ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Русша оқушылар

5-нші ағұста Оренбургтағы киргизский учителский школаға кіремін деп келген талапкерлерге емтихан болды. Кіруге келген 80 кісі еді. Оның жартысы қазақ, жартысы орыс балалары. Жаңадан бала аларлық қазына һәм стипендиа орны алтау-ақ екен. Келген 80 кісінің алтауынан басқалары, ауқаты көтерсе өз жанынан оқымақшы. Өз жанынан оқитындар пәтерде тұрып, сонан келіп оқып жүреді, иа жылына 150 сом төлеп, школадан тамақ ішіп, киім киіп, сонда жатып, оқуға да болады. Бай адамдарға жылына 150 сом көп ақша емес, кедейларге күшінен келмейтін көп ақша. Солай болған соң дұрысы былай істемек еді: бай балалары өз жанынан оқып, жарлы балаларына қазына орнын беру еді. Оны істейтін біздің Торғай мен Орал облысында байлар жоқ. Қазына орнына бай балалары жарлы балаларымен таласа кіреді. Қазақ байларының қалыбын істемей тұрған Мамановтар көрінеді. Медресесінде оқып жүрген балалардан зерек-зерек балаларды таңдап алып, жылына 300 сом ақша расход кесіп, русша, мұсылманша болсын оқу оқып қайтуға жібереді екен. Сондай жіберген баланың бірі бұ киргизский учителский школаға кірді. Бұрын медресе «Ғалиада» оқып, былтырдан бері русша мұғалімдік ғылымын білу ниетпен учителский школа иа семинариаға кіру үшін русша оқыған екен. Талапкерлерге керекті ақшасын беріп оқуға жіберіп жүрген байлар да олардың ақшаларын адалдап орнына жұмсап жүрген бала да жарайды. Бір жыл русша оқып, бірден соңғы болып школаға емтихан беріп кірді.

Жоғарыда айтылған алты бос орынның үшеуі қазаққа, үшеуі орысқа екен. Маманов талапкері қазақтан тиісті орнын емтиханнан 5-нші болып келген бір жарлы баласына беріп, өзі Мамановтардан алатын ақшасының 150 сомын төлеп, школада жатып оқитын болды. Сөйтіп биыл қазақтан келген қырық баланың төртеу-ақ кірді. Басқалары өз күшімен оқуға ауқаты жоқ болған соң, қазына орны жетпеген соң еліне қайтты. Жылда учителский школаға 40-50 бала келеді. Төртеу-бесеуі йағни оннан бірі көп, басқалары оқуға орын таба алмай еліне қайтады. Бұлар городской, көбіне екі класты селский школа бітіргендер. Олар барып оқырлық орындар шамалы: учителский школа, семинариа, адам фелдшері иа мал фелдшерінің школалары. Торғай мен Орал облысында фелдшерский школалар жоқ. Семинариаларда қазақ стипендиасы иа тіпті жоқ, иа бар болса аз, жоқ есебінде. Киргизский учителский школада қазына орны 60. Оның жартысы қазаққа, жартысы орысқа деп, ауыл жағынан да үлкен, ауыл үлкендігін қылатын көрінеді. Торғай мен Орал облысының қазағы дендеп, көбірек оқитын орны киргизский школа. Бұған кіре алмай қайтқаны, оқи алмай қалғаны. Бұлардың 5-6 жыл оқып білгені шала-шарпы орыс тілі, шала-шарпы мұсылманша хат біледі, білмегендерінде о да жоқ. Переводчик, хатшылық орын-мұрын табылса, жарады, табылмаса елде тұрып тіл де, жазу да ұмытылып, оқымаған қалыбына түседі. Сана, саңылау түскендей иа мұсылманша, иа русша жете оқыған жоқ: «Аз білімін көпсініп, көп қазаққа епсініп» переводчик иа хатшы болса, пысықсып тікектейтіндер осылардан шығады.

Жоғары һәм орта оқуларымыз аз болса да шолақ оқуларымыз, тәуір бар. Ең аз болса әр облыстан шолақ оқумен қалатын қазақ баласы 50-60 болады. Бұлардың қызметке кіргендері қазаққа епсінумен болады, үйінде тұрғанның оқығанынан жұрнақ қалмайды. «Асыл тастан, өнер жастан» деуші еді, шырақ ұстап, жұрт алдына түсіп, түзу жолға бастайтын адамдар шығар деп, үміт ететін жастарымыздың жайы осы. «Русша оқығандарымыздан пайда жоқ деп» қазақ өкпелейді. Сондағы оқығандарымыз дейтіні шолақ оқулылар болса, оларға өкпе жүре ме? Егер де оқығандарымыз деп жоғары иа орта оқуларды айтса, олар тіпті аз- ақ есепте емес пе? Ұлт жұмысы үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа, көп жұмысшы керек. Үлкен үй салуға да қанша жұмысшы керек, жеті облыс қазақтың жұмысы үй жұмысынан ұлығырақ емес пе? Жұмысшы аз болса жұмыстың өнімі де аз, көп болса өнімі де көп болмақшы. Егер де оқу іздеген талапкерлеріміздің қырықтан төртеуі ғана оқырлық орын тауып, басқалары қаңғырып далада қалып отырса, жұрт жұмысшысы көбейіп мандыр ма, жұмысшы көбеймесе, жұрт жұмысы ілгері басып өнер ме? Алты миллион қазаққа алты ат жегіп, тарта алмады деп, өкпелеу жөн бе? Бұ да сол сиақты емес пе?

Сол қаңғырып қалып тұрған балалар бір ұлттың ұлы емес пе? Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын! Бала деп бағып, оқытып, адам қылғаннан кейін жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой. Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ. Жұртқа борыштымын деп жүрген қазақ баласы жоқ. Баққан қазына, қазынаға борыштымыз деп жүр. Жастарды оқыту расходынан қашып қазынаға борышты қылып қойса, жаста да не жазық бар? Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы. Айып балада ма? Егер де осы күнгі русша, мұсылманша оқығандардың арасында жұртым деп шығып жатса, жұрттың өткізген борышын төлеу үшін емес, адамшылық борышты басынан атқару үшін. Мойнындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі. Білім мен адамшылық екі басқа нәрсе. Бірақ, борышын төлеушілер көбейсе, төлеушілер де көбейуі ықтимал.

Жоғарыдағы айтылған сөздердің аптығы мынау: әуелі, қазақ, жұртшылық етіп оқимын деген жастарыңды бүйтіп қаңғыртып қоймас үшін қам қылыңдар! Ол үшін әр жердегі оқитын орындарда көбірек стипендиа ашу керек. Оны ашу қиын да емес, қымбат та емес. Баланы оқыту ата-анасына ауыр болғанмен жұртқа жеңіл. Екінші стипендиаларды түрлі школаларда, қанша стипендиа ашу керек. Қандай школдарда қанша стипендиа ашу һәм қалай ашу жайын тағы да жазармыз.

«Қазақ» газеті, №26. 15 аугүст 1913.