Орынборда оқу комиссариаты шақырған халық ағартушылар сиезі майдың айақ кезінде болып өтті. Сиезде 40 шақты уәкіл болды. Ішінде 3 қазақ (бірі Орынбордағы) 1 ноғай, өзгесі орыс жолдастары болды. Қазақ оқу комиссариаты шақырған сиезде үш қазақ қана болуы өзгеге болмаса, үйренген өзімізге жат нәрсе емес. Қашанда Қазақ Республикасында шақырылған сиезде қазақ табы көп болып көрген емес. Бұл республикамыздың «қазақ» деген атына, затына иешілігіміз қашаннан да ала болатын. Сондықтан бұл шақырылған сиезде қазақтан үш кісі болуы онша халықтан тысқары орасан нәрсе емес. Жалғыз-ақ ойға қалдыратын жері елден келген екі қазақтың орысы жоқ екі губерниадан келуі. Қазақ республикасында орысы жоқ екі-ақ губерниа бар: бірі Бөкей губерниасы, бірі губерниа есебіндегі Адай үйезі. Мұның болғанына да шүкір айтуымыз керек. Бұл екеуі болмаса, елден сиезге екі қазақ та келмес еді. Сиезге шақырылған губернида, үйезде оқу бөлімінің басында отырған бөлім бастықтары мен халық ағартушылар ұйымының уәкілдері еді. Сиез тұлғасынан көрінді. Қазақ республикасында губерниалық үйездің оқу бөлімінің бсында кім отырғандығы. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген қазақ. Маркстен көрі де адамның қалпын анығырақ таныған адам бұларға керек. Билеп әдеттеніп қалған үлкен ауылдың балалары, өзгеріс болған екен деп, қалай бірден өзгере қойсын? Оқу бөлімінің бастығы болса да, өз қолында болғанын тәуір көріп, қазаққа қиа алмаған көрінеді. Бастық болып үйренген әдет қандай күшті болса, бағынып үйренген әдет сондай күшті. Орыс қазаққа бастықтық қылса басып-көктеп басынып хәкімшілігін жүргізеді. Ол ұрып жатсын, қырып жатсын бірде ерсі көрінбейді. Бәрі дағдылы, қалыпты нәрсе болып көрінеді. Қазақ мойын ұсынып, бас иіп, құлдық дегеннен басқаны білмейді. Қазақ орысқа бастықтық қылса тіпті үйлеспей келіспей тұрады. Байлап қойған қасқырдың қасына әкелгенде қабағы жасып, еңсесі түсіп, құйрығын қысып, үрейі ұшып тұрған ит сиақты болып көрінеді. Қимылдаған амалының бәрінде де батпа алмағандық қаймыққандық, жасқаншақ болып қалғандық білініп тұрады. Оны орыс жолдастар жақсы біледі. Сондықтан орысы бар губерниаларда қазақ бастықтық қылып істі жөндеп апара алмайды деп әкімшілік біткенді өз қолдарында ұстауға тырысады. Орысы бар губерниалардан кілең орыс жолдастар, орысы жоқ губерниалардан ғана қазақтар сиезге келуінің мәнісі осы. Сиез шақырылғанда толып жатқан түрлі мақсатпен шақырылған еді. Бірақ жалпы мақсаты өзгеріс болғаннан бергі жердегі оқу халімен танысу еді. Оқудың өзгерістен бұрынғы халі мен соңғы хәлін слыстыру еді. Салыстырғанда қазақ табының оқу хәлін салыстыру еді. Қазақ болмаса, қазақ жеріндегі орыстар ескі хүкімет тұсында оқу жағынан қамқоршылық көрмесе қысымшылық көрген жоқ. бұрын көрмеген олар соует хүкіметі тұсында қысымшылықты көрмейтіні айдан анық, күндей жарық. Патша хүкіметінің тұсында қысымшылық көрген қазақ табының оқуы соует хүкіметінің тұсында қазақ оқуы қай хәлде екенін білу сиездегі зор мақсаттың бірі еді. 1905 жылғы өзгеріске дейін ұлтшыл орыс хүкіметі қазақты орыс қыламын деген ниетпен қазақтың өзінше оқуына рұқсат етпей орысша ғана оқитын қылды. Ондағы мақсаты білім білдіру емес, орыс тіліне үйрету, орыс құлқына түсіру – орыс рухын сіңіру, орыс дініне кіргізу болды. Оны орындау үшін қазақ балаларын қалаға алдырып орыс школында оқытып, орыс миссионерлеріне бақтырып, орыс рухында тәрбиелетті. Қазақ онысын сезіп, балаларын шоқындырып жібереді деп, орыс школынан безіп балаларын қалаға бермей далаға мектеп ашып, молда ұстап көбінесе ауылында