Тіршілік ғамалы – заманның заңын, тұрмыстың сарынын тану ғылымы, адамның іздеген, көздеген мақсаттарын білу, мақсаттарына жетуге жүретін жолдарымен танысу
* * *
Биік мақсат, зор үміт, ұлы пікір жоқ өмір хайуан өміріне ұқсас, бірақ ұсақ істердің ішінде ұсақсынып байқамай өтсең опық жегізіп, өкіндіретіндері де көп болады. Тіршілік жолында жүзеге шығарайын деген ісіңе бөгет болатын көбінесе үлкен істер емес, ұсақ істер, ұсақ нәрселер; олардың бөгетшілік күші үлкендігінде емес, көптігінде. Олардың бөгетшілігін бұзуға көп күш, үлкен іс керек емес, ұсақ ғамал, жиі жеделдік керек
* * *
Адам бірден өтірікші, бұзық, ұры-қары болмайды, бірден түзік, әділ, адал, ізгі де болмайды; бір істегенін қайта істеп қалыптанумен бірте-бірте барып болады
* * *
Адам тұрмысының тағдырын күн сайын құбылып, қайта-қайта келіп тұрған ұсақ уақиғалар шешеді. Бір рет өтірік айтсаң, ол зор бәле: өтірікші, сырғиға, сенімсіз болсаң, онан тіршілігіңе келетін кесапат көп
* * *
Асыл сөздің сипаттарын білумен адам ақын болмайды, бірақ ақын адам сөздің асыл болатын сипаттарын білсе, сөзін таза, мінсіз шығарады. Асыл сөздің сипаттарын білу тыңдаушыға да қажет
* * *
Асыл тас, асыл темір, асыл бұйым несімен асыл болатынын білмеген адам тастың, темірдің, бұйымның жақсысын тауып алуды білмейді
* * *