ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Міржақыпқа жазған хаттары

32-ші жылдың декабрдің 31-і

Міржақып, Мырзағазы, Ғазымбек қарақтарым!

Мен Арқангелға 30-ноябрде келдім. Келген күні демалыс күні болғандықтан, ешкімді тауып алуға болмай, далаға түнегендей болып, түнімен жатпай, көшеде қыдырып жүрумен болдым. Таңертең барған адамды келесі таңға дейін таба алмадым. Жанымда бірге барған 4-5 адам, олар да солай болды. Түнді солай өткізіп, ертеңіне Абдолланы тауып алып, 17-декабрге дейін соның үйінде болдым. Онан кейін пəтер тауып алып, бөлек шықтым. Мұнда пəтер табу деген өте қиын жұмыс екен. Таныс арқылы болмаса, өз бетіңе пəтер табу деген болмайды. Абдолла өзінің таныстары арқылы əрең тауып берді. Келгеннен бері орын іздеудемін. Əлі табылған жоқ, тұяқ ілікпей қалды. Бос орындарға – біріне əуелі профсоюз мүшесін аламыз дейді; біреулеріне – үшекеңнің ұлықсатын сұраймыз деп, сұрағаннан кейін болмайды дейді. Орынсыз адамға нан картешкесін, ысталобый картешкесін бермейді. Ол картешкелер болмаса, нанды, тамақты базар бағасымен алып ішесің. Базар қымбат, нанның килесі – 5-6 сом. Бөлкені 25-30 сом, сүттің литрі – 4-5 сом. Майдың килесі – 45-50 сом. Оған қалай ақшаң шыдасын. Алып келген аз ауқатым əлдеқашан бітіп қалды. Абдолла мен Қыр баласы екеуінің атсалысуымен жан сақтап тұрған жай бар. Қыр баласы орында болып, бұрынғы адресімен тез хабарластым. Сендерге орын тауып жайғасып, жазайын деп едім, орын болмағасын көңілді хабар жаза алмай тұрған жай бар.

Құшақтап сүйем. Ақымет.

Келесі хат:

33-ші жылдың 26/ІІ.

Дендерің сау, аман жүрсіңдер ме? 31-декабрде бір хат жазған едім, оны алған-алмағандарыңнан дерек жоқ. Мен əлі орынға кіре алмай жүрмін. Мекемелерді ықшамдау мен жер аударғандарды алмау деген ағын тұсына кез келіп, еш жерге орналаса алмай тұрғаным. Орын болмаған соң қай жағынан да болса хал нашар болатыны белгілі. Бір жағынан ауру, екінші жағынан суық, үшінші жағынан аштық – үш жақтан қысып, əркімнің ат салысқан көмегі арқасында күнелтіп келе жатқан жай бар. Бұл қалыппен көпке бармай, бір шегіне барып тынатын шығармын. Қыр баласы қолдан келген көмегін істепақ жатыр. Бірақ көмекпен күнелту мұнда өте қиын. Қара нан килосы 12 сомға жетті, ол не шыдатар, жұмыста болмаған соң, нан картешкесі, ысталобай картешкесіз нанды базардан алып жемеске шараң жоқ. Базар бағасы анау, онымен қанша нан сатып алуға, тойынып тұруға болар. Кəзір əбден арықтап, жүдеп болдым. Жылы киім жоқ. Күн мұнда Аралдағыдай емес, өте суық. Суық тағы бір жағынан айналдырған соң қалай күнелтпек. Елдің қабаты өздеріңе мəлім күйде, мəнісі кеткен. Қыр баласының ел жайынан жазған хаты қолды болып, қолыма тиген жоқ. Қу жақ екі жолдасымен орнынан түскен. Жолдастары кім екенін жазбайды. Қазақ – соқырға көрінген, саңырауға естілген болса керек. Əлімхан, Əуезұлы екеуі тəуба қылып шыққан. Басқалары: Сейдəзім, Мұқамеджан Т., екі дос, Ақбай ақсақ інісімен, Əшім, ұзын Мұхтар – бұлар Воронеж қаласында; аудандарында – Қошке, Жұмағали, Мұстафа Б., Əбдірахмен, Нəшір, Күдері баласы – бəрі де қызметте – қатын-балаларымен тұрған көрінеді. Мен де қатын-балаларым мұнда келуге, мен де онда баруға рұқсат ет деп, Мəскеуге арыз беріп едім хабар жоқ. Жақын арада жазушының бұрынғы қатыны бастық болып тұрған мекеме арқылы арыз бердім. Мұнда қазіргі жай-күйім бəрін айтып, өлсін демесеңдер мені не жылы жаққа жіберіңдер, не қатын-балам тұрған жерге жіберіңдер. Мен бұл күйде тұрғанда өлетінмін деп жазып отырмын. Мұнан анау қатын арқылы бірдеме болар деген үміт бар. Мұнан ешнəрсе шықпаса, шынында өлу ғана қалады. Мұнда срогы біткендерді де босата қоймай, бəрін осында ұстап отыр екен. Соңғы күндерде босатулары сұрапыл, күн-түні қағаздарын беріп, қойша ағып жатыр. Күн біткендерден ешкім қалмайтындай көрінеді. Өздері қалам деп тілесе ғана қалдырады. Мұнда Абдолла қатын-баласымен тұрады. Олар да мекеме ықшамдауына ілігіп еді, қатыны басқа орын тауып кірді де, өзі бұрынғы орнына 10 күннен соң қайта кірді. Жақын арада Алматы жағынан үй-іштерімен көп қазақ келді деп еді. Оларға əлі жолыққаным жоқ.

