І.
Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Үш шарбақты, үш кентті,
Ноғайлы деген жұрт өтті.
Бір замандар болғанда,
Ауыр дәулет мал кетті.
Жарлылықтың зары өтті.
Халқы жарлы болған соң,
Жігітінен әл кетті.
Жап-жалаңаш жүрген соң,
Әйелінен ар кетті.
Сол ноғайлы жұртында
Жортақыға мінбеген,
Түстік жерге жүрмеген,
Кірлі киім кимеген,
Алдаға (Аллаға) тілі тимеген,
Бес намазын қоймаған,
Бір құдайды ойлаған,
Қара басы хан болған,
Байлығы жұртқа аң болған,
Малы Алашқа таң болған,
Боз мұнай атты бай болған.
Байлығының белгісі:
Тоқсан қара құлы бар;
Тоқсан тоғай малы бар;
Сол дүние қор зор байдың,
Дүниеде жалғыз мұңы бар.
Сол Боз мұнай қартайып,
Алпыс жастан өткенше,
Құдай қосқан қосағы,
Елу жасқа жеткенше,
Бір перзентке зар болған.
Қартаяды қатыны,
Өкшесі сіре қанамай,
Еміреніп сүймеген,
Жас иісті баланы-ай!
Елде тауып қоймайды,
Тәуіп біткен орнайды,
Сөйтсе де перзент болмайды.
Бір уақыт болғанда,
Жылқыда жүрген тоқсан құл,
Қымыз ішіп мас болад.
Мастығымен тек тұрмай,
Үйдегі баймен қас болад.
Қосылып құлдар кеңесті;
Төбеде тұрып сөйлесті;
Сөйлескенде не десті?
«Қызыл шапан кимедік;
Қырнышыл ат мінбедік;
Нойғайлының жұртының,
Қыздарымен керме-қас,
Жігіттей дәурен сүрмедік;
Өтерін дүние білмедік;
Мұнау жүрген Боз мұнай,
Бізді ұлындай көрмеді,
Толып жатқан малынан
Бізге қалың бермеді.
Ертеңменен бай келсе,
Екі қолын байлайық;
Кірерге көрін сайлайық.
Боз мұнайды өлтірсек,
Біз сәтіне келтірсек,
Тоқсан тоғай жылқыны,
Тоқсан бөліп алайық.
Бұл сықылды тегін мал,
Қайдан іздеп табайық.
Қарағай найза қолға алып,
Қарсы шабар ұлы жоқ.
Артынан іздеп қуатын,
Қатарланған қолы жоқ».
Құл кеңесіп жатыр деп,
Байға айтқан кісі жоқ,
Онымен байдың ісі жоқ.
Бір замандар болғанда,
Ертеменен бай тұрды.
Арқаннан атын алдыртты,
Алтынды жүген, ер-тұрман,
Тоқыммен салдыртты.
Қара түнде белсеніп,
Қас патшадай теңселіп,
Жорға мініп найқалып,
Келе жатқан жылқының
Алдынан шықты шайқалып.
Тоқсан құлдың біреуі,
Бүгіліп сәлем бермеді.
Байды көзі көрмеді.
Сонда бай тұрып бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды.
Тоқсан құлдың бәрінің
Атын атап шақырды.
Ашуыменен Боз мұнай:
«Қырармын!» - деп ақырды,
Шетте жүрген бір құлды,
Бай келіп ұстап алады,
Қолға түскен сол құлды,
Ашумен бай сабады.
Бірін сабап жатқанда,
Басқасы келіп қамады:
Бай үстіне жан-жақтан
Құрық келіп жауады.
Басына таяқ тиген соң,
Жалғыздығын білген соң,
Құлдардың түрін көрген соң,
Боз аттың басын бұрмалап,
Сарайға қашты Аллалап.
«Ойбай» салған даусына,
Жер күңіреніп барады.
Бәйбішенің үйдегі
Құлағы дауыс шалады.
«Не болды? – деп бәйбіше,
Үйден шықса жүгіріп,
Келеді екен Боз мұнай,
«Ойбай» салып бүлініп.
Боз мұнай келе құлады.
Қосағымен екеуі,
Жер бауырлап жылады.
Ойбай салған дауысы,
Жұрттың басын құрады.
Жұрт келсе де тұрмады;
Көтеріп басын бұрмады;
Жұбатқанға болмады;
Сол ойбайдан танбады.
Боз мұнай бай жылады,
Жад етеді құдайды,
Жылағанда бүй дейді:
«Ашамайға мінгізіп,
Көш алдына жүргізіп,
Әжептәуір құрбының,
Алдына алып, сүйгізіп,
Алашқа атын білгізіп,
Ұл қызығын көрмедім.
Астына жорға мінгізіп,
Үстіне торқа кигізіп,
Орынды жерге бергізіп,
Тойын жасап, ұзатып,
Қыз қызығын көрмедім.
Дұспандармен соғысып,
Малым үшін өлмедім;
Құлдан қорлық көргенше,
Күнде бүйтіп өлгенше,
Сүймес пендең мен болсам,
Тезінен өлім бермедің».
Күні-түні зарлады;
Кең сарайға бармады;
Көтеріп басын алмады;
Сол жылаудан танбады.
Жылауменен бай жатты.
Қызарып барып күн батты.
Сарғайып барып таң атты.
Таң атса да бай жатты.
Моллалар азан айтқанда,
Би намаз аяқтап жатқанда,
Ақ сәлделі бір адам,
Жетіп келді қасына;
Таянып келді басына.
Екі қойны толыпты,
Боз мұнайдың сол күнде,
Көзінен аққан жасына.
Аянышы геліп сөйлейді:
«Әй, Боз мұнай, Боз мұнай!
Тілекті берді бір құдай.
Не тілегің бар? – дейді.
Тілегеніңді ал! – дейді».
Боз мұнай мұны есітіп,
Ұшып тұра келеді;
Қолын жая береді,
Көзінің жасын төгеді.
Боз мұнай сонда сөйлейді:
Ноғайлының ішінде,
Дүниеқордай болдым;
Ауыр дәулет тұсында,
Қара басым хан болдым;
Жиған малдан не пайда!
Бір перзетке зар болдым!
Сол баланың жоғынан,
Жиын-тойға бармадым.
Құлдан көрдім қорлықты,
Жалшыдан көрдім зорлықты,
Тыныштық ұйқы ала алмай,
Өз жанымды қия алмай,
Өлейін десем өле алмай.
Ел ішінде жүре алмай,
Күні-түні зарладым».
Сонда пірі сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Өзің іздеп бармадың,
Үйде жатып зарладың.
Тілегенің сол болса,
Бабай өмір бабасы,
Қабыл болғай тобасы:
От жағалай отырып,
Оттың басын толтырып,
Үйің базар болғандай,
Көп пе саған керегі?
Бірін мыңға балаған,
Құдай өзін қалаған,
Жұртқа қорған болғандай,
Бір ме саған керегі?»
Боз мұнай сонда сөйлейді:
«Ер отаны болғанда,
Пайғамбар жасы толғанда,
Заманымыз азғанда,
Жігіттің күні озғанда,
Берекетсіз балаға,
Оттың басын топ етіп,
Қырға шығар ішінде
Біреуінде жоқ етіп,
Мен алмаймын көбіңді,
Мағызы жоқ шөбіңді.
Берсең, маған қалап бер!
Мың кісіге балап бер!
Өмір жасын ұзақ қып,
Асқар таудай талап бер!»
Пірі сонда сөйлейді:
Бірді берем мен, - дейді,
Күтіп алсаң сен, - дейді.
Жаста құдай демдеген,
Қылған ісін жөн деген.
Өзге жұрттың тілегін,
Ол секілді бермеген;
Оның көрген қызығын,
Һеш пендесі көрмеген;
Белін шешіп жатпаған,
Аңсамай сау мал татпаған.
Ертең мінген атынан,
Кешке дейін түспеген;
Сансыз дұшман батпаған,
Бет алдынан қайтпаған.
Бабасына сыйына,
Дұшманнан ағат тақтаған.
Жұрттың сөзін сөйлеген,
Ұлттың жауын көздеген:
Батыр Сайын болсын дед,
Басына дәуір қонсын дед.
Қысылғанда сыйынар,
Іші нұрға толсын дед.
Ала есігін алқалап,
Ала қоржын арқалап,
Шар кітабы қойнында,
Демі тағдыр мойнында,
Аса таяқ қолында,
Өзі ақтың жолында.
Пірі келіп қасына,
Аян беріп кеткен соң,
Боз мұнай тұрды оянып.
Буыны кеткен бейшара
Әрең тұрды таянып;
Үйіне кірді жүгіріп,
Несіне тұрсын кідіріп?!
Жатыр екен бәйбіше,
Ет бетінен бүгіліп.
