ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Қазақ өкпесі (кесек әңгіме)

Қамсыз жатқан қазақтың көңіліне соңғы кезде ғана қайғы кіре бастады. Басқа келген нәубеттің қайдан келгенін, кімнен басталғанын біле алмай, әркімнен көріп өкпелейді. Пайдаланып отырған жерін мұжыққа алып берді деп хүкіметке (үкімет – ред.) өкпелейді. Қазақ жерін қазыналық етуге неге көнген деп өткендерге өкпелейді.

Төменде қазақ өкпелеуінің жөні бар ма, жоқ па – соны жазбақпын.

Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы. Атадан алған мирасымыздың жайы мағлұм, балаға бұл қалыпта тұрып не мирас қалдырмақпыз, оны болжауға да артық әулиелік қажет емес. Қай жұртта да ғылым, өнер кем, бәрі қаралас, тең заманда қазақ та қалт-құлт етіп, өз алдына хан болып жүрді. Хандары да, халқы да ғылым, өнерді керек қылмаған. Бірімен бірі жауласып, басқа берекелі жұмыс ойланбаған. Өзге жұрттар ілгері басқанда, қазақ кері басқан. Ханы надан, халқы надан жұрт мықты мемлекеттің жанында өз алдына хан болып тұруға көп күш керек; ол күш алтыбақан алауыз қазақта болмаған. Хан басын қарашаға теңгеру жеңіл болмаса да, өз алдына жұрт болып тұра алмайтұғын болған соң, хандарымыз халқыменен Росиаға қосылған.

Қазақ жерінің қазыналық болғанына өкіну – білмегендік. Әуелі, қазыналық етемін дегенде көнбеске шара жоқ. Екінші, жер өзінде болса, қазаққа пайдалы емес, бәле болар еді. Жер өзінде болған естек жұртын көрмей жүрміз бе? Жері көп, малы көп естек көрінбейді ғой. Шаруа жерімен бай, жерден айрылған соң жұмысы біткені. Естекті жерінен жұрдай ғып, түбіне жеткен – надандық пенен жалқаулық. Шай, шекер, шүберектей болмашы нәрсеге сатып, естектер жерін тауысты. Жерден айрылып, шаһар-шаһарға тозып тентіреп кетті, кетпегені кедейліктен жүре алмайды. Тұрған шаһарының көшесін сыпыратын, қорасын тазалайтын, отынын жаратын, боқтығын таситын, оғайри (өзге – ред.) қара жұмысын қылатынның бәрі болмаса, көбі естек (башқұрт).

Қазақтың естектен надандығы да, жалқаулығы да кем емес. Жер өзінікі болса, қазақ естектің істегенін істемейді деп кім айтар? Айтатын адам болса, тыңдауға бармын, істемейді деп айтуға жоқпын.

Қазақтың әлі күнге жерден қол үзбей отырғаны – жер қазыналық болғандықтан. Бүгін тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмытатын қазақ бүгін жерін сатып тойып, ертең тентіреп кетер еді. Жер жалдаған қазақ аз ба? Жерді жалдаудан тартынбағандар сатудан да тартынбайды. Жер қазыналық болған соң сата алмады, жалдаудан тартынып қалған қазақ аз шығар. Қазақ облыстарындағы мұжық қалаларының көбін хәкім қондырған жоқ, қазақ өзі қондырған. Естектер сықылды шай, қант, шүберекке қызығып жер жалдап, мұжықты ішіңе кіргізген өзің емес пе? Өзің қондырсаң, дұрыс та, хәкім қондырса, бұрыс па? Өткендердің көзіне қырау түскеніне өкінбей, өз көзіңе түскен қырауды аршып қара. Асқа өкпелеген балалардай құр бұртиғаннан еш нәрсе өнбейді. Ісің оңға басарлық қылығың жоқ. Ғамалыңды түзет, түземесең, ешкімге кінә қойма! Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Ниеті жаманның Аллаға өкпелеуі жөн бе? Талап жоқ, үміт мол бір халықпыз.Үмітіміздің көбі қошқар... қасқырдың үміті сықылды: өзім жатсам екен, керегім өзі кеп дайар болса екен дейміз. Оны Алла да адам да қабыл көрер ме? Еңбексіз егін шықпайды, терлесең, терің тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден тер сіңірген тиын жұғымды. «Қараған қарап қалар» деген қазақта жақсы мақал бар, бірақ ол мақалды ескеретұғын қазақ жоқ. Қарап жатқанда табылатын болса, ғылым, өнер баршасы қазақта болар еді. Олардың бірі де көрінбейді.

Ата жолдасы – надандық, өнерсіздік қазір қазақтан айрылатын емес. Надандықтың кесапаты әр жерде-ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған соң, біз де қиып айрылмай-ақ келеміз. Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты. Сонда да соны ғылым, өнерден артық көрерміз. «Аллаңнан ойбайым тыныш» дейтін қазақ ғылымыңнан надандығын тыныш көреді. Не шара бар?

Дүниеде теңге теңдік, кемге кемдік, азды көпке теңгеретін, елсізді елдіге теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым менен өнерді керек қылатын қазақ аз. Теңдікке қолы қалай жетсін? Қатерлі жерде қаперсіз отырдық. Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ.

Қазақтың өкпесі (Қол қойған: А.Б.) //«Айқап» журналы, №2, Б. 12–14, 1911.