Байтұрсын. (Қол шапалақтау). Ең алдымен емледен не талап етілетінін мәселе етіп қою қажет. Одан талап етілетіні – тіл дыбыстарын сәтті де дәл жеткізу. Екінші, бұл емле оқып-үйренуге жеңіл болуы керек. Бұл екеуі – негізгі талаптар. Мына жерде дау шығып отыр. Бірі емле әліпбимен байланысты десе, екінші біреулер ондай байланыс жоқ дейді. Шын мәнінде емле, әліпби жетілмеген болса, әліпбимен байланысты болады. Мысалға орыс әліпбиін алайық. Орыс әліпбиінде кемшіліктер бар, мысалы: «е», «ю», «я». Жалғастырайық. Профессор Щерба: «хвасталса және хвастался», – дейді. Не себепті бұлай шатыстырады? Себебі – «а» дыбысына сәйкес келетін таңба жоқ. Мәселен, «дарю» «даю» сөздерінен «ю»-дің тіптен екі басқа айтылатынын көріп отырсыз. Демек, орыс әліпбиінде сәйкес таңба жоқ. Енді мына сөздерді алып қарайық: «тебе», немесе мысалы: «чтение», немесе «доброе». Бұл жерде «е» дыбысы естілетін сияқты, ал «тебе» деп айтқанда «тибие» болып шығады. Демек, орыс әліпбиінде «е» дыбысына лайық таңба жоқ. Егер әліпби жетілмеген болса, онда бұл кемшілік шын мәнінде емлеге әсер етпек, ал әліпби жетілген болса, яғни әр дыбыс үшін лайықты, анық таңба болып, ол таңба ешқашан өзгермейтін болса, сөз басқа. Енді келесі мәселе. Бұған нені негіз ету керек? Этимологиялық немесе тарихи, я болмаса, ақырында, фонетикалық қағиданы ұстанамыз ба? Менің ойлауымша, ең кемел емле – фонетикалық емле. Егер басқа емлеге жүгінсе, бұл тіптен басқа себептен. Емле көбінесе тілдің өзіне, тілдің қасиетіне тәуелді.
Мысалға этимологиялық принципті қолданатын орыс тілін алсақ, біз бұл тілді
бейберекет, анархиялық тіл деуге тиіс боламыз, өйткені сол бір сөз, екпінін
өзгертсек, тіптен басқа форманы қабылдап шыға келеді. Мысалы: «вада»,
«воды», «а» дыбысы тұрған жерде екпін өзгеріп еді, «о» пайда бола қалды.
Бұл тіл – ең анархиялық, бейберекет тіл. Жағдай мұндай болғанда, шынымен әлгі этимологиялық принципке бару керек болады. Мен басқа тілдерді
жақсы білмеймін, бірақ тілдеріміздің ішінен қырғыз және қазақ тілдерін
жақсы білемін. Бұл тілдер – ең үйлесімді тілдер. Бұларда дыбыс заңдары
өте қатаң, әр дыбыс сөз соңында химиялық элемент беретіндей реакция
береді. Бұл ең жетілген, ең үйлесімді тіл. Басқа түркілерде дәл осындай тіл
болса, дәл осы этимологиялық принципті негізге алудың ешқандай қажеті
жоқ. Сонан соң, оқытып-үйретудің емлеге қатысы жөнінде. Кемел емле
– фонетикалық емле. Фонетикалық жазуды біз, қазақтар, бірнеше жыл
бойы қолданып келеміз, керемет нәтижелер алынды. Біздің әліпбимен бір
жыл оқыған баланың сауаттылығы, 4-жылдық орыс школын бітіргендердің
сауаттылық дәрежесімен бірдей, ал 4-жылдықты бітіргендеріміз орыстың
9-жылдығын бітіргендермен бірдей сауатты жазады. Өздеріңіз ойлап
көріңіздер, жазудың бұл фонетикалық тәсілі оқып-үйренуді қаншалықты
жеңілдетеді екен. Міне, әлеуметтік маңызына орай, сауаттылыққа оңай
жету үшін бұл сауаттылық оқытуда жұрт үшін өте жеңіл болуға тиіс, ал
оқыту барысында фонетикалық жазу балаларды ғана емес, тіпті үлкендерді
де оқытуды жеңілдетеді. Осы тұста жазудың тарихи принципіне де соға
кетуім керек. Осы уақытқа шейін дәстүрлерінен бас тартпай келе жатқан
түркі халықтары бар. Мысалға әзірбайжан мен османдықтарды алалық,
олар осы уақытқа шейін жазудың тарихи принципін ұстанып келеді. Арабтан бізге ауысқанды олар осы кезге шейін ұстанып отыр, мұны өзгертуді
олар күпірлік деп санайды. Бұлай қарауға болмайды! Оның үстіне, осыны
ұстанғанмен қоймай, басқаларды мешеу деп жазғырады. Бұл жерде мен
мұны айтуға тиістімін, өйткені біз араб әліпбиін ұстанып отырғандықтан,
көпшілік бізді мешеу элемент деп ойлайды. Жоқ. Біз «қасиетті» жазуды
баяғыда тәмам қылғанбыз. Фонетикалық амалды қолдану жағына келсек,
біз басқа тілден қажетіміз үшін сөз алсақ, ғылыми қолданысқа болмаса да, халықтың ауызекі сөзінде пайдаланамыз. Айталық, «ажол» сөзін
қырғыздар өз сөзі деп санайды, арабтың «гакол» сөзін қазақтар өз сөзі
етіп өзгертіп алған деп айтпайды. Сондай жаңа сөздер де көп. «Комиссар»
сөзі. Қазақтар «кәмисер» дейді. Сонда біз еуропалықтар үшін бұл сөзді олар айтқандай түрде қалдыруымыз керек пе? Бірақ қазақ артикуляциясы
сөздің мұндай құрылымына төзбейді. Сондықтан біз жат сөздерді қазақ
айтылымына жеңіл болған түрде аламыз. Дәл осы сияқты, басқа түркі
халықтар да сөздің шығу төркінімен санаспай, жұртының айтылымымен,
артикуляциясымен санасуға тиіс. (Төраға қоңырауы). Көптеген жайтты
қалдырып, мен бір нәрсені айтайын: осында сиезді ашқанда жолдас Агамалиоглы мен жолдас Павлович әліпбидің өзі прогреске бөгет жасайды
дегенді айтты, ал басқа тілдерге келсек, мысалы, орыс тілі, орыс жазуы
біздің тілмен салыстырғанда қытай жазуындай. Мұнда әр сөзді ежіктеп,
жаттауға тура келеді, ағылшын, неміс, француз тілдері де осындай; біздің
жазу сауатымызбен салыстырғанда, бұл дегеніңіз – нағыз қытай жазу
сауаты. Ал біз тек 24 дыбысты ғана жаттаймыз, олардың бәрі бұл тілде
бар ғой. Әр тілде қанша сөз болса, сол сөздердің сонша суреті болуға тиіс.
Неге? Өйткені олардың жазуы бір де бір дыбысты дұрыс бере алмайды.
Аударған: ф. ғ. д., профессор Ж. Жақыпов