«Ей бәйбіше, тұр!» - дейді,
«Беті-қолың жу!» – дейді:
«Құдайың берді тілекті;
Әулиең жарды жүректі;
Есен болсақ, көрерміз,
Сайын атты перзентті.
Қойдан қошқар алайық!
Құдай жолы шалайық!
Қабыл етсе құдайым,
Жалбырынып бағайық!»
Бәйбішесі сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Әй, Боз мұнай, Боз мұнай!
Берер ме екен бір құдай,
Ертеменен кеткен қой;
Жетер ме екен жаяу-лай?
Сен жетпіске жеткенде,
Мен елуден өткенде,
Біздей екі сорлыға,
Енді берсін не құдай!?
Бермесе де қайтесін?
Малыңды аяп не етесің?
Аяғанда бұл малдың,
Қай түбіне жетесін?
Болмаса да, барайын;
Алып келіп шалайын».
Екі етегін түрініп,
Қойға жетіп барады,
Ай мүйізді қошқарды,
Алып келіп шалады.
Жылқыдан да сойдырып,
Жұртын жиып алады.
Жұрты тарқап кеткен соң,
Бір-бірінен сұрады:
Қашан болар екен? – деп
Екі байғұс жылады.
Тырысып қалған кемпірдің,
Құрсағын күнде сылады.
Бір күндері болғанда,
Білінер кезі толғанда,
Қарны шықты қампайып;
Құрсағы шықты томпайып;
Шалқасынан жатқанда,
Ұмтылғанда тұрмады.
Мерзімді күні толғаны,
Батыр Сайын тумады.
Туғанынша бейшара,
Кемпірдің жанын қинады.
Тоғыз айға толғанда,
Шамалы күні болғанда,
Бейсенбінің кешінен
Ұлы жұмаға ауғанда,
Боз кемпірді қозғалтты,
Ыңыранды, толғанды.
Ноғайлының үш кентін
Жиып алып орнатты.
Таң сарғайып атқанда,
Молларлар азан айтқанда,
Сайын сынды батырдың
Желкесі жерге тақ етті;
Маңдайы күнге жарқ етті.
Баланы көріп қатындар,
Боз мұнайды қамасты;
Бәрі бірдей жүгіріп,
Сүйіншіге таласты;
Бірін-бірі сабасты;
Мұрындары қанасты.
Таластан соң қатындар,
Жүгініске барысты;
Жүз жылқыны бай берген,
Бәрі бөліп алысты.
Екі етегін түрініп,
Малға қарай жүгіріп,
Боз мұнай сонда сөйледі:
«Оң қолымды жаярмын!
Мұнан немді аярмын!
Бүгін өліп кетсем де,
Аманатқа даярмын!
Ноғайлының үш жұртын,
Бірін қоймай жиырмын.
Бұл төрт түлік малымның,
Бір бөлгенін қырармын.
Қуаныш мұндай берген соң,
Қырмай нағып шыдармын!».
Талай малды қырады,
Үлкен тойды қылады;
Тойын қылып болған соң,
Төрде отырған билерден
Боз мұнай өтіл [?] сұрады:
«Осы отырған бекзаттар!
Бұған жетсін ойыңыз!
Мынау туған баланың,
Атын тауып қойыңыз!
Түсімде қойған аты бар,
Жазылып қойған хаты бар,
Мұны, сіздер, ойлаңдар,
Атын тауып қойғандар.
Тоқсан торқа киесін,
Тоғыз жорға мінесін».
Хан мен бектер отырып,
Ат пен тонға таласты;
Қымыз ішіп, мас болып,
Естерінен адасты;
Хандар, билер керісіп,
Бірін-бірі сабасты.
Боз мұнай сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Хан мен бектер, ұрыспа!
Ұрысқаның дұрыс па?
Тоқсан торқа кигенмен,
Тәңірі өзіңе бермесе,
Маңдайыңа ырыс па?
Он күн жатсаң, сақтаймын;
Біріңе қайт деп айтпаймын;
Ауыр дәулет тұсында,
Қалай тамақ таппаймын?»
Үш күн жатты, таппады.
Шұбырған кедей қаптады.
Ондай, мұндай қойған ат,
Бай көңіліне жақпады.
Жиылған жұрттың бәрін де
Дәулетімен сақтады;
Хан, қарасы, молласы,
Сайынның атын таппады.
Жүз отыз біур жасаған,
Азу-тісі босаған,
Ноғайлының жұртында,
Онан үлкен кісі жоқ,
Өзі жарлы болған соң,
Онымен жұрттың ісі жоқ.
Хан мен бектер қасына,
Келіп тұрып таянып,
Өзіне мәлім болған соң,
Несіне тұрсын аянып?
Кедей шалың сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
Бәрекелді, билерім!
Жарасады жатқаның!
Байлығың да, Боз мұнай,
Мыстан табақ тартқаның!
Жаңа туған жас төлдің,
Қане-екей атын тапқаның!?»
Сонда отырып хан мен би,
Шалға қарап ұрысты.
Таппаған соң жақсылар,
Намысына тырысты.
Осы жерде ойласаң,
Атын тауып қоймасаң,
Сақалыңнан алармын,
Ағашқа асып таңармын.
Шал да қарап отырмай,
Күңіреніп жылады:
«Бәрің таппай тұрасын,
Беліндегі бес қару,
Тал бойына жарасқан.
Екіталай жерлерде,
Ерлігі асқан Алаштан,
Батыр Сайын болмас па?
Үстіне аруақ қонбас па?
Тамақ жақсы жиылып,
Соны тауып қоймас па?»
Хандар қалды қомсарып,
Билер қалды томсарып.
Тоқсан торқа киді де,
Тоғыз жорға мінді де,
Шал жөнелді теңселіп.
Мұратына жеткен соң,
Тойы тарқап кеткен соң,
Күмістен бесік иірді;
Береннен түбек құйдырды;
Сайын сынды батырды,
Қара күске бөлетті.
Қара күсті қатты деп,
Бала күске бөлетті.
Жаңа туған жас бала,
Емшек берсе, ембейді.
Ет берсе де, жемейді;
Анасының қарасын,
Ергіз де екі көрмеді.
Боз мұнай бай абдырап,
Шаһарына барады,
Молла менен ғалымның,
Құлағына салады:
«Кешегі туған жас бала,
Бізді қылды масқара!
Емшек берсең, ембейді,
Ет берсең де, жемейді.
Анасының қарасын,
Ергіз екі көрмейді:
Дағдардым, жұртым, мен! – дейді.
Ақыл тауып бер! – дейді.
Ноғайлы жұрты кеңесіп,
Күнде бір бие сойғызды;
Ортан жілік майына,
Үш күнде бір тойғызды.
Бір жасына келгенде,
Балалықты қылмады;
Екі жасқа келгенде,
Елеулі ермен тең болды;
Үш жасына келгенде,
Үш шарбақты ноғайдың,
Бәрі-дағы таң қалды;
Бір түрлі туған жан болды.
Төрт жасына келгенде,
Төрге таман ұмтылды.
Бес жасына келгенде,
Бес қаруды сайлады;
Жасыл оқтай ойнады;
Әр талапты ойлады;
Алты жасқа келгенде,
Ертең мінген атынан,
Кешке дейін түспеді,
Ердің ісін істеді.
Жеті жасқа келгенде,
Жеке жұртын күзетті;
Ноғайлының үш кентін,
Түгелімен түзетті.
Езу тартпай ұл өтті;
Абыройлы қыз өтті.
Ғаріп менен міскіндер,
Панасында күнелтті.
Сегіз жасқа келгенде,
Секіртіп ат мінгендей.
Балдағы алтын ай болат,
Ал беліне ілгендей.
Алты қырлы ақсүнгі,
Оң қолына алғандай.
Ел шетіне жау келсе,
Айқай сүрен салғандай.
Ноғайлының үш жұрты,
Бәрі бұған таң қалды-ай!
Бұл Сайынның ерлігін
Әрбір адам көргенде,
Тоқсан құлы кеңесті.
Кеңескенде, не десті?
«Бір күндері болғанда,
Мынау жүрген Ер Сайын,
Көрмейсің бе ыңғайын?
Бізді де бір адам деп,
Тура қарап күлген жоқ.
Баяғыда атасын
Ортаға алып қуғанды,
Ұстап алып ұрғанды,
Әлі күнге білген жоқ.
Оны бір күн білген соң,
Құлағына тиген соң,
Біз байғұсты ұрмас па?
Ашуланса қырмас па?
Уағда қыл, жігіттер,
Не ғылса да тұрмасқа!
Қырар ма, ойбай, қырар ма!
Бұған адам шыдар ма?
Жорға менен жүйрікті,
Түн ішінде алайық!
Мың сан жылқы ішінен,
Ат табармыз лайық.
Құр қырылып қалғанша,
Қашып кетіп қалайық!»
