ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Оқыту жайынан

Таһир Жомартбаев сұрайды: «Әуелі қазақша оқытуға керек кітаптар дайар ма? Дайар болмаса, ноғайша кітаптарды аламыз ба? Олардың қайсысы жақсы?» – деп. Екінші, «Ноғайлардың тәртіпті мектептерінде тұтынып жүрген пыроғырамаларын сол күйінде аламыз ба? Иаки қазаққа лайықтап, ыңғайлаймыз ба?» – деп.

Бұл күнде қазақша оқуда кемшілік көп. Әуелі, оқу құралы кітаптар жоқ. Ноғайша оқу құралдары қазаққа үйлеспейді. Екінші, қазақ мектебіне түзелген пыроғырама жоқ, онсыз оқу бір жөнен шықпайды. Үшінші, бала оқыту ғылымынан хабар- дар мұғалімдер аз.

Осы үш кемшіліктің үшеуі де есімізден тастамай, ойлап жүрген нәрселердің ең басы. Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді. Оқу ісін түзеуге көп нәрсе керек, оның бізде бұл күнде бірі де жоқ. Ай мен күндей, әмбеге бір- дей білім – көп ортасындағы мүлік, онан сыбаға ала алғандар алып жатыр, ала алмағандар құр қалып жатыр. Сол құр қалып отырғанның бірі – біздің қазақ. Құр қалғанын қазақтың өзі де сезіп, баласын оқытуға, білім үйретуге ықылассыз емес, бірақ жаңадан басталған жұмыс тәртіпке түсе алмай жатыр. «Қос жүре түзелер» деген, түбінде түзелмей қалмас, түзетуге жұрт азаматы қам қылса. Оқуды керек қыла бастағаны – жұртқа ес кіре бастағаны. Халықтың есі енуі баланың есі енуі сиақты: бірте – бірте, ақырындап болмақшы. Аспанда құстай ұшып жүрген, теңізде балықтай жүзіп жүрген, жылдық жерден сағатта хабар алып, жүз шақырым жерлерден ауызба – ауыз сөйлеп отырған жұрттар сол күйге бірден емес, бірте – бірте жеткен. Барамын деген жерге, бетің түзу болса, тоқтамасаң, барасың. Жұрт жұмысы да, беті түзу болса, аз-аздап ілгері басқызып, оны қозғаушылар болса, көңілдегі жеріне жетеді. Сол жұрт ісінің бірі – оқу. Оқуды керек қылмай жүрген қазақтар оқу ке- рек нәрсе екенін бұл күнде білмей тұрған жоқ, бірақ оқудың жөнді болатын мәнісін, ретін білмейді. Көбіне оқытты деген құр аты болса, соған қанағаттанады. Қалай оқытып, не білдіріп жатқанымен жұмысы жоқ. Екі жыл, үш жыл оқып қат таныма- са да, баланың ата-анасының ойына кіріп шықпайды.

Оқу жұмысының үш жағы үш нәрсеге тіреледі; бірі ақшаға, бірі құралға, бірі мұғалімге. Осы үш тіреуі бірдей тең бол- са, оқу қисаңдамай, ауытқымай, түзу жүреді. Ол үшеуі тең болмағандағы оқу жұмысы аумалы жүк сиақты, орнықсыз. Жүгі ауған көштің жүрісі өнбейді. Орнықты оқу болмай, қалт-қалт етіп оқытқан оқу білім үйретіп жарытпайды. Жоғары айтылған оқу жұмысының үш тіреуі де біздің қазақта бұл күнде сай емес. Бірақ бірте-бірте сайлы болып, жөнделер деп үміт етеміз.

Әуелгі тіреу – ақша, ол жұрттан шықпақ. Қазақ оқу керек екенін біле бастады, баласын оқытпайын дейтін қазақ жоқ. Бірақ жұрт баласын жұрттық қылып жұрт үстінен оқытатын дәрежеге қазақ әлі жеткен жоқ. Әркім өз баласының ғана оқығанын ойлайды. Әр баланың басын қосып құраса, бәрі жұрт баласы болатындығын, ол жұрт баласын оқыту жұрт мін- деті екендігін айыратын ес қазаққа әлі кірген жоқ. Мұны білер- лік қазаққа ес кіргенше оқудың ақша жақ тіреуі орнықты бол- майды. Екінші тіреуі – оқуға керек құралдар. Ол құралдардың ішінде ең қымбаты – оқу кітаптары. Оқу құралдары сайлы бол- маса, оның ішінде оқу кітаптары оңды болмаса, оқу да оңды болмайды. Шеберге аспап серік, мұғалімге құрал серік. Аспап- сыз шебер еш нәрсе істей алмайды, құралсыз мұғалімдер бала оқыта алмайды.

