Қанатты сөздер
Халықты қаңсылату – обал, халықты зар жылату – мейірімсіздік, халықты тамақ үшін сату – иттік
* * *
Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып, сөз табуымыз керек
* * *
Тіл тазалығы дейтініміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау
* * *
Неғұрлым сәулет өнерпазы қиялға бай болса, соғұрлым үй де сәулетті, әдемі болып шығатыны сияқты неғұрлым жазушы қиялға бай, пікірге шебер болса, соғұрлым шығарған сөз пікірлі, әсерлі, әдемі болып шықпақ
* * *
Сөз шығару өнерді қорек қылса, өнер ғылымды қорек қылады
* * *
Ақыл ісі – аңдау яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау. Қиял ісі – меңзеу яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау. Көңіл ісі – түю, талғау. Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау
* * *