Жалғыз әліп-бій үйретіудің өзінде толып жатқан әдіс бар. Сол әдістерді әр әдісқой өзінше өзгертіп қолданған түрлерін сөз қылсақ, әдіс түрлерін айтып түгесе алмас едік. Бүтін Жаурыпа әдісқойларының тұтынған әдістерін түгендемек түгіл, жалғыз орыстың ғана әдісқойларын алып сөз қылар болсақ, оның өзі әлденеше сан жұурнал бетін аларлық сөз болар еді, сөз созылып ұзарыуынан қашып, орыс әдісқойларының бірін де өткен сандарда сөз қылмай өтіп кеттік.
Бұған дейін сөз болған әліп үйретіу жүзіндегі әдістердің негізгі түрлерін алып, солардың қайсысы жақсы деп сауал қойар болсақ, оған ешкім мынасы жақсы, мынасы жаман деп кесіп айтып, тура жауап бере алмайды.
Орыс данасы Лев Толстой: (бала оқытып тәжірійбе жасаған адам) «Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс жоқ. Олақтықтың белгісі – бір ғана әдісті болыу; шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болыу; керек орында жоқ әдісті табыу да қолынан келіу. Мұғалім әдісті көп біліуге тырысыу керек; оларды өзіне сүйеніш қолғабыс нәрсе есебінде қолданыу керек»[1] дейді.
Толстой олай десе, өзгелердің де тәжірійбе жасағаннан кейін келген қарары онан алыс емес. Әдіс турасындағы басқалардың да пікірлерін қорытып қысқасынан айтқанда, әр әдіс өз орнында жақсы деген пікір болып шығады.
Бұл не деген сөз болады?
Әдіс – керекшіліктен шығатын нәрсе. Әдістің жақсы-жаман болмағы жұмсалатын орнының керек қылыуына қарай. Мәселен, сауаттау әдісін алсақ, бір жұрттың сауаттау ісіне қолайлы болған әдіс екінші жұрттың да сауаттау ісіне қолайлы боларға тійіс деп айтуға болмайды. Екеуінің тілінің заңы, емлесінің жүйесі бірдей болса, біріне қолайлы болған әдіс екіншісіне де қолайлы болыуы мүмкін. Егер де тілінің заңы, емлесінің немесе әрпінің жүйесі басқа болса, онда біріне жақсы болған сауаттау әдісі екіншісіне де жақсы болады деп ешкім айта алмайды.
Кей жұрттар жазыу үшін әріп алмаған, таңба алған. Кей жұрттар жазыу үшін әріп алғанмен, әріптері тілі өзгергендіктен бұл күнде тіліндегі дыбыстарына сәйкес келмейтін болған. Кей жұрттардың әуелде дыбыстарына әріп арнауында шатақтық бар болғандықтан, сөздерінің жазылыуы мен айтылыуы екі басқа, кей жұрттардың тілінің шартына қарай дыбысына сәйкестеп әріп белгілеуге болмайды. Сондықтан оның да сөзінің жазылыуы мен айтылыуы арасында басқалық болады. Кейбір жұрттардың тіліндегі дыбыстары мен әріптері екеуінің арасында сәйкестік күшті болғандықтан, сөзінің жазылыуы мен айтылыуы арасында да сәйкестік күшті болады.
Жазыу үшін әріп алмай, таңба алған жұрттың бірі, мәселен, қытай. Мұның жазыуы біздің таңбамыз түрлі. Бізде ○○ (арғын), // (қыпшақ), ψ (төре). Қытайда = (ауыз) Λ (ит). Ауыз таңбасы мен ит таңбасы қатар тұрса, мәселен, былай = Λ «үреді» деген сөз болады. Біздің жазыуымыз әріпше болмай таңбаша болса, біз де арғын таңбасы мен төре таңбасын қатар қойып ׀○○ψ׀ «арғын төресі» деп оқыр едік; қыпшақ таңбасы мен төре таңбасын қатар қойып ׀ // ψ ׀ «қыпшақ төресі» деп оқыр едік.
Қытай жазыу жүйесінің мысалы осы бұл жазыуша сауаттағанда, мұғалімнің дыбыспен де, әріппен де жұмысы жоқ. Әр сөзге арналған таңбаны танытса, сол таңбаларды қойдыра білсе, қытайша оқыуды да, жазыуды [да] біліп сауаттанғаны.