Сондықтан қазақта оқу құралы кітаптар болмаса, ноғай кі- таптарымен оқытпасқа шара жоқ. Қазақ балаларын ноғай кі- таптарымен оқытуда қолайсыздық, кемшілік көп, бірақ амал- сыз ол кемшіліктермен келісеміз. Ноғай кітаптарымен оқытқан соң, олардың пыроғырамаларын алмасқа да болмайды. Пыроғырамасын қазаққа ыңғайлаумен, қазақша құралдар сай болмаған соң, пыроғырамма бір жаққа, оқу екінші жаққа – еке- уі екі жаққа кетеді. Пырғырамада керек деген нәрселердің бірі болмаса да, көбі оқу құралдарынан табыларға керек. Ноғайдың тәртіпті мектебіндегі пыроғырамасын ала тұратын болған соң, оқу кітаптарын да сол тәртіпті мектептерінен аларға тиіс.

Оқудың үшінші жағының тіреуі – мұғалім. Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа.........кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығыжабады, біліндірмейді. Мұғалімнашарболса, сайлы мектепте отырып сабақ бере алмайды. Мұғалімдік оңай нәрсе емес. Тәртіппен жасалған оқу құралдарымен оқытуға тәртіппен оқыта білетін мұғалім керек. Оны білмейтін мұғалімдер тәртіппен жасалған оқу құралдарын тәртіпсіз жасалған құралдар орнында тұтынады. Усулды құралдарды бұл сиақты тұтынса, усулды құрал шығарғанда не мағына бар? Усулды құралдар балаларға оқуды жеңілту үшін шығарылады. Оқыту жайын білетін мұғалімдерге тәртіпті құралдармен оқытқанда өзіне де, балаларға да оқу жұмысы оңай болады, екі жағы да қиналмайды. Оқыта білмейтін мұғалімдер оқу жұмысының салмағын балаларға ғана артып, өзі, «Әй оқыңдар!» деп, ты- ныш отырады. Ондай оқу мұғалімге тыныш екені рас, оқудағы мақсатты нәрсе мұғалімнің тыныштығы емес, балалардың білім үйренуі ғой. Оқыта білмейтін мұғалімдердің белгісі осы

– « Әй оқыңдар!», бұлардан балалар білім үйреніп жарымайды. Бұлардан басқа усул жадид мұғалімдері бар. Бұлардың өздері де екі түрлі оқытады: біреулері усул мадие, біреулері усул со- тие жолымен, бұл екеуінің жақсысы – усул сотие жолы. Оны бірақ жақсы білетін мұғалімдер аз, сондықтан көбі – усул ма- диеменен оқытатындар да оқуды екі түрлі бастайды. Біреулері төте қаріптен бастайды. Біреулері дыбыспен жаттықтырғаннан кейін, балаларға қаріп көрсетеді. Бұл екеуінің абзалы дыбыс- пен жаттықтырғаннан соң қаріп көрсету, усул сотие тәртібінің негізі – дыбыспен жаттықтыру. Оны дұрыстап, орнықты етіп, істегеннен кейін, онан арғы оқу, жазу жұмысының бәріне сол тіреу болады. Бірақ қазіргі бір зор кемшілік – мұғалімдердің көбі дыбыспен жаттықтыру жөнін білмейді. Білмеген соң, онан, қашады. Төтелеп қаріптен бастағанын оңай көреді. Оны- сы дұрыс емес. Рас, дыбыспен жаттықтыруға білім көбірек ке- рек, ондық оқыту, жазу жұмысына онан келетін жеңілдік көп. Мұғалімдердің көбіндегі кемшілік – қазақ сөзіндегі дыбысты айыра білмейтіндік. Ол кемшілік түзелместей нәрсе емес. Оны жоғалту оңай. Ол жоғалмай тұрғанда, усул сотие жолымен, әсіресе дыбыспен жаттықтырып бала оқыту қиын. Сондықтан мұғалімдер қазақ тіліндегі дыбысты жақсы білерге керек. Оны өздері сөзді айыра – айыра үйренуге болады. Онымен біле алмағандарын білетіндерден үйрену – ол үшін көп болса бірер жеті бөлер.

Сөздің тұрар жері мынау: қазақ мектебінде оқытатын қазақ тілінде әліппелерден басқа қазір кітап жоқ. Бірақ олардың бәрі де болады. Қазақ мектебінде оқу үш жылдық болуы қолайлы. Сол үш жылға керек кітаптар шығуына талап етіп жатырған адамдар бар. Олар шыққанша мұғалімдер де өз тарапындағы кемшілік жерлерін толықтыруға қам қыларға керек. Екін- ші, мұғалім алатын қазақтар жоғарғы айтылған түріне қарай мұғалім аларға керек. Өзі тыныш отырып, «Әй оқыңдар!» деген мұғалімдерге жоламасқа керек. Олардан балалар еш білім үйренбейді. Оқырлық шағы зайа кетеді. Олардан басқа мұғалімдердің арасында таңдау усул сотие, оның ішінде де дыбыспен жаттықтыра білетін мұғалімдерге түсерге керек. Усул сотиелік табылмаса, усул мадиеліктерді алу керек. Жақсы мұғалім табылғаннан кейін, мектепке керек құралдардың бәрін сайлап беру тиіс. Дүкенсіз ұста еш нәрсе істей алмайды, мұғалімдер де, қандай жақсы болғанмен, құралсыз балаларды оқыта алмайды.

1913 ж.