4-нші мартта Министрлер кеңесі келер бірінші майға
шейін патша қол астындағы елдердің малы жазылсын деп
қаулы қылып, мұның шығынына 1 миллион 760 мың сом ақша
шығарылсын деді.
Мына 20 ай созылған дүния соғысы көп етті жем қылды.
Бұрын ел аман, жұрт тынышта бір мұжық бір жылда 50 қадақ
ет жейтін еді, соғысқа барған солдат күніне бір қадақ жейтін
болды. Əскер, қасына ерген қосшы-қолаңымен, 20 миллионнан артса керек. Күннен-күнге бұлардың саны артып барады.
Мал бүйтіп жылдам өспейді. Біздің патшалықта қаладағы жұрт
15 процент, яғни, əрбір жүзден 15 еді. Соғыстан бұрын біздің
патшалық жұрты 160 миллионнан астам болатын. Қала адамы бұрынғы ет сыбағасын жеп отыр. Арақ тоқталғаннан соң,
мұжық қалтасында жылына 700 мың сом ақша аққұла қалды.
Қалтада ақша болған соң, мұжық та күнде ет жейтін болды.
Қолымда ақша бар деп, мұжық қалаға мал сатуын сараңдатты.
Базарға салатын мал елде əскерге алынатын болды. Қала базары сататын малсыз қалды. Осы себептермен қалада ет, май 2-3-
4 есе қымбаттады. Қала адамының кедейі еттен қалатын болды.
Ет туралы бізбен соғысып жатқан неміс көргені бізден неше
қайтара қиыншлық. Онда, жыл асты, жетіде екі күн жұрт етке
тегіс ораза. Енді бір жетіде төрт күн ораза қылады неміс деген
қауесет бар. Бірер күн етке ораза болады деген бізде де естіледі.
Мұнан басқа жас малды союдан тиятын закон шықпақ деген
де еміс-еміс естіледі. Осымен біздің хүкімет патшалықтағы
мал есебін білмек. Бұлай болған соң, біздің қазақтың малы да
жазылады. Мал жазғанда, қашаннан біздің қазақ малын жасыруды үйреніс қылған. Жаңа заман – тарақи заманы, бұл кезде
ұрланып жүріп бес миллион жұрт күн көрмейді. Ұрлық түбі
– қорлық. 240 миллион десятина жерде 5 миллион жұрт отырып, құп-қу болса, жер пайда қыла білетін ерге берілсін деген
де сөз болмай қалмайды. Келешек уақыт, қатын-бала, тұқым
қамын саясат жолында қазақ жұрты еске алса, мына жазғанда
малды жасырмасын!
Əуелдегі абыр-сабыр жаяу жамандық, арамдылықты тоқтатыңдар! Қазақта бар мал жазылса, біздің патшалық байлығы
қуатты болып көрінуіне себеп болады. Бұ да жауға бел
көрсеткеннің белгісі, бұ да көмек болады.
1916 ж.