«Ауыз» деген, «ит» деген, «үреді» деген – үшеуінің жазыуын оп-оңай үйреніп алдық. Қытайша хат біліу (сауаттаныу) қыйын дейтіні қайда? Қыйын жазыу ұшыраған кезде, «қытай жазыуы» деп мазақтайтындары қайда?
Жоғарыда мысалға келтірген 2-3 сөздің таңбасын таныу да, таңбасын қойыу да оп-оңай емес пе? Қыйындығы қайда?
Мұның оңай болып тұрғаны – алған сөздің аздығынан. Қытай тіліндегі сөздің саны 10, 20, 30 болса, хатта 100 болса да, қытайша сауаттаныу оңай болар еді. Ондай болса, сөз саны. 10 мың, 20 мың, 30 мың болса, ондай көп сөздің әрқайсысына арналған таңбасын таныуға көп уақыт керек. Ондай көп таңбаны ұмытпай баста сақтау үшін, басты көп әурелеу керек. Қытай тілінде 50 мың таңбасын жатқа білгенде ғана қытайша кәміл сауатты адам болмақ. Ойы жаттау [дың] оңай-жеңілін «Жаңа мектеп» жұурналының оқыушылары шамалай жатар, басқа жүйелі жазыулардың әңгімесіне көшейік.
Жазыу үшін әріп алғанмен, ол әріптері тіліндегі дыбыстарына сәйкес келмейтін ағылшын, әмерійкан сыйақты жұрттар. Бұлардың сөздерінің жазылыуы мен айтылыуы айырылып, алыс кеткендігі сонша, «ит деп жазып, шошқа деп оқыйды» деген мақал болған жазыу жүйесі нақ осылардікі.
Олардікінен гөрі тәуірлеу жазыу жүйесі француздікі. Бірақ тәуірлеу дегенмен, мұның да оңған жері жоқ. Мұның әуелінде дыбыстарына әріп арнауында шатақтық көп. Французда әріп басына жасалған толып жатқан ереже бар; толып жатқан қосымша белгілер бар. 26 әріптің 100 шамалы ережесі бар. Ол ережелері бойынша бір әріп түрлі орында түрлі айтылмақшы. Кей әріптер тұрған орнына, қарай жазылғанмен, тіпті оқылмай да қалмақшы. Кей әріптер басқа дыбыстармен қатар келген жерде, тіпті дыбысынан айырылып қалмақшы. Анықтық үшін азырақ мысал келтіріп көрсетелік.
«Бе ау» (веаu) деп жазады, оны «бо» деп оқыйды.
«Орейлле» (oreille) деп жазады «орей» деп оқыйды.
«Мой» (mоі) деп жазады, «мува» деп оқыйды.
«Коин» (коіn) деп жазады «кувек» деп оқыйды.
«Айгүйлле» (aiquille) деп жазады, «егуй» деп оқыйды.
Тәуірлеу деген жазыу жүйесі мынау болса, мұнан жаманның жазылыуы мен айтылыуы арасындағы сәйкестігі қандай болмақ.
Бұл сыйақты жүйелі жазыумен сөздің ішіндегі дыбыстарын айырып, дыбыстарына қарап жазыуға болмайды.
Олай болса, сөздің дыбыстарын айыра біліудің қажеті жоқ. Мәселен, «егуй» деген сөзді «айгүйлле» деп жазатын болса, «мува» деген сөзді «мой» деп жазатын болса, ол сөздердің дыбыстарын айырыудың керегі не?
Сондықтан ағылшын, Әмерійке, пырансұз (француз) жазыуларының жүйесі әріпті болғанмен, мағынасы таңба жүйелі жазыуға жақын. Мұнда да сөзді дыбыстарына қарай әріптерін қойып жазбайды, тек әріптерден құрап сөздің таңбасын салады. Мұндай жазыулар мен қытай жазыуының арасындағы айырмасы тек таңба сүуретін құрауында ғана: қытайлар сөз таңбасын әріп деп ат қойылмаған сызықтардан құрайды, ағылшын, әмерійкан, француздар сөз таңбасын әріп деп ат қойылған сызықтардан құрайды.
Тілінің шартына қарай дыбысына сәйкестеп әріп арнауға болмағандықтан, сөзінің жазылыуы мен айтылыуы бөлектенген жұрттың мысалы – орыс халқы. Орыс тіліндегі дыбыстарға сәйкестеп әріптер белгілеу мүмкін емес: «сақал» орысша «барада» (борода), «сақалдар» дегенде «бороды» (бороды) дейді, «тырма» орысша «барана» (борона), «тырманы» дегенде «борыну» (борону) дейді.
