ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Осы күнгі соттың тəртібіндегі кемшіліктер

Қазақтар һəм қазақ ішіндегі хакімдер көбінесе, билердің сайлауы жайынан зарлайды. Степной положение шықпай тұрғанда қазақтың болыс һəм ауылдары туысқан жігіне қарай бөлінуші еді. Сөйткен соң, би сайлау жұмысында халыққа келетін зиян болмаушы еді. Ру басы қадірлі адамдары өзара би болатын адамдарын ұйғарушы еді. Сайлауда сол ұйғарған адамдарын сайлап шығарушы еді. Степной положение шығып, қазақтың болыс һəм ауылдарын туысқан ретіне қарамай, қоныс, шаруа ретіне қарай орналастыратын болған соң, істің беті жүдə өзгерді. Болыс қол астындағы ел бір тұқымнан болмай, түрлі тұқымнан болған себепті, əр тұқымның көздеген пайдалары басқа-басқа болған себепті, əр тұқым лауазым иесі адамдарды өз пайдасы үшін өз туысқанынан шығаруға тырысты. Сайлау сұмдығы, бүліншілігі осыннан шықты: сайлау үшін ақша төгу, кісі өлтіру – бəрі осыдан пайда болды. Неше түрлі жаманшылық жолмен жеңіп тұрған жағы билердің бəрін өз жағынан сайлап шығарады. Билер сайланып болғаннан кейін қарсы жағынан өш алу үшін өтірік жала бойынша жазаны жаудырады. Закон шығарушылар қазақ сотын сайлаулы еткенде ойлаған: шаруа жөнімен біріккен түрлі рудың адамдары сайлау жолында бірігіп, орталарынан жұртқа пайдалы адамдарын шығарады деп; ол ойдан жұрт шықпады, бұған тоқтау болған баяғы қазақ арасындағы туысқандық жолындағы жақындық басқа жолдағы жақындықтан күштілігі. Өз билігін өзіне беріп, өзіңе керек кісіңді өзің сайла дегенжол қазақтың ру арасындағы партиялығын зорайтып, пайдалы болып шықпады.

Қазақ арасындағы хакімдердің айтуынша кейде үш жыл толуына жақындамай-ақ, көбінесе жаңа сайлаудан бір жыл бұрын, сайлау əңгімесі қозғалып, ел тарту жұмысы басталады. Бейқам, бейбітшілікте жатқан ел қимылдап, қозғала бастайды. Ақырында жұрт дүрілдеп, дүркіреп, сайлау ісіне əбден кіріседі. Партия басшылары кеңес құрып, күн бұрын кімді нендей лауазымға сайлау жайын сөйлесіп, еретін елді есептеп, жұртты қалай тартуға план жасап, елдің аузын аларлық ақша қамдай бастайды. Ең əуелі, выборнойларды сайлап шығаратын ауыл əлеуметінің ішінен өзіне адам тартады. Партия басшыларына əуелі ағайындары ереді, сонан соң руластары ереді, онан соң басқа рулардан ауылдар, үйлер тартылады. Ел тартуға істелмейтін іс аз: ақша да беріледі, басқаша сый да етіледі, қорқыту да болады, тығыздық та қылынады, кей кезде зорлық та жүреді. Қай ретпен болса да бір ауылдың көбін өзіне қаратып алып, екінші ауылға да соны істейді. Қарсы партияның шамасынан асыруға бар күшін сарып етеді. Егерде қаратқан ауылдардың бірінде ауытқушылар біліне бастаса һəм олардың ауғанынан сайлау салмағы да ауатын болса, таластың атайманы сонда болады.

Елдің көбін қаратқаннан кейін басқа жаққа аумасына қам қылады. Сайлау болғанша олардың қас пен қабағына қарап, көңілінтабуға тырысады; қонақасысынберіп, сыйлайды, күтеді. Айылный сиездегі көп жағын ұстап отырып, выборнойларды, ауылныйларды өз жағына шығарып алады. Ауылный сиездер болып, выборнойлар сайланып шыққаннан кейін екі жағының да күші мəлім болады. Управитель мен народный судияларды сайлаушы выборнойлар болғандықтан, таластың нағыз қызу мезгілі сонда келеді. Партия басылар өз жағының да, қарсы жағының да тасын есептейді: кем жағы асыруға тырысады. Волостной сиездің выборнойларының саны үйі көп болыстарда 30-36-дан аспайды. Олай болған соң, екі жақтың тасын есептеп, қай жағының күйін білу қиын болмайды. Қиындық аз жағы көп жағынан тас аударып алуда. Кейде екі жағы да тең болады. Сондай орындарда тас тарту таласы өте күшті болады. Екі жағы да тасын арттыру үшін қолынан келгенін аяп қалмайды: өтірік кірлеу, подлог жасау, құты, кісі өлімдерінен тайынбайды. Тас тартуға оңай жол – ақшамен алу, көбінесе, қазақтар осы жолды қолданады. Бұл жол оңай, оңай бола тұра, өте қымбат: тас алу талай мыңға түседі. Тас сату партия басыларының ерегісін күшейтеді, выборнойларды байытады. Кей выборнойлар тасын бір жағынан соң екінші жағына сатып, қиын қылады. Тастан айрылып қаламын деген құппен, тас алудан ақша аямай, көбі кедей болып, құрып қалады. Қай жолменен де болса жеңіп шыққанмен, талас тоқтамайды, қарсы партия сайланатын адамдарды, волостной выборнойларды қаралауға түседі, сөйтіп, сайлау бұзылуына себеп табу үшін өтірік жала, подлог билік, список бұзу, кісі өлтіру – бəрі де істеледі. Кісі өлтіргенде, қарсы партиядан емес, өз жағынан өлтіріп, жаласын жабу үшін.

Жеңілген жағы, ең болмай бара жатса, сайлау бұзылуына тəсіл істеп, болысты сайлаусыз басқа болыстан қойдыру үшін бүлік шығарады (степной положениенің 53-ші статьясының қосымшасы һəм 70-ші статьясы). Жеңген жағы үш жылға аранын жүргізеді. Болыс, ауылнай, би – бəрін өз жағына шығарып алып, қарсы партиядан өшін, кегін алады, шығарған шығынын өндірмек түгіл, асырады, байиды. Қарсы партиясын жерден қақпалайды, үй салық, əлеумет салықтардың көбін сол жағына баса салады, өтірік ақы, өтірік мал сұратады. Сайлауға жарамастай етіп, өтірік жаламен хүкім кестіріп, қаралайды.

Солай болған соң, народный соттың жұмысы ақтықты ашу болмайды, партия басылардың айтқанымен жүріп, халықты қысып, жəбірлеу болады. Жұрт рəсімі деген белгісіз, танық нəрсеге сүйеніп, народный судиялар ешбір жұрттың заңында жоқжазаға бұйырады. Мəселен, Сырдария облысындаƏулиеата уезінде бір народный сотта екі атшыға еһуди бауыздаған атты мұсылманға сатқаны үшін айлық абақты кескен. Екінші бір судия Құлмағамбет дегенге шіркеуге демеурін бергені үшін екі ай абақты кескен. Семей облысында Зайсан уезінде бір судия 1903-шіжылытамырына қонақасыбермегені үшін Базаровский болысыныңбірқазағынажазасалған. Осыайтылғанхүкіметтерді һəм онан басқа неше түрлі хүкіметтердің бəрін де рəсім бойынша деп салады, ол рəсімді жұрт жолсынбай, орыс хакімдерін, орыс сотын іздеп, əуре болады. Еш уақытта жазылмаған қазақ заңы басқа мəдени жұрттармен араласқандықтан быт-шыт болып жоғалған. Орыстың, казак-орыстың, ноғайдың, сарттың, қытайдың заңдарымен қатысып, шатасып, азып-тозып болған. Оның үстіне қазақтардың көшпелі қалпы өзгеріле бастағанын һəм қазақтың жер жалдау оғайри сондай қағаздаған міндеткер болған жұмыстары турасындағы істерін қоссақ, ондай істердің жөнін де тауып бітіру тура биге де оңай болмас. Жұрт рəсімінен істі қарағанда табан тірерлік жол таба алмай, орыс законын білмей, народный судия ақылына салынып істі тексермей, партияласының ыңғайына қарап билік айтады. Сөйтіп, биліктің əбден қадірі кетіп болған. Тəуір адамдар би болудан қашады. Егерде ондай адамдар бола қалса, əріптестерінің істеген істерін көріп жерініп, биліктен безіп құтылады.

Қазақтың тұрмысының ыңғайына қарай істің ағына жетуге патшалық сотынан народный сот артық бола тұра, мұнша қадірі кетіп болғаны іш ауырарлық іс. Қазақ арасындағы жазықты қылмыстардың шын айғақтарын табу, ізін сақтау, ижбат жию қиын жұмыс. Сондықтан отырықшы жұрттың қалыбындағы тексеру жүйелері қазақ істеріне жуыспайды һəм онан қанағаттанарлық еш нəрсе өнбейді де. Халық дағдысында айғақтың сөздері толық ижбатқа жарамайды. Айғақ сөзіне сүйеніп айтылған билік мінсіз, туралық хүкімге саналмайды. Екі жағы да айғақтарын тоғытып сала береді. Олардың сөздері бытырап, бет-бетіне кетеді де, істің расына жету қиын болады. Айғақтар шеттен болса, аузын майлап қойған болады; жақынынан болса, ағайындығына тартып, дұрысын айтпайды. Қазақ ішінде болған һəм қазақ жайын жақсы білетін адамдардың айтуына қарағанда, ағайыннан болған айғақтар қаншама турасын айтқысы келгенмен, оны істей алмайды. Өйткені ағайындары ондай адамнан безеді; қысылған жерде ондай адамға ағайыны қараспайды; өтірік жазғырады; нақақтан мал тартқызады; қатынын тартып алады я малын ұстап алады; сборды оған баса салады; ұрлық жаласын жабады; өтірік шағым қылады; басын сотқа байлайды; оған өтірік айғақ болады; жер жағына да қиянат қылады. Қазақ антының жайын білуге қарастырып жүрген Аничковтың сөзіне қарағанда, ағайынына қарсы айғақ болған қазақтың үстіне жоғарыда айтылған сияқты түрлі бəлелер жаумақшы. Айғақ сөзіне инабат жоқ болғандықтан, шын айыпкер адамдарды табуға халық басқа жолды тұтынған. Көшпелі күйдегі жұмыссыздық қазақтың қыдыруына зор себепкер болып, қазақ даласында бірбіріне қатынасу көп болады.

