ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Жалқылау (айырыңқы) әдіс

Жалқылау әдіс – жалпылау әдіске қарсы жөндегі әдіс. Жалпылаудың асылы ұсақтан ірілетіу болса, жалқылаудың асылы іріден ұсақтатыу.

Жалқылау әдістің жалпылау әдістен артықтығын құуаттайтын пікір ХVІІІ ғасырдың айағында тұуады. Бастап тұуған жері – Франция. Бастап құуаттаушылар бұл әдістің артықтығын былайша дәлелдеген: Бір нәрсемен баланы таныстырғанда, оның бөлімдерінен бастап таныстырмаймыз, тұтас тұрған тұлғасында таныстырамыз. Мәселен: Шапанмен таныстырғанда жеңінен, жағасынан, етегінен, өңірінен бастап таныстырмаймыз, шапанның өзін алып көрсетіп таныстырамыз. Оқыу үйреткенде де сөздің әріптен, бұуынынан бастамай, сөздің тұтас тұрған тұлғасынан бастап үйретіу керек дейді.

Бұларша оқыу үйретіу үшін әліп-бій кітабы болсын, басқа кітаптар болсын – бірі де керек емес. Түсінікті сөздерді алып, балаларға көрсетіумен балалар сөздерді танып, оқып кетеді. Мағынасыз әріптерді, ежіктерді жаттаудан мағыналы сөздерді жаттау балаларға жеңіл де болады, көңілді де болады дейді.

Францияда мұндай пікір тұуып тарай бастағанда, немістерде де осы пікірге келіушілер болды.

Неміс әлімі Гедике[1] деген жалқылау әдісін құуаттаушының бірі болып пікір тартады. Ол құуаттағанда былай дәлелдейді: Дүнійе танып, білім біліуіміздің бәрі жалқылау әдіс жолымен болады. Дерексіз заттан деректі затты бұрын таныймыз, мүшелерінен тұтас тұлғасын бұрын таныймыз. Балаға оқыу үйретіуде сол жолмен болыу тійіс, оқыу үйретіу балаларға түсініксіз әріп сыйақты дерегі кем нәрседен басталмай, түсінікті тұтас сөзден басталыу керек дейді.

1791 жылы Гедике тұтас сөзбен үйрететін әліп-бій кітабын шығарады. Бес жасар қызын сонымен үйретіп, үш айда сауатын ашып, кітап оқыйтын етеді. Үш айда сауат ашып, кез келген сөзді оқый білерлік етіу – о заманда болмайтын оқыйға.

Бір әріпті үйретіу үшін бір Гедике неше сөз алады.

Мәселен, «а»-ны үйретіу үшін бізше болғанда мынадай сөздерді алған: Ар, азық, арғын, ас, ақыл.

Кітаптың бірінші бетіндегі бірінші жолдағы сөздер осылар болмақ. Басқа жолдарындағы сөздер басқа болмақ, бірақ олардың ішіндегі «а» әрпі болмақ. Бұлардың «а»-сы басында келмейді, орәлімітасында, айағында келеді. Басында «а» келетін атау сөздер өз алдарына бір жол болып, екі-үш жолдан кейін қайта-қайта келіп отырады. Елеулі болыу үшін «а» әрпі бірде қызыл, бірде қара бойаумен басылған. Үйретіу тұтас сөзді оқыудан басталады. Мұғалім 1-ші жолдағы сөздерді бір-бірлеп көрсетеді, оқыйды; Балалар көрсеткеніне қарап мұғалім айтқанын олар да айтады, солай етіумен балалар әлгі алған бір жолдағы бес сөзді әбден танып көрсеткенде айтарлық, айтқанда көрсетерлік даражаға жеткенде, сөздің бұуынын айырыуға түседі. Онан әрі бұуынның әріптерін айырыуға түседі.

Оны былай істегені мұғалім бірінші сөзді алып, «а-р» деп екеуін қоспай, жіктерін ашып айтады да, неше бөлініп, айтылып тұр деп сұрайды, сонан соң әр бөлімін бөлек айтқызады. 2-інші, 3-інші, 4-інші, 5-інші сөздерді де солай етеді. Бәрінің де басындағы дыбысы бірдей болып, басқаларынікі ондай болмаған соң, «а» дыбысы айрықша болып шығады. Сонда бұл дыбыстың әрпі мынау деп, «а» әрпін көрсетеді. Басқа сөздерге де басқа әріптермен таныстырғанда істейтін тәсілі осылай болған. Балалар бір беттегі сөздерді танып, оқырлық даражаға жеткенде, 2-інші беттегі сөздерге түскен.

Мұның тәсілі жеке балаларды оқытыуға жараса да, мектепте көп баланы оқытыуға жарамсыз болып шыққан. Негізгі кемшілігі сөзді жаттатыу, сөз әріптен, бұуыннан мағыналы, балаларға түсінікті болғанмен, не үшін былай «ат» етіп сызған нәрсе ат болып оқылыуға тійістігі, онысы балаларға түсініксіз, сондықтан бұл әдіс те іске асып жарымайды, бірақ жалқылау әдіс пікірі өшпейді.

Жалпылау әдіске жан беріп, күшейткен атақты француз оқытыушысы Жакото[2].

