Бір жерде жалпылау, бір жерде жалқылау әдісі жүріп, ақырында екеуі жалқылаулы-жалпылау әдісі болып бірігеді.
Бұл әдістің өзі қолданыу жүзіндегі баспалдақтарына қарай бірнеше түрге бөлінеді.
І. «Шағын сөзді» деген түрі. Мұның асылы балаларға шағындап алған әр сөздің оқыуы мен жазыуын білдіріу. Мұны әуелі қолданыушылар: Погел, Томас, Белме деген неміс оқытыушылары, сонан басқалар алып түрліше қолданады. Бірақ бәрінің негізі мынау болады:
Әліп-бій кітабы болмақ. Ол кітаптың ішінде: 1) Сүгіреттер болмақ. 2) Сүгіреттегі нәрселердің атын көрсететін баспа да, жазба да сөздер болмақ. 3) Сол сөздерге ұқсас басқа да сөздер болмақ. 4) Үйретілген әріптерден жасалған сөздер, сөздерден жасалған сөйлемдер, сөйлемдерден жасалған қысқа-қысқа әңгімелер болмақ. 5) Түгел күйінде әліп-бій ретімен жазылған әріптер болмақ. Бұл соңғысы үйретіу үшін емес, әріп біткеннің бәрі үйретіліп болғандығын көрсетіу үшін қойылады.
Осылайша шығарылған әліп-бій кітаптары бірінен-бірі негізгі жағынан емес: 1) Шағындап алған сөзінің сандары жағынан. 2) Сөздерінің түрлері жағынан. 3) Сөздерінің орналасыуы жағынан. 4) Оқыуға алынған әңгімелері жағынан алынады.
Үйретіу көшесі былай:
1. Әліп-бій кітабының 1-і бетінде тұрған сүгіретті оқытыушы тақтайға салады да, сол нәрсенің жайынан әңгіме қозғайды. Әңгіме балаларды қозғайды. Балалар мен оқытыушы әңгімелесе-әңгімелесе барып, сол нәрсе тұурасындағы жұмбақтар, өлеңдер сыйақты нәрселерді айтқызады немесе өзі айтады. Бұл әңгіменің пайдасы – алынған нәрсені балаларға анық танытып білім береді, сөйлесіуге бойын да, тілін де үйретеді.
2. Салынған сүгіретті балалар дәптерлеріне көшіреді. Бұл көшіріу балаларды сүгірет салыуға үйретіу емес, салғандары ұқсасын, ұқсамасын әркім әлінше салса болғаны. Мұның пайдасы – сүгірет салыуға балалар әуес болғандықтан, сүгірет салғандарына мәз болып өздері рақаттанады, қарындаш ұстауға қолдары үйренеді.
3. Сүгіреттегі нәрсенің атын көшіріу. Оқытыушы сөзді тұтас күйінде тақтайға жазады. Балалар дәптерлеріне көшіреді. Дәптерлеріне көшіріуден бұрын былай етіу керек дейді: Оқытыушы тақтайға жазып жатқанда, балалар қарап, бағып отырады. Жазып болған соң, балалар орнында отырып, оқытыушының жазыуына еліктеп, жазған сыйақты болып, сұқ қолдарымен тақтай
бетіндегі жазыу бойымен жүргізеді. Сонан соң барып қарындашпен дәптерлеріне жазады.
4. Сөздің дұрыстарын айырыу. Ол үшін оқытыушы тійісті сөзді алады да, дыбыстарын анық етіп ашық дауыспен айтады. Әсіресе, кезінде үйретіуге керек болып тұрған дыбысты айқындата айтады.
5. Сөзді әріптен бұтарлау. Ол үшін оқытыушы әріп араларын ашығырақ жазады. Балалар соның ішінен үйретіп жүрген әріпті танып алып, бірнеше рет жазады. Солай бірнеше әріпті танығаннан кейін оқытыушы енді әр әріпті жеке күйінде алып тақтайға жазып, бұл қай сөзде, қандай орында тұр деп сұрайды. Балалар әліп кітабынан жазылған әріпті сөздің ішінен танып көрсетеді.
6. Әріптерден сөз жасау. Балалар 4-4 әріпті таныйтын болғаннан кейін солардан құрап, сөз жасайды.
7. Баспа таныу. Ол үшін жазба сөздің астына баспа сөз қойылып, екеуінің әрпі салыстырылады.
