ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

АХМЕТТІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ

АХМЕТТІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ

Қазақтың көрнекті ағартушысы, әдебиет саласын зерттеуші, түріктанушы, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының басшыларының бірі – Ахмет Байтұрсынұлы екі бірдей қоғамда, патша заманы мен кеңес өкіметі тұсында үкімет билігінің кейбір тұстарына қарсылық танытқаны үшін бес рет қуғындалып, абақтыға қамалып, айыппұлдар арқалады, түрмеге тоғытылып, ақыры «халық жауы» ретінде атылды.

Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген кезде қазақ даласында патша өкіметі пәрменді түрде отарлау, қоныстандыру саясатын жүргізіп жатқан болатын. Торғай өңірінің шүйгінді жерлері мемлекет меншігіне алынып, ол жерлер орыс шаруаларына бөлініп беріле бастады. Оның үстіне орыс әкімшілігі жергілікті қазақ халқына қоқан-лоққы көрсетіп, қарсы келгендерді аяусыз жазалап отырды.

Ахметтің әкесі Байтұрсын ХIХ ғасырдың 80 жылдары Шошақ әулетіне шүйлігіп, озбырлық көрсеткен, ағасы Ақтасты қорғап Торғай уезін басқарып тұрған Яков Петрович Яковлевке қарсы шығып, суық қару қолданбақ болған оны қолындағы дойыр қамшысымен ұрып, жерге құлатқаны үшін абақтыға қамалып, артынан ағасы Ақтас, інісі Даниармен бірге қуғындалды.

М. Дулатовтың 1922 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдығына арнап жазған биографиялық очеркісінде және М. Әуезовтің елужылдық мерейтойға арналған мақаласында Ахметтің әкесі Байтұрсынның не үшін істі болып, сотталғандығын баяндаған. Байтұрсын туа біткен пысық, бірбеткей, мойымаған, патша үкіметінің билігіне қарсы шығып, уезд басшысы Яковлевке бағынбаған. Оған ақылды әрі қолынан келетін істі шеше білген ағасы Ақтас жақтасты.

Яковлев Байтұрсынның ауылына келіп, онымен ағасын ұстап алуға тырысады. Қару асынған әскерлерімен келген ол қолындағы қамшымен әйел, бала демей ұрып-соғып, араларында жоқ Ақтасты тауып беруін талап етеді. Байтұрсын оның бұл әрекетіне қарсы шығып, қамшымен сабап тастайды. Қару атылып, бірнеше қазақтар жараланып, біреуі қайтыс болады. Шошақовтарды қамауға алып, мал-мүліктері тәркіленеді.

Бұл жағдайды көзімен көрген Ахмет 1929 жылдың 12 мамырында жазған өмірдерегінде: «1885 ж. біздің отбасы бақытсыздыққа душар болды: Торғай уезінің бастығы, полковник Яковлевті таяққа жыққаны үшін, əкемді түрмеге отырғызды, 1886 ж. 15 жылға жер аударуға (каторгіге жұмысқа) үкім шығарылып, ал дүние мүліктері тəркіленді» деп келтіреді.

Әкесінің тұтқындалып, айдалып кетуі Ахметке қатты әсер етті. Кейін өзі де әке жолын жалғастырып, патша саясатының озбырлық әрекеттеріне қарсы шықты.

