Әңгіме Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған елді мекен туралы. Ұлт ұстазы атындағы ауыл облыс орталығынан 700 шақырым, ал ауданнан 120 шақырым қашықта орналасқан. Соның 100 шақырымнан астамы ешқашан асфальт көрмеген. Онда тұратын халық ата қонысты тастап, көшкісі жоқ. Бұған жергілікті билік не дейді?
Ұлы Ахаң дүниеге келген ауыл кезінде Кеңестік шаруашылықтың орталығы болған. Ал нарық заманында ыдырап адам саны азайғанымен көпшілік ата қоныстан табан аударған жоқ. Қазір мұнда 80-нен астам отбасы тұрады. Өлке малға жайлы. Жергілікті жұрт төрт түлік бағып күнелтіп отыр. Судан таршылық көрмейді. Айналада Ақкөл және Қарасор көлі бар.
Әбсалық Жақсымбеков, Ахмет ауылының тұрғыны:
– Бұрын 100-ден астам үй болған. Қазір заманның кейбір таршылығына байланысты көшіп кеткен үйлер де бар. Солардың өзі біздің тіршілік етіп жатқан жағдайымызға қарап, текке кеткен екенбіз, текке көшкен екенбіз деп айтып жатқан жағдайлар кездеседі.
Ахмет ауылымен көршілес Ақкөлдегі жағдай да осындай. Түйткілдері де ортақ. Сапалы жолдың жоқтығы қос ауылдың жұртына қиындық тудырып отыр.
Өмірбек Құдабаев, Ақкөл ауылының тұрғыны:
- Жол нашар біздің. Әсіресе көктем, күзде жүре алмаймыз батпақтан. Қыс болса, дұрыс аршылмайды. Қайта қыс болмай тұр ғой. Жеңіл машинамен жүру өте қиын. Жазда да солай. Батпақ, саз ғой бұл жерлер. Жеңіл көлік жүре алмайды. Тек жол талғамайтындар болмаса.
Қыста қар астындағы соқпақтың ой-шұңқыры көрінбейді. Ал жазда иленген саз балшықта сағаттап батып қалу хикаясы бәрінің басынан өткен.
Екі жыл бұрын қос ауылдың ортасына Жыланшық өзенінің үстінен көпір салынды. Бұл мақсатқа 440 млн теңге бөлінген. Ал биыл 450 млн теңгеге 107 шақырымның 11 жарым шақырымына асфальт төселмек.
Шота Оспанов, Жангелдин ауданының әкімі:
- 2022 жылы 107 шақырым толық асфальтталып болмайды. Қазір қаражаты бар жол 11,4 шақырым. Оған қоса 30 шақырымына техникалық құжатын жасаймыз. Оның 21 шақырымына қазір облыстық бюджеттен оған қаражат қаралып тұр. Қосылды міне. Енді алдағы уақытта республикаға ұсыныстар айтылады. Солар қосатын болса, тағы да жалғастыра береміз.
Биыл Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланатынын ескерсек, сапалы жол ұлт ұстазының кіндік қаны тамған өлкеге тың серпін береді деп сенеді жергілікті жұрт. Одан қалды ұлт ұстазы туған үйді де тұрмысқа сай безендіріп, кейіпке келтіру жұмыстары қыркүйекке аяқталады деп жоспарланған.
Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров
Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/526878-auyl...