ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Соғысушы патшалар

Еуропа патшалары көптен берлі өзара соғысқан жоқ. Өзара соғыспай, өзгелермен соғысып, иа тіпті соғыспай, тыныш отырып, соғысқан патшалардың арасына билік айтып, үлкен ауылдың сыбағаларын алып, жай отыратын еді. Екі ұлық патшаның арасынан соғыс шықса, ол соғысқа, араларында байласқан уағдалары бойынша, басқаларыда кірісіп, соғыс ұласып, ұлғайып, ақыры немен тынарына көз жетпей, бәрі де өзара соғысудан тартынушы еді. Соғыспаса да, қару-жарақтарын бәсекемен сайлап, соғысатындай күтініп, бірін-бірі аңдумен келе жатыр еді. Тариқ жүзіне көз салсақ, таласпаған, соғыспаған қалық көрінбейді. Бұл күндегі қалықтар да, қанша ғылымды, өнерлі, білімді, мейірімді болдық десе де, аталарынан ұзап алыс кете алған жоқ. Соғыспай тұратын күйге әлі жеткен жоқ.

Еуропа патшаларының нағыз зорлары соғысқа бел байлап кірісіп тұр, ұсақтары әскерлерін жиып, бірсыпырасы қалай болар деп, соғыстың аңысын бағып тұр, бірсыпырасы басылып, жаншылып, соғысқандардың айағының астында қалмасқа қам қылып жатыр.

Соғысқа қазірінде кірісіп тұрған бес ұлық патша, үш ұсақ патша. Соғысатын қандай жұрттар, қай жағының күші басым екенін оқушыларымыздың білетіндері де, білмейтіндері де бар болса керек. Сондықтан әрқайсысының жайынан қысқалап мағлұмат бергеніміз теріс болмас деп ойлаймыз.

Ресей, Пырантсиа, Ангылиа – үш ұлық патша бір жақ, бұларға үш ұсақ патша қосымша болып тұр. Олар: Сербиа, Қаратаулық һәм Белгійа. Германійа һәм Аустіриа – екі ұлық патша бір жақ. Осы екі патша құзырында үш ұлық патша, үш ұсақ патшамен соғыспақшы. Соғысатын патшалардың бәрі де қиристиан дініндегі патшалар, бірақ түрлі мазһабінен болады.

Біздің Ресейден басталық: Ресейдің жері 19 міллійон 99 мың 165 шаршы шақырым. Елі 160 міллійоннан астам. Ресейдегі қалықтар түрлі дінді, түрлі тілді екендігі оқушыларымызға мағлұм. Бірақ солардың арасында көбі орыс затынан. 160 міллійон жұрттың 105 міллійоны орыс нәсілінен. Дінге бөлгенде де сол шамалысы прауослауный болып, басқалары ғана өзге діндік болады. Жайшылықтағы әскерінің саны 1 міллійон жарым, соғыс кезінде 4 міллійон жарымдай.

Ресейге жақ патша – Пырантсиа. Бұл патшалық Еуропаның күнбатыс шетіне тайау. Жері, колониасын қоспағанда, 471 мың 412 шаршы шақырым. Елі 40 міллійон шамалы. Бәрі болмаса да, көбі жалғыз пырантсуз тұқымынан, басқадан жарты міллійон италанетс, міллійон жарымдай британетс, 500 мыңдай йаһуди бар. Діні қиристиан котолік. Ғылым өнер жағынан бас патшаларының бірі. Жайшылықтағы әскері 600 мың, соғыс кезінде 4 міллійон жарымдай.

Ресейге жақ патша – Ангылиа. Бұл Еуропаның күнбатыс жақ шетіндегі аралдағы патша. Колониасын қоспағанда, жері 275 мың 990 шаршы шақырым. Елі 46 міллійон шамалы, екі тұқымнан: келт пен англо-саксист деп аталады. Діні қиристиан лотериан. Ғылым, өнер һәм байлыққа келгенде нағыз бас патшадан саналады. Жайшылықтағы әскері 560 мың, соғыс кезінде 1 міллійон 200 мың. Ангылиа пылоты (соғыс кемелері) дүниадағы нағыз күшті пылот. Екі патшаның пылоты қосылып, қандай ұлық патшалар болса да, бір Ангылиа пылотына жете алмайды. Пылотқа келгенде Ангылианың дүниада теңі жоқ. Бұлардан басқа Ресей жағындағы ұсақ патшалықтар бар деп жоғарыда айттық. Олар көмекшілікке жарамаса, соғыс бағының бетін олай-бұлай аудару қолдарынан келмейтін патшалықтар. Сондықтан оларды қойа тұрып, Ресейге жау болып тұрған патшалар жайынан сөйлейік.