Жорға менен жүйрікті,
Қос-қосынан алады;
Сусыз шөлге бас қойып,
Құлдар қашып барады.
Ертең келіп Ер Сайын,
Жылқысына қарады.
Иесіз жатыр көп жылқы,
Құлдарының бірі жоқ.
Қашты деген көңілінде,
Ер Сайынның кірі жоқ.
Ары-бері жүұрген соң,
Құл қашқанын білген соң,
Жылқы бағар кім қалды?
Батыр Сайын толғанды:
«Тоқсан құл, саған не қылдым?
Қашып кетіп не білдің?
Әкеме қылдың қорлықты,
Шешеме қылдың зорлықты;
Кешейін деп күнәңді,
Сонда да еске алмадым.
Ат терлетіп келдің деп,
Етке қамшы салмадым.
Ақырындағ балам құл,
Мені бүйтіп алдадың!
Тым болмаса жылқыда
Жартың неге қалмадың?
Өз обалың өзіңе!
Түлен сені қуды ма?
Қардан жаман түспеспін
Қарадағы ізіңе.
Азар болса, кетерсің,
Сусыз шөлдің түзіне.
Бәріңді де қырайын,
Бір көрінсең көзіме.
Бұлармен деп жүргенмін,
Дұшманның жалғыз жүзіне».
Шу-у! – деп еді, қарала ат,
Қырдан асып қылт етті;
Тұяқтан ұшқан тозаңы
Құйындай-ақ бұрқ етті.
Бір жіберіп алғанда,
Әуелі сәске болғанда,
Шыға келді Ер Сайын,
Қаратөбе басына.
Құлдар кетіп барады,
Аяғының астында,
Қосылып өлең айтысып,
Сырнай күйін тартысып.
Мұны көріп Ер Сайын,
Төбеде тұрып толғанды.
Жалғыздығын ойлады;
Жауы тоқсан, бұл жалғыз.
Ойламасқа болмады:
«Өзің жәрдем бола гөр,
Бір жаратқан құдайым!
Өлемін деп қылмаймын,
Жаным үшін уайым.
Қорлығы өтіп барады,
Бұған неғып шыдайын!
Тоқсан құлмен соғысам,
Абыройды тауысам.
Жалғызға келер күш болса,
Жазатайым іс болса,
Қартайғанда атамнан,
Енді перзент туар ма?
Ием сараң болмаса,
Қанатсыз мені қылар ма?
Құлдан қорқып мен қайтсам,
Құл кетті деп мен айтсам,
Жиылысқа кіре алман;
Ел ішінде жүре алман.
Енді бұған барайын,
Бармай нағып қалайын?
Қыннан шықпас ақ алмас,
Суырып қолға алайын.
Көтерсе құдай талайым,
Бәрін тегіс қырайын».
Қамшы басып қалғанда,
Қарғып кетті қарала ат.
Жауға жетіп барады,
Тауды, тасты аралап.
Екі тісі сақылдап,
Құлдарға келді жақындап.
Жау көрмеген жас бала,
Жаңа өспірім мас бала,
Қылышты алды қынынан;
Ойын емес, шынынан.
Шу-у! – деп еді, қарала ат,
Жұмырланды қырынан.
Түнеріп бала келген соң,
Енді өлерін білген соң,
Қол қусырып бәрі де
Аттан түсе қалысты.
Бас ұрып жерге жыласты.
Жылағанға болмады,
Жалынғанға қоймады;
Екпіні қатты жас бала,
Құлдарменен ойнады.
Өзгесін қырып салды да,
Отызын жаяу айдады;
Бір балаға тоқсан құл,
Таба алмады айланы.
Қаратөбе басына,
Жаяу айдап барады;
Бірін тірі жібермей,
Барлығын да жарады.
Тоқсан құлдың аттарын,
Айдап елге салады.
Атасына мақтанып,
Құл қырдым деп айтпады.
Бұрынғыдай мырзаңыз,
Шіреніп үйде жатпады.
Сырттан келген дұшманнан,
Өз шарбағын сақтады.
Жатса, тұрса жау тілеп,
Жылқы болды баққаны.
Малшы болып жүрсе де,
Жау жарағын сайлады;
Жақын жатқан жылқыны,
Алысқа алға айдады;
Жылқы алуға жау келсе,
Ұрысуға ойлады.
Елдің жүрер шетінде,
Жаудың келер бетінде;
Жау көрінсе, білдір деп,
Қарауылды сайлады.
Күні-түні құдайдан,
Жауды тілей қалады:
«Қайда кеткен Алаштың,
Найза ұстаған батыры?!
Еркек мұрдар қырылып,
Қалған ба өңшең қатыны?»
ІІ.
Бір күндері болғанда,
Сайын жасқа толғанда,
Мұның даңқын есітіп,
Қара қыпшақ Қобыланды:
Дүниенің төрт бұрышын,
Тегіс жүріп шарлаған.
Алпыс жастан асқанда,
Алмаған жауы қалмаған.
Көрнекті бұзып жылқы алған,
Күймені бұзып қыз алған,
Дұшманды көрсе бір күнде,
Отыз екі қырланған.
Он жасына келгенде,
Жау әдісін үйренген,
Жұртыменен кеңесті,
Кеңескенде, не десті:
«Ноғайлының жұртынан,
Сайын деген ер шықты;
Мұсылманның ішінде,
Бұлар болған ең мықты.
Мың кісіні жиыңыз!
Сол Сайынға барайық.
Рас болса ерлігі,
Қолымызға алайық.
Алыста жатқан қалмаққа
Бір соғысты салайық».
Қобыландының бұл сөзін,
Жұрты қабыл етеді;
Мың кісіні қолға алып,
Сайынды іздеп кетеді;
Бір күндері болғанда,
Жылқыға таман жетеді.
Қыраңғытып жүрген ер
Жолығыса кетеді.
Көп екен деп саспады;
Жалғызбын деп қашпады;
Көтеріп алды найзаны,
Алтынды туын байлады.
Жалғыз өзі көп жаумен,
Ұрысарға ойлады.
Қобыландының қасында
Найзагері қорқады;
Жақындасып келгенде,
Атының басын тартады.
Сайын бетін бұрар ма?
Қашпай адам шыдар ма?
Батыр Сайын екенін,
Ер Қобыланды біледі.
Мың кісіге бас болып,
Өзі ілгері жүреді.
Ақбоз атпен аңқылдап,
Айыр қалпақ солқылдап,
Ер Сайынға жақындап,
Жетіп келді қомпылдап.
Жетіп келіп сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Батыр Сайын сен болсаң,
Қобыланды ағаңмен болсам,
Ел шетінде жүргенде
Іздеп жүріп кез болсам.
Жарқылдатпа қылышың!
Мың кісілік туысың.
Ашулансаң, шығарым,
Бәрімізді қырарсың;
Жаушылығым жоқ саған:
Сені көре келемін,
Атадан артық бір ер сен,
Қол тізгінін беремін.
Іздеп шыққан жауым бар,
Қызығыңды көремін».
Сайын қарап тұрады,
Аты-жөнін сұрады;
Қобыландыны білген соң,
Елге қарай бұрады.
«Біздің елге барып қайт!
Атамнан бата алып қайт!
Мен де бірге жүрермін;
Қонақасың берермін;
Бара тұрған жауыңа,
Артық туған ағасың.
Батырлығың көремін».
Мың кісіні Ер Сайын,
Ерітіп алып келеді;
Алпыс асау сойдырып,
Қонақасы береді.
Үш күн қонақ болған соң,
Байдан көңілі толған соң,
Қобыланды мен Ер Сайын
Байдан бата сұрады.
Бәйбіше мен Бозмұнай,
Қобыландыға жылады:
«Өлгенде көрген жалғызым,
Аттанып кетсе жорыққа,
Қартайғанда басымыз,
Қалады екен зорлыққа!»
Таянып келді Бозмұнай,
Қобыландының қасына:
«Желіктіріп баланы,
Қайғы салдың басыма.
Тентектігің қоймадың,
Жұрт тіліне болмадың.
Бұрынғылар алмаған,
Маңына адам бармаған,
Қалмақ деген қатты жау:
Жүремін деп ойладың.
Мынау жүрген Ер Сайын,
Өмір берген құдайым!
Жастан жауға кеткен соң,
Үйде нағып шыдайын?
Тоғыз жастан өткен жоқ:
Он жасына жеткен жоқ;
Омыртқасы өткен жоқ;
Қабырғасы қатқан жоқ.
Көзім жасын көрсейші!
Үш наурызды берсейші!
Он екі жасқа толғанда,
Қызығын сонда көрсейші!»
Сонда Қобылан сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Ер дарыған бай едің,
Үш наурызды бергенім.
Үш жыл өтіп кеткен соң,
Уағдаға келгенім.