Бізде көпше жалғау немесе басқа жалғау қосылғанда, тек жалғау қосылғаны болмаса, сөздің басқа тұлғасы мен тұрпаты өзгермейді. Орыстікінде ондай емес: тек жалғау қосылып қана қоймайды, бүтін тұлға-тұрпаттарында өзгеріс кіреді. «О» дыбысы «а» дыбысына, «а» дыбысы «ы» дыбысына орыста айналып кете береді.
Сөздің дыбыстары сондай өзгергіш болған соң, орыс тіліндегі сөздердің дыбыстарына сәйкестеп әріп алыуға болмайды. Дыбысқа сәйкестеп әріп алынбаса, сөздің жазылыуы мен айтылыуы бөлектенбей қала алмайды.
Мұндай жазыуы бар жұрттың кей сөздерін дыбыстарына қарай жазыуға болады, кей сөздерін дыбыстарына қарамай, тек жатталған түрінде ғана жазыуға болады. Мәселен, орыстың бір сөзін дыбыстарына қарай жазсаң, он сөзін жатталған түрінде жазасың. Солай болған соң орыс жазыуы сыйақты жазыуларға сөздің дыбысын айыра біліудің керектік жағынан керексіздік жағы басым болып шығады.
Дыбыстар мен әріптер арасында сәйкестік күшті болғандықтан, сөзінің жазылыуы мен айтылыуының арасында да сәйкестігі күшті. Жазыудың мысалы біздің қазактікі мен қырғыздікі. Бұлардың тіліндегі дыбыс басына арналып әріп алынған, әріп танылған дыбыстан қайда тұрса да айрылмайды. Сөздері жазылғанда көбінесе-ақ сөзінің ішінде естілетін дыбысына қарай жазылады. Орыста бір сөз дыбысына қарай жазылып, он сөз дыбысына қарамай жазылатын болса, қазақта он сөз дыбысына жазылып, бір сөз ғана дыбысына қарамай жазылады.
Солай болған соң бізде сөздің ішіндегі дыбыстарын айыра біліу өте керек. Сөздің дыбыстарын дұрыс айыра біліп, оларға арналған әріптерді қойа біліудің өзімен де үйреніуші емлеміздің аз болса 60-70%-ін біліп қалады.
Біздің жазыу жүйемізбен ағылшын, әмерійке, француз жазыу жүйесінің арасы алыс. Олардікі қытайдың таңба жүйелі жазыуына жақын. Он сөзінен бір сөзінде де болса сәйкестік бар, бізге біртабан жақын жүйелі жазыу орыстікі. Онан да гөрі бізге жақын жүйелі жазыу италыйанікі дейді (оның да сөзінің жазылыуы мен айтылыуы арасында сәйкестік көп деп айтылады).
Сүйтіп, жоғарыда айтылған сөзден мынадай нәрсе байқалады: Әуелі, жазыу екі негізді екендігі: 1) Таңба негізді. 2) Әріп негізді. Екінші, әріп негізді жазыулардың емле жүйелері түрлі-түрлі болатындығы. Үшінші, емле жүйелеріне қарай, әріп негізді жазыулардың таңба негізді жазыуға жақыны да, алысы да бар екендігі.
Осы күнгі колданып отырған емлелердің бәрі төрт жүйеге бөлінеді: 1) Таңбаша жүйе. 2) Дағдыша (тарихша) жүйе. 3) Туысша жүйе. 4) Дыбысша жүйе.
Таңбаша емле – таңба негізді жазыумен тәртіптес, негіздес емле, мәселен, қытайдікі.
Дағдыша емле – байағыдан бері жазып келе жатқан қалыпты қолданып отырған емле, мәселен, ағылшынша.
Туысша емле – сөздің тек басына қарамай, басқа түбірлес, туыстас сөздердің де айтылыуына қарайтын емле, мәселен, орысша.
Дыбысша емле – сөз дыбыстарының естіліуінше жазыу жолын қолданатын емле, мәселен, италыйанша, немісше, қазақша.
Бұл айтылған емле жүйелерінің бәрі де өріп негізді жазыулардың емле жүйелері. Бұлардың біреулері таңба жүйелі жазыуға жақын болатыны көрініп тұр. Сөздің айтылыуы мен жазылыуының арасы алыстаған сайын емле тәртібі таңба негізінен жақындамақшы. Сөздің айтылыуы мен жазылыуының арасындағы сәйкестік күшейген сайын емле тәртібі таңба негізінен алыстай бермекші.