Қатынасу көп болған соң, ел ішіндегі хабарлар естілмей қалмайды, хабар жинауда қазақтың хабарға жай əуестігінен басқа, олжа түсерлік жағы да бар: кей хабарды естіртуіне қазақтар сүйінші алады. Жаңа хабар жаюды кəсіп қылып алған адамдар да болады. Ондай адамдар қазақ даласы түгіл, шет жерлердің де хабарын тасиды. Сондай адамдар даланың телеграфы, яки өз күйінше ұзық құлақ хабаршы – газетасы болып табылады. Ұзын құлақ газетаның арқасында, қаншама алыста болғанмен, болмыс оқиға естілмей қалмайды. Қазақтар қандай жазықты қылмыс істегенін һəм қылмысты болған кім екенін білу түгіл, оқиғаның қалайша болғанын да түгел естіп біледі. Оны естіп отырып билік айтатын билер расын білмегендіктен лақпайды. Рас жазықты адам мен өтірік жаланы билер жақсы біледі. Жұртқа һəм елдің ақсақалдарына мəлім хабар бойынша билер нағыз айыпкерді біліп, хүкім салады.

Ұзын құлақтан еш нəрсе мəлім болмаса, күмəнға салады. Талапкер жауапкер жағының бір қадірлі адамын жанға ұстайды. Күмəнші жауапкерге қас адамнан болса, ондайда үшеу-төртеуіне дейін жауапкер қабыл етпеске ықтиярлы. Жан берушіні көрсетуге срок қойылады, жан беретін күні де кесіліп айтылады. Күмəншіжақынжерде болса, қалау срогыүш күн болады. Алыста болса – он күн, құты, жайлаудан қайтуына шейін. Жан беру срогы күмəнші қалау срогынан анағұрлым ұзағырақ болу керек. Өйткені жан берушіге əркімнен сұрастырып, істің əбден анығына қану керек. Күмəнші таңдауға сроктың керегі жердің алыс-жақындығы үшін ғана, жер алыс болып, қалаушы күмəншіге барып жолыға алмай қалар деген оймен. Екі сроктың бірін өткізіп алса да, істен ұтылады. Қаланған күмəншіге жан беретін орнын һəм билік кескен срогын естіртеді.

Күмəншіге он атадан бергі ағайынынан таңдалады. Атасының алыс-жақыны күмəн істің түріне һəм жауапкердің сеніміне қарай. Жан беруден кейін істің ақтығына күмəн қалмайды. Онан əрі дау жүрмейді. Сондықтан көбінесе екі жағы да жан беруге жібермей, қарындас болып бітіседі. Жан берушіге де жан беру оңай емес. Өйткені істің ақ-қарасын ашпай, ақтап шығасың дейді. Ақ-қарасы жұртқа анық болмаса, өтірік жан берген сияқты болып, халыққа қадірін кетіріп алуы ықтимал. Сондықтан кейде жан беруші жан садағасы деп, сұраған малын өзі төлеп жіберетін жерлері де болады. Сөйтіп, көбінесе іс антқа бармай-ақ бітіп қалады. Екі жағы я өздері бітімге келіседі, я жан беруші аласын, шығынын көтеріп бітістіреді, я болмаса жан беруші жан беруге даярмын деп, билерге мəлім етсе, билер соған да қанағаттанып, істі тоқтатады. Осылайша етілген билік, партиялық кіріспесе, дұрыс һəм əділ-ақ. Партиялық кіріссе, биліктен де, жан берушіден де туралық, дұрыстық жоғалады. Қазақта дұрыстық, əділдік дегендер ағайындықтан қымбат бола алмайды. Ондай орында өтірік ант ету қазаққа опоңай. Қазақтың ағайын үшін малы да, жаны да ортаға салынады.

Жеңген жағынан болған биге түсуден қашып, жеңілген жағы народный сотқа жоламай, басқа сотқа бой ұрады. Істі басқа сотқа шығару үшін жай гражданский: ақы даулау, мал сұрау сияқты істерін уголовный түрде қозғап, «талады, тонады, шапты» деп білдіреді. Сондағы мақсаты – істі народный сотқа я тіпті түсірмеу, яки оқиға болған жерге, яғни өз биінің қарауына келтіру. Əсіресе мұндай істер жесір турасында көп болады. Қазақтың халқын бұзып, малының түбіне жететін бəленің ең зорының бірі – жесір дауы. Нағыз шатақ жұмыс қазақтың тұтынған дағдысы бойынша ұл мен қызды жасынан аталары атастырудан шығады. Бұл шатақ ерлі-байлы қосақталған екеуінің арасында да, олардың əкелерінің арасында да болады. Көңілі сүйіп, өз еріктерімен қосылған соң, жасынан айттырып қойғаннан, еріксіз қосылған еркек пен əйелдің арасында сүйкімшілік болмай, көрген күндері опасыз болады. Сүйкімшілік жоқтығы өсіп, іс араздыққа жетеді, онан ұлғайып, ұрысқа айналады. Күнде ұрыспен өмір шегуге болмайтын дəрежеге жетеді. Ойындағыдай болып шықпаған соң, байы ызасының бəрін қатынынан аламын деп, ұрады, қорлық береді, үйден қуып шығарады, неше түрлі азапқа салады. Егерде байына қатынның көңілі толықпаса, сүймейтін адамымен тұрғысы келмей, құтылу талабында болады. Я қашып əкесінің үйіне барады, я көңілі сүйген адамымен қашады. Сөйтіп, отбасынан ылаң шығып, ошағы бұзылады! Ол ошақты түзеу народный сотқа тапсырылған.

Тасталған бай болсын, қатын болсын, я өздері, яки туысқан жақындары олар атынан дау қозғайды. Тасталған қатынның туысқандары арын жоқтап, дау шығарады, тасталған еркектің өзі я жақындары қалың малын даулайды. Əлдеқашан алып қойған малды өндіріп алу оңай емес. Би я қалың малды қайтар, я қатынды қайтар деп билік айтады. Қалың малды қайтара алмаса, қашқан қатын қайтарылып, байына келмекші. Ауызға оңай болғанмен, бастан кешіру мұндай істі оңай емес. Аяғы немен тынарына ешкімнің көзі жетпес. Адамшылық қасиеті аяққа басылады, зорлық, қорлық дегеннің шет-шегі болмайды. Мінез-құлық бұзылады.

Бұл жесір жұмысының бір жағы ғана. Мұнан да гөрі сорақы іс тағы бар. Өлген адамның қатынын ағасы я інісіне қосқаннан, жап-жас қызды өлмеші шал алғаннан, я жасы жеткен əйелдер жап-жас балаға тигеннен артық сорақы іс болар ма? Жесір ісінің қиындығы қазақты түрлі тəсілге түсіреді. Өз биіне түсірсе, ағайын болған соң, қорғайды. Закон бойынша жесір дауы сияқты гражданский істер жауапкердің тұрған жеріндегі биге түспекші. Өз биіне шығару үшін гражданский іске уголовный зіл берерге керек. Қазақтар сондықтан қашқан қатын я қалыңдық турасынан іс қозғағанда, «пəленімді ұрлап кетті» деп, я «талап алып кетті, тартып алып кетті» деп, уголовный, гражданский екеуін қабаттастырып береді. Сол тəсілмен істі өз биіне шығарып алған соң, я бидің аузын майлап, я қадірлі адамдардың өтінішін жүргізіп, істі өз пайдасына айналдырады, я болмаса істі тіпті, орыс сотына шығарып жібереді. Түркістан положениесінің 23 һəм 231-нші статьялары бойынша қай іс те болса, əуелі жеке биге түспекші. Мұндай бидің хүкімінің жарамсыздығын 1908-нші жылы төрт облыста айтылған биліктерден һəм оларға риза болмай берілген арыздардан көруге болады.

Ақмола облысында биге түскен арыздың саны 4088, оның қаралғаны 2248, билік айтылмай қалғаны 1840, билікке риза болмай, үстінен арыз жүргені 1962. Сөйтіп, билерге түсетін арыздың 45 проценті, яғни жүзден 45-сі тіпті, қаралмай қалған екен. 45 процентіне билік айтылған екен, айтқан биліктерінің 80 процентіне риза болмай, арыз жүрген.

Семей облысында биге түскен арыздың саны 3535, оның қаралғаны 2129, қаралмай қалғаны 1406, үстінен арыз жүргені 1376. Сөйтіп, 60 проценті тіпті, қаралмай қаладыекен, айтылған биліктің 65 процентіне риза болмай, арыз жүреді екен.

Торғай облысында биге түсетін арыздың саны 3681, оның қаралғаны 2345, қаралмай қалғаны 1336, үстінен арыз жүргені 1548. Сөйтіп, 64 проценті қаралмаған, 36 проценті қаралған, айтылған биліктің 70 процентіне риза болмай, арыз жүрген.

Орал облысында биге түскен арыздың саны 2609, оның қаралғаны 1380, қаралмағаны 1229, үстінен арыз жүргені 1163. Сөйтіп, 53 проценті қаралмаған, 47 проценті қаралған. Айтылған биліктің 86 процентіне риза болмай, арыз жүрген.

Мұнан көрінеді: биге түсетін арыздың жартысынан ғана астамы қаралатындығы, о да, қазақ арасындағы хакімдердің айтуына қарағанда, өз партияласының сұраған малдары, ақысы туралы ғана болғаннан қаралмақшы. Басқа қаралмайтын жартысының қаралмайтын себебі я қарсы партияның арызы болған соң қарамайтындық, я партияласынан ақы сұраушы арыз болса, созбалап, кешіктірейін деген ниет. Екінші, мұнан көрінеді: жеке бидің билігіне риза болмаушылардың көптігі. Бəрін шағып есептегенде, айтылған биліктің 52 процентіне ғана риза болып, 75 процентіне жүгінушілер риза болмай, жеке бидің үстінен волостной сиезге арыз арыз болады екен.