Соған дейін Ер Сайын,
Жау-жарағын сайласын!
Мінер атын байласын!
Шыныменен ер болса,
Уағдадан таймасын!»
ІІІ.
Мың кісі дулай қайтады.
Тілегін алып қуанып,
Бай үйінде жатады,
Үш наурызға жұбанып.
Бір күндері болғанда,
Бәйбіше тұрып ойлады.
Ойламасқа болмады,
Байды еркіне қоймады:
«Толып жатқан малың бар,
Екі-үш наурыз өткенде,
Сайын кетер жорыққа.
Тағы біздің басымыз,
Түсер сонда қорлыққа.
Тоғай толған малың бар,
Бөліп қалың берсейші!
Үш шарбақты қыдырып,
Лайық қыз көрсейші!
Келін де болса сүйеніп,
Аз ғана күн тұрмаққа.
Бермегенмен бұ малың,
Алып шықпас ұшбаққа».
Мұны есітіп Бозмұнай,
Бозжорғаға ер салды.
Үш шарбақты ноғайдың,
Қыздарына көз салды.
Лайық қыз таппады,
Көрген қыздар жақпады.
«Мен бармаған ел бар ма?
Ер Сайынға тең бар ма?»
Ноғайлы жұрты кеңесті;
Кеңескенде, не десті?
«Қамбар жайлап шет қонған,
Дұшманына бет қонған.
Өзі жауға айбарлы,
Көбікті деген бай бар-ды.
Езу тартып күлмеген,
Бөтен үйге кірмеген,
Аюбике сұлу нар,
Беті жерге тимеген.
Қиғаш қара қасы бар,
Қолаң қара шашы бар.
Сырты сұлу, сымбатты,
Кер құландай керілген;
Ішкен асы сұлудың,
Тамағынан көрінген.
Қорықпай соған барсаңыз,
Шамаң келіп алсаңыз.
Бермей қалар деймісіз,
Барып хабар салсаңыз».
Соған кетті Бозмұнай,
Судың бойын көбелеп.
Қартайғанша бозжорға,
Өзі мінген жебелеп.
Көбіктінің сарайы,
Көтерілген талайы.
Есігінің қасында,
Қақпасының басында,
Тұрады екен күзетіп,
Екі бірдей малайы.
Екі тісі кетілген,
Бір танауы сетілген,
Бозмұнайды біледі;
Иіліп сәлем береді.
Тілдесуге келеді:
«Ауыр дәулет тұсында,
Қара басың хан едің.
Сайын сынды ұлың бар;
Енді неге зар едің?
Атың жаман терлепті.
Таң сәрінен жүресің,
Ашуланған адамдай,
Қабағыңды түйесің.
Жолың болсын, Бозмұнай!
Не есітіп білесің?»
Бозмұнай тұрып сөйледі:
«Байың есен саулық па?
Қатты сөйлеп даурықпа!
Айтқан сөзім тыңдаса,
Көп қарсылық қылмаса,
Қызын алып қайтамын;
Жүргенім жоқ жаулыққа.
Лайық болса балама,
Менен малды ала ма?
Шауырғанға келмесе,
Балама қызын бермесе,
Бозжорға аттан түспей-ақ,
Елге таман қайтамын.
Тентек туған Сайынға,
Бара сала айтамын».
Қайран қалды Сетік құл,
Бозмұнайдың сөзіне.
Бара сала айтады,
Көбіктінің өзіне:
«Әзірейіл ме? Дажал ма?
Мұнан жаның қалар ма?!
Ықтиярсыз біреудің,
Қызын тартып алар ма?!
Сарайының қасында,
Көбікті қызын берсін деп,
Бозмұнай бай келіп тұр.
Бермесіне қойман деп,
Ер Сайынға сеніп тұр».
Көбікті тұрып бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды:
«Шауып алса, мал да көп;
Тартып алса, қыз д көп;
Ноғайлының ішінде
Сайындай тентек ұл да көп.
Қызымды оған бермеймін;
Бозмұнайды көрмеймін;
Мықты болса, жиылып,
Тартып алсын мұнда кеп.
Қанша кісі келсе де,
Ұрысуға даярмын.
Жалғыз қыздың тұсында,
Не жанымды аярмын.
Адам екен демеңіз!
Түсіріп саумал бермеңіз!
Қайтып кетсін еліне,
Бірің шығып тұрмаңыз!?
Бозмұнай құлдан сұрады;
Атының басын бұрады;
Көбіктінің сөзіне,
Жаман ашу қылады:
«Осынан елге бармасам!
Айғай сүрен салмасам!
Үш шарбақтың адамын,
Мінгізіп атқа алмасам!
Ер Сайынды жіберіп,
Бәріңді де қырмасам!
Айттырса бермес қызыңды,
Ат саурына салмасам!
Бозмұнай болып жүрмейін,
Бозжорғаға мінбейін!»
Мықтылығын айтады,
Елге таман қайтады.
Бір бүліктің боларын,
Көбікті жұрты байқады.
Бозмұнай қатып кеткен соң,
Елге хабар жеткен соң,
Көбіктінің үйіне,
Алтын тақты хан келді;
Қимылдаған жан келді:
«Көбікті бай, қызыңды,
Сайынға неге бермедің?
Сол секілді батырды,
Нағып күйеу көрмедің?
Бозмұнай өзі келген соң,
Мұнша неге кернедің?
Бет-бетімен тозармыз,
Бұл қызыңды бермесең.
Жұртымызды бүлдірер,
Аттанып Сайын келген соң».
Көбікті бай ойланды,
Төрде отырып толғанды.
Бозмұнайға шаптырды,
Бермесем де болмас деп.
Бермегенмен бұл қызым,
Қанша маған жолдас деп.
Сетік құлға бұйырды:
Қос ат алып шап! – деді,
Бозмұнайды тап! – деді.
Сұраған қызын береміз,
Қайтсын мұнда, айт! – деді.
Қос атпен құл шабады;
Бозмұнайды табады.
Құл жақындап жеткенде,
Бозмұнай кейін қарады.
«Атыңның басын бұра тұр!
Ашуланбай тұра тұр!
Сен жөнеліп кеткенде,
Жұрт қамалға кірді ғой!
Хан, қарасы жиылып,
Көбіктіге келді ғой!
Не ғылса да Көбікті
Саған қызын берді ғой!»
Бозмұнай бай ақырды;
Аруағын судай сапырды:
«Шақырса да, бармаймын;
Бұл сөзіңе нанбаймын;
Малға берсе сол қызды,
Бір тайға да алмаймын».
Сетік құл тұрып зарлайды:
«Сенен малды алмайды,
Мал алуға еліңе,
Бір кісі де бармайды.
Бозмұнай бай, өзің біл!
Шақырғанға бармасаң,
Асы болар Аллаға,
Берген қызды алмасаң».
Бозмұнай тоқтай қалады,
Құлды ерітіп алады.
Бозжорғаны теңселтіп,
Көбіктіге барады.
Хан, қарасы жиылып,
Алдынан күтіп тұрады.
Талай малын қырады,
Жиын, тойын қылады.
Ашуланбай табысты,
Қалаған қызын алысты.
Төрт-бес кісі жолдаспен,
Еліне қайтып барысты.
Үш шарбақты ноғайдан,
Сегіз зергер орнатты.
Сайын сынды батырдың,
Ат тұрманын оңдатты.
Таңдап алып үш кенттен,
Отыз жігіт жолдасты.
Тойын қылып болған соң,
Сұлуға таман түн қатты.
Сайын келді деген соң,
Қимылдаған жан келді.
Жұрт жақсысы жиылып,
Алдыменен хан келді.
Көрген жұрттың бәрі де,
Жас баланы таң көрді.
Қыз бен жігіт дуласып,
Көреміз деп шуласып,
Ұлы жиын қылады,
Кең сарайға орнасып.
Сол сықылды батырға,
Қылған тойы мінәсіп.
Жұрт жиылды тойына,
Отыз күндей ойынға.
Ақ некесін қиған соң,
Күйеу кірді қойынға.
Ақордаға салғанда,
Ойнап ойыны қанғанда,
Қатты бір ұйықтап қалғанда,
Таң белгісі болғанда,
Аян берді атасы,
Сөзінде жоқ хатасы.
Жетіп келді тұсына
Бабай өмір бабасы:
«Құлағың сал сөзіме,
Сайын батыр сен болсаң.
Бата беріп кетейін,
Сәтті күні кез болсаң».
Сайын сынды батырың,
Ұшып тұра келеді.
Жар бола көр, бабам! – деп,
Қолын жая береді.
Сонда пірі сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Аюбике сұлудан,
Екі бала көрерсің.
Қысылған жерде бабаңды,
Есіңе алып жүрерсің.
