«Қазақтың» 162-ші нөмірінде басылған «Медресе Ғалиа» шәкірттерінің хаты туралы әріптестеріміз «Уақыт» газетасының бетінде түрлі сөздер айтып өтті. Бұл сыйақты сөздер газета жүзінде болғанымен, ауыз айтылуы «Қазақ» газетасы шыққаннан бері бар еді. Енді ғана газета жүзінде шығып отыр. «Бүйректен сирақ шығарған» сыйақты – татардан бөлек өз алдарына әдебиет түзейін деп жүрсіңдер деп, газета шыққаннан бері ноғай бауырларымыздың «білімдімін» дегендерінің көбіақ айтып келеді. Ана жылы Упаға бардым. Онда да осы сөз алдымнан шықты. Былтыр Садри әпенде Мақсұдовты көрдім.
Ол да көргеннен сөзін осыдан бастады. «Уақыт» бетінде болған ереуіл сөздер, бұ да сонан шығып отыр. Әйтпесе, қазақ баласын қазақша оқыту керек деген сөзден дау шықпасқа тиіс еді.
Олай дейтінім «Қазақ» балаларын бастауыш мектепте ана тілінде оқыту керек деген сөз «Қазақ» бетінде сөйленіп отырғаны жалғыз бұл емес еді, ауылнай ышколдар туралы да талай айтылып еді. Әуелі, қазақша оқу деген сөз «Қазақ» газетасының бетінде шығып отырғанда даулы болатын орны жоқ. «Қазақ» қазақша шығып отырып, қазақша оқу керек десе, ол онша қалыптан тысқары сорақы көрінерлік нәрсе емес еді. Екінші, басқа газеталар жүзінде бола қалса да, дау шығаратын орны тағы жоқ еді. Өйткені, бастауыш мектепте балалар ана тілінде оқуы тиістілігі, миссионерлер болмаса, басқалар таласпайтын ақиқат еді. Үшінші, шәкірттердің хаты татар мұғалімдеріне емес, қазақ мұғалімдеріне жазылған ат еді. Олай болса, ноғай бауырларымыздың шиқанының аузын жұлып алғандай онда еш нәрсе жоқ еді. Төртінші, татар мұғалімдері туралы айтыла қойғанда да ана тілінде оқудың артықшылғы мұғалімдер үшін неге құрбан етілмейді деп өкпелеуге орын жоқ еді. Өйткені, қалық мұғалімдер үшін қалық болып отырған жоқ, мұғалімдер қалық үшін мұғалім болып отыр еді. Даудың асыл түбі шәкірттердің қатында емес, қазақша газета һәм кітаптар шығып отырғанында. Қазақша кітаптар һәм газета шықпаса, шәкірттер балаларды қазақша оқыту керек деп та айтпас еді. Сөз түбі бізге тірелетін болған соң, қазақша газета һәм кітаптар шығарып отырған біз сөйлеп, газета һәм кітаптардың неге қазақша шығарып отырғанымызды байандап, даудың түбін арылтпасқа болмады. Мұнан былай да сәл нәрседен осындай ереуіл сөздер шыға бермес үшін, анықтап ашып, біржолата кесіп айтпасқа болатын емес. Қазақша газета һәм кітаптар шығарғанымызға, қазақша оқығанымызға өкпелейтіндер біржолата өкпелеп күдерлерін үзер, өйтпесе қазақ үшін татарша газета һәм кітаптар шығару амалын тауып берер, болмаса, қақтықпа сөздерін қойар.
Біздің ойымызша, неге қазақша газета һәм кітаптар шығарасыңдар деп өкпелеу, қазаққа неге газета һәм кітаптар таратасыңдар деп өкпелеумен бірдей. Қазаққа газета һәм кітап қажет емес деу керек, қажет болса, ол газета мен кітаптар қазақ тілінде шықпайынша шарасы жоқ. Басқа тілде шыққан газета һәм кітаптар қалық ықыласын түсіре алмайды. Қалық ықыласы түспеген газета һәм кітаптар қалыққа тарап, оқылмайды. Қалыққа таралмаған газета һәм кітаптар пайда болады деп айта алмаймыз. Егерде осы шығарып отырған газетамыз татар тілінде шықса, Түркістанда шығып тоқтаған газеталардың айағын құшар еді. Бұл – бір.
Екінші, қазақша газета һәм кітаптар шығарып отырған біздер, татарша газета шығарамыз десек те, шығара алмаймыз. Олай болған соң қазақ қалқы татарша газета һәм кітап шығаратын болса туын көтеруге керек болады. Татар бауырларымыздың қазақ үшін татарша газета шығаратын көңілі болса, мезгіл жеткілікті еді. Татар үшін талай газеталар шығып жатты, бірақ қазақ үшін шыққан газета да көре алмадық. Қазақ мәселелері үшін газеталарымыздың бір бұрышын бер деп, сұраған қазақтарға да қазақ мәселелері оқушыларымыздың керекті мәселе болмаған соң, керексіз сөзбен газетаның бетін алдырсақ, оқушыларымызға жәбір болады деп, оны да қабыл етпеген. Қабыл етпеулері газетаның бір бұрышын қимағандық емес, газета мәселесі сыймағандықтан. Қазақ үшін өз алдына газета ашпаса, татар газеталарының бір бұрышына сыймайды. Газеталарының бұрышын бер деп сұраушылардың сұраулары білместік, біздің қазақша газета шығаруымыз қыйсық болып, әлде болса, татар бауырларымыздың қазақша-татарша газета шығарамыз десе біз тоқталдық.