Түркістан положениесінің 238-нші статьясы бойынша волостағы билердің бəрінен құрылып, 2-нші дəрежелі соттың ісін атқаратын народный судиялардың волостной сиезінде де жеке билік билігінен артық дерлік еш нəрсе жоқ. Мұнда да билер қиянатшыл, руына тартқыш, қастықтың, партиялықтың құлы. Жауапкерді (Түркістанположениесінің 232-нші статьясындағы) би шығарып тастауға ықтиярлы хұқы да құтқармайды. Бəрі бір, қайсысын қаласа да, баяғы партиясын қолдаушы билер. Онан басқа табары жоқ. Сондықтан жеке бидің билігіне риза болмай, волостной сиезге берген қарсы партиядағы адамдардың теңдікке қолы жету жоқ. Жеке бидің билігі партиялық жүзінде көздеген ретіне тура келсе ғана бұзылады. Əйтпесе бұзылу жоқ. Бұл айтылған сөздің ыспаты алыста емес.

1908-нші жылғы болған биліктердің санағында төрт облыста жеке бидің билігіне риза болмай берілген арыз 4 мың 960, барша арыздың 70 проценті (жүзден жетпісі). Қаралған һəм бекілгендері 2 мың 994 билік, демек, 60 проценті қаралып, 40 проценті қараусыз қалмақшы. Бұл қаралмай қалатын арыздар, қазақ ішіндегі хүкімдердің айтуынша, көбінесе қарсы партияның арыздары. Жеке би мен волостной сиез билерінің сотынан басқа жəне билердің чрезвычайный сиезі бар. Чрезвычайный сиез екі волост я екі уезд арасындағы дау үшін құрылады. Түркістан положениесінің 247-нші статьясы һəм степной положениенің 117-нші статьясы бойынша чрезвычайный сиезге билер даугер мен жауапкер волосынан жиылмақшы. Əр волостан бір би; крестьянский начальниктер, билердің саны кем болса, өз бетінен толықтырып құруға ықтиярлы (Түркістан положениесінің 724-нші, степной положениенің 119-ншы статьясындағы қосымша).

Чрезвычайный сиездің құрылатын орны, мезгілі, бір облысқа қараған адамдардың арасындағы дау болса – губернатор ұйғаруы бойынша, екі облыс қазағының арасындағы дау болса – сиездің мезгілі мен орны екі губернатор ымырасымен ұйғарылады. Чрезвычайный (қалыптан тысқары) сиез деген атына қарағанда, бұл сиез қалыптан тысқарыістерге ғанажиылса керек еді, олай болмай, чрезвычайный сиездер дəйімдік сиезге айналды һəм бір ғана түрлі болмай, екі волост арасындағы бір уезд қол астындағы чрезвычайный сиез между волостной делініп, екі уезд арасындағы между уездный делініп, екі облыс арасындағы между областной делініп, түрлері көбейіп, баттасты.

Сол сияқты баттасқан нəрсе туралы Түркістан положениесі мен степное положение статьяларында анық айтылмағандықтан, народный сотқа түсетін істің 214-нші статьяда айтылған жолымен чрезвычайный сиез үйлеспей, іс жүзінде зор қиыншылыққа қалдыратын болды. Бір қиындығы сол, бұл чрезвычайный сиездер жеке бидің жиылысынан болмақшы. Мұндай сиездер көп болған соң, билерді өз волосындағы қалыпты жұмыстарынан айырмақшы. Сөйтіп, қалыпты істері жағына зарарытимекші. Екінші қиындық: Түркістан положениесінің 248- нші статьясы бойынша сиез басында уездный (крестьянский) начальник боларға тиіс, я болмаса губернатордың шығарған чиновнигі болмақ. Бір уезге аз болса 20 волост қарайды екен; 20 волоста жылда аз болғанда 20 сиез болмақшы; бұ да қоңсы уезде болатын сиездерді қоспағанда. Чрезвычайный сиездің мұндай көптігі қазақ арасында жүріп тұруға жердің алыстығы һəм жолдың қиыншылығы, билер мезгілінде жиылмай, сиездің созылуы – бəрі де уездный (крестьянский) начальниктерді басқа хакімшілік істерінен айырып, əр тараптан кемшілік келтіреді.

Осындай қиыншылығы болған себепті облыс хакімдері чрезвычайный сиезді сиректетуді мақұл көріп еді. Чрезвычайный сиезге бөтен ауыл я волост дахылы бар істерді ғана, я партиялық тақырыбынан асқынған істерді ғана, жай сотпен тыныштық таппастай істерді ғана əбден көбейіп, жиылған кезінде чрезвычайный сиезге салуға қолайлаған еді. Солай тəртіп жасауға областной хакімдердің сүйенгені Түркістан положениесінің 247-нші статьясы еді. Бұл статьяның асыл мағынасында екі волост я екі уезд арасындағы істерді сөзсіз чрезвычайный сиезге беру керек деген еш нəрсе жоқ. Бұл сиездерді шақыру-шақырмаудың керек, керек емесі губернатор қарауына берілген. Іс жүзінде жасалған мұндай тəртіп правительствующий сенаттың қарауынша закон жолына қыңыр келгендіктен, 1895-нші жылы 2-нші декабрде 1161-нші номерлі сенат хүкіміменен істен шығарылды.

Чрезвычайный сиезді кемітулері облыс хакімдерінің түсінбегенінен де болған. Чрезвычайный сиез 1868-нші жылдың положениесіндегідей қалыптан тысқары сиез болуға тиіс деп түсінулері шып-шылғи қате. Степное положениені шығарушы 1868-нші жылдың положениесіндегі айтылған сиездің құр ғана атын алған, сиездің өзіне басқа мағына берген. 1868-нші жылдың положениесі бойынша чрезвычайный сиез волостной сотқа риза болмағандардың арыз ететін һəм барымта сияқты екі уезд я екі волост арасындағы асқынған істерді бітіретін сот болғанда, 1891-нші жылдың положениесі бойынша чрезвычайный сиез екі волост я уезд қазағының арасындағы істі үлкен-кішісіне қарамай бітіретін сиез болды. 214-нші статьяда қай сотқа қарау турасындағы айтылған жолға чрезвычайный сиездің жолы туыспаса, ол 1868-нші жылдың положениесіндегі күйінде алғандықтан емес, əдейі солай етілген. Ондағы мəніс – екі волост я екі уездің қазағының арасындағы іс рулары басқа қазақтардың ісі болмақшы. Ондай орында билер де əр рудан болса, біріне-бірі тежеу болып, қиянатқа жібермеске себепкер болар, сотта əділдік молырақ болар деген ой еді. Ол ой дұрыс хұқты. Қазақтың народный сотының ең қадірлісі, жұрт сүйетіні чрезвычайный сиез. Бұл соттың ісіне басқа соттан анағұрлым көбірек сенеді. Қазақтар, шамасынан келсе, істерін чрезвычайный сиезге шығаруға тырысады. Қазақтар бұл сотты қалауында толық себеп бар.

Чрезвычайный сиез сотының қазақ сотының басқасынан артық болатын себебі, əуелі, судиялар əр тараптан жиылғандықтан, партиялық өштік, қастық болмайды, екінші, партиялы соттардың аяққа басып өте шығатын халық рəсімін чрезвычайный сиездер жол орнында ұстап, соған қарап билік айтады. Сиезге жиылған билер алдағы қаралатын іс үшін ереже жасайды. Іс қаралғанда, сол ереже жолына қарап билік айтуға билер міндетті.

Ереже халықтың нақ рəсімі болмаса да, əр жерден келген билердің билігі бір жөннен шығуына жақсы нəрсе; ереже бойынша іс еткенде, билер бетімен жайыла алмайды. Сөйтіп, бұл соттың халық көзіне сенімі мол болмақшы. Бұл сөздің дəлеліне 1908-нші жылы төрт облыста құрылған чрезвычайный сиезде қаралған істердің санын көрсетейік.

1. Ақмола облысында чрезвычайный сиездің қарауына түскен істің саны 3273, билік айтылғаны 1906, билік айтылмай қалғаны 1367, орнына келтірілген іс 1650, үстінен арыз жүргені 256.

2. Семей облысында сиез қарауына түскен істің саны 3122, билік айтылғаны 2061, билік айтылмағаны 1061, орнына келтірілгені 1615, үстінен арыз жүргені 446.

3. Торғай облысында сиезге түскен арыз 6737, билік айтылғаны 3890, қараусыз қалғаны 2847, билік орнына келтірілген іс 2910, арыз жүргені 980.

4. Орал облысында сиезге түскен арыздың саны 8516, билік айтылғаны 5662, қаралмай қалғаны 2854, билік орнына келтірілген іс 4245, арыз жүргені 1417.

Төрт облыста чрезвычайный сотқа түскен істің саны 21648, билік айтылғаны 13519, қаралмағаны 8129, орнына келтірілген билік 10410, риза болмай, арыз жүргені 3099.

Сөйтіп, чрезвычайный сиезге түсіп, билік айтылған істің төрттен біріне ғана риза болмай, арыз жүреді екен. Бұл чрезвычайный сиездің қарауының туралығын, жеке биге қарағанда туралығының тазалығын көрсетеді. Істі атқару жағынан санағанда да, даугерлердің келуінің, билердің жиылуының қиыншылығына қарамай, 60 процент (жүзден алпыс) іске билік айтады екен. Бұл жағынан қарасақ та, жеке бидің сиезінен қалыспайды. Қазақ сотын баяндағанда, осы күнгі народный соттың тəртібі жайынан айтпай болмайды.

1. Қазақ сотына қарайтын істер һəм қаншажаза кесуге народный соттың мұршасы бар, 2. Билерді шығарып тастау, 3. Сырттан билік айту, 4. Соттың құрылыс реті, 5. Халық рəсіміне салу һəм ол рəсімнің қуаты, 6. Риза болмағандардың іздену жолы һəм реті, 7. Сот ісіне хакімдер қатысуы, 8. Народный соттың хакімін орнына келтіру туралы, 9. Народный судиялардың билік ақысы, 10. Народный судиялардың саны

Народный сот қарамағына тиісті қазақ арасындағы гражданский һəм уголовный істер. Бұл жалпы жолдан бөлектеніп шығатын мыналар: гражданский істер орыс хакімдері арқылы куəланған қағаз бойынша болса, яки жауапкер орыс қаласының шегінде тұрған болса, ондай гражданский істер народный сотқа түспейді, орыс қаласының шегінде болған оқиға турасындағы уголовный істер, яки қазақтың лауазым иесі адамдары уголовный істі болса, народный сотқа қарамайды.