Бірінің аты Бөкембай,
Бірінің аты Киікбай;
Сол Киікбай туғанда,
Дұшманға салар бүлікті-ай.
Алмаған жауын қоймайды,
Аруағы сенен биік-ті-ай!»
Пірінің сөзі жеткен соң,
Ғайып болып кеткен соң,
Жазғы қудай ыңырантып,
Жарылған мұздай күңірентіп,
Тал шыбықтай бұралтып,
Тотықұстай таранып,
Патшалардай найқалтып,
Қаса байдай шайқалтып,
Түйесіне күң беріп,
Ат ерттеуге құл беріп,
Ұзатт қызын жөнелтіп,
Байшешектей түлентіп.
Сұлу елге келген соң,
Тамам жұрты көрген соң,
Тағы халқын шақыртып,
Мырзалығын берген соң,
Аюбике сұлудың,
Ай күніне маң болды;
Қыздай жүкті келді деп,
Әлемдерге таң болды.
Жүкті келді келін деп,
Қыз, келіншек күледі.
Бір Алланың бергенін,
Жалғыз Сайын біледі.
Уағдасы толғанда,
Сәті күні болғанда,
Аюбике толғанды,
Қыз-келіншек орнатты;
Ақ жарылып, күн туып,
Екі бірдей ұл тапты.
Арқаннан ат алдырып,
Малға қарай бай шапты:
«Мұнан немді аярмын,
Уысымды жаярмын.
Бүгін өліп кетсем де,
Аманатқа даярмын.
Үлкен бір той қылайын,
Аямай мал қырайын.
Қос немере сүйгізіп,
Есіркеді құдайым!»
IV.
Тойын қылып болған соң,
Жұрттың көңілі толған соң,
Бөкембай мен Киікбай
Баланың атын қойған соң,
Бір жасына толған соң,
Сонда келді Қобыланды.
Сайынға айтқан үш жылдың
Уағдасы болғанда.
Ел шетіне келеді,
Сайынға хабар береді.
Үш шарбақты ноғайдан,
Қырық жігіт таңдап алады;
Қобыландыға қосылып,
Аттанып кетіп барады.
Құлан жүрмес жерлерде,
Адам аспас шөлдерде.
Ат мойнына жал кетті:
Он екі күн дегенде,
Қара ағаштай қалмақтың,
Еңсесіне қол жетті.
Аттың ерін алысты;
Түсте тисе қалысты;
Қалмақ жақын екен деп,
Батырға хабар салысты.
Жағалбайлы атасы,
Сөзінде жоқ хатасы,
Қара түсті Жаурыншы,
Жаурын жағып қарады.
Қауіп-қатер бар ма? – деп,
Ер Қобыланды сұрады.
Жаурыншы сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Ер Сайын мен Қобыланды!
Бұл жауыңа бармаймын.
Жылқы жолда жатса да,
Көзімнің қырын салмаймын.
Малға бола бұл қолдың,
Обалына қалмаймын.
Алар болсаң тілімді,
Жау тосқыны білінді.
Елге қарай қайтамын,
Аман-есен күнімде.
Тілімді алған мұсылман,
Бәріңе де айтамын!
Бірің тілімді алмасаң,
Өзім жалғыз қайтамын».
Алпыс кісі алады,
Елге қарай салады.
Сонда тұрып Қобыланды,
Ер Сайынға барады.
«Сайын сынды батырым,
Бұзылмасын ақылың!
Кел, аманда қайталық –
Екпінің күшті, жарқыным!
Алар болсақ, мал да көп,
Соғысарға жау да көп.
Жау тосқыны бар дейді:
Қайталық, жан сауға деп».
Сайын сонда сөйлейді:
«Хабар алып сайтаннан,
Бұ жолымнан қайта алман!
Алғанымның қойнында,
Күлкі болып жата алман!
Айғыр-дайын алыспай,
Ақсүңгіні салыспай,
Қалмақпенен алыспай.
Қара қанға батыспай,
Ақылыңды ала алман!
Елге қайтып бара алман!»
Бұлайша Сайын айтады,
Ноғайлының мың кісісі,
Елге қарай қайтады.
Қырық жігіт пен Ер Сайын,
Жауға таман тартады.
Батыр Сайын келгенін,
Қалмақ есітіп біледі.
Қобыландының қайтқаны,
Құлағына тиеді.
Келе жатыр қырық жігіт,
Қарағайды қақ жарып;
Ер Сайынның ісіне,
Бәрі бірдей таң қалып.
Көп қалмақты көрген соң,
Үрейі ұшып сандалып.
Сонда Сайын толғанды:
(Қайт! – дегенге болмайды)
«Қорқа бермең, қырық жігіт,
Сендер кейін қалмаңдар!
Жалғыз өзім кіремін,
Таса жерге барыңдар!
Көре алғандай күн болса,
Бұ заманды ұмытпан!
Жазатайым іс болса,
Аман-есен болыңдар!
Мұсылманның ұлында
Мен шіріген жұмыртқа».
Сайын шапты қалаға,
Қамшы басты алаға.
Айқай салған дауысы,
Қарағай жарып барады.
Көп қалмақтың ішінде,
Екі батыр бар еді;
Бірінің аты Еламан,
Бірінің аты Жоламан.
Қобыланды мен Сайынның,
Соғысына жарған.
Бір мезгілде Ер Сайын,
Күреңді жылқы алады;
Қырық жігіт қалған жеріне,
Қуып кетіп барады.
Қалмақ жатыр уылдап,
Атын жиып шуылдап;
Бір-біріне жарсамып,
Мәстегіне тармасып;
Қашан қалған шашылып,
Ер-тоқымнан адасып.
Келе жатыр көп қалмақ,
Жаман дауыс салысып.
Жердің жүзі қайысып,
Атының шаңы бұрқылдап,
Қылыштары сыртылдап.
Ақтөбеде Сайын тұр,
Ашуланып, қылшылдап.
Қарала атты борбайлап,
Ұмтылды батыр айғайлап,
Тұс-тұсынан ат қойды,
Көп қалмақтар анталап.
Жалғыз өзі Ер Сайын,
Соғысқа кірді Аллалап.
Бөлек-бөлек қылып жүр,
Бөлген қойдай қырып жүр.
Еламан мен Жоламан,
Тау тасалап қашып жүр.
Көрінер күнің бар ма деп,
Азуын Сайын басып жүр.
Кешке таман болғанда,
Көбін қырып салғанда,
Қайратына мас болып,
Алланы еске алмады.
Бабасына сыйынып,
Жалбарына қалмады.
Пірі үстіне қонбады,
Баяғы қайрат болмады;
Оймақ құрам сау жері,
Тал бойында қалмады.
Тұс-тұсынан оқ тиіп,
Жарадан батыр жаурады.
Әр жерінен аққан қан,
Су секілді саулады.
Ерден қуат кеткен соң,
Жығылар мезгіл жеткен соң,
Атының басын бұрмалап,
Жөнелді батыр Аллалап.
Егесіп тұрған көп қалмақ,
Соңына түсті ынтығып.
Қырық мың кісі қуса да,
Жеткізбей кетті құтылып.
Ертең кеткен қырық жігіт,
Қарасын Сайын көреді;
Қарала атпен тезірек,
Қуып жетіп келеді:
«Тезірек отын қалаңыз!
Жарам нешеу, санаңыз!
Омыртқада он жара,
Қабырғада қырық жара,
Қалай адам боламын,
Қақ жүректе бір жара?!
Жалаң аяқ жүрмеген,
Бісмилләні білмеген,
Салып еді бір қалмақ,
Сырлаған қайың найзамен,
Қабыртқаның [қабырғаның] түбінен,
Омыртқаның жігінен.
Сол найзаның орнынан,
Қан зырқырап тиылмас.
Қырық жігіт сенен болмаса,
Ноғайлының елінен,
Топырақ маған бұйырмас.
Қарағай түбі қара өлең,
Қазан атым [Қазатыным] жер ме екен!
Араннан келді бір әуез,
О да мендей тарығып,
Зарлы болған ер ме екен.
Артымда қалған көп қалмақ,
Сайын сынды батырың,
Қашып кетті дер ме екен!
Қырық жігіт, сені ерітіп ап,
Ергенде Қобылан соңынан.
Мен шықпаған екенмін,
Жұлдызымның оңынан.
Мен дұшманға мерт болдым,
Қобыланды ердің жоғынан.
Жаурын мен сөйлеген,
Түсші балы бар еді;
Қалмаққа тимей қайтайық,
Деген Қобылан шал еді.
Жын тілі деп нанбадым,
Қайт! - дегенге болмадым.
Қас әулие сол екен,
Тілін алмай жаурадым.
Аттанған жерім сұрасаң,
Әуелменен қиылды.
Қарсы алдымнан қалмақтар,
Бірі қалмай жиылды.
