ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Оренбург, 25-нші феурал

Көптен-ақ Еуропа патшалары Түркианы ауру адамға санап, өлсе мүлкіне қайсымыз ие боламыз деп таласта болатын. Русиа: «Қара теңізде мен қамалып отырмын. Басқалармен қатынасуға Қара теңіз есігінің кілті Түркиада, көңілі келмеген күні есікті бекітіп тастап, мені қамайды да қойады. Менің есігім ашық боларға керек. Олай болу үшін Қара теңіз кілті маған берілуге тиіс, йағни Стамбұл түрікте болмай, менде боларға тиіс» дейді.

Оны Германиа мен Аустриа түгіл Ангылиа мен Пырантсиа да бұрын жақтырмайтын. Балқандағы ұсақ патшалар да, мысалы Болғария, Румыниа һəм Гретсиа, бұлар да Стамбұл мен Қара теңіз кілті Русиаға берілгенін жақтырмайтын көрінеді. Ұлық патшалар Русианың алғанын жақтырмағанда, күшейіп өзімізден асып кетеді деп жақтырмайтын. Ұсақ патшалардан Балғариа мен Румыниа жақтырмағанда Русианың қолтығының астында қалып, дегенінде болып, Русиа губернияларының бірі сиақты боламыз. Еркіміз кетеді дейді. Гретсиа: «Стамбұл 500 жылдан берлі нысанамызға қойылып, көзімізді талдырып, ынтығымызды құртқан ата мүлкіміз. Түріктен қалса, өзіміз аламыз» дейді.

Өткен 27-нші йануарда болған Г.Дума мəжілісінде Сыртқы іс министрі Сазановтың Қара теңіз туралы сөйлеген сөздерінен түрікті жеңіп, Стамбұлды түпкілікті аламыз деген ниетін байқап, Ангылиа халқы Сыртқы іс министрі Грейден сұраған: «Русиада Стамбұлды түпкілікті алу ниет барлығы рас па?» деп. Оған Грей жауапты ашып айтпады. Сондықтан Русиа адамдарының көңіліне күдік болған: «Бұ қалай? Ангылиа жұрты бізбен одақ бола тұрып, Стамбұлды түпкілікті алғанымызды əлде жақтырмай ма екен?» деп. Осы туралы Р.В. газетасы жазады:

«Германиа Русиамен соғысуға бел байлағанда, үш ынтымақты патшаның бəріне қарсы шығатынын білген. Бірақ іс жаманға айналып бара жатса, ынтымақтылардың арасына от салып, аман құтыламыз» деген. Қай жерден ол отты салатынын да білу қиын емес. Түркианы соғысқа келтіруге тырысқанда түрік майданында күш көрсетіп, көмегі тиеді деген емес, қашаннан бері Русиа, Ангылиа, Пырантсиа үшеуінің ымырасын біріктіретін шарқ мəселесінің шешуін тезірек қолдарына алдыру ниет болған. Рас бұл шарқ мəселесінен аман өту, оттан өтумен бірдей.

Бұл оттан аман өту ретін ынтымақты патшалардың бипылдары таба білген. Бірақ қалай реті табылғанын айтып, жұртқа жайуға қолайлы көрмеген. Оны неге жасырады деп, бипылдарға кінə қойу да дұрыс емес. Бұл қаулы етіскен істерін орнына келтіруден бұрын, жауды жеңу керек. Жау аз ба, көп пе мұқайды. «Ауру адамның» адыра қалған мүлкін соған қарай орындамақшы. Əзір жау мұқаған жоқ. Айулар тісімен де, тырнағымен де қару қылып жатқанда, қайсысының терісін1 қалай тілімдеп бөліп аламыз деп мəселе қозғап, халыққа уайым салуға əлі ерте. Халыққа керегі жалғыз-ақ жеңгеннен кейін Балқан патшаларының айағын құшпасқа сену. Ол жағынан сендірерлік хүкіметтердің тарапынан құлақтандыру болған. Сүйтіп, ынтымақтасқан жұрттардың көңілдері бекіп, есілдерті жалғыз ғана соғыста болып тұр еді.

Міне соңғы кезде төңірек тұманданып, бұлдырлана бастады. Аз ғана күн болып өткен Г.Дума мəжілісінде қылилар жайы сөз қылынып, Русиа бұрынғы қамау күйінде қалмасқа белді бекем байлауға тиістігі айтылып еді. Думада бұл мəселені жайғасып, қолға аларлық шара болған жоқ. Бірақ жұрт қолға алып, газеталарда, көп жиылған жерде, бұл мəселе туралы пікірлерін айтумен болды. Русиа шаруасы мұнан бұлай көркейіп, көгеруіне қылилар Русиаға еркін тійерге керектігіне сүйенетін табанды пікірлер де айтылды. Бəрінен қымбаты «Айа Софианың басына крест орнату» деген, құр көңілге сүйенетін қиали пікірлер де айтылды. Русианың өз ішінде Стамбұлды алудың керегі не екендігін қанша айтқанмен тежеңкіреп сөйледі. Бірақ, біздің жауымыз: «Русианың қылиларды өзіндік етуі слауиан дəуірлерінің туын тігу болады. Стамбұлды алған соң, Русиа бұрынғы Византиаға қараған жердің бəрін өзіне аламын» дейді. Сүйтіп, Балқан түбегінің бəрін өзіне қаратып, Егей һəм Адриат теңіздерінің жағасына қожа болады деп, осындай пікірлер таратқан соң, Балқандағы бейтарап патшалардың бəрі сескенерлік жөні бар. Немістер осы күнде Румыниада да, Гретсиада да, Италиада да осы қауіпті күшейтіп, құбыжық қылып көрсетуде. Балғариа астанасы Софиа шаһарын Русиа губернски шаһараның бірі қылмақшы деп, Балғарианы шошытады.

Мəскеу «Үшінші Рим» болуы туралы байағыдан бері келе жатқан қысыр əңгіме ешкімнің желегін желпімесе де, осындай кезде жан-жаққа қараңқырап сөйлеу тиіс еді. Стамбұл турасындағы сөз жалғыз бейтарап патшаларды сескендірген жоқ, Ангылиа да күдіктене бастады. Думада айтылған сөздерді естіп, Ангылиа жұрты ынтымақты патшалар арасында Стамбұл туралы болған ымыраның бетін аш деп, Сыртқы іс министрі Грейге айтып еді. Грей жұрттың айтқанын қыла алмады. Русиа Ақ теңізге шығуға алдының ашық болғанын тілейді. Ол тілегі қалай қабыл болатын жағын тұмшалап жауап берді. Ангылиа жұрты сол жауабын жеткілікті деген болар, соған тоқтаған.

Біз де Англиадан өнеге алып, тоқтау керек. Күшімізді бөлмей, жауға жұмсау керек. Жау жеңілем деуден əлі алыс жатыр. Одақтарымызбен келісіп, қылиларды алғанмен де оны Германиа, Аустриа патшаларымен алысып-жұлысып отырып, ұстап тұра аласын. Олар қазір Орта Еуропадағы атайман патша болып, тұтасайын ден тұрғаны сезіліп тұр. Көптен айтылған жоқ па еді: «Қылиларға жол Берлин мен Вена арқылы жатыр» деп. Ол сөз əлі сол күйінде өзгерген жоқ һəм мұнан бұлай да ол сөз ескерілмей қалмас. Қайта Қырым соғысы болғандағы мəністің бұл күнде жалыны едəуір басылған. Бұл жағынан қауіп аз деп, сөзді тұжырады.