оқытатын болды. Хүкімет қазақтың мұнысын сезіп, мектептерге қарсы қойу үшін орыс школдарын ел ішінде ашатын болды. Ауылный, болыстной школдар ашып, мектептерді сырып, қуып шығармақ болды. Рұқсатсыз орыс школдары ел ішіне жайылған соң бұлармен қатар күнелтіп отыра алмас дейді. Қазақ ішіндегі мектептерді жауып, молдаларын сотқа беріп, кітаптарын алып, әурелеп жүрген кезде Жапон соғысы болып, айағы өзгеріске айналған еді. Өзгерістен кейін қазақ өз тілінде кітап, газет-журнал шығаратын болып, бұрынғы қысымшылықтан құтылыңқырап, оқу ісі, әдебиет, мәдениет жағы ілгері басып тебін көктеп, гүлденіп келе жатқан уақытта Еуропа соғысы тап болған еді. Соғыс кезінде қанша тарлық, қиындық күшейгенмен ілгері басып, жаңа өсіп келе жатқан істің рухы сөнбестен, қарқыны басылмастан, жүрген бетімен октиабр өзгерісіне дейін келген еді. Онан кейін ішкі соғыс басталып, атадан ұл, анадан қыз айырылған замандар болып хал қиындыққа айналып, қатынас кеміп, ел ішінде не істеліп не болып жатқанын білуге болмайтын болып кетті. Сондықтан өзгерістен кейін оқу ісі қазақ та қандай күйде тұрғанын білу өте қажет нәрсенің бірі еді. Оны осы сиезден күткен едік. Сиез болды, қазақ республиксындағы оқу халымен таныстық. Көпірген – көпірген көп сипырлар көз алдымыздан өтті. Губерниасына пәлен жүздеп школдар пәлен мыңдап оқушылар пәлендей бала бағымханалары, пәлендей ойынханалары пәлендей мәжілісханалары, пәлендей халық үйі, пәлендей кітапханалар пәлендей қирағатханалар, пәлендей курстар деген уақытта солардың ішінде санына қарай қазақтың да сыбағасына тиетіні бар ғой деп дәмелі болған едік. Көп сифырдың қарасын қойып, арасына келгенімізде қазақ сыбағасына тиетіні сиездегі орыс жолдастардың ортасындағы екі қазақ сиақты болып шықты. Мұның былай болуында екі себеп бар: бірі қазақты орыс хүкіметі орыстан кем ұстап, кейін қалдырғаны. Орыс тілінде оқу болсын, әдебиет болсын, ескі хүкімет көгерсін, көркейсін деп тілеп,қазақ тілінде мұның бірінің де болуын тілемеген. Тілемек түгіл мұндай нәрселер қазақ тілінде болмасқа түрлі амал-айла жасағаны жоғарыда айтылды. Сондықтан қазақтың әдебиеті жоқ, мәдениеті кейін жатыр. Сондықтан қазақта халық үшін қайрат қылатын саналы-саңлаулы азаматтар аз. Сондықтан қазақтың өңделген, жөнделген мәдениет ісіне төселген тілі жоқ. Бала оқытайын десең оған керек оқу кітабы жоқ, қазақша оқып қара танып шықса, өзі оқып білімін ұлғайтатын түрлі кітаптар жоқ. Кітаптар, журналдар, газеттер шығаруға ондай мәдениет ісіне төселген тілі жоқтықтан сөз таба алмай мүдіріп әлекке түсіп, әуреленіп затыңа ат іздеумен уақытың өтеді. Жетілген тілі бар, толыққан әдебиеті бар, ілгері кеткен мәдениеті бар орыс пен қазақ қатар мектеп ашып балаларын оқыта алар ма? Онымен қатар бала бағымханаларын аша алар ма? Онымен қатар ойынхана, мәжілісхана, кітапхана, қирағатхана, халық үйі сиақты халық ағартуына керек істерді істей алар ма? Оларды істеуге жоғарыда айтылған нәрселер, адамдар иә тіпті жоқ, бар болса жоқтың қасында. Солай болған соң қазақ табында халық ағарту ісі орыс табының қасында жоқ есебінде болып, көпірген көп сифырлардан қазақ сыбағасына тиетіні аз болады. Екінші себебі – қазақта ағартуға алған жолымыздың терістігі. Губерниаларда үйездерде оқу басында көбінесе орыстар отырғандығы сиез тұлғасынан мағлұм болды. Орыстар өз ауанына қарайды, қазақ ауанына қарамайды. өзінің адамымен құралы сай болып тұрған соң қазақ та олар жоқ екен деп ойына кіріп шықпайды. Барың болмаса, жоғыңды табуға ізденбейді. Қазақты ағартуға керек нәрселердің көбін орыстар іздеп