ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Қанатты сөздер

Бірақ елде жоқ рух ақын сөзінде де болмайды. Елде бар рухты ақын ықтимал дәріптеп, күшейтіп, көпіртіп, көркейтіп айтуы, бірақ жұртта жоқ рухты ақын өзінен шығарып айта алмайды. Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды


* * *

Батырлар турасындағы әңгіме: халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме: Батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған


* * *

Ертегі – халықтың ескіден қалған жұрнақтарының қордасы


* * *

Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуда


* * *

Толғау қысқасынан айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі


* * *

Көсем сөз әлеуметке басшылық есебінде айтылатын сөз болғандықтан, жұрт ісіне мәні зор болады. Басшылығы дұрыс болса, әлеуметті түзейді. Теріс басшылық қылса, әлеуметті адастырады. Солай болған соң көсем сөз жазып, әлеуметке басшылық қылатын адам көпті көрген көсем, білімді адам боларға керек


* * *