ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Хұрметлу оқушылар!

«Заманына қарай амалы» деген сөз бар. Мұның мағынасы: заманының түріне қарап іс істеу. Төңірекке қарасақ, түнерген-түнерген бұлттар көрінеді. Түбі қандай белгісіз; не боларын білмейміз. Нұр болып жауып, жерімізді көгертіп, несібемізді молайтар ма? Болмаса, дауыл боп соғып, үйімізді жығып, үй ішімізді шашып тастар ма? Көзіміз бұған жетпейді. Жалаң айақ, жалаң бас, жеңдеріміз киіусіз, етектеріміз жиыусыз ашылып, шашылып, қамсыз жатқан халықпыз. Күннің не боларына көзіміз жетіп тұр. Дауылды жауын ету қолымыздан келмесе де, үйлеріміз құламай, үй ішіміз шашылмай қалуына амал ету керек емес пе? Сол амалға кіруге жұртқа мұрындық болатын нәрсенің бірі – газета. Халыққа газетаның керегі қандай екендігін айтып өткеніміз ұнамсыз болмас.

Әуелі газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ,тіл қандай керек болса, халыққа да газета сондай керек. Газетасы жоқ жұрт, басқа газетасы бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тiлi жоқ мылқау, көзi жоқ соқыр секілді. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ. Бүтін дүние жүзіндегі халықтар телеграм, телефон, пошталардың ортасында, бір-бірімен хабарласып, газета арқылы жұртқа қарап, бір үйдегі адамдай сөйлесіп отыр; дүниеде болып жатқан істер, айтылып жатқан сөздер – кiмге пайдалылығын, зарарлы екендігін күні бұрын біліп, пайдалы болса шаттанып, зарарлысынан сақтанып тұрады.

Екінші, газета – жұрттың әулет басына қызмет ететін нәрсе. Олай болатын мәнісі: жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп ғалым адамдары газета арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп басшылық етіп тұрады.

Үшінші, газета – халыққа білім таратушы, олай дейтініміз газетадан жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, іс те жеттікпекші.

Төртінші, газета – халықтың даушысы. Жұртым деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтар газета арқылы халықты сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзiн шұқытпасқа тырысады. Халыққа газетаның осындай пайдалы қызметтері бар екендігін білген жұрттар газетаны киетін киімі, ішетін тамағы, үстіндегі үйінен соңғы керек нәрсеге санайды. Газетаның пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі. Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, соғұрлым газета, журналдары көп. Оны мынадан байқауға болады.

1909 жылғы санаққа қарағанда, Америкада шығатын газета һәм журналдың есімі – 12 435, Франсиада – 8940, Германиада – 8000, Италиада –3120, Русиада – 2058 екен. Ең білімді һәм һөнерлі халық Америка, сол Америкада газета мен журнал бәрінен де көп. Амери- када «Сон» деген газетаның үйі 23 қабат, биіктігі 61 сажен. Ондай үйдiң бағасы әлденеше миллион боларға керек. Неге десең, ол үй тұрған қалада үй орнының жерi ғана екі-үш миллион сом тұрады.

Газетаны жұрт керек қылмаса, миллиондап капитал ол үшін жұмсамас еді. Осыдардың бәрі де газета керек нарсе екендігін көрсетеді.

1907 жылғы санаққа қарасақ, Русиада сол жылы 2173 есімді газета һәм журналдар шыққан екен. Оның 1396-сы орыс тілінде, 867-сi басқа тiлде. Сол 867-нiң iшiнде біздің татар қандастарымыздың 30 шамалы газета, журналдары болды. Бізде біреуде болмады. Онан бері 5 жыл өтті. Сол 5 жылдың ішінде газета, журналдардың саны бұрынғыдан да өстi. Бiз де құр қалғанымыз жоқ: «Айқап» жорналы шықты. Ол бұрынғыдан гөрі жақсырақ болса, ілгері басқанымыздың белгісі. Бірақ бір адым ілгері басып, соныменен тұрып қалсақ, оныменен алысқа ұзай алмаймыз. Ілгері басқанның үстіне ілгері басарға керек. Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр. Есікте қалмай, төрге тырмысалық. Басқалар төрге қалай бара жатқанына қарап, біз де солардың iстегенін істейік.

Басқалардың заманға қарай етіп жатқан амалын көруімізге газет журналдар керек.

«Тау мен тасты су бұзар, адамзатты сөз бұзар» деген нақыл бар. Бұзуға құдіреті келетін сөздің, түзеуге құдіреті келеді. Сөз – қару, бұны бұзуға жұмсасақ, бұзады, түзеуге жұмсасақ, түзейді. Сөзiн жұртты түзеуге жұмсай бастаған жұрттың өзі түзеуге бет алғанын көріп тұрмыз. Алыстан iздемей, жақыннан- ақ алайық. Күні кеше өзімізбен шамалас, қатар халық татар қандастарымыз, сөзiн жұртты түзеуге жұмсай бастап еді, түзеліп ілгері зарығып бара жатыр. Русша оқығаннан басқа, жастарыңды оқытып, көздеріңді ашып отырған татар.

Бұл татардың бiзден iлгерi кеткендiгi. Олар бізден емес, біз олардан үйреніп жатқанымыз білім дәрежесiнде бiздiң төмендігімізді көрсетті.

Ал Алаштың азаматтары! Ақсақ қойдай басқадан кейін қалғанымыз ба? Жоқ, қалмас амалын iздеп қамданамыз ба? Қалмаймыз десең, қарап жатпалық. Көп iсте көп болып жабылайық! Саңлаулы, саналы халық азаматтары көмек етіп, күш қосып демер деген үміт зор. Қолымнан не келедi деп қорынбаңдар! Ұлтыңа қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылғандай. Көп жұмыстың ішінде ауыры да, жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жоқ. Һәркім әлінен келер жұмысын алсын. Жадымызда болсын! Аз нәрсе көпке себеп болмақшы. Сол демеу, зорға сүйеу болады. Ұлық iс ұсақтан ұлғайады. Кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады. Шөпшектеп жиып, шөмеледей илеу iстейтін құмырсқаны көрмейміз бе? Ұлық іс ұсақ істен құралып, зор болатындығын осылардан аңғаруға болады.

Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген ұранымыздың ұлғайуына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына мiндет.

Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бiрi осы. Жол ұзақ, өмір қысқа, қолдан келгенін өмір жеткенiнше істеп кетелік. Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өліміне күлмейік.

Миллет халін ойымызға алып, қызмет етуді мойны- мызға алып, талаптанған бiр ісіміз. Құдай сәтін салғай, «әмин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріселік!

«Қазақ» газеті, №1. 2 феурал 1913.