Жакото үйретіу – асылында үйреніуге дағдыландырыу дейді. Баланың үйреніу талабын қоздырса, білімнің бәрін басқаның көмегінсіз өзі-ақ алады. Балаға талаптылық тәрбійе беріу үшін басынан табыйғат жолымен үйретіу керек. Табыйғат жаратқан нәрсесін тұтас түрінде жаратады. Табыйғат нәрсесін адам да әуелі тұтас түрінде түйеді. Бала оқытыушы осыны дәйім есінде сақтау керек. Балаға ән үйретпек болсақ, әуелі дауыстың түрін (нотасын), дауыстың даражасын (тонын), сонан соң барып әнді үйретер ме едік. Әуелі әннен бастап үйретер ме едік дейді. Баланы өсімдікпен таныстырсақ, гүлінен, жапырағынан бастап таныстырамыз ба? Айуанмен таныстырсақ, сүйегінен бастап таныстырамыз ба? Тұлға түрінде алып таныстырамыз ғой. Бала үйреткенде сол жолмен үйретіу керек. Нәрсенің бөлшегінен бастап үйретпей, тұтас тұлғасынан бастап үйретіу – дерексіз заттан бұрын деректі қатты алып таныстырыу дейді.

Мұның да дәлелі алдыңғылардікіндей, бұ да әліп-бій кітабы керек емес дейді. Бала үйретіуге айрықша кітаптың керегі жоқ, кез келген кітап жарайды. Кез келген кітаптың бір бетін алып, ішіндегі сөйлемдерді оқытып, оларды сөзге бөліп оқытып, сөздерді бұуынға бөліп оқытып, бұуындарды әріпке бөліп таныстырса, сонымен бала оқыуды үйреніп алады, үйткені әліп-бій әрпінің бәрі кітаптың бір бетінен табылады дейді.

Жакотоның әдісін өзгертіңкіреп осы күнде де қолданып отырғандар бар. Әмерійкан әдісі деп айтылып жүрген әдістің негізі Жакотонікі.

Жакотоша үйретіу реті былай болмақ:

Кітаптың алған бетіндегі әуелі келетін, мәселен, мынадай сөйлем екен – «Қалаға жақын жердің бәрі жыйын».

Осы сөйлемді мұғалім кеспе әріптен жасап, тақтай бетіне тізіп қойып, дауыстап әр сөзін қолымен көрсетіп оқыйды. Сонан соң оны балалар оқығанда,

бәрі дауыс қосып көптеп те, жеке де оқыйды жана да қалыпты ретпен окымай, сөзді есе қосып былайша оқыйды:

Қалаға

Қалаға жақын

Қалаға жақын жердің

Қалаға жақын жердің бәрі

Қалаға жақын жердің бәрі жыйын.

Осылай оқыу балалар сөйлемнің ішіндегі кез келген сөзді танып айтатын болғанша істеледі.

Сонан кейін мұғалім басындағы сөзді алып, кеспе әріптен бұуынға бөлген түрде бөлек шығарып қойады да бұуын-бұуынына белгілеп оқыйды. Балаларға да солайша оқытып, сөз неше бөлініп айтылатынын айтады. Сөздің бәрін солай оқытып, солай айттырып болғаннан кейін, пәлен бұуынды, түген бұуынды көрсет дейді. Пәлен бұуын қай сөзде, түген бұуын қай сөзде деп сұрайды. Пәлен бұуыны бар, түген бұуыны бар сөзді көрсет дейді. Пәлен сөздің бас бұуыны, айақ бұуыны қайсы деген сыйақты сұраулар болады.

Сүйтіп, бір сөйлемнің өзінде балалар бұуынның бірнеше түрлерімен танысып қалады.

Әріппен таныстырыу үшін де істейтін тәсілі осы. Бір бұуынды алып, мәселен, «ла»-ны алып, екі арасын ашып қойып, арасын бөліп оқыйды, балаларға оқытады. Неше бөлініп айтылатынын сұрайды. Басындағы, айағындағы әріп әрқайсысы не деп аталатынын айтады, оқығанда қалай айтылатынын айтады. Сонан соң білген әріптерін басқа сөздерден тапқызады. Сонан әрпі екінші, үшінші, тағысын тағы бұуындарды алып, істейтін ісінің реті бәрі осылайша болады.

Бір сөйлемді солайша үйреніп болғаннан кейін басқаларын алып, бұлайша үйретеді. Жалғыз қойылатын шарт – 1) Балалар үйренген нәрсесін нық біліу, ол үшін оқыу сабағын дәйім басына бірінші сөйлемнен бастап отырыу. 2) Жаңа сөйлемді оқытыуға алғанда ішінде келетін бұрынғы таныс бұуындармен таныс әріптерді балалардың өздері көрсетіуі керек.

Сүйтіп, он шақты сөйлемді оқый білген кезде, балалар бір жағынан әріптерді, бір жағынан бұуын түрлерін танып алып, бір жағынан оқыуға жаттығып, әрмен қарай өз беттерінен оқыуға жараған.

Жакото оқытыуға ұста, әдісінде шеберлік толық болғанмен, Гедикенің әдісіндегі кемшіліктен бұ да құтыла алмаған. Ол кемшілік – оқыған сөздерін балалар неге солай оқылатынын білместен жаттау. Ол кемшілігіне қарамай Жакотоның әдісі тәуір-ақ жайылған. Немістер Жакото әдісінің мәнісіне түсінгеннен кейін, Жакотоның әріпті әдісін дыбысты әдіске аударыу шарасын қарастырады. Сүйтіп, бір заманда дыбысты жалқылау әдіспен дыбысты жалпылау әдіс – екеуі қатар өркендеп күшейген кезі болған. Онан әрі барып екеуі қосылып, бір әдіс түріне түскен, онысы – жалқылау-жалпылау әдіс. Ол келесі жолы сөз болмақ[3].



[1] 1775-1803 ж. шамаларында болған адам.

[2] 1770-1840 жылдарда болған адам.

[3] Тұтас сөз – сөйлем әдісінің негізі осы мақалада айтылған болса бұл күнде басқаша ұсталатын кездері де бар. Ақаңның жалқылаулы-жалпылау әдісі дегені осы тұтас сөз сөйлем әдісі. Мұның бүге-шігесі келер санда басылады.