Емле тәртібінің жүзіндегі жақындық, алыстық сауаттау әдісінің жүзінде де болмасқа мүмкін емес.
«Ауыз» деген сөзді мынадай (=) таңбамен жазатын қытай дыбысты әдіспен үйретер ме?
Ондай таңба салмағанмен, «ит деп жазып, шошқа деп оқыған» сыйақты «мой» деп жазып «мува» деп оқыйтын емле тәртібі бар. Ағылшын, әмерійкан, француз сынды жұрттарға дыбысты әдісті қолданыу қолайлы бола ма?
Олар түгіл, «борода» деп жазып «барада» деп оқыйтын емле тәртібі бар орыс сыйақты жұрттарға да дыбысты әдісті қолданыу қолайсыз болатын орындары көрініп тұр.
Солай болған соң бұлардың бәрі де сөзді таңбаша жазып отырған соң немесе таңбаша жазыуға жақын түрде жазып отырған соң, таңбаша үйретіу әдісін қолданып отыр, «Тұтас сөз» әдісі деген сол «таңбаша үйретіу» әдісі болады: бұл әдісше әріппен жазылған сөз таңба мағынасында көрсетіліп, таңба есебінде үйретіледі.
«Сақал» деп жазып, «сақал» деп оқыйтын, «тырма» деп жазып, «тырма» деп оқыйтын дыбысша емлесі бар қазақ, қырғыз сыйақты жұрттарға дыбысты әдісті қолданыу тійістігіне дау болмасқа керек еді, үйткені басқа да дыбысша емлесі бар жұрттар дыбысты әдісті қолданып отыр. Мәселен, италыйан жұрты.
«Тұтас сөз» әдісін не мәніспен қолданып отырғандарына назар салмай, тек басқалар қолданып жатқанда, бізге де қолданыу керек деушілер бар. Рас, «тұтас сөз» әдісін бізге қолданыуға болады. Бірақ біз ағылшын, әмерійкан, француздарша шарасыздықтан, ең болмағанда орыс қадары мұқтаж болғандықтан, оны қолданбаймыз, дыбысты әдіспен үйретіуден «тұтас сөз» әдісімен үйретіу қолайлырақ, оңайырақ болса, қолданамыз. Олай болса, әуелі қайсысы қолайлы деген сауал қойып, соған берілген жауапқа қарай қайсысын колданыу тійісті болатындығын айтыу жөн.
Сауаттауға қайсысын қолайлы десек те қолайлылығын сыйпаттайтын тійісті дәлелдері боларға керек.
Сауаттауға әдістерін тексеріу үшін, әуелі, сауаттылық дегеннің не нәрсе екенін, оның негіздік жағы қайсы, негіздік емес жағы қайсы, онысын ашып алыу керек.
Сауатты адам деп қандай адамды айтамыз? – Оқый да, жаза да білетін адамды айтамыз.
Сауаттылық негізі оқыу ма, жазыу ма – мұны ашсақ, сауаттау әдісі қайсысынікі болатынын да ашамыз; үйткені – сауаттылықтың негізі не нәрсе болса, сауаттау әдісі де соныкі болыу керек.
Оқый біліп, жаза білмейтін адам бола ма? – болады. Ескіше үйренгендердің көбі-ак оқый біліп, жаза білмейтін. Ондай адамдарды толық сауатты деуге бола ма? – Болмайды. Ондайлар шала сауатты адамдар.
Жаза біліп, оқый білмейтін адам бола ма? – Жоқ. Жаза білетіндер оқый да біледі. Олай болса сауаттылык негізі оқыу бола ма, жазыу бола ма? – Әрійне, жазыу болады.
Сауаттылық негізі жазыу екендігін сауаттылықтың шыққан жолы да көрсетеді. Сауаттылықты оқыу мұқтаждығы тудырмаған, жазыу мұқтажы тудырған. Мұқтаждық жазыуды тудырған, оқыу жаза біліумен бірге қосыла біліп кететін қосалқы күйдегі асылы жазыу болып, оқыу соның бетіндегі нәрсе болып шығады.
Осы айтылғандардың бәрі сауаттылық негізі оқыу емес, жазыу екендігін сыйпаттайтын дәлелдер.
Сауаттылық асылы оқыу болмай, жазыу болса, сауаттау әдісінің де асылы оқыудікі болмай, жазыудікі болыу керек.