Бұлардан айрықша қазақ сотына қарамайтын істер: 1) Христиан дініне қарсы істер, 2) Мемлекетке қарсы істер, 3) Хүкіметтің билеуіне қарсы істер, 4) Мемлекет я əлеумет қызметінде тұрған лауазым иесі адамдардың қылмысы туралы істер, 5) Қазынаның мүлкі мен пайдасына қарсы істер, 6) Патшалық я земский міндеттерге қарсы істер, 7) Халықтың амандық, сақтық жолына қарсы істер, мысалы, а) карантин ұстауына теріс іс, б) жұқпалы індеттер турасындағы уставқа теріс іс, в) мал індеті турасындағы сақтыққа қарсы істер. 8) Ел тыныштығына, жайлылығына қарсы істер, мысалы, а) жігіт жиып, ұрлық істету, б) патшалық сотында өтірік айғақ болу, п) қашқындарды жасырып, сақтау, т) телеграфтарды һəм жолдарды бүлдіру. 9) Қалыптық закон жолына теріс істер, 10) Кісі өлтіру, 11) Соққан таяқтың я жараның ақыры өлімге айналса, 12) Əйел басу, 13) Жолсыз біреуді тұтқын ету, мейман тоқтау ету, 14) Біреудің салынған мүлкін я жерін жолсыз иемдену, жер бөлігін бұзу, 15) Біреудің мүлкін өртеу, яки қасақана бүлдіру, жою, 16) Талау, тонау, шабу, 17) Қазына мүлкін ұрлау һəм 18) Орыс хакімдері арқылы болған іс қағаздарына подлог жасау.

Сөйтіп, бұларды шығарып тастағанның соңында да қазақ сотына қарайтын іс аз емес; орыс законында уголовный жолмен каторжный работа болатын істердің көбі қазақ сотының қарауында.

Народный сотқа қарайтын іс қандай көп болса, ол соттың жаза кесуге мұршасы һəм сондай көп. Жыл жарым абақты я 300 сом ақша төлетуге народный соттың мұршасы бар һəм ең кем жазасы қандай болмақ, ол айтылмаған. Бұған қарағанда, қазақтардың сотында өздеріне де басқалардан артық, айрықша жолберілген. Біреудіжанына зақымкелерлік қадарлысабағанға, яки жанын қинағанға, əйелді еріксіз ерге қосуға народный сот бірер күндік абақты кеседі, яки бірнеше сом штраф төлетеді де қояды; орыс сотында ондай істерге жаза зор. Онан соң, народный сот турасындағы законда іске қарай жазаны күшейту я кеміту жайынан көрсетілген еш жол жоқ. Сондықтан қазақ соты бұ жағынан келгенде қайырусыз бетімен жайылып, ойына келгенін істейді. Жазаны іс түріне қарамай, қалай болса, солай кесе салады. Бекітуін бұзып, ұрлаған я соққығажығылған істерге штраф кесіледі де, тілі тиген, сөккен тұрулы абақты кесіледі. Жəне де Түркістан положениесінің 219-ншы статьясы бойынша народный сотқа қарайтын істердің бəрі де екі жағының ырзалығымен, қарындас болып бітуге ықтималды. Бұлардың бəрі халықты бұзықтықтан тыюға, орыс мемлекетінің тұтынған жолына үйретіп, бірте-бірте үйір қылу мақсатқа теріс келеді. Жаза кесуге еш нəрсе ара тұрмайтынын біліп, екі жақ келіссе, қарындас болып бітетін жолға сүйеніп, народный судиялар өз партиясындағы адамдар арасындағы істерді актысыз бітіріп, қарсы партияның адамдарының ісін биге һəм ақы сұраушыға ақша берсе ғана қарындас қылып бітіреді.

Сотта туралық көбірек болу үшін (Түркістан положениесінің …ші статьясы) екі …мен қалаған биге түсуге хұқ берген. Екі жағы ымыраласып, істерін бір биге бере алмаған күнде, талапкердің көрсеткен биінежүгінбекші. Жауапкер талапкердің қалаған биінен екі би шығарып тастауға хұқты. Бұл жол – партиялыққатыстырмай, дұрыстықпенпайдаланса, сотісінекөп туралық кіргізетін жол. Бірақ партиялық бүлігі бұл жолдың да игілігін жоққа шығарды. Партиясыз волостарда би шығаратын хұқ, шығару мəнісіне қарай деп, еш нəрсе айтылмаған соң, құр істі созуға себеп болды. Əсіресе мұндайлар волостной сиезде көп болады. Партия əрекеті аралаған волост би шығару мағынасыз болып шығады. Өйткені жауапкер қаламаған билік орнына екінші сондай партия құлы би даяр тұр.

Народныйсудияларіске екіжақкөзбе-көз тұрғанда ғанабилік айтуға хұқты ма, əйтпесе сырттан билік айтуға да ықтиярлы ма – законде бұл туралы көрсетілген жол жоқ. Түркістан положениесінің 242-нші статьясында даугер шақырылу турасында сөйлепөткенбірсөзбар, ондадажауапкерменайғақтарды волостной сиезге келтіру лауазым иесілерге міндеттігін ғана айтқан. Даугерлер шақырғанға келмей қалса, қайтпек керек, келмегендегі себебі құлақ асарлық, аспастық болса, қайтпек керек, сырттан билік айтуға ондай орындарда бола ма, болмай ма – ол жағын ешбір ашпаған. Өйтпеген екен деп, бұл керексіз болатын мəселе емес. Бұл жағын ашу зор қажет. Партияшыл народный сот өздерінің халық рəсімі деп жасаған жолдарына сүйеніп, соттан билік айтпақ түгіл, істің қаралатын күнінжауапкерге білдірмейді. Сөйтіп, жауапкер өзін ақтарлық, қорғарлық жағының хұқынан мақұрым қалады. Сондай қиянаттар болмас үшін қазақ ішіндегі бастықтар іс екі жақтың алдында қаралуын міндет етіп еді. Бірақ мұнан да еш нəрсе өнбеді. Мұны біліп алып, жаман ойлы жауапкерлер іс қаралатын кезде бір жаққа кетіп қалатын болды, істің көбі қараусыз, бітпей жататын болды. Зорлап келтірер народный сотта мұрша жоқ. Мұндай народный сот жолындағы қиыншылықтар ішкі іс министріне жеткеннен кейін, 1882-нші жылы 9-ншы августа 147-нші нөмерлі министр тарапынан баяндалған: «Соттан билік айтуға болар-болмасы əр істің қаралар тұсында ғана ашыларға керек.

Халық рəсімінде ондай орында қалай етіледі екен? Соған қарай істеу керек, өйткені народный соттың билігі халық рəсімімен орайласарға тиіс» деп. Онан гөрі мəселе шешілуіне жақынырақ түрде Түркістан генерал-губернаторы тарапынан баяндау болды. 1902-нші жылы 28-нші ноябрьде 28-нші нөмерлі Түркістан генерал-губернаторының баяндауынша: народный сот сырттан айтуға мұршасыз емес, егерде халық рəсімінде өйтушілік болса, онда да төмендегі шарттар орнына келгеннен кейін деп. Əуелі екі жағы да шақырылу міндет, повесткада шақырғанға келмеген күйде билік сырттан айтылады деп жазу міндет. Народный сот повесткамен екі жағы шақырылғанына анық көзі жеткеннен кейін билік айтарға һəм келмей қалған жағына айтылған билікті естіртуге міндеткер. Бұл тəртіп екі жақтың да пайдасына теріс болмағанмен, законда табан тірерлік тиянағы болмаған соң, қуатты жол болып шықпады.

Народный соттың сырт əлпі жеке бидің соты болса да, сиез билерінің соты болса да бірдей. Сот қыс кезінде үйде құрылады, жаз кезінде далада болады. Би де, даугерлер де жерде отырады. Даугерлер қарама-қарсы отырады. Екі жағының да жауабын тыңдап болып, би қарындас болып, ымыраласуға пұрсат береді. Ымыраласса, біткендігін книгеге тіркейді. Ымыраласпаса, би өз билігін айтып, книгеге тіркеп, орнына келтіру үшін екі жағына билігінен копия береді. Билік қысқа ғана жазылады. Екі жақтың берген жауабы жазылмайды. Егерде айғақтардың куəлігіне қарап я бидің өзінің байқауы бойынша істің анығы ашылмаса, іс жанға салынады.

Би билігін шарттап, книгеге тіркейді, яғни пəленнің жанын өткізсе, жауапкер жазадан я төлеуден құтылады деп. Əйтпесе пəлендей мал төлейді, яки пəлендей жазаға кіріптар болады деп.

Егерде судия партияшыл болса, істің əлпі тіпті, басқа болады. Жауапкер қарсы партиядан болса, ол шақырылмай, сыртынан билік айтылады. Ол билік тұжырылып айтылады. Іс жүзінде жауапкер шақырғанға келмеген болып көрсетіледі. Риза болмаған жағы биліктен копия сұрайды. Бидің билігі қиянатпен айтылғанын көрсетіп, арыз береді. Би қызмет бабында қылмысты болғанда, тергеуге беріледі. Іс тергеу-тексерумен көпке созылады. Оған дейін, ауылный мен болыс бидің айтқаны тұжырулы билік деп, бидің хүкімін орнына келтіреді. Сөйтіп, «болары болып, бояуы сіңіп» қалады.

Қазақтың гражданский һəм уголовный істеріне мемлекет законын жүргізуге жөні келмейтін болған соң, степное положение қазақ сотының жұмысын халық рəсімінде қалдырып еді. Бірақ сот ісіне басқаны жатырқағыш шариғат кіріспес үшін қорғарлық шарасын етті. Жоғарыда айтылып өткеннен көрдік, қазақта закон есебіне аларлық орнықты жолдың болмағандығын. Қазақ өз алдына жұрт болғандағы қолданған аз ғана рəсім жолы езіліп, басқа сыбайлас жолдар қатысып, араласып, даңғыл жол белгісінен айрылған. Жеке билер билік айтқанда, рəсім бойынша істемей, руласының, партияласының ыңғайымен айтады. Егерде жұрт жол-жорасынан қалған олайбұлай ауыушылығы болса, ол чрезвычайный сиездің ғана ережесінде іске аспаса, басқа орында тұтынудан қалған. Бірақ кейінгі айтылған сөздерден көреміз, екі адамның арасындағы іске толық жол болғандай мұнда да еш нəрсе жоқ. Мұнда да бір рəсім екіншісіне көбінесе ереуіл келеді.

