Қанатты сөздер
Біреу жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады
* * *
Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай, істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді
* * *
Ұлтын керек қылып, қалыққа қызмет етемін деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенінше қарап тұрмай кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы
* * *
Жұрт жұмысы құмырысқаның илеуіндей жұмыс сыйақты. Құмырысқаша жабыла тынбай істесек өнеді. Бірі оны, бірі мұны істеп, илеуде қарап тұрған құмырысқа болмайды. Жұрт жұмысын да солай істесе, алға басады. Әр құмырысқа бәріне керек илеудің өсуі үшін күші жетіп көтерген шөпшегін апарып салады
* * *
Ағашты кесетін балта, балтаның сабы ағаш
* * *
20-ншы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін, қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас
* * *