1905 жылы болған орыс революциясы мен патшаның «Бостандық манифесінің» жариялануы Ахметті күрес жолына түсірді. Бұл кезде ол Қарқаралыдағы орыс-қазақ училищесінде оқытушы әрі меңгерушісі болып қызмет еткен болатын. Ұлт зиялыларымен бірге Қоянды жәрмеңкесінде Қарқаралы петициясын жазуға қатысады. Осы құзырхат арқылы қазақ халқы қордаланып қалған маңызды, өзекті мәселелерін шешуге ұмтылды. Жерді тарылтпау, дінге қысым жасамау, тілге тиіспеу, қазақтарға сайлау құқығын қайтарып беру сияқты талаптардың төтесінен қойылатындығын патша үкіметі күтпеген еді. Ахметтің ұлт зиялыларының алдыңғы қатарынан көрінуі патша үкіметін шошытты. Жалпы, Ахметтің Қарақаралыдағы тұрған кезеңін М.Әуезов «Ақаңның 50 жылдық тойы» деген мерекелік мақаласында: «...Қарқаралыдағы тұрғандағы соңғы 4 жыл Ақаңның саясат ісіне белсене кірісіп, жазумен де, ісімен де бой көрсеткен кезі, сол мезгілде 1905 жылы өзгеріс болған», – деп жазуының өзі, Ахметтің патша өкіметінің отарлық, өктем саясатына қарсы бел шеше кіріскендігін байқатады.

Қарқаралы петициясынан кейін патша жандармериясы Ахметтің де соңынан түсті. Құпия түрде басқан ізін аңдып, іс қозғалды. Сөйтіп, қазақтың қамы үшін патшаға қарсылық білдірген қайраткерді дала генерал-губернаторы ақыры 1908 жылы 26 қарашасында Қарқаралыдағы абақтыға қаматтырады.

1909 жылдың 1 шілдесінде ағартушы Семей облысының губернаторы А.Тройницкийдің бұйрығымен тағы да қамауға алынады. А. Байтұрсынұлының қамау мерзімін ұзартуды губернатор Абаза да құптайды. Семейден Омбыға генерал-губернаторға жіберген жеделхатында Ахметтің үкіметке қарсы және сепаратистік бағытта үгіт-насихат жүргізгендігі дәлелденгендігін хабарлаған.

Дала генерал-губернаторы Шмит те Ішкі істер министріне Ахмет Байтұрсынұлының үгіт-насихат жүргізгені үшін қамау мерзімін ұзартуды сұраған жеделхат жібереді.

Ахмет Байтұрсынұлына «әкімшілік тәртібімен жер аударылған Ж.Ақбаев пен I Мемлекеттік Думаның бұрынғы мүшесі, Выборг үндеуіне қол қоюшы Ә.Бөкейханның тобында болды, аталған топ қазақ қауымын үкіметке сенбеуге және әкімшілік тәртібіне қарсы шығуға шақырды, Қарқаралы уезінің қазақтары атынан жасалған ұжымдық жеделхатты құрастыруға қатысты, қазақ қауымын облыста кіргізілген әскери жағдайға қарсы шығуға үгіттеуге күш салды» деген саяси айыптар тағылды.

Ақынның қамауға алынғаны, А.Тройницкийдің таққан айыбы, озбырлығы жөнінде С-Петербургте шығып тұрған «Современное слово» газетінің 1909 жылғы 19 қарашадағы №682 санында «Қазақ халқының ақыны түрмеде» атты мақалада жарияланды. А.Байтұрсынұлының Семей түрмесіне түскенін естіген Мемлекеттік Дума депутаты Н.Скалозубов пен Ахметтің әйелі Бадрисафа Ішкі істер министрі П.Г.Курловқа ақынның жазықсыздан қамауға алынғанын айтып хат жолдағандығын, осы іске әділеттілікпен қарауын өтініп, хат жолдайды.

Патша өкіметі А.Байтұрсынұлын тұтқындап қана қоймай, оның айналасындағы адамдардан, туған-туысқандарынан «кінәлі» адамдарды іздестірді. Ахметтің 1905 жылдың 17 қазанында жарияланған манифестен кейін қалың қазақтың көрнекті де белсенді басшыларының біріне айналғандығын М.Дулатов та «Ахмет Байтұрсынұлы» деген мақаласында нақты келтірді.

Саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайларды орындауды талап еткен петицияның жоғары үкімет орнына жетіп, нәтиже шығаруына А.Байтұрсынұлы бар ықылас-ниетімен тіледі. Ол сенімсіз адам ретінде бірнеше рет қамауға алынып, түрмеге де отырып шығады.

Ахметтің үкімет тарапынан ұнамай қалуының себебі – халықпен тығыз байланыста болғандығынан еді. Ол қазақ шаруалары жерінің көпшілігі орыстың қол астына өткеніне, яғни мемлекет меншігіне айналғанына, салық мөлшерінің жылдан-жылға көбейіп бара жатқанына наразы болды. Сондықтан да шаруаларға салық төлеуден бас тартып, ешқашан да крестьян жағдайына көшпеуін талап етті.

Ахмет Семей түрмесінде бірнеше ай отырды. Зайыбы Бәдрисафаның Петерборға бірнеше рет Ахметті босатуды немесе кепілдікке шығаруды жолдаған хаты аяқсыз қалмай, оны қазақ облыстарынан тыс жерлерге жер аудару жөнінде 1910 жылдың ақпанында шешім шығарылды. Ахмет осы шешімге орай 9 наурыздан бастап Орынборға келіп, 1917 жылға дейін сонда тұрады.

Ахметтің Орынборға жер аударылуы оның күрес жолын тоқтатқан жоқ, керісінше, қоғамдық-саяси қызметін одан әрі жандандырды. Орынборда Ә.Бөкейхан, М.Дулатовтармен ақылдаса, ұйымдаса келе «Қазақ» газетін шығаруды ұйғарып, 1913-1918 жылдар аралығында газет оның басшылығымен, редакторлығымен шығарылып, қазақ халқының өзекті мәселелерін көтере білді.

Басылымды ұлттық деңгейге көтерген, ел жаңашыры болған Ахмет Байтұрсынұлы патша саясатынан қысым көрсе де, «Қазақтың» тоқтаусыз жарық көруіне, оның тартымды да, маңызды болуына қыруар еңбек етіп, қазақ халқының ең түйінді мәселелерін көтере білді. 1928 жылы жазған өмірбаянында Ахмет Байтұрсынұлының: «1913 жылы «Қазақ» газетінің ашылуын ұйымдастырдым, оның редакторы ретінде қызмет атқардым. Аталмыш газетті редакциялап жүргенде бірнеше мәрте әкімшілік жолымен айып тартып, тұтқындалдым, сондай-ақ Қарқаралы станциялық приставының почта абыройын төгетін мағлұматтарды баспасөзге шығарды деп айыптауына байланысты ісім сотқа берілді. 1917 жылдың соңына дейін редактор болып істедім» деп жазуы, міне, осыдан.

«Қазақ» газетінде жарияланған барлық мақалаларды патша үкіметі мұқият тексеріп, одан саяси астар іздеген. Үкімет ісіне қайшы деп табылған бірнеше мақалалар үшін Ахмет айыппұл арқалады.

Ахметтің күрескерлігі 1916 жылғы дүрбелең, 1917 жылғы қос төңкеріс тұсында ерекшеленді. Негізінен 1916 жылғы 25 маусымдағы патшаның бұратана халықтардан бірінші дүниежүзілік соғысқа қара жұмысқа алу мәселесіне орай жарлығының шығуы қазақ оқығандарын қатты ойға қалдырған еді. А.Байтұрсынұлы да Ә.Бөкейхан, М.Дулатов сияқты патша бұйрығын еш қарсылықсыз орындауды қолдады. Ұлт зиялыларымен бірлесе жазған үндеу қырылып қалмау үшін үкіметтің дегеніне көнуге шақырды.

1917 жылғы 27 ақпанда (12 наурыз) Ресейде болған революция ғасырларға созылған патша үкіметінің билігінің құлауын ұлт зиялылары қуанышпен қарсы алды. А.Байтұрсынұлы «Революция және қазақтар» деген мақаласында көрсеткендей, қазақ халқының патшалық езгіден, зорлық-зомбылықтан құтылып, енді өзін-өзі басқарсақ деген үміті нығая түсті.

