ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Анама хат

Қарағым, дұғайгөйім, қамқор анам!

Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.

Сені онда, мені мұнда аман сақтап,

Көруге жазғай еді Хақ Тағалам!


Бара алмай, өтірікші болып әбден,

Семейдің түрмесінде отыр балаң.

Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,

Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң?!


«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,

Жолдар көп жәннатқа да тарам-тарам.

Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.


Алданып тамағыма, оны ұмытсам,

Болғандай жегенімнің бәрі арам.

Адамнан туып, адам ісін етпей,

Ұялмай, не бетіммен көрге барам?!


Көп айтпай, қысқасынан сездіретін –

Балаңның мінезі бар сөзге сараң:

Кетер деп «суға құлап, отқа түсіп»,

Қайғы жеп, менің үшін болма алаң!


Отырмын абақтының бөлмесінде,

Бұйрықсыз көз жетеді өлмесіме.

Есіктің құлпы мықты, күзетші көп,

Ажалдан басқа ешкім келмесіне.