Иуілдің аяғында Орынбор губерниясының земствосы ашылып, 1-ші губернский чрезвычайный собраниесі (жиылысы)
болды. Бұл земствода жұмыс қылатын адамдар сайланып,
земство жұмысын қолға алғанның басы. Земство деген – əр
губерния, əр облыста жұртқа керек жұмысты жұрттың өзіне
билету, жұрттың өзіне істету. Жұрт ортасынан қалаған адамдарын сайлап шығарды. Олар жұртқа керек жұмысты өз білігімен басқарып, өз билігімен атқарады. Басқару мекемесі земский собрание деп, атқару мекемесі земский управа деп аталады. Собраниенің уездегісі уездный собрание, губерниядағысы
губернский деп аталады. Управа да уездный һəм губернский
болады. Собраниелерде жұрттың сайлаған депутаттары гласный деп аталады. Управа бір председатель һəм екі член болады.
Гласныйлар үш жылға сайланады, управаның да председатель
һəм члендері үш жылда қайта сайлаумен жаңаланып тұрады.
Уездный земский собраниенің гласныйлары уездный сайлау
жиылысымен һəм волостной сходпен сайланады. Уездный земский собраниенің гласныйлары сайланған соң, олар губернский, земский собраниенің гласныйларын сайлайды.
Бұл жоғарыда айтылғаннан көрінеді: земство мекемелерінде басқарушы һəм атқарушы халықтың өзі қалап сайлаған
адамдары екендігі. Олардың істейтіні халық жұмысы. Халық
өзіне залал келтірмейтін, пайда келтірерлік адамдарын сайлайды. Пайда келтіретін адамдар сайланғаннан, олардың ісінде халыққа пайдасызы болмайды. Земствоның қолындағы
істің бəрі де пайдалы болғандықтан жұрттың земство сұрап қақсайтыны. Ресейде земство законы шыққалы 50 жыл. 34 губернияда земство көптен бері бар. Олардан басқалары кейі не
жақын арада шығып жатыр, кейі не шықпақшы болып тұр, кейі
не тіпті шығар-шықпасы бимағлұм. Земство законы земский
положение деп аталады. Ресей земский положениесі бастапқы
қалпында да жұрт тізгінін өзіне ұстатқан закон емес еді, онан
бергі жерде талай кесіліп, кеміп, земствоның басында билігі аз.
Тізгіннің көбі хүкімет қолында. Законның жайсыз күйінде де
земствоның келтіретін пайдасы көп.
Земство қолында болатын халықтың тіршілігіне нағыз керекті жұмыстар. Ондай жұмыстар мынау:
Əуелі, земский ақшаның билігі земствода болады. Земство
əр жылға жұртқа керек жұмысқа смета жасайды, оны раскладкамен халыққа бөліп, үлестіреді, жиылған ақшаны орын-орнынша халыққа керек жұмысқа жұмсайды. Орынсыз халықтан
тиын алынбайды, алынған тиын пайдасыз жоғалмайды. Земствоға берген тиыннан жұрт сомдық пайда көреді. Земство жоқ
жерде де земский сбор деп ақша алынады, бірақ оның пайдасын ақша төлегендер көрмей, басқалар көреді. Мысалы, Торғай
облысынан жиылған земский ақша оқимын деген қазақ баласына беріле бере ме? Қазақ баласы гимназияға оқиын десе, стипендия жоқ, реальный училищеге оқиын десе стипендия жоқ,
учительский школада земский стипендияға қазақ баласы алынбай, Полтава губерниясынан келген орыс балалары алынады
– халық ақшасы далаға кету деген осы болды. Қазақ ақшасы
босқа кететін орны жалғыз осы деп айтып отырған емес, санаса, ұшы-қиырына жетіп болмас, мұны əншейін мысал үшін
келтірдік.
Екінші, халықтың оқу жұмысы земствода болады. Халыққа
оқуды тегіс таратушы, жұртқа тегіс хат білдіруші земство.
Земство бар губернияда хат білетін жүз кісіден 80, 90 болады.
Ресейдегі халықтың бəрін қосып жіберіп, топтап санағанда,
жүз адамнан 20 адам-ақ хат білетін болып шығады, біздің қазақ
облыстарында жүз кісіден 5 кісі-ақ хат біледі.
