ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Бастауыш мектеп

Қазақ бастауыш мектебі қандай боларға керек? Бұл туралы ашылып пікір айтылған жоқ. Петербургта болатын мұсылман кеңесінде мектеп мəселелері қаралмақшы, оған қазақтан баратын адамдар қазаққа қандай мектеп керек екендігін біліп барарға тиіс. Сондықтан «Қазақ» өз пікірін айтып, жұрт құлағына салмақшы.

Осы кезде қазақ балалары оқуды екі түрлі бастап жүр. Біреулері оқуды ауылдағы мектептен бастайды, екіншілері ел ішіндегі орыс школасынан бастайды. Солай болған соң, қазақтың қазіргі бастауыш мектептері осылар дейміз. Қазақ бастауыш мектебі қандай болу керек деген мəселені шешерден бұрын, осы күнгі тұтынып отырған бастауыш мектептердің жарамды, жарамсыздығын тексеріп, сонан соң керек мектебіне түрлі болу жайын сөйлеу тиіс.

Əуелі ауыл мектебінен басталық. Осы күнгі ауыл мектеп- терін мектеп деп айтарлық емес. Оқуға керек құрал жоқ, оқыта білетін мұғалімдер аз. Сонда да қазақша хат білушілердің проценті мұжықтардан жоғары. Осы күнгі тек хат жаза білетін қазақтардан бастап, газета, журнал, кітап шығарып жатқандарымыздың бəрі де сондай мектептен оқып, хат танып, жазу үйреніп шыққандар. Мұнан көрінеді: осы күнгі мектептер осыншама жайсыз, күйсіз қалыбында халық арасына оқу, жазуды мұжықтар арасынан гөрі көбірек жайып жатқаны, бұл мектептің халыққа жақындығы, балалар білімді ана тілімен үйренгендігі.

Алайық енді орыс школаларын. Қазақ арасындағы орыс школалары ауылнай, волосной екі класты школалар. Бұлардан бітіргендер ілгері оқымаса, онда жоқ болып шала оқумен қалады. Елде бір-екі жыл тұрса, оқығанның көбінен айырылып, оқымағандармен бірдей болып, оқыған еңбек бос кеткен есебінде қалады. Бұл күнде екі класты школа бітіргендерден ауылнай учитель, писарь болып жүргендері бар екені рас, бірақ бастауыш мектепте үйренетін білім жұрттың бəріне тегіс керек білім ғой. Адамға тіл, құлақ, қол қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білімдер де сондай керек. Осы заманда хат білмеген адамның күйі тіл я құлағы, я қолы жоқ адамның күйімен бірдей; мұнан бұлай хат білудің керектігі онан да аспақшы. Бастауыш мектептен оқығандар писарь, учитель, фельдшер, адвокат, содия, инженер, агроном болар демей, ең əуелі, қазақша толық хат білетін дəрежеде болуын көздеу керек. Екінші, бастауыш мектептен үйренген білім əрі оқимын дегендерге негізболарлықжағынкөздеукерек. Егердебастауыш мектептен оқып шыққандар ілгері оқымай, үйінде қалса, ұлт əдебиеті мен мəтбуғатының мүлкін пайдаланарлық даражалы біліммен қалсын. Əр оқимын деген халде: мұсылманша оқыса, бастауыш мектеп оқуы артқы оқудың негізі болуға жарасын; орысша оқыса, орысша үйренудің қиындығын жеңілтерлік демеу һəм негіз болуға жарасын.

Жоғарыда айтылған қазақ ішіндегі осы күнгі екі түрлі бастауыш мектептің екеуі де көңілдегі мектептердің түрінен табылмайтын мектептер. Бірінде оқуға керек құрал жоқ, тəртіп жоқ, мөлшер жоқ, жоспар жоқ. Халық оқуды керек қылған- дықтан, жаманда болса, «жоғынан бары артық» дегенмен істеліп отырған іс. Екіншісінде, яғни, орысша школаларда тəртіп те бар, құралдар да сай, мөлшер, жоспар бəрі де бар. Бірақ, сонысына қарай пайдасы аз. Олардың пайдасын кемітіп отырған бір-ақ нəрсе: қазақты орысқа аударамыз деген пікір бəрін бүлдіріп отырған. Сол школалар арқылы қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді, қазақ тұтынып отырған араб əрпін тастатып, орыс əрпін алдырамыз дейді. Сол үшін əуелі, балалар ана тілімен оқымай, орыс тілімен оқысын, ана тілімен оқыса да, орыс əрпімен оқысын дейді. Соның үшін біреулері ана тілінде оқыған аты болу үшін қазақ тілінде орыс əрпі басылған кітаптардан бастап оқытып, əрірек барған соң, кілең орысшаға түспек керек дейді. Бұлар еппен қайырмалаушылардың жолы. Біреулері еп-септі қойып, бірден орысша оқыту керек дейді.