Ол не деген сөз болады? Ол – сауаттау әдістерін сынағанда, оларға оқыу үйрететін әдіс деп қарамай, жазыу үйрететін әдіс деп қарау керек деген болады, жаза білдіріуге қолайлы әдіс – оқый білдіріуге де қолайлы болады, үйткені негіздік нәрсе, жазыу, оқыу жаза білумен бірге қосыла біліп кететін қосалқы күйдегі нәрсе.
Жаза білу үшін тілдегі дыбыстарды таный білу керек. Ол дыбыстарға арналған әріптерін таный білу керек. Таныған әріптерін жаза білу керек. Жазған әріптерін дыбысымен атай білу керек.
Әріптердің бәрін шапшаң жазыуға жарағанда, жазған әріптерін атауға жарағанда, екінші түрде айтқанда – шапшаң жаза білген де, шапшаң оқый білгенде, сауаты ашылды, сауатты адам болды дейміз.
Сауаттау әдісі дегеніміз – соны білдіріуге жұмсалатын түрлі әдістердің шұумағы болады.
Жазыу – әріптердің сүгіретін сала тізыу; Оқыу – әріптердің дыбыстарын айта тізыу.
Әдісін алғанша қай істе болса қыйын болады. Әдісін алған соң, қайсысы да болса оңайланады. Істің шапшаң істелу күйге жетіуі, қайта-қайта істеліп, дағдыға айналған кезде болады.
Сауаттаныу жас балалардың жүріуге үйренгені мысалды: Бастапқы кезде балалар айағын бір басып, бір тұрады, онан соң апыл-тапыл басып жүріуге жарайды. Онан кейін ақырын да болса кәдімгідей жүретін болады. Онан әрі жүгіріуге жарайды, жүгіріуге жарағаннан әрі жарысқа түсіп, жүрісті өнер есебінде қолданыу даражаға жетеді.
Балалар түгіл үлкендерді алсақ, олардың да бір нәрсемен жүріуге үйретіу жолы нақ әлгідей. Шій-айақпен[2] сырғанақ тебіуге үйренгенде, үрелікпен[3] немесе белетсепетпен[4] жүріуге үйренгенде, бірден сырғытып кете алмайды. Бастапқы кезде жүріу әдісін алғанша, олар да балалар секілді өз денесін өзі бійлей алмай, мүшелері өзіне көнбеген сыйақты, өзі жұмсаған жағына жүрмеген сыйақты болып, әр ісін бөлек-бөлек андап, әр қозғалысын бөлек-бөлек алып, санап істеген сыйақты болады. Әдісін алғаннан кейін батылырақ қыймылдайтын болады, онан әрі батылырақ жүретін болады, онан соң қалай болса, солай жүретін болып әбден төселеді, төселгеннен әрман (қарай) басқалармен жарысып өнер салыстырарлық даражаға жетеді.
Сол сыйақты сауаттанарда балаларға болсын, үлкендерге болсын әдісін алғанша сөздің ішіндегі дыбыстарын танып, айырып шығарыу да қыйын, бөлек-бөлек дыбыстарды құрап-қосып, сөз қылып айтыу да қыйын.
Әдісін алғаннан кейін айырыудың да, қосыудың да қыйындығы жоғалады. Онан әрі тек жаттығыу, төселу ғана қалады. Жаттығыу, төселу үшін істін қайта-қайта істелуі ғана шарт.
Жазыу да, оқыу да бір істеліп қана қойылатын іс емес, мектепте күнде керек болып, күнде істеліп отыратын іс.
Сондықтан мектептен шыққанша жазыу мен оқыуға балалар төселмек түгіл, әрі барған сайын қайсысын да болса өнер түрге айналдырып, әдемілеп жазыу, безендіріп оқыу қолынан келетін болады.
Сауаттау әдісінің қызметі жазыу мен оқыу әдісін алғанша бастапқы кезде болатын қыйындықты кемітіу, не жоғалтыу үшін, жүріуге үйренгенде балаларға беретін сүйеніш арба сыйақты, шій-айақ тебіуге үйренгендерге беретін сүйеніш шана сыйақты көмек беріу.
Енді үйретіу табыйғый жөнімен жүріп, үйреніу әдісінің жолымен жүріп отырып, дыбысты әдіс пен тұтас сөзді әдістің жолдарына келейік.
