ҰЛТ ҰСТАЗЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Лениннің елу жасы

Биыл 23 апірелде әлемге аты шыққан, істеген ісі жер жүзене жайылған, Ресей шаруаларының қолын теңдікке жеткізіп, асты-үстіне шығарып Октиабір төңкерісін жасаған Ленин жолдасымыз және басшымыздың дүниеге келгеніне 50 жыл толды. «Ленин» деген – өтірік аты, иағни, жазған сөздеріне, шығарған кітаптарында тұратын аты. Шын аты – Владимир Улианов. Жұрт сөзін, кітаптарын оқып, шын атынан да өтірік атын қанық біліп, «Улианов» дегеннен «Ленин» деген ат халықа мәшһүр болып кеткен. Сондықтан газет жүзінде, басқа орындарда шын атын жүргіземіз.

Ленин Симбір губернасының қарашекпен затынан шыққан адам. 18 жасқакелгенде, патша өкіметі ағасын асып өлтірген. Жазығы – патша өкіметіне қарсы істеген ғамалы. Ағасын өлтірген өкімет Ленин оқып, адам болу жағына көп кедергілер қойы қараған. Бірақ Ленин жігерімен орта оқуды бітіріп, университетке кірген. Бірақ онда көп бола алмаған. Бір айдан соң өкіметке қарсы ғамалдарын сезіп, университеттен қуып шығарған. Әйтсе де Ленин 4 жылдай өз бетімен оқып, университет емтиханын беріп шыққан. Онан кейін әр уақыт адвокат болып тұрған. Бірақ ол көңілі бүтіндей жұрт жұмысына шыққан. Патша заманында жұрт жұмысына бүтіндей кіріскен адамның көретін күні белгілі – абақты мен айдау. Абақтыда болған, айдауда болған, бірақ тұтқан жолы мен бағытынан айрылмаған. Түрлі сайаси партиалардағы адамдармен жолдас болған. Түрлі жолдармен танысқан. Көп жолдан бір жолды қалап алған да, сол жолын мықтап ұстап, жолдастары да, ұстаз есебінде болып, бұрын жол көрсеткен адамдар да тұтқан жолдарынан тайып, айнып жатқанда, Ленин, жалғыз қалатын болса да, олармен бірге таймаған да, айнымаған да. Сол ұстанған жолымен, таймастан, айнымастан отырып, мақсатынан келіп жетіп отыр.

Лениннің тұтқан жолы – жоғарыны төменге түсіріп, төменді жоғары шығарып теңестіру. Зорлық қылғандардың зорлығын жоғалту, қорлық көргендерді қорлықтан құтқару, адам баласының арасында туыс жағынан болсын, түскен түрлі жіктерді жоғалтып, алыс-жақын дегенді қойғызып, бәрін бір адамның баласындай ету. Адам баласының бірі – зор, бірі – қор екенін, бірі – бай, бірі – жарлы екенін көріп, теңгеру жолын іздеген жалғыз Ленин емес. Бұрынғы пайғамбарлар да, данышпандар да адам баласының арасында теңдік жоқ екенін көріп, олар да қайғырған, қалай етсе зорлық-зомбылық, жамандық жоғалып, жақсылық орнап, адам баласы дүние рақатпен өмір шегу жағын қарастырған. Түрлі пікірлер жайған. Түрлі жолдар шығарған. Бірақ адам баласының қолы рақатқа, теңдікке олардың жолымен жетпеген. Айтуға жолдың бәрі жақсы болған, бірақ іс жүзінде көздегендей болып шықпаған. Ақырында, данышпандар адам баласы дүниесі теңелмей, теңелу жоқ деген пікірге келген. Дүниесі теңелу үшін мал-мүлік ортада болып, менікі-сенікі жоғалу керек деген. Мұны Еуропа тілінде «сотсиализім» дейді.

Сотсиализім қалайша жарыққа шығып, қалайша дүниаға орнайтын жолын ғылыми түрде басқарушы Карл Маркс деген Еуропа ғалымы болған. Адам баласын теңгеру жолын іздеген Еуропа кісілерінің бәрі Марксті ұстаз етіп, соның көрсеткен жолымен жүріп, дүниаға сотсиализім орнатпақ болған. Маркстің айтуынша, дүниа билігін кемшілікте, қорлықта жүргендер алмай, адам баласын теңдікке жеткізу, сотсиализім орнатуға болмайды. Қорлықта жүргендер кім екені мағлұм. Бай қызметіндегі жалшылар, жұмысшылар, кедейлер, иағни тепкісінде жүрген нашарлар, мұны Маркс жолына ерген адамдардың бәрі де біледі. Бірақ билікті нашарларға қайткенде алатын жеріне келгенде, бағыттары айырылады. Біреулер жұмысшылардың көзі ашылып, жол танып, жөн біліп, жетіліп барып билікті алуға болады деген де, біреулері кез келген жерінде жұмсшылар жетілмей тұрып та билікті қолға алып кетуге болады деген. Соңғы пікірлердің басы Ленин. Бұл пікірдің дұрыстығын іс жүзінде көзбен көрмей отырмыз ба?

Еуропа соғысы бітіп, дүние алай-түлей болғанда Ленин секілді адам баласын теңгеру жолында жүрген, Ресей мен Еуропа адамдары қандары қызып, намыстары қозып, өкіметтерінің жәрдемінде, тілегінде болып кеткенде, Ленин соғыс керек емес, соғысты керек қылып отырған буыны мас болған бұқа сйыақты малына мас болған байлар. Олар үшін жарлының, жұмысшылардың, момын қара шарулардың қаны төгіледі деп, соғысқа ешкім бармасқа, өкіметке жәрдем бермеске керек деген. Соғыс қызып, Ресей жеңіліп, керек нәрсе азайып, ел ішінде наразылық өсіп, Николай тақтан түсіп, ескі өкімет жоғалып, жаңа өкімет беки алмай тұрған мезгілде, кезіне келді деген осы болады деп, Ленин Октиабір төңкерісін жасап, Ресей билігін жұмысшыларға алып барді.

Сөйтіп, білімі, өнері көп, көзі ашық Еуропа мен Америка жұмысшылары әлі күнге дейін құлдықтан құтыла алмай отырғанда, білімі кем, өнері аз Ресей жұмысшылары құлдықтан құтылмақ түгіл, мемлекет тізгінін қолына алып, іс жүргізіп, дәурен сүріп отыр.

Бұл Ленинің адам баласының алдында қызметі – жаңадан жол салып, көп заманнан бері жете алмай келе жатқан мақсатқа алдымен жетіп бәйге алып, өзгеге өнеге болатын іс істеп шығарғаны. Бастаушы табылған соң, қостаушы , әрине, табыла бермекші. Аз заманның арасында Лениннің істегенін басқалар да істеп, дүниа билігін адам баласының бейнетқорлар табы алып, жоғарыдағылар төмен түсіп, төмендегілер жоғары шығып, адам баласы теңдікке жетіп, Маркс айтқан жолынша дүниаға сотсиализім орнатуы осы болмақ. Жер жүзіне өнеге боларлық іс істеп, ойдағы үмітті көзге көрсеткен Ленин жолдасымыздың өмірі ұзақ болсын!

1920 ж.