Қырық жігіт сенен болмаса,
Жұрт көруім қиын-ды.
Күлдір-күлдір кісінеген,
Күреңді мінер күн қайда?!
Көрнекті бұзып жыоқы алып,
Күймені бұзып қыз алып,
Қара арғымақ қатырып,
Қарсыласқан дұшманға,
Жүректен найза батырып,
Мынау жатқан қалмаққа,
Ат жүгіртер күн қайда?!
Әй, қырық жігіт, қырық жігіт!
Маған бола өлмеңдер!
Сендер бейнет көрмеңдер!
Қарағайдан табытым,
Бекем қылып сайлаңдар!
Таңдап мінген Қарала,
Басыма мықтап байлаңдар!
Шүберек киім кигізбе!
Қанды етіме тигізбе!
Жібекке орап қойыңдар!
Ел шетіне барғанда,
Қырық жігіт, сені көргенде,
Атам шығар аңқылдап,
Анам шығар еңкілдеп,
Сайыным қайда? – дегенде,
Не деп жауап берерсіз?
Ел шетіне жау келсе,
Кедергі болды дегейсіз!
Сол сөзбенен жұбансын,
Бір күн де болса қуансын.
Ақырында бейшара,
Естіген соң шуласын.
Таптан таңдап алғаным,
Белден төсек салғаным,
Арманда болып, көре алмай,
Құла түзде қалғаным,
Аюбике сұлуға,
Дұғай сәлем дегейсіз!
Таң сәрінен түрінсін!
Қынай белін буынсын!
Бедерлеген бес тырнақ,
Бетіне жара салмасын!
Жамандыққа үйретер,
Дұшманның тілін алмасын!
Мен кеткенде жүрмеген,
Дүниені жүріп көрмеген,
Киікбай мен Бөкембай,
Айрылып сонан қалмасын!
Қара қыпшақ Қобыланды,
Алып жауға бармасын.
Өзімнен қалған жақсыны,
Жат көрмесін! Өз көрсін!
Қайта алмадым жорықтан,
Бұл дүниеде жолықпан,
Құдайы қосқан қосағым,
Ахыретте кез болсын!
Ашып кетші бетімді!
Салқын соқсын етімді.
Қимылдарға шарам жоқ,
Құлазыған қу түзде.
Қазам жетер секілді.
Сендер тастап кеткен соң,
Қалмақ келіп жеткен соң,
Мұсылманнан көре алман,
Қаңғып жүрген жетімді!»
Қарағайдан табытын,
Бекем етіп сайласып,
Таңдап мінген Қарала ат,
Басына мықтап байласып,
Қалмақ көрмес орынға,
Ер Сайынды жайласып,
Қырық жігіт кетті сай асып.
Еңіреп қимай жыласып.
V.
Олар елге келместен,
Жұрты хабар білместен,
Аюбике сол сұлу
Түнде жатып түс көрді;
Қатты шошып оянды,
Түсінде жаман іс көрді.
Таң сәрінен тұрады,
Беті-қолын жуады.
Енесіне келді де
Түсінің жайын сұрады:
«Мен бір бүгін түс көрдім.
Жаурыным толған қара шаш.
Жайылыңқы көрінді.
Бедерленген бес тырнақ,
Білектен шыққан қос бармақ,
Қызыл қанға, ене-еке,
Малыныңқы көрінді.
Шешем берген боқшасы,
Шашылыңқы көрінді.
Қолындағы ақсүңгі,
Балдағы алтын ой болат,
Ортасынан, ене-еке,
Үзіліңкі көрінді».
Сонда енесі қорықты.
Қорықса да былай жорыды:
«Ертеменен қой өрер,
Жайылғанын жұрт көрер.
Жайылғаны шашыңның,
Соған, балам, көрінсін!
Бедерленген бес тырнақ,
Қызыл қанға, келінім,
Малыныңқы көрінсе,
Таңда тал түс болғанда,
Қызыл ойран бұйырсын!
Қолы, бетің қызарып,
Соны бояп қоярсың!
Қызыл қаның-а, балам,
О да соған көрінсін!
Жауда жүрген баламның,
Желжақтағы панамның,
Астындағы Қарала,
Құйрығы келте көрінсе,
Жау қарасын көргенде,
Ат құйрығын сүзгенде,
Жанындағы жамандар,
Жанынан күдер үзген-ді.
Қолындағы ақсүңгі,
Үзіліңкі көрінсе,
Жүрген шығар, шырағым,
Қалмақтың белін сындырып.
Келеді екен, жалғызым,
Барған ісін тындырып.
Қырық жігіті жанында,
Мың сан жылқы қудырып».
Келе жатыр қырық жігіт,
Иығынан су кетіп,
Маңдайынан күн өтіп,
Жылауменен күнелтіп.
Жолдасын жауда қалдырып,
Жүзіне қара шалдырып.
Ел шетіне келген соң,
Байға хабар берген соң,
Бозмұнай бай келеді,
Бұлар келді деген соң:
«Есендік пен? Саулық па?
Азамат аман, барлық па?
Кәрілік мұрдар ұрмаса,
Көзім жасқа толмаса,
Сайын сынды жалғызым,
Көрінбейді көзіме!»
Қырық жігіт жылай береді,
Жауап айтпай сөзіне.
Айтпасына болмады,
Ақыл, айла қалмады,
Сайын қалды деген соң,
Тамам жұрты зарлады.
Қырық жігіттер сөйлейді:
«Бара сала Ер Сайын,
Қалмақтан үйіп жылқы алды;
Толып жатқан қалмаққа,
Бір бүлікті ол салды.
Жер қайысқан көп жылқы,
Айдап бері кеткенде,
Мұсылманның жерінің,
Шетіне келіп жеткенде,
Айдаған жылқы шалдығып,
Аттан медеу кеткенде,
Қалмақ жетті соңынан.
Ат бұруға күтпеді.
Қырып жойып кетерге,
Жалғыздың әлі жетпеді.
Алдыңғы жеткен қалмаққа,
Кедергі бола келеді;
Қарала аты арыды:
Оттай алмай келеді.
Ақ кіреуке сөгілді,
Сыптай алмай келеді».
Бозмұнай кетті үйіне,
Сау дегенге қуанып,
Жасы жеткен кәрі шал,
Өтірік сөзге жұбанып.
Қайдан білсін, бейшара?
Қалғанын бүйтіп суалып.
Қырық жігіт келді деген соң,
Атасы хабар берген соң,
Аюбике сол сұлу,
Тұра алмады кідіріп.
Қырық жігіттің алдына,
Жетіп келді жүгіріп.
«Әй, қырық жігіт, қырық жігіт!
Неге бүйтіп жаурайсың?
Ақсақалды атамды,
Өтірік сөзбен алдайсың!
Келе жатыр дегенде,
Жан берсең де нанбаймын.
Сайын өлді десең де,
Біріңді ұстап қалмаймын».
Қырық жігіт тұрып ойласты:
«Айтпасқа болмасты.
Жанып келген жас бейбақ,
Еркімізге қоймас-ты:
«Сайын сынды батырың,
Сан қалмақпен соғысты.
Сайын жалғыз, қалмақ көп,
Ерікпей қылды тоғысты.
Көпке шама келмеді:
Қалмаққа құдай болысты.
Оймақ құрам сау жері
Тал бойында қалмады.
Тұс-тұсынан оқ өтіп,
Жарадан батыр жаурады.
Қалмақтан шығып кеткенде,
Жығылар мезгіл жеткенде,
Қарағайдан табытын,
Бекем қылып сайлатты.
Таңдап мінген қарала ат,
Басына мықтап байлатты.
Қалмақ көрмес орынға,
Өзін орап жайлатты.
Бас көтерер күн болса,
Ер кетіріп мінермін,
Қозғалмастай күн болса,
Күнін де бір көрермін.
Қазам жетпей тірілсем,
Елге мініп келермін..., ...».
Аюбике сол сұлу,
Екі бетін алады,
Қара шашын жаяды.
Үйге кетті жұлқынып,
Жын ұрғандай бұлқынып.
Дауыс қылды отырып.
Соңы.
«ЕР САЙЫННЫҢ» АЯҒЫ.*
І.
Сайын сүйтіп қалған соң,
Оны сұлу білген соң,
Екі бетін алады,
Қара шашын жаяды;
Үйге кетті жұлқынып,
Жын қаққандай құтырып;
Сұрып салды отырып.
Батырды сұлу жоқтады:
«Беліңдегі бес қару,
Тал бойыңа жарасқан.
Сендей теңім табылмас,
Жеті алашты қыдырсам.
Сендей теңім еш болмас,
Алашта мұңды мен болдым.
Мен ханшадай күнімде,
Ер қасқамнан адастым.
Қарағай найза өңгерген,
Өзінің жұртын меңгерген,
Азды көпке теңгерген,
Аттанған жаудан келмеген.