Біздің қазақша газета шығаруымызды «бүйректен сирақ шығару» деу де жетіспегендік, қазақ пен татар тілі бүйректей бірігіп тұрғанда, біз келіп газетаны қазақша шығара бастасақ, сонда айтылса, дұрыс болар еді. Бүйректей болып жігі біріккен қазақ пен татарда тіл жоқ. Бұған дейін бірікпеген тіл жігі, мұнан былай да екі қалық тең жасап отырса, бірікпейді. Тең жасамай бір жағы кем жасаса, келесі артық жағынан аударылмақшы, Мақсат қазақ тілін татарша аудару болса, татарлар қазақ жұртының қатар жасамасына тырысу керек. Оны істемей, қатар жасауын тілесе, тіл жігі осы күйінде кете бермекші. Өйткені, қазір жұрттың бәрі тырмысып, ілгері ұмтылып жатыр. Бұл күнде айанбай жатып қалған жұрт, кетіп бара жатқан жұрттардың айағының астанда қалмақ. Қазақ қалқы болып жасаймын десе, ілгері ұмтылып талпынатын кезі осы. Жайғасып жататын бұрынғы кеңшілік заман жоқ. Басқа жұрттың екпіні жатқызып қоймайды. Газета һәм кітаптар қалық ойанып ілгері ұмтылуына себепші зат болса, олардың да шығатын кезі осы шақ. Сондай заманда «шай алмасақ қант та жоқ» деп отырған осы күнгі саудагерлер сыйақты. Татарша болмаса, газета да, кітап та жоқ деп татар тілін білмейміз деп қамалып, біз отырсақ, татар үшін ол жағымды болса болар, бірақ қазақ үшін қалай болады? Құрбандық тым зор болмас па?!
Қазақтың татар болуын тілеушілер ертерек ойанарға, ертерек ойларға керек еді. Көбінесе қазақтың елтірі, сең-сең, 5-10 тиын садақасын жыйыуды мақсұт көрген «азғындарыңды жібермей, медресе, мектеп ашып, қазақты татарластыру жолында еңбек етерлік идейа иесі «адамдарыңды» қазақ ішіне жіберіп іс қылу керек еді. Сонда қазақтар бүгінге дейін не татар тіліне ауып болар еді, йа татар әдебиетін түсінерлік адамдары көп болып, қазақша газета шығарудың қажеті болмас еді. Сонда һәм қазақ көзін ашқан біз деп зілденулерің де орындырақ болар еді. Ондай еңбек сіңірмей, қазақты адам қылған біз едік деген сөз байағы «ноғай мен қазақ айтысқан» өлеңдегі сөздерге ұқсайды. Біреуді адамдыққа жеткізу әуелі, өзінде адамдық боларға керек. «Қазақтың» татар матбұғатына еркелерлік қақы жоқ, тиісін айтуға қақылы. Біздіңше баласы ғана ата-анасына еркелейді. «Қазақты» тудырған татар емес, татар тәрбиесінде өскен жұрт та емес, татар әдебиетінен үлгі алған адамдар да емес. Сондай болған соң «еркелеу» деген сөздің қанша орынды-орынсыз айтылғанын айыру қиын да емес.
Қысқасы, басқалар қалай ойласа, олай ойласын. Қалай сөйлесе, олай сөйлесін. Татар тілін қабыл етпесең, саған газета да, кітап та жоқ деп қазақты бір жарға қамай алмаймыз. Олай саудаласуға уақыт тар. Барымызды «ал» деп алдына салып, жалынып, тезірек алғанына Алла разы болсын айтып, тапқанымызды бере беру. Біздің бұлай істеуіміз басқалардан бөліну үшін емес, амалсыз «барымен базарлау». Мұны басқаша түсінетіндер болса, татар тілінде қазаққа газета һәм кітаптар шығарып, қазақ ішіне таратып, міне деп, бізге жол көрсетсін. Әйтпесе, арзан пәлсапа алысқа апара алмас.
Біздің әуелден-ақ айтып келе жатқанымыз, қатар жүріп, аптықпай екі жұрттың да тең жасап, көркейіуіне қолдан келгенін істеу. Татар балаларын татарша оқытқанына қазақ іші тарылмай, қазақ балаларын қазақша оқытқанына татар іші тарылмай, көңіліміз кең болып, жасауымыз тең болса, бетіміз де жөн болар. Оны азсынсаңыздар өздерің білесіңдер. Қайырлы сапар болсын дейміз!
«Қазақ» газеті, №167, 31 иәнуар 1916 жыл.