Дыбысты әдіспен үйретіу жолы – әлгі айтылған үйреніушіге сүйеніш арба, сүйеніш шана беріп үйретіу жолы. Мұнымен үйренетіндер жүріу әдісін алмай тұрғанда, бойын бійлей алмағаңдықтан арбамен, шанаға сүйеніп қозғалған сыйақты жылжыйды. Соларға сүйеніп жүріп бойын үйретіп, мүшелерін жаттықтырып әдісін алыу сыйақты болады. Бірақ айағын бір басып, екі басып, ақырын жылжыса да, өздігінен өз мүшелерін жұмсаса, өз денесінің құуатымен жылжыйды. Бұлай жылжыған уақыт әр қыймылды мүшелері өзі істеп, өз басынан кешіріп сезіп, түйіп отырғандықтан, қыймыл тетігін тез аңдап, әдісін тез алады.
Дыбысты әдіспен үйретіу жолы – мысалмен түсіндіріп сүуреттегенде, осы болып шығады.
Тұтас сөзді әдіспен үйретіу жолына келсек, ол – арбаны өзіне беріп, соған сүйендіріп, өзін қозғалтып, өзін жүргізіп үйретіу емес, арбаға тіркеп, біреу сырғытып жүргізіп, жіберіп отырып үйретіу сыйақты. Немесе шанаға тіркеп, біреу сырғанатып жіберіп отырып үйретіу сыйақты. Өз күшімен жылжымай, басқаның күшімен бара жатқан соң, сырттан қарағанда жүре білмейтін баланың жүрісі жүре білетін баланың жүрісі сыйақты көрінеді. Шій-айақ тебе білмейтін адамның сырғанағаны тебе білетін адамның сырғанағанындай болып көрінеді. Бірақ жүргізіп жүрген құуат біткен жеріне дейін барады да, одан әрі жылжымай тұрып алады, жылжыу үшін әрдайым біреудің күшін керек қылады.
Үйткені, әрбір жүріп келген жеріне өз денесінің құуатымен жүріп келмейді, біреудің жүргізген құуатымен келеді. Мұнда дайым біреу жүргізіп, басқаның құуатымен қозғалып отырған соң өз санасының ісімен жұмысы өз денесінің құуаты аз қатысқандықтан, қыймыл тетігін тез аңдап, әдісін тез ала алмайды.
Тұтас сөзді әдіспен үйретіу жолы – мысалмен түсіндіргенде осы болады.
Осындай мысалға келтірген жүріуге, сырғанақ тебіуге үйретіу әдісінің екі жолын сауаттау әдістерінің мысалына алмай, жас баланы жүріуге, үлкенді шій-айақ тебіуге үйретіудің әдісі болған нақ өз қалпында алып сынға салсақ, жүріумен сырғанақ тебіуді үйретіуге жоғарғы екі әдістің қайсысы жақсы дер едік?
Әрійне, алдыңғысы жақсы екендігіне дау жоқ. Солай болған соң алдыңғы әдіске ұқсас дыбысты әдісті, соңғы әдіске ұқсас тұтас сөзді әдісті екеуін де ешбір тілге, емлемен әліп-бій жүйелеріне матастырмастан өз алдына оңаша тұрған күйлерінде алып тек қана асылын тійісінше тексеріп қарасақ, дыбысты әдіспен үйретіу жолының артықтығы да даусыз нәрсе болып шығады.
Егерде тұтас сөзді әдісті дыбысты әдіспен төмен бола тұрса да, керек қылатын болсақ, онда басқа жұрттардікіндей тіліміздің, емлеміздің, әліп-бійіміздің жағдайына қарай, шарасыз керек қылатын орнымыз боларға керек.
Ондай шарасыз керек қылатын орнымыздың бар-жоғы қазақша сауаттау әдісін көрсеткен кезде білінбекші.
Келесі әңгімелеріміз қазақша сауаттау әдісі тұуралы болмақшы.
Басқарма. Жазыушының дыбыс әдісі мен тұтас сөз әдісін сынаған ойларына, көзқарасына басқарма қосылмайды. Ол ойларын бір жақты жаңылысы бар деп біледі. Мұндай мәселе әлі қазақ оқытыушыларынасоны болғандықтан, бұл мақала пікір алысыу ретінде басылып отыр. Әдіс жұмысымен таныс адамдар, педагогтар бұлтуралы пікірін жазыуын өтінеміз. Басқарма соңғы нөмірлердің бірінде өз ойын да жазбақшы.
[1] Лев Толстой. «Үйретіу әдістері тұуралы».
[2] Коньки.
[3] Ролик.
[4] Велосипед (Құраст.)