Өткен жыл 14-ші июньде патша жарлығы бойынша шыққан правилада Россиядағы бөтен текті жұрттардың мектебінде бастапқы екі жыл ана тілінде оқылсын деген. Ол правилаға Оқу министрі қол қойған. Оның бер жағында Қазан округінде бір инспектор попечительге жазған: учительдер чуваш балаларын чуваш əліппесімен оқытпай, бірден орыс əліппесімен оқыт- қанды оңай көреді – деп. Оны попечитель министрге жеткіз- ген. Министр енді жазып отыр: чуваш мектебінде орыс əліппесінен бастап оқытқанды бек ұнаттым, бек келісті іс екен

– деп. Сүйтіп, чуваш балаларын чуваш тілімен һəм чуваш əліппесімен оқытпай, бірден орыс тілімен, орыс əліппесімен оқытуға министр батасын беріп отыр. Бастапқы екі жылда ана тілімен оқытуға тиіс деген правилаға қол қоюшы да министр, онан кейін ана тілімен оқытпай, бірден орыс тілімен оқытуды ұнатушы да министр. Бұл екі қағаздың қайсысы іске асып, қолдануда болмақшы? Қайсысы хүкіметке жағымды болса, сонысы іске аспақшы. Хүкіметке жағымдысы қол астындағы жұрттың жазу-сызуы, тілі, діні бір болу. Россия қол астында түрлі тілді, түрлі дінді, түрлі жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бəрі тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, хүкіметке онан артық ұнамды іс болмас. Сондықтан 14-ші июньде министр қол қойған правиланы 16-нші ноябрьде министрдің жазған қағазы жеңбекші. Ондай правилалар іске аспай қалу үшін, бір миссионер инспектор жазса, болғаны: өз əліппесімен, ана тілімен оқытып отырсақ, қай уақытта жазу-сызу, тілі жоғалады? Тегі, бөтен жұрттар тілінен, жазу- сызуларынан айырылып, орыспен бірдей болып сіңісу үшін, бірден орыс тілімен оқыту керек – деп. Бастапқы кезде ана тілімен оқыту тиіс деген сөз 1906-нші жылғы 31-нші март правиласында да бар еді. Осы күнге шейін ауылнай, волосной екі класты бастауыш мектептерде қазақ əліппесімен қазақша басталып оқылғаны еш жерде естілмейді. Себебі не? Правила бойынша қазақ тілі мен қазақ əрпінен бастап оқыт деген отырған балалардың ата-анасы жоқ. Халықтың өз тілімен, өз əрпімен оқығанын əкімдер жақтырмайтын болған соң, учительдер өз беттерімен ана тілімен, ұлт əрпінен бастап оқытамыз дей қоймайды. Сөйтіп, правила қағаз жүзінде бар болса да, іс жүзінде жоқ. Бұл айтылғанның бəрі де хүкімет өз пайдасын көздегендіктен істеліп тұрған істер. Бастауыш мектептер жалғыз хүкімет пайдасы үшін болмай, халық пайдасы үшін де боларға керек. Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бəрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, əр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң, бастауыш мектеп, əуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек. Қазақ дінге нашар күйден өткен, енді қазақты басқа дінге аударамын деу құр əурешілік. Қазақты дінінен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс. Араб əрпі ислам дінімен бірге келіп, қазаққа орнаған. Дінмен байласқан жазу дін жоғалмай, жоғалмайды. Қазақта газета, журнал, кітаптар жоқ кезінде жоғалмаған тіл газета, журналы шығып, кітаптары басылып, жылдан-жылға ілгері басып келе жатқанда, қазақ тілі жоғалмас.

Олай болса, мектеп арқылы қазақтың дінін, тілін, жазуын жоғалтып, орысшаға аударамын деген пікірден хүкімет безіп, тиісті бастауыш мектеп екі жаққа да зиянсыз, пайдалы болуын көздеу [керек]. Солай ойлағанда, көңілге ұнамды мектептің түрі, біздің ойымызша, мынау: Бастауыш мектептер оқуы қазақ үшін 5 жылдық боларға [тиіс]. Əуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқу [керек]. Соңғы екі жылда кілең орысша оқу [керек]. Мұжық жөнімен қала болған қазақтар бар, қазақ ретімен қала болатын қазақтар да болар. Қыстаулары жиын қазақтар да бар, қыстаулары сирек қазақтар да бар. Солардың бəріне бастауыш мектеп қолайлы болуға тиіс. Бəрінің де оқиын деген балалары, мектеп жағынан қолайсыздық болып, оқи алмай қалатын болмасқа тиіс. Сондықтан, əуелі, қазақ бастауыш мектебі екіге бөлінерге: Келіп оқитын, жатып оқитын мектептер. Келіп оқитын мектептер қала болған, яғни қыстауы жиын жерлерде болу, жатып оқитын мектептер əлі сирек отырған жерлерде болу [керек].

Екінші, қыр мектебі һəм қала мектебі болып бөлінерге. Қыр мектебі – ауыл мектебі, волос мектебі болып, о да екіге бөлінерге, ауыл мектебінде кілең қазақ тілінен оқылатын үш жыл оқу оқыларға, қалғаны кілең орысша оқылатын екі жыл волос мектебінде оқыларға [тиіс]. Волос мектебіне ауыл мектебінде бітіргендер алынарға [тиіс]. Қала мектебі қаланың үлкендігіне қарай үш жылдық, бес жылдық оқулы боларға [тиіс]. Жатып оқитын ауыл мектебі мен волос мектептеріне келіп оқи алмайтын балаларды ғана жатып оқитын есепке алуға [тиіс].

Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нəрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрафия, шаруа-кəсіп, жаратылыс жайы. Бастауыш мектептің кілең орысша оқитын екі жылында үйретілетін білім гимназияның яки реальный мектептердің төменгі кластарына кірерлік болу тиіс. Бастауыш мектептер осындай болса, бұлардан əрі мұсылманша я орысша оқыту үшін қазақ балаларының бастауыш мектепте үйренген білімі негіз болуға жарайды.

«Қазақ» газетасы, 1914 ж., 9 май, № 61.

А.Байтұрсынұлы / "Ел - шежіре"