Ресейге жау патшаның бірі – Ауыстриа. Бұл Еуропаның орталық жеріндегі патшалық. Екі патшалықтан құралып болған патшалық. Сондықтан Ауыстро- Уенгіриа деп, көбінесе екі аты қабат аталады. Жері 593 шаршы шақырым. Елі 52 міллійон. Қалқы әр тұқымнан. Олардың ішінде көбірек біздің орыспен тектес слауиан. Олар 23 міллійон, 13 міллійон неміс, 8 міллійон бізбен тектес түрік нәсілінен мадиар деген жұрт. 4 міллійоны румын, 3 міллійоны йаһуди, 1 міллійоны италианест. Патшалық неміс қолында. 3 міллійоны прауослауный, 3 міллійоны йаһуди, 3 міллійон жарымдай лотерианнан басқасы қиристиан котолік дінінде. Ғылым, өнер жағынан бас патшалардан саналады. Жайшылықта әскері 400 мың, соғыс кезінде 2 міллійон жарым шамалы.

Ресейге жау патшаның екіншісі – Германійа. Бұ да Еуропаның орталық жеріндегі патшалық. Германійа империасына қарайтын 25 патшалық. Бәрінің қалқы неміс нәсілінен ұйымдасып күш қосып, басқалардан басын қорғау үшін ірілі-ұсақ болып бірігіп, күшті болған патшалық. Бұл ынтымаққа кіргендер бірліктен, айтысқан серттері бойынша, оқшау шықпайды һәм ешкім бөлек шығармайды да. Өзді-өзіне тиісті істерін әрқайсысы өз бетінше істейді. Көпке тиісті істерді ортасынан шығарған сойызный соуетке салады. 25 патша ортасынан біреуін аға тұтады. Ол Германійа императоры атанады. Басқалары королл герітсог, книаз атанады. Бәрінің жерін қосқанда, Германійа патшалығына қарайтын жер, колонійасын санамағанда, 474 мың 802 шаршы шақырым. Елі 65 міллійон. Оның ішінде 4 міллійондай ғана басқа текті жұрт бар, өзгесінің бәрі де неміс. Діні қиристиан протестант, азырақ католик һәм йаһуди дініндегілер бар. Ғылым, өнер жағынан нағыз бас патшаның бірі. Әскері жайшылықта 600 мың, соғыс кезінде 4 міллійон жарым. Құрғақтағы соғыста әскерінің күші, соғысқа керек өнері, ісі ең бірінші дәрежеде саналады. Мықтылығынан «темір жұдырық» деп атанатын патшалық осы. Мұның пылоты да күшті. Ангылиадан соңғы күшті пылот осы Германійада. Германійа құрлықтағы соғыс ісіне бірінші, судағы соғыс ісіне екінші патшалық деп саналады.

Жоғарыда жазғаннан көрінеді: Ресейге жақ болып тұрған ұсақпатшаларды былай қойып, ұлық патшаларды ғана алсақ та, Ресей жағындағы патшалардың әскері 10 міллійон болмақшы. Алты ұлық патша үш-үштен бөлінсе, бәлкім, тең болар еді. Италиа соғысқа қосылмаймын деп қабар қылып тұр. Италиа Германійа мен Ауыстыриаға одақ еді. Бірақ одақтасқан сертінде бұлар басқаға өздері тимей, басын қорғау соғыс болса, Италиа кіріспекші екен. Бұл соғыс Германійа мен Ауыстырианың бас қорғау соғысы емес, басқаға тиіу соғысы болып тұр. Сондықтан Италиа бас тартып, бойын сақтап тұр.

Италиа кіріспегені Ресейге өте жағымды болып тұр. Құрда Ресей жағындағы әскердің саны жау әскерінен басым, суда Ресей жағындағы пылоттың күші басым. Әскердің көптігі мен пылоттың күштілігімен жеңетін болса, әскердің көбі де, пылоттың күштісі де Ресей жағында. Осыны көре тұра, Германійа мен Ауыстыриа соғысқа шығуы иа өнеріне сенгендік, иа бөтен жағынан дәмелі болғандық деп тұр. Олар иа Ангылиа соғысқа қосылмас деп ойлайды, иа Ресейдің іші ала, тегіс намысқа шаппас деп дәмелі болды деседі. Өнеріне сенген болса, өздері біледі. Басқа жағынан дәмелі болса, алданған болар: Ангылиа соғысқа қосылды, Ресейдің ішкі алалығы да жоғалады. Жайшылықтағы алалықты тастап, жау келе жатқанда бәрі күшін қосып, қарсы шықпақшы болып тұр. Жау жағына жаңадан қосылатын патшалар болмаса, қазірінде жауласып тұрған екі патшаны жеңеміз деген Ресейдің үміті тым-ақ зор.

А. Б. «Қазақ» газеті, № 72.31 иүл 1914.