Ереже жол болғанмен, көбінесе соттың құрылыс жағындағы тəртіп жолы. Істің басқа жағынан да ереже жол көрсететіні рас, бірақ ол жолдары онша қуатты емес. Оны Түркістан уалаятындағы істерді тексермеген граф Паленнің жұмысынан көріп отырмыз. Түркістан уалаятындағы ереженің нашарлығын Дала облыстарына таңып та айтуға болады. Өйткені между областной (облысарасындағы) чрезвычайныйсиездердеТүркістаннан да һəм Дала уалаятынан да қазақтар болады.

Ережелер

Ең əуелі, ереже чрезвычайный сиездің қарауына қандай істер тиісті болмақ жағын қарайды. Істің қаралуға тиісті-тиіссізін айырғанда, ескірген-ескірмеген жағына көз салып айырады. Істің болғанынан кейін көп заман өткен болса, ескірген себепті қарамай қалдырады. Бұл туралы жасалған ережелерді алайық. Бір ереже, гражданский болсын, уголовный болсын, 10 жыл өткен болса, ескіргенге санайды. Екі ереже бұл 10 жылдық ескіруден жесір дауын оқшау шығарады. Жесір дауының ескіруіне 20 жыл кеседі. Үш ереже жесір дауына тіпті, ескіру болмасын дейді. Мұнан əрі ережелер əр түрлі бола бастайды. Екі ереже ұрлық турасындағы дауға ескіру шарты 7 жылдық, жесір дауына 15 жылдық болсын дейді. Бір ереже ұрлық ісіне ескіру шарты 5 жылдық, ақы сұрау дауларға 6 жылдық болсын дейді. Бір ереже уголовный істер турасындағы істерге екіталай шарт қояды. Мысалы, жауапкер ұрлығын қойғанына 5 жылдан кем болмаса, оған жаза болмасын, жалғыз-ақ ұрлаған затының бағасын төлесін, қоймаған болса ғана жаза салынсын дейді.

Бұл айтылғандар: қандай іс қанша уақыт өтсе ескіргенге саналу тиіс – ол туралы рəсімнің нық ұстаған бір жолы жоқ екендігін көрсетеді.

Ескірген істерді қарау-қарамаудан басқа турасында да жасалған ережелер бар. Мысалы, төрт ереже чрезвычайный сиез ашылмай тұрғанда спискаға кірмеген істер қаралмай қалсын дейді. Бір ереже мұндай істердің жұртқа мəлім болғандары ғана қаралатын болсын дейді. Төрт ереже сиез шақырылғаннан соң ашылған ұрлық, танылған мал турасындағы істер де сиезде қаралуға қабыл етілсін дейді. Қадірлі ақсақалдардың қарап бітірген істері сиезде қаралмасын, қарсы дауға штраф салынсын деп алты ережеде айтылған.

Құн турасындағы ережелер де бір жөннен шықпай бытырап кетеді. Төрт ереже құн турасындағы істер сиезде қаралсын дейді. Он бір ереже құн жағынан сөз қылмай, шеккен зиян жағын ғана қарау тиіс дейді. Екі ереже құн турасындағы істі хакімнің рұқсатымен қарау тиіс дейді.

Даугерлер мен айғақтарды шақыру турасындағы ережелер де бір жөннен шықпайды. Екі ережеде даугерлерге повестка жіберілмесін, волостной управитель мен ауылнайларға даугердің списогі жіберіліп, солар арқылы шақырылсын делінген, бірақ көбі повестка тапсырылсын дейді. Айғақтарын даугерлердің өздері алып келуін кейбір ережелер қолайсыз көреді, ол болмасын, айғақтарды сиезге келтіру старшиналар мен шабармандардың ісі болсын дейді. Кейбір ережелер даугерлер айғақтарын өздері келтірсін дейді. Келмей қалғанда не болмақ, ол туралы жасалған ережелер де бет-бетіне кетеді: біреулер келмегеннің сыртынан билік айту-айтпау ықтияры сиездің өзінде болсын дейді, екіншілері келмегенде сырттан билік айту міндетті жол болсын дейді. Үшіншілері повесткамен хабарланған жауапкер келмегенде ғана сырттан билік айтылатын болсын дейді. Келмеген себебінің дəлелі толық болмаса, билік сыртынан айтылсын һəм 7 күн тұтқын кесілсін дейтін де ережелер бар. Бір ережелер бойынша сиезден қашқан жауапкердің жақындары жауапқа тартылсын деген, екінші ереже бойынша кепілдері жауапқа тартылсын деген, үшінші ереже бойынша ұрлық турасындағы іс болып, жауапкер келмей қалса, билікті сыртынан айту, малды ағайындарына төлету тиіс деген.

Айғақтар келмеуі турасында, айғақты народный сот онша керек қылмайтындығынан, ережеде онша сөз қылмайды, айғақ келмей қалса, ол айыпқа саналмайды, кейде айғақтарға да штраф салады, бірақ оны айғақ салушы даугерден өнетін етеді. Даугерлер орнына өкілдер келу туралы ережеде жарытымды сөз жоқ. Бір ережелер дау ісіне кепілдік тіпті, жүрмесін дейді, екінші ережелер талапкер жағынан ғана қабыл етілсін дейді, кей ережеде екі жағынан да қабыл етілсін дейді.

Ереженің көбірек көз салатыны – дау ыспаты жағы. Бұл турадағы ереже екі топқа бөлінеді: 1) Айғақтық, 2) Ант. Айғақтыққа народный сот онша мағына бермейтіндігі туралы жоғарыда талай айтылды, бұл жағынан ереженің көрсететін жолы өте шағын. Талапкер дауын ыспаттау тиіс деген сөз екі-ақ ережеде бар. Басқалары ол жағын сөз қылмай, айғақ болудың қандайы жарайтындығын, қандайы жарамайтындығын сөйлеп кетеді.

Екі ереже бір волостағы іске екінші волостан айғақтық жүрмесін дейді, екінші ереже жүрсін дейді. Екі ереже айғақты өз руынан ғана таңдауға қосады, кей ережелер өз волосынан тіпті, айғақ қабыл етілмесін дейді, кей ережелер айғағы кім болса, ол болсын дейді.

Ережеде айғақтардышығарып тастау бар. Ісіне айғақ салушы жағы айғақтарының инабат етерлік адамдар екендігін білетін екі қадірлі ақсақал көрсетуге міндеткер, өйтпесе айғақтығы қабыл етілмейді. Айғақ турасындағы ережеде де біріне-бірі ереуіл келетін шатақтар көп. Жалғыз ғана бір жөннен табылатын жері: айғақтар инабат иесі һəм туралығы бар адамдар болу тиіс дегені.

Ұрлық турасындағы іске айғақтықтан басқа инабат иесі адамның анты жүреді. Істің ағына жетуге дұрыс саналатын жол қазақта – жанға салу. Народный сотта жанға салу қалай болатын жайы ілгеріде айтылған. Бұл арада жанға салу турасында ережеде не бар екені ғана айтылып өтеді.

Бір жағынан қарағанда, ережеде көзге түсетін нəрсе қандай орындажанға салу тиістігіжайынан еш нəрсе айтылмағандығы. Кей ережелерде жанмен ағару жауапкерге тиіс екен де, кей ережелер талапкер айғақпен мойнына сала алмаса, жанмен мойнына салсын дейді. Гродековтың («Қазақ заңы» деген кітабында) айтуы бойынша, жаны ұсталатын – ұрланған малдың дерегін біліп, көп көзінше сүйінші алған айғағы бар жағы. Егерде ондай айғақтық жоқ болса, жауапкер жағының жанына салынады. Сол Гродековтың айтуынша, жан талапкер жағына да, жауапкер жағына да салынатын орындары болмақшы. Талапкер қалауынша да, жауапкер қалауынша да жанға салынатын орындар болмақшы. Талапкердің де, жауапкердің де өз жандарына салатын орындары да болмақшы.

Жан берушіні кім көрсетпек? Ол жайында да ереже бір жөннен табылмайды. Кей ережелер бойынша жан ұстаушы даугерлер болмақ, кей ережелер бойынша жан берушіні сот көрсетпек.

Кімнің жаны ұсталмақ турасында шатақтар көп. Бірсыпыра ережелер бөгде адамдардың жаны ұсталсын дейді. Бірсыпыралары кімнің жанын ұстау сот қарауында болсын дейді.

Кімнің жаны алынбасқа? Ол туралы да ереже бытырап кетеді: кей ережелерде қазақтың лауазым иесі адамдардың жаны ұсталмасын дейді, кей ережелерде народный судиялардың ғана жандары ұсталмайтын болсын дейді. Бірсыдырғы ережелер жасы алпыстан асқан адамдардың жаны ұсталмасын дейді. Бірсыдырғысы – жан ұстауға жас шегі қойылмасын дейді. Жан түскен жағы мен дауласып жүрген адамдарды қаламасқа деп айтатын ережелер де ұшырайды. Бұлармен қатар, жан беруші туралы арнаулы еш шек болмасын дейтін де ережелер бар.

Онан əрі неше адамның жанын ұстау турасында да бір ізбен шығатын ереже жоқ. Көбі бір адамның жаны ұсталады деп айтса, кей жесір дауы туралы екі адамның жаны ұсталсын, кісі құны туралы төрт адамның жаны ұсталсын дейді. Жаны қалағаннан шығарылу турасында да ережеде саралық жоқ. Кей ереже біреуін-ақ шығаруға болады дегенде, өзгелері үшке, төртке шейін шығаруға болады дейді. Тіпті, жан жүрмейтін де орындар бар: мысалы, жұртқа белгілі ұры болса, оған жанға салмай билік айтылады. Ұрының ұрлығын ыспаттаушы инабат иесі адам болса, онда жанға салынбайды.

Жанды қалай алу ретінде де ережеде алалық бар. Кей ережелер жан мешітте алынады дейді. Екінші ережелер, Хантинский айтуынша, бабаларының моласының басында алынады дейді. Бабасының моласы жақында болмаса, кез келген мола басында алынады дейді.

Жанберушіжанберудіңалдындажауапкерді ағайындарымен алдырады, қара қойды шалдырады, өзінен айналдырып ант еткізеді: жауапкердің жазығы жоқ, ақ деп. Мұндай ережелермен қатар жүретін жай дағды да бар: жан беруге даяр екендігін білгеннен кейін жанын алмай да жіберетіндері болады.

Билікті бұзуға іздену

Билікке ризаболмағанжақ екіжетініңішінде арызбермек. Ол арыз крестьянский начальник арқылы народный судиялардың сиезіне беріледі. Степное положение халық рəсімінде жоқ жолды кіргізіп, арызды тұжырусыз ғана биліктің үстінен жүргізетін қылды. Түркістан положениесінің 223-нші статьясы бойынша 30 сомнан я 7 күн абақтыдан аспайтын іске айтылған билік тұжырулы билікке саналады, оның үстінен арыз жүрмейді.

