Экспедиция алдын ала белгіленген маршрут бойынша кеше түстен кейін Әулиекөл ауданына ат басын бұрып, аудан орталығындағы ұлт ұстазының ескерткіш бюстіне гүл шоғын қойып, ұстаз рухына тағзым етті. Әулиекөл – Ахмет Байтұрсынұлының өмірінде ерекше орын алады: "Сұрасаңыз есімі – Александр Ивановна, Ризамын құдайдың оны маған қиғанына. Бір кәпірді мұсылман қып, сауап алсам, Тұрмай ма он молданың иманына", - деген өлең жолдары осы жерде дүниеге келген.
Серік Тұрғынбекұлы бір кездері: "Қақ жарылып қарсы алды Қарағайы",- деп жырлаған еді. Жақында болған алапат өрттің салдарынан сол қарағайлы өңірді күйік шалып, күздің көңілсіз мұнарына оранып тұр... Тән жарасы жазылар. Ең бастысы, өрттен зардап шеккен елдімекендерді қалпына келтіру жұмысы қызу жүріп жатыр екен. Салына бастаған баспана Президент уәде еткен мерзімде бітеді деген нық сенім ұялады көңілге. Лайым, солай болғай!
Экспедиция әулие көлден жолға шығып, кеше кешкісін Қостанай қаласына ат шалдырды.
Бүгін таңертең А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде "Ахаң жүріп өткен жолмен..." дөңгелек үстелдің шымылдығы аталған университет ректоры Қуанышбаев Сейітбек Бекенұлының құттықтау сөзімен ашылды.
Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Жантас Жақып баяндамасында Петербург мұрағатынан табылған, ғылыми айналымға енгізген екі маңызды құжат туралы айтты. Біріншісі, татар Ғалымжан Ибрагимов туралы, Екінші, 1904 жылғы жер бөліміне жазған арыз. Ғалымның айтуынша онда тың өмірбаяндық деректер бар.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д. Жандос Смағұловтың айтуынша Ахаң 327 әдебиет терминін жасаған. Оның түгелге жуығы күні бүгінге дейін қолданыста жүр. Ахаңның осындай ұлы еңбектерін тілге тиек еткен ғалым, ұлы ұстаздың қазақ топырағындағы білім ордаларына сіңірген еңбегі, ағарту саласындағы рөлі туралы тағылымды баяндама жасады.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБұйымдастыру және кадр бөлімінің басшысы, тілші-маман Болат Жексенғали, қазақ жазуының реформасы төңірегіндегі еңбегін бүгінгі күнмен байланыстыра баяндап, қазіргі кезде тілімізге еніп жатқан жат сөздердің қазақ тілін бұзып жатқаны туралы толғады.
Қазақ даласына Ахмет Байтұрсынұлын берген қасиетті топырақта туып, Ахмет мұрасын жастайынан құлағына құйып өскен, Ахаң туралы төрт кітабі жарық көрген ақын, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.к. Серікбай Оспанов пен Ахмет пен Орынбаев туралы баяндама жасаған А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессор, ф.ғ.д Алмасбек Әбсадықтың және «Көне қазақ тілі және Ахмет Байтұрсынұлының кейбір сөз қолданысындағы ерекшеліктер» тақырыбында баяндама жасаған Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Бекжан Әбдуәліның баяндамасы тыңдармандар үшін құнды дерек болмақ.
Экспедицияның ендігі бағыты Арқалық – Бидайық – Торғай. Сәт сапар тілейміз!