Араб әрпіне тағылатын міннің ең зоры баспа түрінің төрт
тұрпаттылығы еді. Ол кемшілік араб әрпінің бойына біткен
кемшілік емес, кейіннен кез болған кемшілік еді. Араб әрпін
жазбадан баспаға айналдырғанда сөзді әріп жігінен кеспей,
буынсыз жерінен бұтарлаған. Әр әріп тұрған жерінде туралып, бір әріптің айағы екінші әріптің басына, басы басқа
әріптің айағына қосылып, бір әріп бірнеше бөлініп кеткен. Сонан баспадғы әріптер жазбадағыдай емес, тіркесетіндері төрт
тұрпатты, тіркеспейтіндері екі тұрпатты болып шықты. Оның
әр тұрпаты әріп кассасында өз алдына ұйа алып тұратын болған
себепті ұйа көбейіп, касса үлкейіп, баспа жұмысына кемшілік
келтіретін еді. Сол кемшлігі жазу машинасын жасауға да көпке
дейін бөгеу болған еді. Сол кемшіліктің кесапаты әрі кесу,
қалып жасау, әріп құйыу жұмысына тиетін еді. Баспамен істес
болған жұрттар осы қолайсыздығын көріп, көптен-ақ түзетуге
ойланса да, патша заманында пәтуасыз молдалар ықпалы жүріп
тұрған кезде батылдық етіп түзете алмаған еді.
Октиабір өзгерісі болып, мәдиниет ісі молдалардың құрсауынан босаған соң, араб әрпінің айтылған қолайсыздығын
жойып, кемшілік кесапаттарын аршу талабына кірісушілер
бола бастады. Солардың 7-8 жылдан бері өткен еңбектерінің
нәтижесі бірнеше түзеу жобасы болып шыққан. Жобаларды
қарап, ақылдасып, қайсысын алау туралы кеңеспекке Татарыстан білім ордасы түрік республикаларынан өкілдер шақырған,
әріп мәселесіне араласып жүрген, әріп жобаларын жасап
жүрген адамдарды шақырған. Кеңес октиабірдің 20-нда ашылып, 26-нда бітті.
Кеңеске толып жатқан жобалар түсті. Жобалар қарай келгенде екі негізге бөлінді: 1) араб әрпін еуропашалау негізінде
жобалар, 2) араб әрпін өз негізінше түзеу жобалары.
Алдыңғы түрде жоба жасаушылар: бұрынғы Дамей, Қаритонұлылар, қазіргі Қасен, Қали, Тайыр, Молдашұлылар.
Бұлардың жобаларында араб әрпінің тұрпаты Еуропа
әріптерінің тұрпатына ұқсас болып шығады. Соған ұқсату үшін араб әріптерін кереді, созады, иеді, бүгеді, әйтеуір, жақындастыруға тырысады. Бұлардың ойлауынша, әріптер жазбада
тұтасса да, баспада Еуропа әріптерінше дара-дара басыларға
керек.
Екінші түрде жоба жасаушылар: Бұрнаш, Алпар, Ыдырыс,
Тоқай, Шарап, Орманшыұлылар. Бұлардың жобалары бір негізінде, өзара айырылатын жерлері бар. Бұрнашұлының жобасы
әріптің бас тұрпаты мен жеке тұрпатын алып, екеуін үйлестіріп,
қиындастырғандығынан, бұрынғы баспадан айырғысыз болып,
түзеткені түк сезілмейтін дәрежеде жасалған.
Алпар, Ыдырыс, Тоқай, Шарапұлыларының жобалары
әріптің бір-ақ тұрпатын алып жасаған жобалар. Бұлардың әр
тұрпатты әріптері бұрынғы бас тұрпатқа жақын. Сөздің басында, ортасында келгенде, бұрынғы баспадан айырғысыз болып,
жалғыз-ақ сөздің айағында ғана құйрығының шолақтығынан
жаңаланғаны білініп қалады. Білінгенімен де оқуға кемшілігі
жоқ, өйткені, сөздің сүгіреті соңындағы жалғыз әріптен елерлік болып өзгермейді.
Орманұлының жобасы араб әріптерін негізінше алған. Бірақ
нүктелерін әріпке қосып, тұтас мүше іспетті жасаған. Нүктелері
тұтасқандықтан, әріп ұсқыны жатырқалық болып көрінеді.
Сын нарқына алған негіздегі шарттардың көбіне тура келетін жоба Бұрнашұлыныкі. Оның жобасындағы әріптер
ұқсастығымен де, сұлулығымен де бұрынғы баспадан түк
айырылмайды. Бірақ қолайлылық жағына келгенде, жалғыз
тұрпатты әріп алған жобалардан төмен. Төмендігі сол – бір әріп
орнына екі әріп алады. Түзетілудегі мақсат бір әріптің бірнеше
тұрпатты болуын жойыу болған соң, неғұрлым тұрпат түрлері
кемісе, соғұрлым көздеген мақсат жақын болмақ. Сондықтан
Бұрнашұлының жобасы түпкілікті алынбай, уақытша алынатын болды.
Түпкілікті баспаға тек жалғыз тұрпатты әріп жобалары
алынатын болды. Ондай жоба ұсынушылар: Алпар, Ыдырыс,
Тоқай, Шарапұлылар. Бұлардың жобалары бір негізді: алатындары әріптің жалғыз тұрпаты. Араларындағы айырымдары аз.
Сондықтан төртеуінің де жобалары қабыл алынды.
Орманұлының жобасы жалпы баспаға алынбағанмен,
әріптерді түрлендіру жүзінде түр үлгісінің бірі болып алынуға
жарарлық делінді.