Шағын сөзді алдыңғы әдістерше не әріп жаттатып, не сөз жаттатып, балалардың басын қатырып жалықтырыу жоқ. Жұмыстың бір ұшы оқытыушыда, бір ұшы балаларда болып, бұлардың басы білім құйатын тек ыдыс есебінде болмай немесе бір жағы адамша, бір жағы машыйнаша істемек, екі жағы да зер салып істейтін болады.
Мұнысы алдыңғы әдістерден артық бір жері болмаса, екінші бір артық жері – аз сөзді оқый біліумен балалар көп сөзді оқып кетіуге жарайды. Сондай артықтығы болғандықтан, бұл әдіс мәденійетті жұрттардың бәріне де жайылады. Жұрт өзінің тілінің, емлесінің жүйесіне қарай түрліше ыңғайлап қолданады. Сондықтан пәлен әдіс, түлен әдіс деп түрлі атпен аталады. Атына қарамай, затына түптеп қарағанда бәрінің негізі бір болып шығады. Орыстарда түрлі атпен аталған әліп-бій кітабы үйрететін әдістер, татарлардан, мәселен, түрлі атпен аталған әліп-бій кітабы үйрететін әдістер, біздің қазақта да әліп-бій кітабымен үйрететін, олардың бәрі де шағын сөз әдісінің негізінен құр емес.
ІІ. «Жазыу-оқыу» деген түрі. Былай деп біреулер жазыу мен оқыу екеуін қабат үйретіуді айтады, біреулер оқыуды жазыу арқылы үйретіуді айтады. Әдістің затына соңғы мағынада айтыулары дұрыс келеді. Үйткені – бұл әдісті қолданыушылар оқыу үйретіуді оқыудан бастау дұрыс емес, жазыудан бастау дұрыс дейді.
Мұны былай дәлелдейді: «Жазыу жоқ кезде оқыу жоқ. Оқыудан жазыу дүнійеге бұрын келген. Оқыуды жазыу тұудырған» дейді.
Оқыу білмейтін адамды үйреткенде, жазыу мен оқыудың пайда болған жолымен жүріу керек дейді.
Бұл әдістің өзі онша дүнійеге көп жайылмағанымен, өзге жайылған әдістерді түзетіуге дақылы болды. Мұнан бұрын оқыу алда жүріп, жазыу сонда жүріуші еді. «Жазыу-оқыу» әдісі шыққаннан кейін оқыу мен жазыу екеуі қатар жүретін болды. Оқытыушылар үйретіуді оқыудан бастаса, әдістер оқытқанын жаздырып отыратын болды. Жазыудан бастаса жаздырғанын, не жазғанын оқытып отыратын болды.
Бұл «жазыу-оқыу» әдісін орыстар, орыстан үлгі алған Ресейдегі басқа жұрттар көп қолданады.
ІІІ. «Дыбысты әдіс». Дыбысты әдіспен үйреткендегі істелетін істің негізі бес түрлі:
1. Балалармен әңгімелесіу.
2. Оқыу үйретіуге де дайарлайтын жұмыстар.
3. Сөзден дыбыстарды айырып шығарыу.
4. Әріптермен таныстырыу.
5. Білген әріптерінен сөз құрау, соны оқыу.
Әңгімелесіу. Бұл балалардың бойын үйретіу үшін істеледі. Әңгімелескеннен кейін балалар оқытыушыға үйір болады, оқытыушы балалардың жайларын біледі. Әңгіме арқылы балалар мектептегі нәрселердің аттарымен, жүріу-тұрыу жүзіндегі тәртіптерімен танысады.
Оқыуға дайарлайтын істер. Бұл – әуелі, «сөз» деген ұғым мен «дыбыс» деген не нәрселер екенін білдіріу. Екінші, сөздің ішіндегі дыбыстарды айыртыу.
«Сөз» деген ұғымды танытыу үшін оқытыушы балаларға бір нәрсені ататады. Оның атаған нәрсесі тұуралы өзі бір нәрсе айтып, неше сөзбен айтылып тұрғанын сұрайды. Мәселен, балалар «тақтай» деген болса, оқытыушы «тақтай үлкен» дейді де, балалардан неше сөзбен айтылып тұр деп сұрайды. Сол жөнмен бірнеше рет сөздер, сөйлемдер алынып, сұралып өткеннен кейін «сөздің» немене екенін біліп кетеді.
