...Осы жылдарда менің Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтта оқып жүрген кезім. Бір күні біз оқу бітісімен жатақханаға баралық деп дәлізге шықсақ, ұзын дәліздің басындағы терезенің алдында атжақты, ақ қардай ақ сақалды, көзіне көзілдірік киген арықтау келген бір кісі студенттерге қызыға көз тігіп, қуаныш пейілмен қарап тұрды. Біз бір-бірімізден мына кісі кім болады – деп сұрай бастадық. Бірақ бірде-бір студент танымады. Бір кезде орыс әдебиетінен сабақ беретін Митрофан Семенович Сильченко (кейін академик болды) оң жақтағы бір аудиториядан шыға келді. Біз бұрылып барып: – Митрофан Семенович, әне бір кісіні танисыз ба? – дедік. – Ахмет Байтұрсынов, – деп жымиып күлді.
– Ә, енді түсінікті болды, – деп біз, бір топ студент Ақаңа жақындап бардық та: Ассалаумағалейкүм – дедік. Ол кісінің біздің сәлем бергенімізге риза болғандығы сонша, бізге, Уағалейкумүссалем, – деп екі қолын кеудесіне басып, басын иіп жауап бергенде, біз жерге кіріп кете жаздадық. Әрине, ол кісінің біздің сәлемімізді иіліп тұрып алғаны бізге түсінікті болды. Өйткені қасынан өтіп жатқан көптеген жұртшылық үндемей есіктен шығып жатты. Олар да амандаспайық демейді, қорқады...
Шәріпов Ә., Мың¬жасарова К. Есімі қайта жан¬ған ел ағасы. Жинақтаған: С.Жұмағұл, ф.ғ.д., профессор
...Әкем Жүсіпбек Психология деген оқулық жазған. Ол кітапты атамыз Ахмет Байтұрсынұлы үстеліне үнемі қойып оқитын, әкемді білімді деп ерекше қадірлейтін. Сол кітапта адам жанына түсірілген жарақат, жүрекке түсірілген сызат, содан туған үрей туралы да көп айтылған...
Бектұр Аймауытов: Топас Тоғжановтар өлді дегенге әлі сенбеймін! Жинақтаған: С.Жұмағұл, ф.ғ.д., профессор
...Бірнеше күн жүріп барып поездан түстік те, баржаға мініп екі күн жол жүріп, бір ағаштың жанына келіп тоқтадық. Тамақ та, ішетін су да жоқ. Тоғайдың ішінде тұрған бір сарайларға жаяу барып түнеп, ертеңіне тағы жолға жаяу шықтық. Ел, жұрт көрінбейді, сөйтіп, әрең дегенде өлдік-талдық деп біз тұратын лагерьге де жеттік. Сонда ғана біздің Архангельскіге келгенімізді білдік. Біз елден шыққанымызда жаз еді, бұл жақта қыс екен. Киіміміз жұқа, бұл жердің қысы өте қатты екен. Сондай қиын жағдаймен Архангельск лагерінде 29 жылдан 34 жылдың ортасына дейін қиыншылықтарына көніп, тіршілік кештік, – деп еді қайран Ахаң сол күндерді еске алған бірде...
Кә¬кі¬¬шев С. Ахаң туралы ақиқат. – Алматы: Қазақстан: Шапағат, 1992 ж. Жинақтаған: С.Жұмағұл, ф.ғ.д., профессор
...Құдекең маған келіп: Осы сендер Ахмет ағаның үйімен араласып тұрасыңдар ма? – деп сұрады. Араласып тұрамыз, – дедім. Онда мына бір кітапты Ахаңның өз қолына апарып берші, не айтқанын келген соң айтарсың, – деді. Қалың кітап қағазға ораулы екен. Курьер болып істейтін Мотя есімді қыз бола тұра маған сенім білдіргенінде бір гәп болғаны ғой деп жүгіріп ала жөнелдім. Ахаңдарың верандалы особняк үйі ол кезде Кастекская деген көшеде болатын. Ауладан еніп барсам Ахаң білегін сыбанып еден жуып жатыр екен, ыңғайсызданып, өз-өзімнен ұялып қалдым. Ә, кептер, келдің бе, – деді белін жазып, – әжең ауру, үйді өзім жинаймын, тамақты өзім пісіремін. Мен ораулы кітапты ұсындым. Ахаң сұқ саусағымен ернін басып, көрші есікті нұсқады, пәле болды бір, – деді, сөйткенше болған жоқ, есік сықыр ете қалды. Аңдушы болып жүрген көршісі екен. Ахаң кітапты алып бөлмесіне еніп кетті де біраздасын қайта шықты. Мұндай қалың кітапты аудара алмаймын, бұрынғыдай саушылығым жоқ, – деді. Кітапты қайтарып берді. Қайтып келе жатып жанашыр кісілер, Құдекең бас болып ақша жинап, кітаптың арасына салып мен арқылы беріп жіберген-ау деп ойладым. Болған оқиғаны баяндап, Құдайберген ағаға кітабын қайта әкеліп бердім...
Досжанов Д. Абақты. – Алматы: Қазақстан, 1992 ж. Жинақтаған: С.Жұмағұл, ф.ғ.д., профессор