Сөйтіп, кеңестің шығарған қарары мынау болды:
1. Әріптің бір ғана ұсқында болуы оқыту жағынан да, қаражат жағынан да, баспа жұмысы жағынан да зор жеңілдік келтіретін болғандықтан, түрік-татар жұрттары тұтынып отырған
араб әріптері баспада бір ұсқынды болуы тиіс.
2. Бір ұсқынға әріптің бұтарламаған, тек қысқартылған
сүгіреті алынады.
3. Бір ұсқынға алынған әріп сүгіреті сөздің басында да, ортасында да, айағында да, қандай әріппен қатар тұрса да, жалғыз
ғана сүгіретті болып, халықтың көзі үйренген тұрпатына
мүмкін қадарлы жақын болуы тиіс.
4. Баспа жұмысына қолайлы болу жағынан қарап, әріптер
толық пункттерге сыйымды болып, подрезкасыз, шпонсыз
тізілерлік болсын. Жалпы, баспаның 14-нші кегілінен артпасқа
тиіс.
5. Алдағы 1927-28-нші оқу жылына басылатын оқу кітаптары жоғарыда айтылған бір ұсқынды әріптермен басылсын.
6. Бір ұсқынды әріп баспаханаларға таралып болғаннан
кейін, газеттер, журналдар, кітаптар (қара бұқараға деп айырмастан) бір ұсқынды әріптермен басыла басталуы керек.
7. Қара бұқараның бір ұсқынды әріпке көшу жолын
жеңілдету үшін әріптердің сөз айағындағы түрлерін бірден тастамай, бірте-бірте тастау керек: бірақ бір жылдың ішінде әріп
құйрықтары жоғала-жоғала барып, ақтығында тек бір ұсқынды
ғана әріптер болуы керек.
8. 1928 жылғы ғинуардың бірінен бастап татар мен қазақ
баспаларында бір ұсқынды әріптерге көшіп болу кркек.
9. Татар мен қазақ баспалары үшін төрт ұсқынды әріп құйыу
қазірден тоқтатылсын.
10. Жазу машыналарына қазірден-ақ жоғарыда айтылған бір
ұсқынды әріптерді қолдану керек.
11. Мектепте үйретілетін қол жазбалары бір ұсқынды
әріптердің тұрпатынан онша алыстамасқа тиіс.
* * *
Әріпті бұлай түзетуден көретін иігілігіміз қандай? Мұнан
көретін игілік есепсіз көп.
Әуелі, әріп жасау жұмысын азайтады. Қазақша баспаға
бұрынғы бойынша 77 әріп жасадың орнына 35 ғана әріп жасалады. Бұл әріп жасау ісін үш еседен де артық жеңілдету болады. Ашық түрде айтқанда, үш әріптің орнына бір-ақ әріп жасау
болады.
Әрине, бір әріпті жасауына кететін уақыт пен еңбек, қаржықаражат үш әріп жасауына кететін уақыт пен еңбек, қаржықаражаттан үш есе кем болмақшы. Әріп кесуінен бастап, сол
үш есе жеңілдік әріп қалыбын жасау, құйыу, оған төлейтін
ақыға дейін барады.
Екінші, әріп тізу жұмысын жеңілдетеді. Әріп аз болса, әріп
кассасының ұйасы да аз болмақ. Ұйасы аз болса, касса шағын
болмақ. Касса шағын болуы мен ұйа аз болуы әріп тізі жұмысын
оңайлатпақ. Түзетілген араб әрпі бір ұсқынды ғана болған соң,
кассасының ұйасыын азайтады. Ұйасы аз болған соң, касса
шағын болады. Мәселен, қазақ әріптеріне бұрынғыша 77 ұйа
керек болса, енді оның орнына 25 ұйа ғана керек болады. Бұл
68 пыратсентке жақын жеңілдену, басылған нәрсенің бағасы
арзандау болады.
Оның үстіне, касса шағынданса, әріп тізушілер бұрынғыдай
түрегеп тізбей, отырып тізуге мүмкін болады.
Үшінші, жазу машиналарын жақсылауға жол ашады. Бұрынғы әріптерге орын көп керек болғандықтан, жазу машинасынның
түрткіштеріне (клавитеріне) сыймай, әурелейтін еді. Енді жазу
машинасына бір түгіл, екі әліп-бидің әрпін сыйдыруға болады.
Мәселен, бір машинаны енді әрі қазақша, әрі орысша басуға
жарайтын етіп, екі әліп-бидің әрпін сыйдырып жасауға болады.
Төртінші, оқыту ісін жеңілдетеді. Араб әрпі оқыту әдісін
жақсы білетін адамдардың қолында бұрын да оқыту жүзінде
онша қиындық қылмайтын. Оқыту әдісін шала білетіндерге
ғана төрт тұрпатты болуы қиын көрінетін. Енді әріп тұрпаты бір ұсқынды болған соң, оқыту әдісін білетін, білмейтіндердің
бәріне бірдей жеңіл болмақшы.
Бесінші, басқа да машинамен істелетін баспа жұмысыныңкөбіне пайдасы тимек. Соңғы замандарда шыққан линотип, минотип деген әріпті әрі қойып, әрі жыйып, кітаптың
бір жолын біржолата тізіп шығаратын машиналарға келгенде,
түзеткен араб әрпінің қолайлылығы тағы артықша болмақ.
Сондай машиналардың түркіштеріне орыстар, басқа да Еуропа жұрттары бір ғана әліп-бидің әрпін сыйғызғанда, жаңарған
араб әрпімен екі әліп-би әрпін сыйғызуға болады.
Қысқасы, жаңарған араб әрпі баспа дүниесі, жазу машинасы, оқыту жұмысы жағынан орыс әрпінен де, басқа Еуропа
жұрттарының әріптерінен де анғұрлым артық болмақ.
1927 ж