«Дыбыс» ұғымын танытыу үшін істелетін тәсіл екі түрлі болады. Біреуі былай: Оқытыушы бір дыбысты айтады да, айтқаным не дыбыс деп сұрайды. Балалар естіген дыбысын айтады. Тағы бір дыбыс алып, тағы солай сұрайды, балалар сұрағанын айтып береді. Солай бірнеше рет істегеннен кейін балалар «дыбыс» деген нәрсенің не екенін ұғады. Екінші тәсіл былай істеледі: Балалардың көзін жұмғызып қойып, оқытыушы бір нәрсені сылдырлатады немесе тықылдатады. Бірақ не істесе де балалардан «не естідіңдер?» деп сұрайды. Балалар естігенін айтады. Сонан оқытыушы бір дыбысты айтады. Мұны да не естідіңдер деп сұрайды. Балалар естігенін айтады, солай бірнеше ірет істеп, бірнеше ірет сұрағаннан кейін «дыбыс» деген немене екенін балалар ұғады.
Дыбыс айыртыу үшін оқытыушы өзі не балаларға бірдеме айтқызады. Сонан бір сөзді алады да, соны әуелі бұуындап, бөлектеп айтады. Бұуындап, бөлектеп айтқанда бұуын жіктері ашылып, әр бұуын бөлектеніп естіледі. Солай бірнеше сөзді алып айтқаннан кейін балалардың құлағы сөз бұуынын айыратын болады.
Бұуынды айыра білгеннен кейін дыбыстарын айырыуға түседі. Ол айырыуға қолайлы бұуын табылатын сөздерді алып, әуелі бұуынға бөледі де сонан өзінің керек қылған бұуынын алып, дыбыстарын бөлектей айтады немесе әнге салған сыйақты созып айтады. Балалардың тез айырып үйреніуіне соңғысы қолайлы. Бұуынды созып айтқанда, оның ішіндегісі нендей дыбыс екені біліне қалады. Мәселен, «ара» деген сөздің «ра» деген бұуынын алып, әр дыбыспен созып айтса, әуелі «р», сонан соң «а» естілетіндігін құлақ қазір айырады. Мұндағы бір керек нәрсе, ол – алғашқы кезде алған бұуындардың әріптері созылатын болыу тійіс: ол дыбыс айырыу жұмысын көп жеңілдетеді.
Дыбыстарды айыра білгеннен кейін оларды қоса біліуге кіріседі. Дыбыстарды қосып бұуын жасап, бұуыннан сөз жасау керек дейтіндер де бар, оның керегі жоқ дейтіндер де бар. Керек деушілердің пікірі де екі бөлінеді: Біреулері әріп көрсетіуден бұрын балалар сөзді дыбыстан құрап жасай біліу керек дейді, екіншілері – дыбыс құрастырыу әріптермен таныстырып, соларды құрастырып, сөз қылып, қосар жерде істеліу керек дейді. Әуелі, бұл үш түрлі пікірдің дыбысын құрастырыу керек емес дейтіндер дұрыс емес. Дыбысты әдіс болмасқа керек десе, онда жөн, ал дыбысты әдіс болса, онда дыбыстарды қостырыу болмаса, ол шала болмақ. Екінші, әріптерді құрастырып оқыр кезде істеліу керек деген пікір де дұрыс емес. Онда кеш болады, ол жерде еш пайдасы тіймейді. Олай болғанда сөздің дыбыстарын айыртып үйретіудің де қажеті жоқ, оны жазыу кезінде істетіуге болады.
Сөздің дыбыстарын айыра біліу – соңыра жазыуға керегі бар нәрсе, дыбыстарды құрастырып сөз қыла біліу – ол соңыра оқыуға керегі бар нәрсе. Дыбысты дыбысқа қосыу әріпті әріпке қосыудан жеңіл болады. Үйретіу жеңілінен басталыу керек. Ол үйретіудің негізгі дабыл жолы.
Әріптермен таныстырыу. Сөздің дыбыстарын айыра білгеннен кейін түрлі дыбыстарды қосып сөз қыла білетін болғаннан кейін әріппен таныстырыуға түседі. Әріппен таныстырыу іреті әріптердің әліп-бій кітабындағы тұрған іретінше болады. Әліп-бій кітабының басындағы бөлек әріптер немесе сөздің ішіндегі әріптер, мәселен «а», «с» болса, сол әріптер бар сөзді алып, дыбыстарын айыртады. Сонан соң пәлен дыбыстың таңбасы мынау деп әрібін көрсетеді. Дыбыс таңбасы әріп деп аталатынын да айтады. Сонан кейін жаздырады. Басқа әріптердің арасынан іздеп таптырады.