таба алмайды, жасау қолынан келмейді. Солай болған соң школ болса оқытатын адамы, құралы бай орыстан көп ашпай, адамы жоқ, құралы жоқ қазақтан ашар ма? Бала бағымханасы болса тұратын үйі тәрбиелей білетін адамы сай орыстан ашпай, қазақтан ашар ма? Ойынхана, мәжілісхана, қирағатхана, халық үйі сиақты нәрселерді әдебиеті бай орыстан ашпай, әдебиеті жоқ қазақтан ашар ма? Иә болмаса оқу ісінің басында орыс жолдастардың қазақтың оқу кітабы жоқ екен деп өзі шығара алар ма, иә шығару шарасын іздер ме? Қазақта әдебиет алға басуына орыс жолдастар оқу ісінің басында отырып пайдасын тигізе алар ма? Мұның бірі қолынан келмейтін болса оқу ісінің басында орыс жолдастар отырғанда қазаққа істейтін не? Қазаққа келтіретін пайдасы не? Мұның мағынасы қазаққа құр бастық болып билеу ғана болып шығады. Орынды-орынсыз жерге де орыстың бастық болуы орыс жолдастардың бұрынғы бастық болып үйренген салтына тартуы болып шығады. Қазақ жолдастардың ақты-қараны айырып білмегендігін, оң қолымен сол қолын танып жетпегендігін көрсетеді. Далақтап шаба беруге ғана жарайтындығын білдіреді, әйтпесе орыс жолдастар орынсыз жерде ұлық болуға ұйалса керек еді, қазақ жолдастар жылқыға сиырды қалай қосақтаймыз деп ойланса керек еді. Қазақ республикасында халық ағарту жұмысы қазақ пен орыс арасында қатар жүріп отырсын десек ол үшін иә қазақты иә орыс ауанымен жібермей, орыты қазақ ауанына қарату, иә қазақ ісін өзгеше өз алдына жүргізу. Мұны істемей, қазақты қалың қараға қосып жіберіп, қарасына мәз болып, арасына келгенде қазаққа істелген істі таба алмай отырсақ, қазақ сыбағасына орысты оқытып, өзіміз түк білмей қалатынымыз шексіз. Осы күймен бара берсек, қазақ оқу оқып, білім ала алмай, орыс оқып оза беретін болады. Ондай ере берудің ақыры не болатыны мағұлым. Оны мынау мысалдан оқу қиын емес, Қазақстанды мектепке есеп етіп, қазақстандағы оқуды сол мектептегі оқуға теңесек, орыс табының оқуы сабағын біліп саулап ілгері бара жатқан балалардың оқуы сиақты да, қазақ табының оқуы сабағын білмей, құр көптің сарынына ерген балалар. Не біліп не өндіретіні бала оқытқан адамдарға мағұлым. Йағни ондай балалар түк білім білмей күнін босқа өткізді. Мұндай балалар қайтсе білім біледі. Иә сондай қатарға ілесе алмаған балаларды бөлек шығарып, өз алдына оқыса иә оларға басқа балалардан көрі көбірек уақыт бөліп, көбірек түсіндіріп, көбірек айналдырса, сонда ғана олар өз әлінше озат болса білім үйренеді. Осы күнде қазақ табының оқу ісі орыс сарынына түсіп, қазаққа деп айырықша істелген іс болмай қазақ арасында оқу кеміп, кері кетіп барады. Қатарға ілесе алмаған балаларды құр қораға иіртіп қоймай, азат болса әлінше білім білдіру үшін істейтін шараны біздің қазаққа да істеу керек. Қазақ табына тиісті халық ағарту ісін айырықша өз алдына бөлек жүргізіп, сыбағасын айырып, көбірек күшті, көбірек істі, көбірек ілтипат назарды қазақ табындағы оқу ісіне салу керек. Олай ету үшін қазақпен орыс аралас губерниаларда губерниалық, үйездік оқу бөлімдерінің басында пәк қазақ отыру керек, йаки қазақтың да орыстың да өз алдына сексиалары болу керек. Бұл істелмесе халық ағарту ісінің арты қазақтікі, заты басқалардікі болатындығына шүбә қалған жоқ. Бұл сиақты хәл жалғыз хаық ағарту ісінде емес, басқа істердің де жүзінде болса керек. Сондықтан бұл мәселе 3-ші жалпы қазақ сиезін қарап, секциаларды қайта туғызуға қарар шығарып, 1-ші жалпы қазақ сиезінің істеген қатесін түзеуі керек. 3-ші сиезге келетін уәкілдердің бұл секілді хәлде есінде болуы керек.
«А-Қ» Ахмет. «Ақжол» газеті, №193. 14 иүл 1922.