Мүтті жұрттың сотында да қолайсыздыққа саналатын бұл жол қазақ сотына да жақсылығын тигізе алмады, қайта залал болып табылды. Қазақ сотына қатысы бар хакімдердің айтуынша, бұл жол партияшыл билердің қолына бір толық қару болып табылды. 30 сомнан я 7 күн абақтыдан асырмай билік айтып, қарсы партиясындағы адамның ізденуге діңкесін құрытып қояды. Зəуіде ізденіп волостной сиез билеріне барса, ондағы билер əріптесін қуаттап, ізденушінің арызын тыңдаусыз қалдырады. Құты ізденушінің риза болмай, бұзамын деп қуғаны үшін жазасын көбейтетін сиездер де болады. Сөйтіп, жеке бидің қиянаты сиезде қосталған болып шығады. Сиез қостаған соң, жеке би онан əрі де соны істеуге жолын ашық деп біледі.

Сот ісіне хакімдердің қатысы

Қазақ народный сотының кемшілігі көбейетіні хакімдердің бақылай алмайтындығынан. Қазақ сотының үстінен қарап, қисығын түзетіп, оңдап отыратын хакімдердің хұқы жоқ. Народный сотқа хакімдердің қатысы өте аз. Крестьянский начальниктер билік книгеге дұрыс жазылуын, билікті орнына келтіруін ғана қарайды. Жеке бидің билігін бұзуға ізденген арызды алу, сиезге келмеген билерге штраф салу – сондай ғана хұқы бар. Крестьянский начальниктер народный соттағы істі сыртынан ғана көздеп, нағыз істің өзіне қалай билік айтқанына қатыспайды. Билік закон жолынан теріс кеткен кезде де өз бетінен еш нəрсе істей алмай, прокурорға жібереді. Сөйтіп, крестьянский начальник бұл арада құр түсіп аттанатын жалғаушылыққа ғана орын болып табылады. Істің бұзылу, бұзылмау билігі прокурорда һəм окружной сотта болады. Прокурор мен окружной соттарға да оңай болмайды. Өйткені бұзу, бұзбау туралы 218-нші статья бойынша оларға берілген хұқ олардың қалыпты хұқықтарынан тар. Сондықтан, граф Палленнің айтуынша, прокурорлар бұл сияқты істерде тайсақтамақшы.

Əсіресе даулы мəселе – биліктің бұзылуына себеп болатын «аса билік». Бірсыпырасы Түркістан положениесінің 219-ншы статья сындаай тылған мөлшерден тысқары жаза кесуді аса билікке санайды. Бірсыпырасы соттың құрылысындағы тəртіптерін орнына келтірмегенін аса билікке санайды. Бұл соңғысы негіздірек: судебный устав бойынша да сот құрылысының тəртібін бұзу қалыпты шегінен шыққанға саналады. Бірақ судебный уставтың жолын қазақ сотына тура келеді деуге болмайды. Ол Түркістан положениесінің 218-нші статьясына орайласпас еді. Онда соттың бұзылатын себептерінің ішінде соттың құрылысы турасындағы тəртіптерін орнына келтірмеу де бар демейді, қазақ соты халық рəсімі бойынша құрылады дейді (210-ншы статья). 218-нші статьясын закон шығарушы соттың құрылыс жағын соттың қалай істесе де өз ықтиярына берілген екен деп те түсінуге болмайды, өйткені 211-нші һəм келесі статья қай сотқа қандай істер түсу, қандай жаза салу, істің басталуы, бітісі, сот құрылысы көп көзінше һəм жария болуы, бұздыруға іздену сроктері турасынан айтып, жол қылып көрсетеді. Бұл жолдар – народный сот шамасының шегін көрсетіп, анықтау үшін айтылған жолдар. Солай болған соң, ол тəртіптерді орнына келтірмеу шамадан тысқары кету боларға тиіс еді. Жолға қарағанда, бүйту дұрыс көрінсе де, бұл күнде ол жеткіліксіз; ол жолды кеңіту керек болса да, бөгет болатын Түркістан положениесінің 218-нші статьясындағы көрсетілген жолдың шағындығы.

Осы 218-нші статьяның жолы көмескілігінен болатын қиыншылықтарды граф Паллен де айтып отыр. Граф Паллен Түркістан уалаятының ісін тексерген отчетында Ташкент судебный палатасына қараған окружной соттар һəм прокурорлар ісінде болған уақиғаларды айтып көрсетеді: народный соттар жаза кесерде бар жазығын қабаттап, бір жаза кесу деген жолды тіпті, ескермейді екен һəм ол жолды ескермей айтылған билік аса билік болып бұзыларға тиіс еді, олай етілмейді екен деген. Срокты арестанттардың арасында екі приговормен 20 ай жаза кесілген Мауламқұлов дегенді тапқан; оны народный сот бір приговормен төрт айға, екінші приговормен 16 айға – баршасы 20 айға отырғызуға билік айтқан екен. Түрме начальнигі мұндай болатындар жалғыз Мауламқұлов емес, көп болады деген. Прокурорлардың көрсеткен жолы бойынша Түркістандағы тұрған елдің адамдарын түрмеге отырғызуға жаза кескен қанша приговор болса, сонша рет отырып, жаза тартылады екен. Закон бойынша народный сот 18 айдан артық жаза сала алмасқа тиіс. Мұндай тəртіп, сондағы сот адамдарының баяндауынша, қазақ соты жазықты қабаттап билік айтуды білмейді деп шығарған тəртіп болса керек. Ондағылар айтқан: Түркістан положениесінің 219-ншы статьясында қабаттау туралы еш нəрсе айтылмаған, жалғыз-ақ народный соттың əр іс туралы кесетін жазасының шамасын ғана көрсеткен деп. Жоғарғы айтылған статтьялардың сөзіне қарап, бұлай баяндау айтуға сыйғанмен, ақылға сыймайды. Ол статьялардың мағынасын əлгі қалыпша түсінгенде народный сот казенный (патшалық) сотынан биік болып шығар еді, я ол сот болмай, бетімен жосу болар еді. Закон шығарушы қабаттап билік айту жайынан еш нəрсе айтпағанда, народный сот казенный соттан күшті болсын демеген шығар.

Екінші көмескі мəселе – даугерлерді шақырмастан билік айту. Түркістан положениесінде биліктің дұрыстығына даугерлерді шақыру шарт деген, бірақ соттар 1899-ншы жылғы 30-ншы июнде 11-нші нөмерлі Сенат баяндамасына шейін шақырмастан айтылған биліктерді бұзу, бұзбасын білмей, екі ойлы болушы еді. Сенат баяндамасы бойынша сот екі жағын сұрап, істің анығына жетіп барып билік айту керек, өйтпей айтқан билік жолдан тысқары болып, бұзылуға тиісті.

Əсіресе, дағдартқан 218-нші статьяның жесір дауы турасындағы жағы. Мұсылман кезінде əйелдің хұқсыздығы народный сотта да орын тапқан. Народный сот жесір дауын мал дауы есебінде қарайды да, əйелдерді мал сияқты бірінен алып, екіншісіне беруге билік айтады. Əйелдің адамшылық басын кемітетін мұндай қалыпты орыс хакімдері көтеріп, шыдап тұра алмады. Соңғы кезде жесір туралы айтылған биліктердің үстінен дау жүрсе, аса билікке саналып, сот хакімдері тікелей бұзатын болды, өйткені риза болмаған əйелді байға қосуға билік айту империя законының жалпы жолына қисық деп білген (жазалау положениесінің 150-нші һəм 151-нші статьяларында əйел ризалығысыз баяға қосу – айып). Бірақ бұл дəйім сол қалыпта бола бермейді. 1906-ншы жылы Хиуаға қарайтын біреуге Сырдария отделіне қарайтын 13 жасар қызды беруге билік айтылғанда прокурор бұзуға бергенде, билік бұзылмастан өтті. Бұзбағандағы дəлел Түркістан положениесінің 210 һəм 211-нші статьялары бойынша жесір дауы народный сотта халық рəсімі бойынша бітеді дегендік.

Билікті орнына келтіру

Айтылған билікті орнына келтіру турасындаТүркістан положениесінде екі-ақ статья бар. Біреуі 234-нші, екіншісі 251-нші статья. Алғашқы статья бойынша айтылған билік екі жағына да естіртілмек, сұраушы болса, копия берілмек. Екінші статья бойынша билікті волостной управитель орнына келтірмек, крестьянский начальник орнына келген-келмегенін бақыламақ. Бұлай аз ғана айтып өтудің іс жүзінде қолайсыздығы көп, əсіресе шатақ болатыны – қазақтар уголовный я гражданский іс болсын – қарындас болып бітуге ықтиярлы. Қарындас болып біту билік айтыларда да, айтып болған соң да, билік орнына келген кезде де ықтимал. Сот құрылады, билік айтылады, ақырында оның бəрі далада қалып, екі жағы өзді-өзі болып, бітіп кетеді. Айтылған биліктегі ақысын алады да, приговорды мал иесі төлеушінің қолына береді. Сөйткен соң, кесілген жаза орнына келмей қалады. Қазақтың ісінің көбі екі жағының келісуімен тынады. Айыпкер бола тұра мал иесімен келісіп, жазадан құтылып отырса, народный соттың бұзықтықты тыю мағынасы жоғалады, əсіресе жұрттың ауқатының түбіне жететін ұрлықты тыю мағынасы кемиді.

Народный сот турасындағы істің көп кемістігінің бірі билік ақыда. Сот міндетін атқарған бидің ақысына белгілеп кескен жалование жоқ. Түркістан положениесінің 226-ншы статьясында жалғыз-ақ айтқан: билер бітірген дауларынан 10% (сомынан 10 тиын) билік ақы алады деп. Бірақ бұл көрсеткен өлшеумен билік ақы алатын билер кем. Билер бітірген ісінен законде көрсеткен мөлшерден аса көп алады, əсіресе дауда, таласта жығылған жағы болса, шамадан артықша тысқары алады. Қарсы партияның адамынан өш алу үшін өтірік жаламен мал сұраса, ондай іске билер өзіне түсім көбірек түсу үшін көбінесе өтірік дау қозғатып, ақ-қарасын айырмастан билік айтады.