Сонан кейін танытқан әріптерінен құрастырып, сөз қылып оқытады. Дыбыстарды айыртыу, құрастырып сөз қылыу дұрысталып істеліп, балалар әбден әдісін алған болса, сол дыбыстардың әріптерін құрастырып, сөз қылып оқыуға балалар қыйналмайды. Бір-екі сөзді әріптеп құрап оқығаннан кейін тез әдісін алады. Алғашқы кезде сөзді ылғый бұуындап қостырып оқытады. Сонан бұуындап оқып әдеттенеді. Бұуындап оқыу жаттыға бара қалыпты оқыу түріне түседі.
Анығында Еуропа жұрттары соңғы кезде қолданып жүрген әмерійке әдісі деген жалқылаулы-жалпылау әдісінің «тұтас сөзді» тағы бір түрін айтып, сонымен әдіс жалпы тарихын айақтайық.
Бұл – ескі емлелі жұрттың шығарған, ескі емлелі жұрттардың қолданып отырған әдісі. Ағылшын, француз жұрттарының емлелері араб емлесі сыйақты ескі болады, ескі емлемен жазылған сөздің жазыуы мен оқыуы бір-біріне сәйкес болмайды. Мәселен, арабтар «тырқы» деп жазып, «тараққый» деп оқыйды. Ағылшын мен француз емлесі онан да сорақы: біз олардың емлесінше жазатын болсақ, «жой» деп жазып, «жұуа» деп оқыр едік. Ондай емлесі бар жұртқа дыбыстың құны шамалы. Сөзді сүгіретін жаттаумен танып оқыйды, әріп тек сүгірет мүшесінің орнына жүреді.
Бұл күнде бұл әдісті әр жұрт өз тілінің, емлесінің ыңғайына қарай әртүрлі тұтынып отыр. Нағыз өзінің шыққан жері Әмерійкеда тұтыныуы былай:
Жылдың ортасына дейін кітап қолданыу жоқ. Балалар оқытыушының тақтайға жазғанын ғана оқыумен барады. Оқыу әріптен, не дыбыстан басталмайды, тұтас тұрған сөздерді оқыудан басталады. Мәселен, бір бала шегіртке ұстап әкелген екен.
Оқытыушы: «Не әкелді?» – деп балалардан сұрайды. Балалар: «Шегіртке әкелді», – дейді. «Шегіртке әкелді» деген сөйлемді оқытыушы тақтайға жазады. Өзі оқыйды, балаларға оқытады.
Сонан соң «шегіртке» деген сөзді кірістіріп, басқа сөйлемдер алады. Оны жазады, оқыйды, оқытады. Сүйте-сүйте «шегіртке» деген сөздің жазыуы қайта-қайта ұшырап, балалардың жаттарында қала-қала барып, әбден таныс болып, бірден таныйтын болады. Бірден таныйтын болса, бірден оқыйтын болғаны. Басқа сөздердің де оқыуын сол іретше үйретеді.
Солай етіумен жарты жылдың ішінде 125 шамалы сөзді танып оқыйтын болады. Екі айдай сөздің дыбыс жағына жоламайды. Онан әрі ғана, балалар бірсыпыра сөздің оқыуын енді біліп болды ғой дегенде барып, сөздің дыбыстарын айырта бастайды.
Дыбыс айыртыуға тұқымдас сөздер алынады. Тұқымдас сөздердің дыбыстарының көбі бірдей болады. Дыбыс айыртыуға түсерде жаңа үйретілген сөздер тұқымдастығына қарай сұрыпталып, бірінің астына бірі сатыланып жазылады. Соларды көре-көре, оқый-оқый жүріп сөздердің бәрінде де ұшырайтын ортақ дыбыстардың үнін де, әрпін де айыратын болады.
Әмерійканың жазыуға үйретіуді де оқыуға үйретіу сыйақты әріптен басталмай, бүтін сөздің жазыуынан басталады. Бірақ жеңілдік үшін бастапқы кезде әрпі аз сөздер алынады.