, покров – боқырау, Адамовской – Адамау т.с.с.
Тілді шұбарлаудан сақтайтын принциптің арқасында біз, қазақтар, қазіргі уақытта бірегей қазақ тіліне ие болып отырмыз, басқаша айтсақ, тіліміз халықтық және әдеби, қарапайым халық тілі және зиялылар тілі деп жіктелмейді. Бұлай болмағанда біздің тіліміз бұрыннан баспа сөзі бар басқа түркі тілдеріндегідей халға тап болар еді. Анадолы түріктері мен әзірбайжандықтардың бұқара халқы қалай сөйлейтінін мен білемін. Егер олар жазатын тілінде сөйлейтін болса, түркілігінен қалар нәрсе аз ғана болар еді. Олардың әдеби тіл деп аталатын тілінде түркілік сипат маған түтетүтесі шыққан, жарымжан, жат сөздерді барынша салбыратып ілген құр грамматикалық қаңқадай болып көрінеді. Анадолы түріктері мен әзірбайжан тілдерінен кейінгі алабажақ тіл, меніңше, бұрыннан жазба әдебиеті бар татар тілі. Бұл тіл де – варвризмдерді қиянатпен пайдаланған тілдердің бірі. Маған өзбек тілі де жеткілікті шамада ластанған тіл болып көрінеді. Қырым әдеби тілі де осындай. Башқұрт тілінде әдеби тіл енді ғана пайда болып келеді, соған орай олардың варваризмдерден қорғануға деген ұмтылысы байқалады. Түркімен әдебиеті де осы жолға түсті. Жат тіл ықпалынан, варваризмдерден босап тұрған тілдің бірі қырғыз тілі болып отыр, олар әдеби тіл түзуде біздің қазақ тіліндегі принциптерді ұстанып отыр.
Қорыта келгенде, біздің әдеби тіл негізіне салынған принципімізді дұрыс деп табатынымды айтуым керек, өйткені бұл – баспа сөзін халық бұқарасына түсінікті етудің ең сенімді жолы. Ал баспа сөзі, тезистерде айтқанымдай, бұқараның мәдени деңгейін көтеруде аса маңызды қызмет атқарады. Өз мәдениетіміздің деңгейін біз жоғарыдағылардың жинаған білімінің санмөлшерімен емес, білімнің төмендегі бұқараға жайылған көлемімен өлшеуге тиіспіз. Шаруашылық пен бәсекелестіктің қазіргі заманғы дүниежүзілік сипат алып тұрған кезінде жоғары мәдениетсіз тірлік ету үшін күресу – қаруы жоқтардың қаруы барлармен соғысқаны сияқты нәрсе. Қарекеттің кез келген саласында жетілген техника мен арнаулы білім болу керектігі күн өткен сайын айқындалып келеді. Барша жұрттың мәдениет деңгейі биік болса ғана қазіргі қоғамдық-шаруашылық жағдайды дұрыс та табысты көтеруге болады. Біздің заманның ерекшелігін көрсететін ірі өнеркәсіп жұмысшылардың мәдени деңгейінің жоғары болуын талап етеді. Біздің әл-ауқатымыз мен аман-саулығымыздың тірегі ауыл шаруашылығы ауыл жұрты мәдениетінің жоғары деңгейде болуын талап етеді. Әр түрлі «зациялар» мен «циялар» – советизация, колонизация, электрификация, индустриализация т.с.сияқтылардың бәрі бұқараның белсенді қатысуын талап етіп отыр, бұқара ақыл-санасының икемді де ширақ болуын керек қылып тұр, ал мұндай қасиеттер, адам дене еңбегімен ғана шектелсе, дамымайды. Білім мен еңбек – сол бір үдерістің сәт сайын өрімдесіп тұратын, бір-бірінен ажырамайтын екі жағы. Білім – адамның бесенді мақсаттарға жұмсайтын құралы, білімсіз бұқара қоғам құрылысына белсенді қатыса алмайды, енжар болады. Бұқараны біліммен қаруландыру ісінде дұрыс жолға қойылған баспа сөзі үлкен қызмет атқарады, сондықтан ең алдымен сол – халыққа түсінікті болуға тиіс.
Бұл бір. Екіншісі тағы бар. Біз, түркі халықтары, көбіміз жоғары мәдениетті халықтардан кейін қалып тұрмыз, олармен әзірше прогресс жолында қатарласа, тізе қосып жүре алмаймыз. Олардың тұрмысындағы көптеген нәрсе мен жоғары мәдениеттеріне біздің бұқараның әзірше қолы жетпейді. Біз жоғары мәдениетті халықтардан тіл өзгешілігінің қалың қабырғасы бөліп тұр, бұл – еуропалық мәдениетке қосылуға ұмтылғанымызда еркін қозғалуымызға көп ретте бөгет болады. Түркі халықтарының мәдени күштері мен мәдени деңгейлері бірдей емес. Бір түркілер мәдени дамуда озық болса, екінші бірі кейін қалуы мүмкін. Олардың бірі бірінің ең болмағанда рухани саладағы жетістіктерін пайдалануы үшін баспа шығармалары бір-бірне түсінікті болуы керек. Осы бағыттағы алғашқы қадам түркі тілдерін варваризм үстемдігінен босату болар еді. Меніңше, түркі халықтары терминологиясы мен әдеби тілін жасауда қазақ тұрғысына тұрса, дұрыс болар еді. Осы жолмен олардың әрқайсы жат сөздің масылынан арылып, жат тілдің ықпалынан болған ластықты тазалап өздерінің баспа сөзін өз халқына да, басқа түркі халықтарына да түсінікті етер еді. (Қол шапалақтау).
Аударған: ф. ғ. д., профессор Ж. Жақыпов