Алаш партиясының, Алашорда үкіметінің қызметінде болып, 1917 жылдың аяғынан 1919 жылдың басына дейін қызмет атқарып, Кеңес үкіметінің кешірімі жариялағанынан кейін, большевиктік жүйеге қызмет ете бастады.

Патша үкіметі сияқты большевиктік билік те 20-жылдардың басында Ахмет Байтұрсынұлының басқан ізі бақылады. 1922 жылдан бастап алашордашыларды үкімет пен партия тарапынан қудалау саясаты орын алып, үкімет пен партия ұлтшылдармен күрес жүргізуде қандай топтар мен жіктердің барлығын анықтау жөнінде нұсқаулар берілген еді. Бұл нұсқауларды орындау ісін Мемлекеттік Саяси басқарманың (ГПУ) қызметкерлері қолға алып, құпия түрде елдегі зиянкесті топтар жөнінде мәліметтер жинауға тырысты. Сөйтіп, Қырғыз (Қазақ) облыстық Мемлекеттік Саяси Басқарма қызметкерлері 1922 жылы қыркүйекте Қазақ Өлкелік комитетіне «алашордашыл» және «ұлтшыл» 3 ағым немесе қазақ топтардың барлығын, оның біріншісін Ә.Бөкейхан, екіншісін коммунистік партия қатарына кіріп алған А.Байтұрсынұлы, ал үшіншісін Қырғыз ОАК-нің төрағасы С.Мендешев басқаратындығы жөнінде мәлімдеме жасаған болатын.

Архив құжаттарына сүйенсек, бұл екі жүйе де Ахметті жақтырмады. Оның қызметінен кінәрат іздеуге, қателіктер табуға бар күштерін салды. Осындай қатаң жағдайларға қарамастан, қайраткер елі үшін қызмет етті. Революциялық комитеттің мүшесі болған кезде Қазақ кеңес автономиясын дайындау ісіне де белсене кірісіп, жер тұтастығын сақтауда, бұрыңғы Сібревком мен Түркістан автономиясындағы жерлерді қайтарудағы еңбегі ерен.

Ахаңның табандылығының нәтижесінде Қостанай уезі жаңадан құрылған Қазақ республикасының құрамындағы Торғай облысының қарамағына енгізілді. Сонымен бірге Қазақ республикасына орыс шаруаларын қоныстандыруды тоқтату мәселесін шешуге де қатысып, Орал облысында көшпелі адайлар мен табындардың отырықшылыққа ниеттенуіне байланысты шеттен әкеп қоныстандыруды тоқтатып, Орал облысында қазақ шаруаларын жерге орналастыру ісін қолға алу қажеттігі жөнінде ұсынысты қолдады.

Ахмет Байтұрсынұлы 1920-1921 жылдары Оқу-ағарту халық комиссары болып тағайындалады. Осы жылдары Қазақ Орталық атқару комитетіне мүше болады және Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың төрағасы қызметін атқарады. Алайда осы кезде партия қатарын жат элементтерден тазарту деген желеумен алашордашыларды қудалау басталып, 1921 жылдың қарашасында А.Байтұрсынұлы партия қатарынан шығарылады. Оған «бұрынғы Алашорда мүшесі болған, әрі партия жиналыстарына бармады, уақытылы мүшелік жарна төлемеді» деген айыптар тағылды. Ахмет аудандық партия ұйымына жазған өтінішінде бұл айыптарды жоққа шығармайтындығын, бірақ оның өзіндік себебі барлығын айқын көрсетті. Ол партия ұйымы өзін партия қатарына қабылдарда Алашорданың бірден-бір ұйымдастырушысы болғандығын білгендігін, ал партия жиналысына қатыспауының себебі қазақ оқулықтарын жазуға көп көңіл бөліп, партия жиналысына қатысудан гөрі осы істі маңызды санағандығынан, жарнаны уақытында төлеу партия ісінде ешқандай да маңызды рөл атқармайтындығын түсіндіре келе, коммунистік идеяға қарсы келетін әрекеттермен партия қатарынан шығаруды негізсіз деп санады. Осыдан кейін 1920 ж. 17 мамырында В.И. Ленинге жазған хатында ол кеңес өкіметінің қазақ интеллигенттеріне әлі сенімсіздікпен қарап отырғандығын айқын айтқан болатын. А.Байтұрсынұлы кеңес сенімсіздігінің себебін большевиктердің соңынан бірден ермеуінен деп түсіндірді.