Алты қанат ақ орда,
Қасқам ішіне келмеген.
Мендей мұңды бар ма екен?
Ойнар, күлер шағымда,
Еркін ойнап күлмеген.
Өзім тірі жүргенде,
Кеудеме еркек мінгізбен,
Алмадай болған қызыл бет,
Қиғаш ерінге сүйгізбен.
Берен төсек, құс жастық,
Маңайыңа бойдақ жүргізбен.
Маңдайың құлаш Ер Сайын,
Қылығың еске түскенде,
Жанымды нағып күйгізбен.
Ауызым тола қан болса,
Дұшпаныма білгізбен.
Сен кеткелі он бес жыл,
Бөтен елге бармадым,
Езу тартып күлмедім.
Мен сарғайып жатқанда,
Неден көңілің қалдырам?
- - - - - - -- - - - - - - - - -
* В.В.Радловтан.
Бұл заманда жоқпын деп,
Түсіме нешік кірмедің?
Ерте қылған даусымды,
Түсте келіп қоярмын.
Кешке қылған даусымды,
Күн батқанда қоярмын.
Мөлдіреген екі көз,
Жылауменен оярмын.
Ел шетіне жау келсе,
Қара қабат сықылды,
Кімді алдыңа қоярмын!»
Жылап-жылап оянды,
Беті-қолын жуынды.
Киікбай мен Бөкембай,
Оқ атысып жүр екен.
Екеуі келді жүгіріп.
Анасы отыр бүлініп.
Екеуі есінен адасып,
Адаса тұрып екеуі,
Бір жүгенге таласты:
«Үйде жатқан әкемде
Неге әкеткен алысқа?
Сонша жерге бастасып,
Жау жеріне тастасып.
Бұл барғаннан бармасам,
Екі бірдей көкала,
Арғымаққа мінбесем,
Өңшең темір кимесем,
Қобыланды, саған қылмасам,
Біткеніңді қырмасам,
Сайын ерден тумайын!»
Жылқыға кетті жүгіріп,
Тұрмады үйде кідіріп.
Сұлу үйден барады,
Енесінің қасына.
Енесі, бейбақ, жылады:
«Құдайдың берген жалғызы,
Таласып емшек еміскен,
Құнан, тайдай тебіскен.
Беліңдегі бес қару,
Тал бойыңа келіскен.
Атаң қалды кеңестен,
Шешең қалды өрістен.
Жауға айғайлап кеткенде,
Оң итіңе қонбады.
Төрт мұқырар періште».
«Ай, сорлы, енем-ай!
Жылағанмен өнбеді-ай!
Дауыстағанмен келмеді-ай!
Сайын сынды балаңды,
Маңдайы құлаш ер деді.
Мен тұл үйіңде тұра алман,
Күнде дауыс қыла алман.
Жер жүзінде бар болса,
Өзім іздеп табармын.
Жаралы болса, бағармын.
Дүниенің төрт бұрышын,
Тексеріп қағармын.
Сол сықылды батырды,
Іздемей нағып тұрармын?
Сайын сынды сол батыр,
Отыз екі ерден өт алған.
Біріне-бірі ем екен.
Шешем берген үйімде,
Аюдың бар ақ дәрісі,
Жарасына ем бе екен?
Шешем берген үйімде,
Сол дәрісі бар ма екен?
Іздеместей ер ме екен?
Жылқы-дағы Қос күрең,
Жылқышыға алдыршы!
Жыламай тоқым салдыршы!»
ІІ.
Бұрын түге жүрмеген,
Түстік жерге бармаған,
Жөнелді, бейбақ, жыласып.
Кетіп барады қарасып,
Бет алдына жарысып,
Қоскүреңмен алысып.
Күні-түні барады,
Жылауменен күнелтіп.
Жол білмеген әйелді,
Алданып өзі түзетіп.
Әр төбенің басына,
Сұлу шығып қарайды,
Көрінер заман болмайды.
Бір күндері болғанда,
Ай мен күнге таласқан,
Қара төбе көрінді.
Со төбені көргенде,
Сұлудың көңілі бөлінді:
«Мүскін болған енем-ай!
Қара төбе қасында,
Байтерек тұр басында.
Ала-құла сауысқан,
Қан көргендей болады.
Балаңның қалған жерлері,
Сонау бір жер болады.
Мен тұсынан озамын,
Неме қарап тұрамын?»
Енесі сұлу оздырды,
Күреңще аттың мойнын.
Жездей қылып создырды,
Оңды-солды қамшылап,
Бұлттай ұшты жамшылап,
Кекілден тер тамшылап.
Сұлу озып кеткен соң,
Аттан түсе қалады,
Түсе сала жылады.
Бұрылып көрер күні жоқ,
Сөйлесе-тұғын тілі жоқ.
Тостағандай тола көз,
Төңкере келіп салады.
Басын құса қалады,
Көтеріп келіп алады,
Суға арқалап барады,
Қанын жуып алады.
Аюдың келіп ақ дәрі,
Аударып сұлу жағады,
Тірілтіп тез алады.
Су басында екеуі,
Ойнап ойын қанады.
Келе жатыр кемпір сұм,
Баурына қамшы таянып.
Өлді деген баласы,
Еңсеп келген анасы,
Алдынан шықты алшаңдап,
Өлген жерден тіріліп,
Елге тиген панасы.
Құшақтасып көрісті,
Бетінен сүйіп өбісті.
Қайтасынан жасады,
Алдасы көзін ашады.
Аттың ерін алысты,
Үшеуі ұйықтай қалысты.
Ұйқыда, бейбақ, білмеді,
Үстіне қалмақ орнады.
Жолдасы елге барды деп,
Жаралы Сайын қалды деп,
Қалмақ есітіп біледі.
Еламан мен Жоламан,
Сансыз қалмақ қол алып,
Сайынды іздеп жүреді,
Жатқан жерін көреді.
Үстіне келіп орнады,
Бірде-бірі тұрмады.
Бір мезгілде Ер Сайын,
Көтеріп алса, басына
Жеткен екен Жоламан,
Шаншар жердің тұсына.
Сайын тұра сасады,
«Е, құдайым, құдайым!
Өлемін деп қылмайым,
Бұйрық жетпей, уайым!
Тарқамаған бола ма?
Жалбарынған күн-айым.
Бабай өмір Бабам-ай!
Жаңылдым ба, тобам-ай!
Ақыр жаудан бола ма-ай?
Туғаннан менің қазам-ай!
Алпыстағы анам-ай!
О да жауға бара ма-ай!
Құдай қосқан қосым-ай!
Оны бір дұшпан ала ма-ай?
Ноғайлының кең жеріне,
Сайын есен бара ма-ай?
Жар бола көр Аллам-ай!»
Ер-тоқымын арқалап,
Атқа келді Алла-лап;
Ер-тоқымын салғанда,
Айылын тартып алғанда,
Ауыздығын ат шайнады,
Адамдай боп сайлады:
«Батыр Сайын, саспашы!
Көп екен деп қашпашы!
Құдай берген қуатың,
Осы жолы басташы!
Қатарланған қамалды,
Қақ жармасаң, саған серт!
Оқ жеткізсем, маған серт!
Жалаңдайын жебірлеп,
Қыздар дайын сабырлап!»
Ақ сауыт сонда сөйлейді:
«Батыр Сайын, қорықпашы!
Бөтен сөзді айтпашы!
Қатарланған қамалды,
Бұза алмасаң, саған серт!
Тоқсан қабат оқ жетсе,
Оқ өткізсем, маған серт!»
Атыменен сөйлесіп,
Ақ сауытпен кеңесіп,
Кемпір менен сұлуға,
Артымнан қалмай жүр десіп,
Қамалып тұрған қалмақты,
Қабан-дайын қақ жарып,
Сайын шықты құтылып.
Еламан мен Жоламан,
Кемпір менен сұлуды,
Ұстай алды ұмтылып.
Қалмақ тұрып кеңесті:
«Қаптай қусақ, Қарала,
Қарасын жылқы көрмес-ті,
Сайынды қолға бермес-ті.
Алғанымен анасын,
Қоланың шашын қидық деп,
Ат үстіне салыңыз!
Тама қалмақ алыңыз!
Төбе шашы жұлынса,
Даусы шығар шырқырап,
Анасына шыдамай,
Сайын шабар бұрқырап,
Қашпаңыз сонда тырқырап!»
Ат үстіне салғанда,
Сол анасы жылады,
Ұлынан өтіл сұрады:
«Маған бола келмеші!
Мен жанымды не етейін!
Сенің үшін, шырағым,
Құрбан болып кетейін!»
Алғаны сонда жылады:
«Ер Сайын атты ерім-ай!
Алла қосқан теңім-ай!
Сенен әрі айшылық,
Менің шыққан жерім-ай!
