ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Қанатты сөздер

Ғылым дегеніміз – дүниені яғни табиғатты дұрыс тану, ғылым жоқ болса, дүниені тану дұрыс болмайды


* * *

Ұстаның мінін көбінесе ұсталар көреді. Сондай-ақ дарынды сөздің мінін ақындық дарыған адам көбірек көрмек, бірақ ұста істеген нәрсенің мінін ұстаның бәрі көре бермейді. Жақсы ұста ғана ұста істеген нәрсенің мінін көре алады


* * *

Тұрмыс мәселесі деп айтатын, айтылатын шын адамшылық мәселесі, өмір мақсатының мәселесі яғни өмір бақытты болу мәселесі, ошақ басының, жұрт қамының, мемлекет жайлылығының, дүние тыныштығының мәселесі. Мұндай ұлы, ұйысқан мәселелерді дұрыс шешу оңай нәрсе емес, ондай ірі іс ердің ерінің, дананың данасының ғана қолынан келмек


* * *

Тарихтың мақсаты – бүтін адам баласының өмірі нендей табиғат заңымен өзгеретінін білу. Тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғалардың мағлұматын сымға тартқандай сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді


* * *

Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы тарих. Тарихтың қызметі – бүтін адам баласының яки бүтін бір жұрттың, иә таптың өткен өмірін болған күйінде айнытпай айту


* * *

Сөздің асыл болуы ұнауымен. Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады. Сөз көркемдігі әуезінің әдемілігі мен кестесінің келісті болуынан табылады


* * *