Осы күнгі егіп жүрген астық шөптері, мысалы, бидай, тары, қарабидай, арпа – бәрі де бұрынғы кезде ешкім екпей, өздігінен шыққанмен, бұл күнде еш жерде шықпайды. Екпей шығатын тұқымдары таусылып бітіп, ексе шығатын тұқымдары ғана сақталған. Бұлар егуге сүйеніп, дағдыланып, екпесе, шықпайды да һәм еккенде де өсуі күй талғайды. Жерді жыртпай, тырмаламай, егін егуге болмайтынын әркім біледі. Тұқым шашатын орын дайарламай, сұрып жерге ешкім тұқым шашпайды. Бірақ егіншілердің көбі жыртса, тырмала- са, сонымен егін жұмысы тамам деп біледі. Қандай жерге қай астықты егу, қашан һәм қанша рет жырту, тырмалау, қысқасы, егін жақсы шығуына жырту мен тырмалаудан басқа қандай білім керек – оны егіншілердің көбі білмейді. Ол білім: еккен тұқымға не керек екендігін білу, оған не нәрсе пайдалы, не нәрсе зарарлы екендігін білу. Шашқан тұқым жас бала, малдың жас төлі сияқты, орны жайлы, тамағы тоқ болса, жақсы өседі. Жерді жырту, тырмалаудағы мақсат тұқымға орын жайғастыру, неғұрлым жақсы жыртылса, тырмаланса, соғұрлым шашқан тұқымға жайлы болмақшы. Өйткені тұқымның тамыры та- ралып, бойы көтерілу үшін жолында бөгет болмасқа керек. Олай болу үшін жер қатты болмай, босаңқы, болбыр боларға керек. Жердің босаңқы, болбыр болуы жақсы тырмалаудан. Тұқым түскен жерден ас болатын заттар табыларға керек, ол заттарды жіберіп, ас қылатын топырақтың ішінде ылғал боларға керек. Иағни тұқым шашатын жердің топырағы дымқыл боларға керек. Егін еккен жерде басқа жат шөптер болса, олар егіннің жерден алатын тамағына ортақ болып, егінді ашықтырады. Олай болмас үшін егін еккен жерді жат шөптерден ада қылу керек. Тұқым жиі шашылса, тамақ жет- пей, онда егін ашығады. Олай болмас үшін әр жердің түріне қарай мөлшерден тысқары жиі шашпасқа керек. Тұқым толық жақсы болса, егін де толық жақсы шықпақшы. Олай болған соң, тұқымның таңдап, жақсысын алып шашу тиіс.
Егін жақсы шығуға осындай шарттар бар екенін егінші- лердің көбі-ақ білетін де шығар, бірақ ол шарттарын орнына келтіріп егін егушілер аз. Сондықтан жері бірдей бола тұрып, егіндері бірдей шықпайды. Мысалы, қазақтармен қатар еккен орыс егіндері көбінесе қазақ егіндерінен жақсы шығады. Ол, әуелі, орыстардың қазақтардан гөрі егін жақсы шығатын шарт- тарын артық білгендігінен, екінші, ол шартарын қазақтардан гөрі көбірек орнына келтіріп еккендігінен. Түрлі жерге түрліше егін шығуы жеріне қарай, бірдей жерге бірдей егін шықпау, әрине, егуден болмақшы. Егін жақсы шығуына керек шарттар көп. Олардың ішінде шаруаның қолынан келетіндері де, келмейтіндері де бар. Келмейтіндерін істе деп ешкім айт- пайды, келетіндерін істеу егін егушілердің әрқайсысына тиіс. Мұнан былай егін жақсы шығуына нені біліп, не істеу керек еккендігін егін ғылымында айтылған сөздерден теріп алып, жазып тұрмақшымыз.
1913 ж.
А.Байтұрсынұлы / "Ел - шежіре"