ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Білім жарысы хақында

Әлмен Әзірмәмбет ұғлы жазады: «Қазақтың» 16-ншы нөмірінде білім жарысы оқылды, оқылса да, байлардың көңіліне тоқылған жоқ. Сөз дұрыс, түсінуші кем. Біздің байлар ақшаны болыстыққа шашады, әкесі өлсе, атаусыз қалады деп, ат шаптырып, ас береді. Бұларға шыққан мал орынсыз далаға шашылғанмен тең. Байағыдан байларымыз малын жау мен жұтқа, дау мен партиаға уыстап шашса да, қалық пайдасы, ғылым талабы деген жолға өте сараң, мырзалықтары өз бастарынан артылмайды. 22-нші нөмір «Қазақта» ақсақал Ақымет ишан Оразаевтың басшылығына риза болдық. Білім жарысына бәйге тігемін деп жар шақырарлық кісі қазақта да бар екен-ау деп».

Әлмен мырза бұл сөздерді жазғаннан кейін білім жарысы қақындағы өз ойын айтады. Оның ойынша: «Білім жарысына бәйге тігетін байлар шығатын емес, онан да талапкерлер «Қазақ» газетасы арқылы бір сомнан жинасақ, екі-үш жылдың ішінде бірнеше мың сом болмай ма, сонан кейін білім жарасына түсетін қаламы жүйріктер шықпай ма, сыншылар лайықтап қарап, бәйгені үлестіріп бермей ме?» – дейді. Әлмен мырзаның бұл ойы оқушыларға қанша ұнарын өздері біледі, біздің ойымыз айтылып еді.

Білім жарысы қақында Досмайыл қажы Қашқынбай ұғлынан бір қат келді. Бұл кісі: «Жағрапиа кітабын осы жылдың айағына шейін жазып бітіруге майданға түсеміз, жағрафиа жазушылар жарысқа шықсын», – дейді. Досмайыл қажының бұл туралы азырақ қата түсінгендігі бар ма деп ойладық. Себебі, білім жарысына қосылғандар тілесе, не қақында жазуға ерікті, жағрафиа жазушылар бір бөлек, тарих жазушылар бір бөлек, оқу кітабын жазушылар бір бөлек жарысу шарт емес, кім нендей кітап жазса да, сыналғанда әр кітаптың өз алдына артықшылығы көзделеді.

1913 ж.