Көшпелі қазақтардың сотын өзгертудің лебізі

Жоғарыда жазылғанның бəрі народный сот осы күйінде əділ соттың ісін атқара алмайтыныдығын көрсетеді. Сол кемістігіне қарағанда, народный сотты жоқ қылып, дала облыстарына қалаулы мировой сотты, яки каронный сотты кіргізу тиіс еді. Солай ету қанша жақсы көрінгенмен, ол пікірдің іске асып, орнына келу жолында ұшырайтын көп қиыншылық бар. Əуелі, қалаулы мировой сотты кіргізуге қазақтың көбі көшпелі күйде (Семей облысында 85%, Ақмола облысында 50%, Торғай облысында 60%, Орал облысында 80% көшпелі), орысша түгіл, қазақша да хат білетіндері кем, мəдениет жүзінде орыс адамдарынан төмен тұрған кезде мүмкін емес. Екінші, народный соттарға тиісті істерді хүкімет ұйғаруымен қойылатын мировой сотқа беруге тағы жөні келмейді. Əуелі, ақша жағынан, екінші, жеткілікті лайық адам табу қиын. Қазақ салтына, қалпына жетік адам болмаса, ұсақ-түйек күнде ұшырайтын қазақ арасындағы істердің халық рəсіміне, шаруа қалпына тірелетіні көп болғандықтан, сот ісін жөндеп жүргізе алмайды. Қазақ түгіл, орыс мұжықтары туралы мировой сотқа қаратуды ыңғайсыз көріп, волостной сотты жоғалтпай, кейбір іс туралы сақтауды мақұл көргенде, халық рəсімінің ауанымен жүретін народный сотты бірден жоқ қылуға бел байлау келісті болар ма екен?

Народный соттың жаман жағы толып жатса да, бір артық жері – қазаққа жақындығы, ықшамдығы, бөлтек-сөлтегі жоқ саралығы. Народный судиялар, өзі сол халықтың ішіндегі адамдардың бірі болғандықтан, даугерлердің кім екенін, көздегені не, неліктен дау шығарып отыр, ниеті нендей екенін шапшаң ұға қояды. Даугерлердің қайсысы инабатты, қайсысы инабатсыз екенін халықтың өзінен болған судия жақсы білгендіктен, қайсысының сөзі рас-өтірігін біліп тұрады. Қазақ ісінің араларындағы ұсақ қалыпты істері болады. Ол істерді қазақ қалпындағы өлшеумен пішіп, қазақтың қалыпты жолымен кесерге тиіс болады. Қазақтың қалпымен, салтымен таныс емес каронный судия қандай қиыншылыққа ұшырайтынын осыдан шамалауға болады.

Қазақ ісін қарауға қойған каронный судия қазақтың білімді адамдарынсыз еш нəрсе істей алмас еді. Қазақ қалпымен таныс адамға оп-оңай нəрсені қазақ қалпын білмейтін каронный судия əлдеқандай іс көріп, не істерін білмей, дағдарар еді. Солай болған соң, каронный судия народный судиядан артық біліп, қазаққа пайдасы тиеді деп айтуға ауыз барар ма екен? Осы айтылған мəністерге қарағанда, қазақ қалпына жетік адамдар табу қиын болған себептен народный сотты тіпті, жоқ қылу қолайлы бола қоймас. Онан да народный соттың кемшіліктерін түзетіп, əділдік, дұрыстық болар жағына қам ету тиіс болар.

Жəне де ескеру керек: патша бекітуі бойынша 1911-нші жылы болған Түркістан өлкесі туралы құрылған Г. контролер Харитонов кеңесі де осы пікірге келген. Рас, бұл кеңестің қолайлаған нəрселерінің көбін Министрлер Советі өзгертіп, Түркістан уалаятындағы народный сотты тіпті, жоқ қылуды һəм оған тиісті істерді мировой сотқа қаратуды ұнатты. Олай етуінің, бірақ, айрықша себептері болды. Түркістан көшпелі қазақтарына тиетін отырықшы мұсылмандардың салтының салқыны күшті. Онда народный судиялар халық рəсімінің орнына шариғат жолын жүргізеді. Онда шариғат жолынан басқаны жол деп білмейді. Біздің патшалық мақсаттарымызға онда бөгет нəрсе көп

Ондай шариғатқа бой ұру Дала уалаятындағы народный сотта жоқ. Мұнда шариғат билеп кеткен іс жоқ. Қайта мұжықтармен араласып, шаруа қалпы түгіл, басқа қалыптарын да орыс өнегесіне салып, жатырқау дегенді білмейді. Солай болған соң, народный соты жоғалтпай, сақтаса да, онан келер патшалық мақсатына қауіпті еш нəрсе болмас. 1912-нші жылғы 15-нші июлде шыққан закон бойынша ауыл халқы үшін волостной сот сақталғанда, қазақ ішіндегі сол сияқты народный сотын жоюдың негізі жоқ, əсіресе ол соттың орнынан жүргендей қолайлы сот жоқ бола тұрып, бұлай етудің жөні жоқ. Солай болған соң, қазақтың народный сотын да, кемшілік жерлерін түзетіп, туралық болғандай түрге түсіріп, 1912-нші жылғы 15-нші июл законінің жоспарына салыстырып өзгертсе, нағыз жақсы болмағанмен, зор кемістік қылатын жерлері жоғалар еді.

Сөтіп, қазіргі народный сотты түзетіп, өзгерту үшін əуелі, бұл соттың басын ашып ап, выборнойлардың сиезінен босатарға керек, партияның шалығын тигізбей, қорғарға керек. Екінші, халық рəсіміне салынатын істің ауданын тарылтарға керек. Ақырғысы, народный соттың мұршасын азайту. Бірақ соттың өзінің түрін өзгертпей, мұндай ғана өзгеріс істесек, онан еш нəрсе өнбес еді. Солай болған соң, əуелі, народный соттың түрінде өзгеріс боларға тиіс. Жеке билік – халық ішінде инабатсыз, ақшаға, ажарға, партиялыққа сатылғыш, судия есіміне лайық емес билер екені жоғарыда айтылды. Əрине, билердің мұршасын кемітіп, қарайтын ісінің ауданын тарылтқан соң, осы күнгі билікке құмарлық кемуінде сөз жоқ, бірақ билік сайлауына партиялық кіріспей, таза сайланады деп айтуға болмайды. Мұнан топшылауға болады: жеке билер мұнан былай да қазақтың көңіліндегідей сатылмайтын судия болып шықпайтындығын. Сондықтан да қазақтар істерін жеке билерден шығарып, волостной сиез билеріне жеткізуге тырысады. Жеке бидің жанында волостной сиез билері инабаттырақ екенін жоғарыда талай айттық. Бұл бір би емес, бірнешеу болып кірсе, туралық көбірек болатындығын көрсетеді. Сондықтан народный сотта туралық болу үшін өзгеріс болса, артықтығы қазірінде көзге көрініп тұрған осы волостной сиездің жөніне қарай өзгеріс боларға тиіс. Олай болса, ендігі народный сот халық ортасынан қалап шығарған волостной билердің басын қосқан кеңесімен құрылатын боларға тиіс.

1-нші дəрежелі народный сот

Билердің волостной сиезі басқа түрінен гөрі əділ болғандықтан, народный соттың 1-нші дəрежелісі солайша болуға тиіс. Соттың бір би емес, бірнеше бидің басының құрылуынан болуының көшпелі қазақтарға онша қиындығы болмас, өйткені бір волоста 4 ауылный елден кем болмайды екен. Əр ауылный елден бір би сайланады. Солай болған соң, бір волост елден қай кезде болса, 3 би табуға болады.

2-нші дəрежелі сот һəм бақылау

Народныйсоттыңкемшілігініңбірі – басқа соттанөзгешелігі, сондықтан істеген ісінің дұрыс-терісін бақылауға, тексеруге болмайтындығы. Көзге көрініп тұрған қиянат биліктері де сотқа берілу жағынан һəм кескен жаза жасының мөлшері жағынан тек жолға сыйымды болса, бұзылмай, орыс хакімдері орнына келтіреді. Народный соттың істеген ісінің дұрыстерісін бақылайтын орын болса, сотта дұрыстық болуына сеп болар еді. Бұл бақылаушы қай мекеме боларға тиіс?

1912-нші жылғы 15-нші июль законіндегі жолға түссек, бұл бақылау жұмысы мировой судияларға тапсырыларға тиіс еді. Бірақ олай етуге болмайды, өйткені олай ету үшін Дала облыстарында мировой судиялардың санын көбейту керек болар еді. Ол қазынадан көп расход шығарар еді, əсіресе оның қолайсыздығы жəне басқа жағынан да бар: қазақтар 15-нші июльдің законіне кірген кезде, Дала облысындағы мұжықтар крестьян мекемелерімен жалғасулы ескі соттың жолында қалар еді. Сөйтіп, облыстағы сот ісі аламыштанар еді. Жəне де ескеруге тиіс: Забайқал облысындағы көшпелі бұратана жұрттардың соты 1901-нші жылы 23-нші апрельде 15-нші июль законіндегі жолмен тəртіп етіліп шыққан, онда бақылау жұмысы крестьян мекемесіне тапсырылған. Олай еткеннен еш кемшілік болған жоқ. Қайта соттарының дұрыстығын зорайтып, жұртты риза қылып отыр. 12 жылдан бері əділдік келтіріп, жұртқа өте жағымды сот болып тұр. Забайқал жұрты мен Дала облыстарының көшпелі халқының қалпы ұқсас болғандықтан һəм қазіргі бұл облыстардағы мұжық соттары крестьянский начальник мекемесіне қарағандықтан, Дала облысының народный сотын бақылап, ісін тексеруші орын крестьянский начальник мекемелері боларға тиіс. Ең болмағанда, 15-нші июль законінің қалпына Сібірдің үш бөлімінің бірі түсіп болғанша солай етіп тұру керек.