Қош, Ақымет.

Келесі хат:

34-ші жылдың 8/ІІІ

Қарақтарым, Міржақып, Мырзағазы! Сондамысыңдар! Дендерің сау ма! Ғазымбек қайда? Мен қатын, баламның қасына жібер деп сұранып, мұнда келдім. Өткен сентябрден бері осындамын. Айына 150 сом жалақысы бар, бір орынға ілініп едім, онан осы марттан бастап шығарып тұр. Қазір жұмыссыз тұрмын. Қыр баласынан хат алып тұрамын, аман. Соңғы бір-екі хатында Смағұлдан басқамыз аманбыз деп жазған екен, онысы немене екенін анық білмеймін. Елдос Алматыда, оқыту жұмысында деп жазады. Оның өзіне əлденеше рет жазып, жауап ала алмай-ақ қойдым. Сендерге жазып, жауап қайтпаған соң тағы да жазып отырмын. Қолдарыңа тиісімен хабар берерсіңдер.

Б.С-дан сəлем. Ол қояншық ауруы болып біткен. Шолпан мен мұнда келгенше Алматыға кетіп қалыпты. Ағайындардың бəріне сəлем.

Сүйем. Ақымет.

Ахметтің елге сəлемі. Бұл өлең-хат Серікбай Мамырқанов арқылы жеткен. Өлең-хат бірнеше дүркін БАҚ-та жарияланым көрді. Алғаш 1989 жылы «Біздің Отан» еларалық айлық газетте қаңтарда, Сол жылы «Қазақ əдебиеті» апталығының маусымдағы санында жарық көрді. Осы өлең-хатты жеткізуші жөнінде жəне айдаудан келген аманаттың ұзақ жылдар сақталуы туралы мəліметтер берілген: «С.Мамырқанов Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауылының тұрғыны. 1929 жылы ел ішінде Кеңес төрағасы болып жүрген тұста жазаға ұшырап, Ақ теңізге айдауға жіберілген. 1932 жылы Ақ теңіз бен Балтықты жалғастырған Беломор каналы ашылғанда сол аймақта айдауда жүрген А.Байтұрсынұлына кез болған» –деп, олардың тағдыр тəлкегінде дəм-тұздас болған тұста осы он шумақты өлеңмен А.Байтұрсынұлы туған еліне сəлем жолдағаны айтылады. «...Өлең Серікбайдың өзі жазған жəне ел аузынан жинаған шежірелері топталған дəптерінен алынды» деген мəлімет береді.

Күрескер ақан Ахмет ту-у тозақта жүріп те қайраты мұқалмай, сағы сынбастан, ойлағаны тағы елінің қамы болып, сүргінге салған жұртына кінə артпастан, «...Ел-жұртты бізден бұрын көре қалсаң, Сəлем айт алты арысқа бізден тегіс» деп, айдауда тағдырдың тезімен бірге болған жерлесі арқылы туған елге сəлем-хат ретінде өзегін жарып шыққан өлеңін арнайды. Бір ғажабы, елден «баз біреулердің» қасақана көрсетуімен айдалып кетсе де сол жұртына деген сағынышын жасыра алмайды. Ақынның: «...Кеттік деп сенен алыс қамығады. Сарыарқа сайран еткен, қайран мекен, Ерте-кеш соны ойлап, сағынады» деген өлеңінде «өзектен тепкен Отанына» өкпесін артпай, керісінше «өз ошағы, өлең төсегі – Қазақ еліне» шексіз махаббатын арнайды.