Мен кетсем де аласың,
Тірі болсаң кегіңді!
Байқа, жалғыз әліңді,
Мерт боп қапы қаларсың!
Шыбықтай бойы ұзын деп,
Алмадай беті қызыл деп,
Жауға ойран салам деп,
Бізді тартып алам деп,
Ұрысқанда Ер Сайын,
Ұлыңды екі қасыңа ал!»
Шаппасына болмады,
Бір еркіне қоймады,
Алпыс екі періште
Үстіне кеп орнады.
Қараланы бұрмалап,
Ұмтылды қолға туралап.
Арықтың тасқаны,
Жаудың сасқаны,
Кемпір менен сұлуды,
Қалай тастай қашқаны?
Қуа барып Ер Сайын,
Қалмақпенен соғысты.
Он үш күнде тауысты,
Үстіне келген қалмақтың,
Жан адамын қоймады.
Атын, тонын алды да
Елге таман айдады.
ІІІ.
Батыр Сайын келгенше,
Ел хабарын білгенше,
Бөкембай мен Киікбай,
Қобыландыға барыпты,
Аттанып елге келіпті.
Жасанғанда қайтпаған,
Со сықылды Қобыланды,
Екеуінен көріпті.
«Е, Қобыланды сен болсаң,
Топтың бетін көрмеген,
Көрген кісі әлемде
Маңдайы құлаш ер деген,
Қас ермен тең деген,
Қалған жерден алып кел!
Өлтірген жауын тауып бер!
Үйде жатқан әкемді,
Жау жеріне тастадың;
Бармасаң да барарсың,
Бармай нағып қаларсың?»
Қобыланды сонда айтады:
«Алдыңа түсіп барайын,
Іздемей неге қалайын!
Қалмаққа бүлік салайын!»
Мың кісіні алады,
Аттанып кетіп барады,
Айшылық жатқан қалмаққа
Барып бір соғыс салады.
Қалмаққа барса, ор екен,
Оры терең зор екен.
Киікбай сонда айтады:
«Әй, Қобыланды, Қобыланды!
Бүйтіп бұған тұрмалық!
Қорыққан кісі сықылды,
Тұрып кеңес құрмалық!
Ордан әрмен өтелік!
Қалмаққа тегіс тиелік!»
Бөкембай мен Қобыланды,
Киікбаймен үшеуі,
Ордан әрмен өтеді,
Қалмаққа кіріп кетеді.
Бөкембай мен Қобыланды
Екі батыр қашады,
Ордан бері асады.
Қобыландының мінген ат,
Ордан өтті кідірмей,
Бөкембайдың Көкала ат,
Артқы аяғы ілінді.
Ер-тоқымын құшақтап,
Орға түсіп жүгірді.
Киікбай шапты қалмаққа,
Көкала атты борбайлап,
«Бауырым, деп ойбайлап!
Қармақ құрған қамалдың,
Бұл жағынан шапқаннан,
О жағына бір өтті,
Ар жағынан шапқаннан,
Бер жағына бір өтті.
Батырлары ақырды,
Балуандары шақырды:
«Тұс-тұсына барыңыз!
Бірер арқан алыңыз!
Шаба тұрған жағына
Керме ұстай қалыңыз!
Кермелеп ұстап алыңыз!»
Көздеп тұрып Киікбай,
Ала сақылған арқанның
Үстінен өтіп кетеді,
Биік қылған арқанның
Астыменен кетеді.
Тап сегіз күн болғанда,
Бәрін қырып кетеді.
Ордан қан бір асады.
Орда жатқан Бөкембай,
Қанмен ағып барады.
Қобыланды со батыр,
Сонда суырып алады.
Қалмақтың жерін өрт қылып,
Топырақтай ғып ұшырып,
Барлық малын көшіріп,
Жалғыз өзі Киікбай
Айдап шықты қаладан.
Қалмаққа мал қоймай-ақ,
Қызығына тоймай-ақ.
Қасқаның көңілі тынған соң,
Қалағанын қылған соң,
Жылқыны төске салған соң,
Қалмақтан кек алған соң,
Қол түстеніп жатқанда.
Келе жатыр бір адам,
Туралықтай туы бар.
Мың кісінің дуы бар.
Артында қанша жаны бар.
Қобыланды батыр айтады:
«Киікбай батыр барыңыз!
Қандай дұшпан болады,
Алды, артын шалыңыз!»
Соныменен Киікбай,
Тұрымтайдай түйіліп,
Қылармын деп кіжініп,
Қарсы шығып келеді.
Келе жатыр Ер Сайын,
Өлген жерден тіріліп.
Жиылып жатқан қалмақтың,
Соғысы бар деп кіжініп.
Киікбай оны танымай,
Екі есе күшті жас ұлан:
«Ет жүректің басы деп,
Өлер жерің осы» деп,
Табандап найза салады.
Ер Сайын сынды әкесін,
Танымады со бала.
Сайын сонда айтады:
«Сайын әкең мен! – деді,
Көріселік, кел! – деді,
Есенбісің сен? – деді.
Аттан түсе қалады,
Суырып найза алады.
«Жазалы болды қолым-ай!
Ерлік қылған құрысын!
Мұнан былай жоламай!»
«Құрымасын жолың, деп,
Жазалы болмас қолың, деп,
Әкең мұны не ғылсын?
Неше ердің көрмедім,
Бұ сықылды найзасын.
Көріп жүрмін жасаған,
Бір Алланың пайдасын.
Әкең мұнан өлмейді,
Тек жүрегің қорықпасын!
Бар, Киікбай, бар! Деді,
Қобыландыдай атаңнан,
Барып сүйінші ал! – деді.
Тастап кеткен Ер Сайын,
Жазылып келді, сау! – деді».
Киікбай қолға шабады,
Ат аямай барады,
Соныменен теңселіп,
Қобыландыға келеді.
«Болып тұрған бұл шақта,
Қобыланды батыр, көріңіз!
Жаралы болған келіпті,
Сайын атты ініңіз,
Озып келдім мен сізге,
Не бересіз, батырым?»
«Қуантқан үшін сүйіншіге,
Тартып пішкен торсықтай,
Өзі сұлу Тайбұрыл,
Рас болса келгені,
Ал, сыйладым мен сізге!»
Сонда Сайын келеді,
Келгенін көріп Қобыланды,
Танып көрісіп біледі,
Атқа мініп жылады.
Көп шүкірлік қылады.
Атқа мініп қайтысты.
Сайын есен келген соң,
Ноғайлының көп жұртына,
Көрісіп, сәлем берген соң,
Бозмұнай тұрып той қылды.
Аттанған жауын алысып,
Көңілдері тынысып,
Аман-есен қайтқанға,
Аллаға шүкір көп қылды.
Той тарқап кеткен соң,
Батыр Сайын сөйледі:
«Енді түзге жүрмелік!
Қолға найза алмалық!
Жауға енді тимелік!
Киікбай мен Бөкембай,
Қобыландыдай батыр-ай!
Екі ұлыңа бата бер!
Жолымызды берелік,
Үйіңе бар да жата бер!»
Айтқанынша Сайынның,
Қобыланды батыр береді,
«Алла ашсын жолыңды!
Ұзын қылсын қолыңды!
Танып жүргіл, е балам,
Оңың менен солыңды!»
Сөйтіп бата берген соң,
Қобыланды батыр қайтады.
Үйіне барып со батыр,
Батырлық қылмай жатады.
Екі ұлының тұсында,
Сайындайын батырдың,
Іргесін дұшпан баспады,
Қолынан дәулет қашпады.
Ел шетіне жау келсе,
Сайын сынды батырдан,
Киікбайдың ерлігі
Анау құрлы асады.
Екі ұлының тұсында,
Бәрі тең болды тірлігі.
Үш Алашқа жайылды,
Екі ұлының ерлігі.
Өлген жерден тірілткен,
Қалмаққа атын жүгірткен,
Бір құдайдың кеңдігі.
Сайын сынды батырдың
Сондай екен кеңесі,
Адамнан артық денесі.
Соңы.
Ахмет өңдеп өткерген Ер Сайынның жыры «Батыр Сайын» деп В.В.Радлов жазған жырмен бір екен. Екеуінің айырмасы мына осы Ер Сайынның «аяғы» деп басылған.
Өзге жырлар айтушыға қарай өзгеше бола береді. Өзге жырда жырдағы кісілер ғана өлеңдетіп келеді, өзге әңгіменің бәрі қара сөзбен айтылады.
«Ер Сайын», «Қара қыпшақ Қобыланды» (Ташкенде басылған), «Манас» қана алғы өлеңмен келеді.
Тыңдаушы жаратқан соң, жыршылар жырдың қара сөзін де өлеңге аударып жіберген ғой. «Манас» қырғыз тілінде. Мұны да «Күншығыс баспасы» басады.