2-нші дəрежелі сот турасына келгенде, қазақтың народный соты осы күнгі жаман деген қалыбының өзінде де, мұжық сотынан, 2-нші дəрежелі сотынан артық еді. 15-нші июль законі шықпай тұрғанда, мұжық сотына ешбір жанаспайтын уездный сиез мұжықтың 2-нші дəрежелі сотының орнына жүруші еді. Народный сот ондай емес. Мұның 2-нші дəрежелі орны – народный судия өз ішінен шыққан халық жайына қанық судиялардан құрылып, қазаққа жақын сот еді. Бұл мұжық волостной сотында болмаған, жаңа шыққан законда ғана мұжықтың қолы жетіп отырған заң. Осыған қарағанда, қазақтың билерінің сиезін сақтап, бірақ оны түзеп, жөндеу үшін 15-нші июль законі мен 23-нші апрельдің бурят турасындағы законінде бар жолға түсіру керек. Ол сиездің басы кім болады десек? Жоғарғы айтылған жөнге қарап, бақылаушы крестьянский начальниктердің мекемесі болғанда, сиез басы да сол боларға керек, яғни участковый сиездің председателі участковый крестьянский начальник боларға тиіс. 2-нші дəрежелі сотта хүкімет адамының болуы бұл сотты орыс сотына жақындатпақшы. Аз-аздап қазақ судияларының пікіріне адамшылық, əділшілік кіріп, аз-аздан түбінде жалпы мемлекет сотына аударуға көпір салынар еді.

Əрине, крестьянский начальник қазақ сотының басында болғанда, оған басқа билерден гөрі айрықша хұқ беру керек. Əйтпесе, билік айтар кезде, сиездегі судиялардың көбі қазақтан болған соң, крестьянский начальник бүктемеде қалып қоя берер. Сөйтіп, хакімшілік сұсы кем; олай болмас үшін: билік айтқанда екі жақтың тасы тең болса, председатель қостаған жағы басатын болсын.

3-нші дəрежелі сот

Қазақ сотына қолайлаған жол бойынша, 3-нші дəрежелі сот крестьянский начальниктердің сиезі болмақшы. Жалғыз-ақ, 3- нші дəрежелі сотқа түсудің жолын кеңітіп, əлеуметтік айып туралы жалғыз даугерлерге емес, полицияға да прокурор арқылы қуарлық хұқ берілсе екен.

Билер сайлау реті

Народный соттың негізгі кемшілігі – выборнойларды сатып алу, сонан соң оған шығарған шығынын өтеу үшін пара алу. Билердің сайлаусыз болуы мүмкін емес. Олай етсе, халыққа патша тарапынан берілген хұқын кеміту болады. Жəне де судебный устав жөнінде де халаф келеді. Қазақ арасындағы хакімдер айтуынша билер хакім ұйғаруымен қойылатын болса, крестьянский начальниктерге, губернаторларға жұрттың обал-сауабын міндетіне алу қиын болар еді. Өйткені билікке ұйғаратын қазақтың адамшылығы қандай екені оларға мəлім емес.

Сондықтан сайлау жолын сақтап, бірақ сатылушы выборнойлар кем боларлық жағына қам қыларға керек. Осы күнгі би сайлаушылар волостной выборнойлар, елубасылар. Бұлардың саны волостной ішінде 50 есе кем сайлауға хұқы бар үй иелерінен. Елу үйден бір адамды сатып алу мен үй басына бір адамнан сатып алу бірдей емес. Сондықтан билерді елубасылар емес, үй қожалары сайласа, сатылу кемір еді. Онымен қатар, билердің ірі адамдардан болуы үшін, хакім жағының қатысы болмас үшін, проект 15-нші июльдегі сайлау жолын ұнатады. Əр ауылный ел ортасынан би боларлық екі адам сайлап шығарады; бұлар жиылып, крестьянский начальник алдында, құпиялап, ортасынан үш жылға волостной соттың председателін, члендерін һəм бұлардың орынбасарларын сайлап шығарады. Би сайлауын ауылный обществоға берсе де, соттың əділ болу қамы үшін сайлау тыңғылығын хүкімет бақылауына қою тиіс. Сондықтан уездный сиез бекітпеске хұқты боларға керек: сайлау законге, ретке қисық жолмен болған кезде түгіл, сайлап шығарған адам сиез қарауынша биге лайық емес, яки би міндетін атқару қолынан келмейтін адам болған кезде де.

Судьялардың еңбекақысы

Судиялардың еңбекақысы туралы мəселе де өзгесінен кем емес. Осы күнгі еңбекақыларының жолы қолайсыздығы жоғарыда айтылды. Судиялар шаруасын тастап, қызмет атқарғандағы көретін зиянын осы күнгі алатын ақылары ақтай алмайды. Сондықтан олар сол зиянды жолдан тысқары жөнмен өтеуге кіріседі. Сөйтіп, билікті малдың шығатын бұлағысияқты көрсетіп, жаман үйретеді. Екі жағын ымыраластырып бітіріп, ол үшін артық еңбекақы алуға қалыптандырады. Билік пара алудың орны сияқты, би мен даугер арасында сауда сияқты болады.

Бұл болмас үшін билерге белгілі жалование кесерге, ол жалование патшалық қазынасынан берілгені артық. Патшалық қазынасынан беру абзал болғанмен, оны бұл кезде істеуге бола қояр ма екен? Өйткенде қазақтарды мұжықтардан ардақты көрген болар еді. Мұжықтардың волостной сотының судиялары ақыны қазынадан алмай, мұжықтардан алады. Сондықтан қазақтың народный судиялары да, буряттың һəм Сібірдегі орыстардың волостной судиялары сияқты, жұрт шамалап кесуінше əлеумет ақшасынан алғаны қолайлы. Жұрт шамалап кескенде, аға судияның ақысы жылына 200 сомнан, член судиялардың ақысы 100 сомнан кем болмасқа. Крестьянский начальниктер мекемелері жұрт белгілеп кеспесе, яки аз кессе, өздері кесуге ықтиярлы болсын. Бұлай ету əсіресе қажеттігі екінші жағынан да сезіледі. Сот турасындағы қызметпен елді аралау расходы, əсіресе екінші дəрежелі соттың құрылуына баратын адамдардың расходтары судия жалованиелерімен сабақтас һəм солай ету Забайқал облысындағы көшпелі жұрттарда да бар.

Народный соттың мұршасы

Народный соттың мұршасының көптігі туралықпен іс етуге көп кемшілігі барлығы, қолайсыз қару екендігі жоғарыда айтылды. Енді сот өзгермекші болған соң, мұршасын да көрсетіп, народный соттың күшін кемітуді Харитонов кеңесі де ұнатқан еді. Осы жоба бойынша уақ-түйек қазақ арасында күнде болатын істер үшін волостной сот сақталып отыр. Волостной сотқа қарайтын уақ іс болған соң, ол соттың мұршасы да аз боларға тиіс. Солай болған соң, 15-нші июль законі бойынша мұжықтардың волостной сотына берілетін істер қазақ волостной сотына да берілуге қисыны келіп тұр. Бірақ бұлай ету қисыны келгенмен, мақсатқа тура келер ме екен? Өйткені Сібірдегі мұжықтың волостной соттары 1861-нші жылғы 19- ншы февраль положениесінде жатқанда, қазақтарға ол положениеден артық сот беру оларды мұжықтардан артығырақ көрген болар еді. Сондықтан қазақ сотын сол жерлік мұжықтар сотымен теңгеру қолайлы болар.

Сөйтіп, қазақ народный сотына уголовный істердің нағыз ұсақтары ғана түсуге тиіс, яғни қарындас болып бітуден аспайтын істер ғана народный сотта қаралу керек. Бірақ қарындас болып бітпесе ғана жазалау уголовный политиканың жолына тура келмейді. Кейбір қауіпті уголовный ұсақ істерге хүкімет қол сұға алмай, шарасыз болар еді. Олай болмас үшін законда анықтап ашып көрсетерге керек: қандай уголовный ұсақ істер қарындас болып тынуға тиіс, қандай істер екі жағының қарындас болып бітуіне қарамай, айыпты жолында болмақ? Өйту үшін істердің атын атап-атап, законде санап көрсету тиіс. Бұлмəселеге келгенде, қазақ сотына тиіс істер 1860-ншыжылғы 28-нші сентябрьде шыққан сельский соттардағыдай боларға керек. Жазасын онша көп тартқызарлық зор іс болмаған соң, бұрынғы ескі волостной соттың мұршасы жеткілікті болса керек, яғни 7 күн тұтқындық пен штраф ғана боларға.

Гражданский істердің сотқа берілу мəселесіне келсек, бұл жағын əлгі айтылған мұжық соттарымен теңгеруге болмайды. Мұжық сотындағыдай сомамен мөлшерлеуге болмайды. Олай етуге болмайтын істер – жесір турасындағы істер. Сомаға мөлшерлеуге болмайтын жер дауы, енші, мирас даулары. Бұлардың бəрі де халықтың рəсіміне сүйенеді; ондай істерді халық рəсімін білетін народный сот ғана тексере алады. 15-нші июль законі мұндай істерді сомасының аз-көбіне қарамай, волостной соттың қарауында қалдырғанда, қашаннан берілі ондай істі қарап келе жатқан народный соттың қолынан алудың жөні болмас. Солай болған соң, гражданский істер туралы народный соттың күшін кеміткенде, бұл сияқты емес, басқа гражданский істер тақырыпты кеміту тиіс. Жесір дауы, жер дауы, енші дауынан басқа, гражданский істерден 100 сомдық-ақ іске билік айтуға народный соттың мұршасы келетін болса, яғни қазақ сотының мұршасы да жалпы гражданский істер туралы Сібір мұжықтарының волостной сотының мұршасындай болса екен.

Народный соттың мұршасының шегін ашқан кезде, оның қарауынан бұрын алынған істерді сол алынған күйінде қалдыру, мысалы, 1) Көшпелі қазақтар отырықшы – қала адамына істеген жазықты ісі болса, құты, қаланың шегінде қазағына істеген жазықты іс болса, народный соттың қарауынан алынбақшы, 2) Қазақ лауазым иесі адамдары, судиялары істеген жазықты істері – олар да народный сот қарауынан алынбақшы, 3) Қазақтан басқа адамдар қатысқан істер народный соттың қарауынан алынбақшы.

Жоғарыда айтылған негізбен өзгерілген народный сот осы күнгі кемшілігінің көбінен арылар еді, хүкімет мекемелерімен сабақтасып, бірте-бірте олардан өзге өнгелер алар еді. Участковой сиезде біліп басшылық ететін председательдер, народный соттың ісін көз жазбай бақылаған крестьянский начальниктер һəм олардың сиездері, əуелі, билерді, екінші, халықты орыс законінің жолына үйретіп, жақсылық қадірін білдірер еді һəм жолмен іс қылуға дағдыландырар еді; жəне де қазақтар да Россия мемлекетінің мүшесі екендігін танытып, тіршілігі сабақтас екендігін білдірер еді.

1915 ж.