ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ


    … А. Байтұрсыновтың өлеңдері өзінің сыртқы қарапайымдылығы, ішкі мазмұны, жеңілдігі және біркелкілігі жағынан қазақ әдебиетінде бірінші орын алады… А. Байтұрсыновтың арқасында санасыз түрде болмаса да шын мәнінде орыстана және татарлана бастаған қазақ зиялыларының бір тобы дереу есін жиып, … өз ағаттықтарын түсіне бастады…

    Міржақып Дулатов

    Сан салалы ғалым Ахмет Байтұрсынов туған тілдің, туған мәдениеттің басында тұрды. Туған тілдің әдеби нормасын жасады. Бірде- бір бөгде тілдің сөзін қоспай, бірде- бір цитата келтірмей, таза, мөлдір тілмен өзі тапқан қисынды баламалармен “Әдебиет танытқышты” жазып шықты.

    Сырбай Мәуленов

    Ахмет Байтұрсынов- біріншіден, қазақ тілінің тұңғыш әліппесі мен оқулықтарының авторы. Соңынан із салған жаңашыл ағартушы. Қазақ оқушыларының бірнеше буыны сауатын Байтұрсыновтың әліп-биімен ашып, ана тілін Байтұрсыновтың “Тіл құралы” арқылы оқып үйренді.

    Рабиға Сыздықова

    Ломоносовтың бойында екі түрлі қабілет бар- ақындық пен ғалымдық, оның соңғысы алғашқысына қарағанда күштірек”- деген еді В. Белинский. Осыған ұқсас жайды Ахмет бойынан да көреміз. Оның ақындығын ғалымдығы жеңіп кетті… Қазақ даласына азаттық идеясы тарай бастаған тұста жаңа поэзияның бастаушысы, алғашқы ту ұстаушысы болып Ахмет қашан да тарих биігінде тұрады

    Серік Қирабаев

    Қазақ тілі мен кітабын жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргетасын қалаған алғашқы адам- Ахмет.

    Сәбит Мұқанов