Большевиктер жүйесінен осындай қысымшылыққа ұшыраса да, Ахмет халық ағарту саласына қазақ зиялыларын тарту мәселесін қолға алды. Ұлт зиялылары, ғалымдарымен бірлесіп, оқу бағдарламаларын, әдістемелік материалдар және басқа құралдар шығаруда біршама жұмыстар атқарды. Қырғыз (Қазақ) Орталық Атқару Комитетінің мәжілісінде Мемлекеттік баспа ісінің Орталық редакциялық алқасын сайлау және мектептерге арнап оқулықтар мен әдеби көркем кітаптар шығару мәселесін көтерді және осы оқулықтарды шығаруға басшылық етті.

1927-1929 жылдар аралығында қазақ зиялыларының арасында өзіндік пікірі бар азаматтардың барлығы да «ұлтшыл» деген айыппен қызметтен қудаланды. «Советская степь» газетіне жарияланған (1929 ж. 19 сәуір) жеті кеңес қызметкерлерінің «Жазушы қазақтардың шығармашылығы туралы» мақаласында Ахметтің үстіне қара күйе жағылды. Одан кейін оның ұлтшылдығын бетіне басқан хат Сталинге жөнелтілді. Сөйтіп, қайраткердің басқан ізі бақылауға алынып, ақыры 1929 жылдың маусымында үстінен қылмыстық іс қозғалып, «Алаш» мүшелерімен бірге тұтқындалып, тергеледі.

1930 жылдың 4 сәуірінде алашшыл 44 азамат жауапқа тартылып, түрлі жазаға кесілді. Бастапқы сот үкімі бойынша А.Байтұрсынұлы ату жазасына кесілген еді, алайда ол үкім 1931 жылдың қаңтарында 10 жылға концлагерьмен алмастырылды. Сөйтіп, Алаш қайраткері 1932 жылы қарашасында Архангельскіге жер аударылады. 1933 жылдың мамырында денсаулығының нашарлауына байланысты оған отбасымен бірге өткізуге үкімет рұқсат береді. Ал 1934 жылы оның мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралуына жазушы М.Горькийдің жұбайы Е.П. Пешкова себепші болады. Алайда Алматыға оралған Ахметті ешкім құшақ жая қарсы алмады. Жұмыс тауқыметін әбден тартқан ақын әзер дегенде нәпақасын табардай жұмыс таба алмай қиналып, тек желтоқсан айында Орталық музейге жұмысқа тұрып, онда тек 1936 жылдың 21 қыркүйегінде дейін жұмыс істейді.

1937-1938 жылдары қазақ зиялыларының басына төнген қауіпке ешкім де қарсы тұра алмады. 1937 жылы 11 тамызда 58 баптың 10 және 11 тармағымен Ахмет Байтұрсынұлы тағы қамауға алынып, «халық жауы» деген айыппен 8 желтоқсанда атылды. Сөйтіп, қазақ халқына қалтықсыз қызмет еткен ұлт жанашыры, саясаткер, еркіндік жолындағы күрескер большевиктік жүйенің құрбанына айналды.

Светлана Смағұлова

тарих ғылымының докторы,

А. Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері

https://zhasalash.kz/saraptama/ahmettin-qugyndaluy...