Мұнан шамалауға болады земство халыққа оқуды қандай
жаятынын. Земство қала халқынан да қырдағы бізге көбірек
керек. Қалада қазынадан ашылған, обществодан ашылған оқушыларға орын көп. Қала баласы оқиын десе, оқитын орын
қасында, үйінен барып сабақ оқып қайту қиын емес. Қазақта
қала жоқ, қала болып күн көрерлік жері жоқ. Елу, алпыс болып бір жерде үй басы құралатын қазақта ауыл аз, көбюі бытырап-бытырап, жалғыз-жалғыз я екі-үш үйден отырады. Бірінің
қыстауында ашқан мектепке я школаға екінші қыстаудың баласы үйінен барып қайтатын болып оқи алмайды, қырда балалар
жиылып бір жерге жатып оқымаса, болмайды. Оған əр бала
азығын ала барып жату қолайсыз һəм қымбат түседі. Қырдың
оқу жайындағы қолайсыз кемшіліктерін толықтырарлық нəрсе
– земство.
Үшінші, земствоның көбірек ілтифат ететін жұмысы халықтың денсаулығы. Адамғажаннан қымбат не нəрсе бар? Жан денсаулықпен байласулы, денсаулық болса жан тыныш, заһан7 шабытты, жұмысқа дене қайратты болады, ауру денеде мұның бірі
де жоқ. Сондықтан земствоның бас жұмысының бірі денсаулық
қой. Əуелі – аурудың халыққа жайылмасына тəртіпті амал жасайды, екінші – ауырған адамның орны жайлы, емдеусіз ешкім
қалмасқа тырысады. Жақсы дəрігерлер, жақсы ауруханалар
земский губернияларда, дəрігер мен аурухана жұртқа жеткілікті
болғандықтан, ауруларға ем даяр. Земство жоқ губернияларды
алсаң, уезд басына бір-екі дəрігер. Дəрі-дəрмегінің оннан бірі
жоқ. Аз дəрігер аз күйінде қалада тұрады. Қырдағы ауылдарға
шығып, адам емдейді. Қырдан келген ауруларға көбіне берерлік дəрісі болмайды. Ауруды жатқызатын орын жеткіліксіз.
Біздің қазақ облыстарында земство жоқ, земство болмаған соң,
біздің де халіміз бұлардан төмен болмаса артық емес. Қазақтан
денсаулық жұмысына деп ақша алынады. Дəрігерлер қалада
тұрады, қаланың адамын емдейді. Дəрігер үшін ақша төлеген
қазақтар ауырса, емдеуге дəрі жоқ, жататын орын жоқ.
Земствоның халыққа істейтін пайдалы ісінің бəрін баяндап, түгел жазуға газетадан орын жетпейді. Сондықтан сөзді
қысқартпақ үшін жоғарыдағы айтылғаннан басқа тағы қандай
жұмыстар земствоның қолында болатынын қысқалап-қысқалап
айтып, жанап өтеміз.
Егін шықпағанда ел астықтан тарықпас үшін, шөп шықпағанда мал пішеннен тарықпас үшін кеңнен толғап, келесінің
қамы үшін іс қылатын земство. Егін егу, сауда істеу, онан
басқа неше түрлі кəсіп қылушыларға көмекші болатын земство. Қазына поштасы жүрмейтін жерлердің бəрінде пошта
жүргізіп, хабарласу жұмысын оңайға айналдыратын земство.
Ақсақ, соқыр, мүгедек, өз еңбегімен жұмыс қылып күн көре
алмайтын, асырайтын жақыны жоқ пақырларды, мойнына дорба салғызып, тіленшілік қылып қаңғыртпай, асырап-бағатын
земство. Мал жұтқа шалдықса, малың отқа шалдықса, жылу
сұратып телміртпей, шығынды сезгізбей, өндіріп беретін земство. Бұлардан басқа да пайдалы істері толып жатыр.
Бұл земство жайынан жазғандағы мақсат, əуелі, Орынбор земствосының хабарын жазғанда қазаққа түсініксіз болмас үшін, екінші, земство пайдалы нəрсе болғандықтан һəм
бұрынғы бермеген губерния һəм облыстарға да сбор берейін
деп жатқандықтан, қазаққа да ескерерлік жұмыс екендігін
халықтың құлағына салмақ. Мұнан былай да земство жайынан
жазып, қазақтарға толық мағлұмат бермек ниеттеміз.
(1913 ж.)